Созақ өңірі ақынын ардақтады
03.09.2023
560
0

Қасиет­ті Қаратаудың теріскейі, Созақ өңірі айтулы ақын Өскен Бөрғазының 80 жылдығын дүркіретіп атап өт­ті. Бұл айтулы іс-шараға мұрындық болған ақынның отбасы мен жақын туыстары, Құлыншақ Кемелұлы атындағы шығармашылық бірлестік. Іс-шараны Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі, журналист Мақсат Қарғабай жүргізіп отырды.
Қазақ­стан Жазушылар Одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, ақын Бөрғазының Өскені қазақ әдебиетінің поэзия жанрына елеулі үлес қосқан қаламгерлердің бірі.
Қазақ елі, берем саған
антымды,
Жүрегіммен аялаймын
халқымды.
Көк туыммен бірге тіккем
жанымды,
Арымды да, азамат­тық
парқымды, –
деп жыр жазған ақынның бірнеше өлеңдеріне белгілі сазгерлер Марат Омаров пен Төлжанбек Жақсыбаев ән жазған.
Сонау 70-інші жылдары өзіндік нақыш мәнерін айқындаған жыр жолдарымен жырсүйер қауымға белгілі болған ақын осы уақытқа дейін бірнеше жыр жинақтарын шығарып, әдеби ортада өз орнын белгілеп кет­ті. Ол кезінде елде, туған ауылында жүріп-ақ талай өзекті тақырыптар мен пәлсапалық тұжырымды, тұшымды ойларын жыр шумақтарымен жарқырата білген шабыты мол шайыр болатын. Өскен ақынның өлеңдері негізінен туған ел, туған жер, оның ішінде қасиет­ті Қаратаудың теріскейін сурет­теуге, сол аймақтың тарихы мен тарихи тұлғаларын ұлықтап, насихат­тауға бағыт­талған. Әр алуан құбылмалы теріскей табиғаты мен сол жерде өмір сүріп жатқан қарға тамырлы қазағының мінез-құлқын ұқсата, үндестіре отырып жыр төгеді. Кешегі аласапыран Созақ көтерілісі де ақынның өкініш пен өксікке толы жырларында өткір тақырыптардың бірі болып келді. Нәзік сезім мен жүрек лүпілінен туған махаббат лирикалары бір төбе. Ел ішіндегі түрлі оқиғалар мен науқандарға арналған өзекті ой-пікірлерін ақын халық атынан, қоғамның көзқарасынан алып толғанады. Бір поэзия жанрында сан алуан тақырыпты қозғаған теріскей таланты ортамызда жүргенде 80 жасқа толар еді.
Бұл іс-шараның маңыздылығы да, тәрбиелік мәні де ақындар мүшәйрасымен жалғасып, жырға сусаған халықтың рухын көтеріп, алуан жырмен сусындатып, ризалықтарын алуы болды.
Мүшәйраға облыс көлемінен және көрші облыстардан 30-ға тарта ақын қатысып, бақ сынады. Әрбір ақын өзінің Бөрғазының Өскеніне арнаған жүрекжарды жырларын оқып, келесі кезекте Өсекеңнің бір өлеңін жатқа, мәнерлеп оқу арқылы өз шеберліктерін айқындады.
Бес адамнан құрылған қазылар алқасы 1-орынға көрші Жамбыл облысы Сарысу ауданының ақыны Тоқбанов Самат лайық деп шешім шығарды. 2-орынды Шымкент­тік ақын Батырәлі Жүрсінбек алса, 3-орын Созақтық Тұмартай Дінтайұлына берілді. Ең егде ақынға деген ынталандыру сыйлығын Дүйсенбек Сәңкібай алып, ең жас ақынға деген ынталандыру сыйлығын Ергешова Малика иеленді. Көпшілік көңілінен шығып, талант­тарымен тәнті еткен жас ақындар да болашағынан үлкен үміт күт­тіретінін байқат­ты. Созақтық Орынтай Айғаным мен Көкшетау мемлекет­тік университеті, филология факультетінің студенті Тұрсын Ақерке өлеңдегі жаңашылдықтарымен, стилдерінің ерекшелігімен ел есінде қалды.
Ақеркенің өлең оқу мәнері, сахнада өзін-өзі ұстауы, дауыс ырғағының әсерлілігі, өлең өрудегі ізденгіштігі көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленді.
Жалпы, мүшәйраға қатысқан барлық ақын ақшалай сый-сияпат­тар алып қайт­ты.
Ақынның 80 жылдығына Қазақ­стан Жазушылар одағы атынан жазушы Аспандияр Әденұлы қатысып, естелік сөз сөйледі. Ақынын ардақтаған ел азамат­тары мен аудан басшылығына Жазушылар одағы атынан алғыс сезімін білдіріп, одақтың басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің хатын табыс ет­ті. Сонымен қатар Созақ ауданы әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов, ауыл әкімі Батыр Аяповтар ел атынан сөз сөйлеп, Өскен ақынның әдебиетіміз бен мәдениетіміздегі орнына ерекше тоқталды.
Іс-шара соңында ақынға үлкен ас беріліп, Құран бағышталды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір