«Ортеке» фестивалі қалай өтті?
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі VI Халықаралық «Ортеке» қуыршақ театрларының фестивалін Алматы қаласында 21-29 сәуір аралығында өткізді. Аталмыш фестивальге Корей Республикасынан FFWANG театры, Грузиядан И.Гогебашвили атындағы мемлекеттік кәсіби қуыршақ театры, Түркиядан «TIVATRO ТEMPO» (байқаудан тыс), Өзбекстаннан Ферғана облыстық қуыршақ театры, Қырғызстаннан Н.Шамурзаев атындағы Ош облыстық қуыршақ театры, Қазақстаннан Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры, Астана қаласы әкімдігінің қуыршақ театры, Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театры, Маңғыстау облыстық қуыршақ театры, Шымкент қалалық қуыршақтар мен жас көрермендер театры, Ақмола облыстық орыс драма театрының «KINDER THEATER» труппасы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы («Қуыршақ театр актері» бөлімі 4 курс студенттерінің спектаклі) және Тотал театры қатысты.
Біздің қолымызға қалам алдырған мәселе осы фестивальдің олқы тұстарына байланысты болып отыр. Былтырдан бастап ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жыл сайын өткізетін Республикалық және Халықаралық («Орталық Азия елдерінің театр фестивалі», «Ортеке» екі жылда бір рет өтеді) театр фестивальдерін өз қарамағына қарайтын театрларға бөліп берді. Өткен жылы М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры Орталық Азия елдерінің Халықаралық VIII театрлар фестивалін, Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театры Қазақстан драма театрларының Республикалық XXVIII фестивалін өткізуге атсалысты.
Биылғы «Ортеке» театр фестивалі министрлік тарапынан Республикалық Мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театрына тапсырылған екен. Шынын айту керек, Алматы қаласында екі бірдей өнердің қара шаңырағына айналған М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театры тұрған кезде «Ортеке» қуыршақ театр фестиваліне корей театрының жауапты болуы естіген құлаққа да, көрген көзге де біртүрлі әсер қалдырды. Негізі фестиваль қуыршақ театрларына арналғандықтан да Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрының еншісіне лайық. 90 жылға жуық тарихы бар бұл театр министрлікке қарамаса да, фестивальдің өзіне тән ерекшелігін ескеріп, Алматы қаласының әкімдігімен келісім-шарт жасасып, тығырықтан шығу жолы қарастырылса жөн болар еді. Өйткені «Ортеке» – халқымыздың ұлттық келбетін танытатын фестиваль. Біздің мемлекетіміздің алдында еліміздің ұзақ ғасырлар бойы жасаған мәдени мұрасы мен өнерін түгендеп алу, оны бүгінгі заманның игілігіне жарату тәрізді маңызды міндеттерді іске асыру өткір қойылып отырғанын бәрімізге жақсы мәлім. Ал біз болсақ, өз елімізде, өз жерімізде отырып ұлттық рухымызды асқақтататын «Ортеке» фестивалін корей театрында өткізуіміз елдігімізге сын болды. Алыс-жақын шетелден келген фестиваль қатысушыларына ішкі мәселемізді айтып отырмаймыз ғой. Олар «Ортеке» деген кезде көз алдарына қазақтың рухы мен жанын елестетіні сөзсіз.
Біз Мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театрының ұжымын кінәлап отырған жоқпыз. Олар халқымыздың салт-дәстүрін қадірлеп, үнемі құрметтеп жүреді. Бірақ бұрын халықаралық деңгейде үлкен іс-шара ұйымдастырып көрмеген корей театры өздерінде мүлде тәжірибе жоқтығын көрсетіп, ұйымдастыру тарапынан көптеген кемшіліктер жіберді. Біріншіден, бес күнде өткізуге болатын фестивальді тоғыз күнге дейін созған. Бұл мемлекет қаржысын босқа шашу. Ұйымдастырушылар қуыршақ театры спектакльдерінің ұзақтығы 40-50 минуттан аспайтынын ескермеген. Яғни, бір күнде үш спекталь көріп, арасында шеберлік сыныптар мен дөңгелек үстелдер өткізуге уақыт артығымен жетуші еді.
Екіншіден, Корей театрының сахнасы қуыршақ қойылымдарын қоюға сәйкес емес. Соған байланысты осы театрда көрсетілетін спектакльдердің біразы Мемлекеттік қуыршақ театрына ауыстырылды. Нақтылап айтқанда, қуыршақ театры түріне, оны қимылға келтіру тәсіліне қарай бірнеше топқа жіктеледі: қол қуыршақтары (перчаточные куклы), сырықты қуыршақтар (тростевые куклы), жіппен қозғалатын қуыршақтар (марионеточные куклы), көлеңкелі қуыршақтар (теньевые куклы) т.б. Осыған қарап-ақ, корей театрының сахнасы қуыршақ спектакльдеріне арналмағанын дәлелдеп жатудың өзі артық. Осындай көп жүйелі, көп түрлі, көп салалы қуыршақ театр өнері күрделі техникалық жабдықтауды қажет етеді. Олай болса әлемнің әр түкпірінен фестивальге қатысуға келген өнер шеберлеріне спектакль көрсететін сахна талапқа сай болуы тиіс.
Үшіншіден, фестивальдің нақты критерийі жасалмаған. Кішкентай көрермендерге арналған (3-5 жас) қуыршақ спектакльдерімен бірге, сан ғасырлық тарихы бар дәстүрлі алаңдық қуыршақ театр спектаклі және үлкендерге арналған қуыршақ спектаклі (18 жастан жоғары) де араласып кеткен.
Төртіншіден: Халықаралық, Республикалық, аймақтық деңгейде өткізілетін фестивальдерге қатыстырылатын спектакльдер міндетті түрде алдын ала театртанушылардан жасақталған сараптамалық комиссияның талқылауынан өткізілуі қажет болатын. Барлығымыз жақсы білеміз фестиваль – үздіктер жарысы, яғни тәжірибе алмасу үшін жасалады. Бұл нағыз кәсібиліктің жоғары деңгейін көрсетіп, бәсеке көрігін қыздыратын жарыс деп қарағанымыз жөн. Кез келген фестивальдің негізгі мақсаты – театр өнерінің жетістіктерін көпшілік алдында таразыға тартып, кәсіби салмағын бағамдау, бүгінгі театр өнерінің қай бағытқа ойысып бара жатқанынан хабардар ету. Ал, аталған фестивальге қатыстырылған спектакльдердің бір-екеуі болмаса бүгінгі қуыршақ театрында болып жатқан жаңа үрдістермен, қуыршақтарды жасаудағы жаңа технологиямен таныстырды деп айта алмаймыз.
«Бір шерім мың шерімді қозғайды» дегендей былтырғы Халықаралық Орталық Азия елдері фестивалінде көрсетілген қойылымдардың көркемдік деңгейінің өте нашар болғанын әлі ұмытқан жоқпыз. Себебі, ұйымдастырушылар өзге Республикалардың Мәдениет министрлігімен алдын ала жұмыстар жүргізбеген. Содан барып, фестиваль уақыты жақындаған кезде олардан келіп түскен спектакльдерді амалсыз қатыстыруға тура келді. Бұл — «Ортеке» фестивалінде де қайталанды.
Бесінші мәселе, осындай Халықаралық театр фестивальдерінің қазылар алқасының құрамына үнемі шетелден театр сыншылары мен актерлерді немесе режиссерлерді қосады. Бұл жолы қазылар құрамында Корей Республикасынан режиссер, ГИТИС-тің түлегі Кан Тхе Сик, Түркия Республикасынан қуыршақ театрының актрисасы, Tempo театрының жетекшісі, Анкара Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінің директоры Мариана Юдже, Грузиядан театр сыншысы, Шота Руставели атындағы Грузия мемлекеттік театр және кино университетінің профессоры, Phd докторы Лаша Чхартишвили болды. Бұл мамандардың біліктілігіне дау айтпаймыз. Дегенмен қуыршақ спектакльдерін талдаған кезде ең бастысы қуыршақтардың жүргізілуі, қуыршақпен бейне жасаудың ерекшеліктері, қандай қуыршақтармен өнер көрсетіліп жатқаны туралы нақты айтылуы тиіс еді. Бірақ өкінішке қарай, спектакльдің сыртқы пішініне көбірек мән беріліп қуыршақ театрының өзіне тән ерекшелігіне қатысты талдаулар болған жоқ. Фестивальдің соңғы күні көрсетілген Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрының «Мен бір жұмбақ адаммын. Абай» спектакліне шетелдік үш сыншы да пікір айтудан бас тартты. Ұлы Абайдың даналығын әр қырынан көрсететін А.Зайцевтің бұл спектаклі фестивальдің көрігін қыздырды. Театр қуыршақтарды ойнатумен бірге, драма театрының үлгісінде ойын көрсетуі – елеулі құбылыс болғанын атап өтуіміз керек. Қуыршақ театрының бар мүмкіндігін асқан шеберлікпен пайдалана білген режиссер актерлер мен қуыршақтарды, би мен пантомиманы, сөзді, жарықты, дыбысты, музыканы, сахналық эффектілерді де орынды қолданған. Ақын әлеміне терең сүңгіп, шығармашылық тұлғаның жан азабын небір символдар мен метафоралар арқылы өрнектеген режиссердің бейнелі шешімдері еш қиындықсыз оқылып тұрды. Бірақ Кан Тхе Сик пен М.Юдже мұндай спектакльді ұқпағандарын алға тартса, Л.Чхартишвили «бұл спектакль туралы ойымды басқа фестивальде айтқанмын» деп сөйлемеді. Керісінше, отандық театр сыншылары А.Еркебай мен М.Жақсылықова аталған спектакльді кәсіби тұрғыда жан-жақты талдап берді.
Бұған дейін де елімізде өткізілген Халықаралық театр фестивальдерінде сырт жақтан келіп пікір білдіріп жүрген театр сыншыларының қалай сөйлейтіндерін талай рет тыңдадық. Біздің театртанушылардан асып талдау жасаған ешқайсысын көрмедік. Тіпті Еуропа мемлекеттерінен келген театр сыншыларының спектакль біте салысымен пікір айтудан бас тартқандарын да көзіміз көрген. Содан кейін фестивальде қазылар алқасының мүшесі болған шетелдік театр сыншылары жарты бет мақала да жазған емес. Ал отандық театртанушылар қазақ театр өнерінің даму бағыты туралы қалт жібермей зерттеп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп отырғандықтан да еліміздегі әрбір театрдың тынысын жақсы біледі. Бір сөзбен айтқанда, Бағыбек Құндақбайұлы мен Әшірбек Сығай негізін қалаған қазақстандық театртанушылық мектептің мықты екенін мойындайтын кез жетті. Қазақ театр сынының қос алыбы «өзгелерге күніміз түспесін» деп осыдан 33 жыл бұрын «Театртану» мамандығын ашты. Өкінішке қарай, бізде өз мамандарымызды менсінбеушілік қалыптасқан. Спектакльді талдай алмаса да басқа мемлекеттен шақырылған сыншыларға әулиедей табынып, бастарын иіп отырғанын көрген кезде «қайнайды қаның, ашиды жаның» деген Абайдың сөзі еріксіз еске оралады. Өзгелерге бас шұлғи беретін құлдық психологиядан арыла алмай жүрміз. Дәл қазіргі кезде Орталық Азия бойынша Қазақстан театртанушы мамандар даярлауда алдыңғы орында тұр. Оны бізбен араласып жүрген өзге мемлекеттердің театр қайраткерлері әлдеқашан мойындаған. Сөзіміз дәлелді болу үшін бір ғана мысал келтірейік, Қырғызстанда 1-2 ғана театртанушы бар. (Олардың өзі бізден бітірген). Өйткені оларда бұл мамандық оқытылмайды.
Қазақстанда «Театр сыншылар бірлестігінің» жұмыс жасап жатқанына бесінші жыл болды. Бүкіл театр сыншылары еліміздегі кез келген театрдың хал-күйін бес саусағындай біледі. Мұны айтып отырған себебіміз, әлемдік театр өнерінде фестивальдің қазылар алқасының мүшелігіне тек қана театр сыншылары бекітіледі. Біздің елімізде де, фестиваль жұмысын сараптауға кілең театр сыншыларын енгізетін кез келді. Әркім өз мамандығымен айналысса, істің нәтижелі болатыны әлімсақтан аян. Әйтпесе, бірер жылдан кейін кейбір театр директорлары фестивальді «меншіктеп» жеке монополия жасап алса таңғалмайтын боламыз.
Бүгінгі таңда қазақ театрының әлемдік мәдени кеңістікте бәсекелестік деңгейіне жету үшін әлі талай жұмыс істеу керектігін елімізде өтіп жатқан театр фестивальдері дәлелдеді. Біз дүниежүзілік театр кеңістігіне еркін шығу үшін міндетті түрде біріншіден: фестивальдің ұйымдастырушылық-менеджерлік негізін күшейтуді, екіншіден, фестиваль критерийін жасауға театртанушыларды қосуды, үшіншіден, фестивальге қатыстырылатын спектакльдерді іріктеуді кем дегенде бір жыл бұрын бастауды қолға алу керекпіз. Өзге мемлекеттерде театртанушылар әр елге арнайы барып, фестивальге қатысуға ұсыныс жасаған театрдың спектаклін көріп, басқа да қойылымдарын қарап, елеп-екшеп, іріктеп барып фестиваль бағдарламасына қосады. Осы жүйені біз де қабылдауымыз керек. Фестивальді ұйымдастыратын дирекция театр сыншыларынан құрылып, жыл көлемінде жұмыс жасауы тиіс.
Қорыта айтқанда, елімізде өткізілетін әрбір Халықаралық театр фестивалі театр өнері саласындағы ынтымақтастық пен достық байланыстарды нығайтып, театр өнерінің көркемдік көкжиегін кеңейту болып табылады. Олай болса, бұл фестивальде жіберілген олқылықтарды келесі фестивальге дейін жөндеуді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің құзырындағы театр саласымен айналысатын жауапты лауазым иелері қадағалауға міндетті.
Бақыт НҰРПЕЙІС,
өнертану докторы, профессор, театртанушы