ҚАЗАҚ БАЛАМЕРІН ҰМЫТПАЙДЫ
12.07.2024
398
0

Биыл туғанына 95 жыл толған көрнекті әдебиеттанушы, әуезовтанушы, сыншы, аудармашы Баламер Сахариев қысқа ғұмыр жолында әдебиеттану, әдеби сын, әуезовтану салаларында көп еңбек етіп, өз ізін қалдырды. Ол әдебиет зерттеушісі ғана емес, дарынды аудармашы да еді. И.Бунин, О.Туманян әңгімелерін, А.Попов, И.Корнейчук және басқа танымал қаламгерлердің түрлі жанрдағы көркем туындыларымен қазақ оқырманы Баламер Сахариевтің тәржімесі арқылы танысқан-ды.

2024 жылдың 28 маусымында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен ғалымның туғанына 95 жыл толу мерейтойына арналған «Баламер Сахариев және әдебиет тарихының мәселелері» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Өзі ұзақ уақыт қызмет еткен «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының мәжіліс залында өткен шараға замандастары – белгілі әдебиеттанушы-ғалымдар, ақын-жазушылар қатысты. Жиынның құрметті қонақтары – Баламер Сахариевтің жары Теңлік Мәсәлімқызы мен ұлы Арнұр Баламерұлы.
Институт басшысы, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов өзінің кіріспе сөзінде Баламер Сахариевтің отандық әдебиеттанудағы орны, Мұхтар Әуезов музейін қалыптастырып, дамытуға қосқан үлесі жайлы айтып өтті.
«Көрнекті әдебиеттанушы, әуезовтанушы ғалым Баламер Сахариевтің шығармашылығы» тақырыбындағы негізгі ғылыми баяндаманы жазушы, филология ғылымдарының докторы Нұрдаулет Бабиханұлы Ақыш жасады. Ғалым М.О.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын саралаудағы Б.Сахариевтің ерекше көзқарасы мен қолтаңбасы жайында кеңінен баяндап, бұл зерттеулердің бүгінгі таңда да маңызын жоғалтпағанына назар аударды.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Өміржанұлы Жақып «Баламер Сахариев және қазақ әдебиеті» тақырыбында сөз сабақтап, өз дәуірінде әдеби процестің бел ортасында зерделі ғылыми еңбектерімен, аудармашылық шеберлігімен танылған талант иесінің есімі қашанда әдеби өмір шежіресінде назардан тыс қалмағанын жеткізді. Ғалымның пікірінше, қаламгерлер энциклопедиясында және басқа да жаңғырып шығып отыратын әдеби анықтамалықтарда Баламер Сахариевтің өз орны бар. Өзге де жиын қонақтарынан кейін конференцияға қызығушылық танытып, арнайы келген Қазақ Ұлттық консерваториясының доценті, PhD Айжан Рахманқұлқызы шараның мәдени, ғылыми маңызына тоқталып, ғылымдағы тарихи сабақтастықты сақтап, насихаттап келе жатқан М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұжымына алғысын білдірді. 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір