ӨНЕРДІҢ ТӨРТ ТАҒАНЫ – ШЫҒЫСТЫҢ РУХАНИ ОРДАСЫ
07.10.2025
163
0

Өскеменнің қақ төрінде, Алтайдың асқақ рухын арқалаған өнер ордасы бар. Ол – Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театры. Бұл театрды өзгелерден даралайтын басты ерекшелік – оның құрамындағы төрт труппа: қазақ, орыс, жас көрермен және оперетта. Әрқайсысының өз тарихы, өз мінезі, өз өрнегі бар. Бірақ бәрін тоғыстыратын ортақ құндылық – өнерге адалдық пен көрерменге деген шынайы махаббат. Жарты ғасырға жуық уақыт ішінде бұл театр сахна шырағын өшірмей, қазақ пен орыс өнерін қатар өрбітіп, қос қанаттай дамытып келеді.

Қазақ театры – руханияттың шамшырағы

Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрының қазақ труппасы – ширек ғасырға жуық тарихында талай биікті бағындырған шығармашылық ұжым. 2000 жылы алғаш шымылдығын «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектаклімен ашқан бұл труппа бүгінде тек өңіріміздің ғана емес, тұтас қазақ театр өнерінің мерейін үстем етіп келеді. Осы жолда қазақ сахнасына жанын арнаған талай тұлға еңбек етті. Солардың бірі – талантты режиссер, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Рүстем Есдәулет
Рүстем Есдәулет қазақ театрының кәсіби деңгейде қалыптасып, жаңа тыныс алуына зор үлес қосты. Оның сахналаған қойылымдары терең ойы, ұлттық бояуы мен заманауи ізденісі арқылы көрермен жүрегінен орын тапты.
Сонымен қатар оның есімі халық­аралық фестивальдердегі жетістіктермен де тығыз байланысты. Қазақ театры қатысқан әрбір өнер додасында Рүстем Есдәулеттің режиссерлік қолтаңбасы, ізденісі мен шеберлігі сезіліп тұрды. Ол сахнадағы әрбір детальға мән беріп, актерлердің мүмкіндігін ашып, шығарманың идеялық өзегін айқын көрсете білді.
Өкінішке қарай, бүгін ол арамызда жоқ. Дегенмен, Рүстем Есдәулеттің қазақ театры үшін сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Оның шығармашылық жолы – Шығыс Қазақстандағы қазақ труппасының тарихымен бітеқайнасқан алтын парақ. Келешек ұрпақ оның еңбегін қадірлеп, есімін әрдайым құрметпен еске алары анық.
Қазақ труппасы ширек ғасырдан астам уақыт бойы сахна мәдениетінің саңлағы болып келеді. Әр қойылымы арқылы ұлттық руханиятқа өлшеусіз үлес қосып отырған ұжым соңғы жылдары халықаралық сахналарда да үлкен табысқа жетті.
• 2025 жылдың мамыр айында Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында гастрольдік сапар барысында Шыңғыс Айтматовтың «Шынарым менің, шырайлым менің» лирикалық драмасы (реж. Асыл Қозықанов) және Жеңишгүл Өзүбекованың «Толғақ» драмасы (реж. Рүстем Есдәулет) сахналанып, қырғыз көрерменінің ыстық ықыласына бөленді.
• 2025 жылдың қыркүйегінде Жетісу облысы, Талдықорған қаласында өткен «BIKEN FEST» ІІІ халықаралық театр фестивалінде Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» драмасы (реж. Дина Жұмабай) «Үздік сценография» номинациясын жеңіп алды.
• 2025 жылдың қазанында Түркістан облысы, Жетісай қаласында өтетін Құрманбек Жандарбековтың 120 жылдық мерейтойына арналған І республикалық театр фестивалінде өнер көрсетуге жолдама алды.

Жас көрермен театры – шабытты ізденіс сахнасы

Театрдың нағыз өркендеу кезеңі 2015 жылмен байланысты. Сол жылы сәуір айында Өскеменде заманауи үлгіде салынған жаңа театр ғимараты Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Президентінің қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Бұған дейін қазақ және орыс труппалары ескі ғимаратта өнер көрсетіп келген еді. Жаңа шаңырақ жаңа серпін әкелді. Сол жылдың қарашасында осы сахнада Жас көрермен театры құрылып, өз маусымын К.Людвигтің «Жұлдызды сәт» комедиясымен ашты.
Жаңа ғимаратпен бірге дүниеге келген Жас көрермен театры он жыл ішінде талай белесті бағындырды.
• Алғашқы қадамынан бастап-ақ халықаралық деңгейге шыққан жастар труппасы Оңтүстік Кореяның Каннын қаласында өткен XIV халықаралық жастар фестивалінде «Алтай түркі әлемінің бесігі – бөрілер» және «Жүрек қағысы» музыкалық-пластикалық қойылымдарымен жоғары баға алды.
• 2025 жылы Грузия, Озургети қаласында өткен халықаралық Нодар Думбадзе атындағы театр фестивалінде
Н. Думбадзенің «Ит» драмасымен «Үздік интерпретация» номинациясын жеңіп алды.
• 2025 жылы Алматыдағы жас режиссерлер театр фестивалінде А. Дәулетұлы «Үздік режиссер» атанды.
• 2025 жылы Ақтөбеде өткен «BALAUSA» экспериментальды театр фестивалінде «Чехов. Толстой. Абай. Шие. Война и мир» трагикомедиясы «Ең үздік қойылым» деп танылды.

Орыс труппасы – дәстүр мен тереңдік

Облыс орталығында алғаш құрылған труппа – орыс драма театры. Оның тарихы ғасырлар қойнауына кетпесе де, талай буынның өнерге қадам басқан мектебі болды. Классикалық орыс драматургиясын сахналап қана қоймай, әлемдік әдебиеттің жауһарларын да көрерменге ұсынып келеді. Орыс труппасы – сахналық мәдениеттің тұрақтылығы мен көркемдік дәстүрдің жалғасы.

Оперетта – сахнадағы сазды әлем

Театрдың ерекше бояуын толық­ты­ратын оперетта труппасы. Музыка мен драма тоғысқан бұл өнер көрерменді шаттық пен сазды әуенге бөлейді. Ән мен би, күлкі мен драма астасқан қойылымдар театрдың көркемдік палитрасын байыта түсуде.
Оперетта труппасы ресми түрде ашыл­ғанына небәрі бір жыл ғана болса да, кәсіби деңгейде жұмыс істеп келеді. Өзіндік оркестрі, балеті, хоры мен солистері бар шығармашылық ұжым сахнаға жаңа серпін әкелді. Әр қойылымда музыка мен драмалық әрекет тоғысып, көрерменге әсерлі әрі есте қаларлық сәттер сыйлайды.
Бұл – театрдың болашағына үлкен үмітпен қарауға себеп болатын, тың жанрлық бағыттағы қанаттарының бірі.

Бір шаңырақ – төрт қанат

Төрт труппа – төрт түрлі мінез. Бірақ бәрін тоғыстырған бір арна бар. Ол – өнерге деген адалдық, сахнаға деген сүйіс­пеншілік. Қазақы болмысты танытқан қазақ труппасы, жас толқынның жалын-шабыты, дәстүрлі орыс драмасының тереңдігі мен опереттаның сазды әлемі – барлығы қосылып, ШҚО драма және оперетта театрын нағыз мәдени айнаға айналдырып отыр.
Бұл орда тек спектакльдер сахналайтын мекеме емес, ол – халықтың жүрек үні, рухани тәлімнің мектебі, болашаққа сенімнің шамшырағы.

Еркежан АЙТҚАЗЫҚЫЗЫ,
ШҚО драма және оперетта
театрының баспасөз хатшысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір