ОҚЫРМАННЫҢ ОБАЛЫНА ҚАЛМАУЫМЫЗ КЕРЕК
01.04.2016
1403
0

Берік БейсенұлыҚазір кез келген нәрсені салыстырмалы түрде сипаттайтын кезеңге тап келіп тұрмыз ғой. Бұл дұрыс та шығар. Алайда, әр нәрсенің ерекшелігі,  артықшылығы мен айырмашылығы, кемшін тұстары да  болады. Мұны жоққа шығаруға болмайды.


Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,
«Айқын» газеті
Бас редакторының бірінші орынбасары

 

Рас, ақпарат таратуда әлеуметтік же­лі­лер мен интернет сайттар алға шығып кетті. Дегенмен, мәселе ақпаратты қалай беруде ғой. Қазіргі сайттар мен әлеуметтік желілер тақырыбын айқайлатып, бірақ ішінде мазмұны жоқ оқиғаларды беруге әуестеніп алды. Осы орайда еліміздегі рей­­тингі жоғары белгілі бір сайтқа шолу жасап жіберсек, ақпараттар ағыны тө­мендегідей болып шығады: «Оралда екі ұртына ботокс екпесін жасатқан ше­неунік­тің әйелі шоктан қайтыс болды», «Ақтөбе облысында жур­налистердің ая­ғын сын­дырмақ болған әкім сөзінен тайқыды», «Атышулы рэпер ұсақ­талып кет­кен қазақ жігіттерін әнге қосты». Біл­меймін, ақпаратты жедел берудегі интер­неттің ар­тықшылығы шығар бұл, бірақ газеттегі мақалаларға осындай тақырып қою кәсібилікке жатпайды. Ақиқатында басылымға салмақтылық қана тән. Бәрі­міз­дің «илегеніміз бір терінің пұшпағы» болғанымен, ақпаратты оқыр­манға ойлантып беруде, салмақтап, сараптамалық тұр­ғыдан беруде басы­лым­ның бәсі жо­ғары дер едім. Дегенмен, әр­қайсысының ұстанған өз жолы бар. Мысалы, «Айқын­ның» сайтында күніне екі рет жаңарып, жедел жарық көріп отыратын ақпараттар ағыны ешқашан газетке жарияланбайды. Сайтқа шыққан ақпарат басылым бетінде са­палы, сауатты көрінбеуі де мүмкін. Сон­­­­дықтан телеарна, интернет пен басы­лым­­ды салыстырмалы түрде қарап, та­ра­зы­ға салып, бәсекелестірудің жөні жоқ се­кілді.

Бірақ қалай айтқанда да оқырманның немесе көрерменнің обалына қалмауымыз керек. Бүгінгі оқырман сауатты, оған не қажет, рухани, әлеуметтік-экономикалық, спорттық ақпарат керек пе, оны өзі екшеп, өзі талғамға салады. Өзі тауып, кере­гін алады, көргенінен өзі ой түйеді. Сон­дық­тан әңгіме ақпаратты жедел беруде ғана емес, ақпаратты сауатты жазып, бере білуге де тіреліп тұр.

Қазір көпірме сайттар көбейіп кетті. Оларға тән кемшілік, бір оқиғаны бір-бі­рі­нен көшіріп басады. Екінші бір сайтты ашсаң, орын алған оқиға сол қалпында басқа бір тақырыппен тағы да беріледі. Бұл жерде жеделдік туралы қандай әңгіме қозғауға болады?!

Әр газеттің қалыптасқан өз оқырманы бар. Елдің, отбасының  әр түрлі әлеумет­тік-экономикалық жағдайына байланысты ба­сылымның да тиражы белгілі бір дең­гейде өсіп немесе төмен түсіп отырады. Бірақ бір нәрсені ұғыну керек, басылым­ның беделі ешқашан тиражбен өлшенбек емес. «Түбінде интернет алға шығады, қа­ғаз басылымның күні қараң болады» деу күпірлік. Электрондық қызметі да­мыған, интернет сайтының күні озған әлем­нің өркениетті елдерінде де осы күн­ге дейін газет интернетпен қатар бә­се­келестікпен өмір сүріп келеді. Сондық­тан сайтқа жедел берілген ақпарат немесе газетке шыққан мақала туралы ойды да, ойлантатын мәселені де оқырманның өз талғамына қалдыру керек. Ол үшін ең ал­дымен біз, журналистер қауымы оқыр­манға обал жасамауымыз қажет.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір