жылылық керек жүрекке…
Марфуға
АЙТХОЖИНА
Жапырақтар жауғанда
Жапырақтар жауғанда,
Жел жаяды бар маңға,
Қырмызы гүлдер құлпырған,
Үрейленіп қалған ба?!
Жапырақтар жауғанда,
Сырласады орман да…
Жапырақтай жүрегім
Айналып кетті арманға!
Жүрекке әмір жүрмейді
Жүрекке әмір жүрмейді,
Жамандық жанды күрмейді.
Жүректің жөні басқаша
Жумасаң нұрмен, кірлейді.
Жүрекке әмір жүрмейді,
Жыласаң да, күл, мейлі.
Жылылық керек жүрекке,
Жапырақ жайып, бүрлейді!..
Күрсінді неге көк аспан?..
Күрсінді неге көк аспан?..
Ұйқыдан жаңа көз ашқан.
Алматыдай аруға
Қандай жауыз оқ атқан?..
Көрінбей бетіндегі күміс нұры,
Көлдердің қайда
кетті тыныштығы?
Көрудің өзі тіпті, жанға батты,
Шыңына Алатаудың
шығып бұны.
Көтерген жүгім ауыр арқамдағы,
Ел едім арылмаған бастан бағы.
Алматым – ару қала, тау бөктері,
Қаланы қандай жауыз
талқандады?..
Кім сенің бүгінгідей күйіңді ұқты?..
Қаншама бастан кештің қиындықты.
Алаңға жинап алып дүйім жұртты,
Бүйірден бұзғандар кім бүтіндікті?!
Аналар аңырады, жасын төгіп,
Ол кімдер, қала іргесін жатыр сөгіп.
Ел-жұртын қорғау үшін атқа қонды,
Ел сүйген жүрекке батыр сеніп.
Байтақ ел кетірген кім тыныштығын,
Бұлақтар бұлқынбады күміс бұрым.
Жар салды төрт құбылаға Кемелұлы,
Елінің сақтау үшін ырыс-нұрын.
Кімдер еді алаңға жиып бәрін,
Кетірген бүкіл жұрттың сиықтарын?!
Доссымақ елдер ме әлде іргедегі,
Көзінің салып жүрген қиықтарын…
Қашанғы қалың шердің
қозғап бәрін,
Жүретін жүрегінде маздап жалын.
Атылды жауларына жай оғындай,
Қиылып қыршынынан боздақтарым.
Ерекше тебіренткен ақын жанын,
Ерлікпен ел қорғаған Батырларым!
Тарихы Қазақстан терең ойлы,
Жер жүзіне жеткізіп жатыр мәнін.
Қаншама артта қалып қиял-елең,
Арынды арнасына құяды өлең.
Ерлігін қазағымның ғасырларғы,
Жыр-жүрек, тереңіне жиа берем.
Бүгінгі күннің жөні бөлек тіптен,
Жетіпті жаңалықтар, демек, күткен.
Президент, аман болсын
ел-жұртымен,
Бойына ақыл-парасат ерек біткен!..