…АЛ КІМГЕ КЕРЕК БҰЛ ДЕРТІҢ?
12.05.2023
621
0

Қуаныш ЖАЗАЙ

– «Ақсерек, Көксерек,
Бізден сізге кім керек?»
– Қуаныш керек!
Қыр астынан жетеді дауыс кенет.
– Мұндамыз! – деп және бір қол бұлғайды,
Бір қауым ел түр-түсі таныс-бөлек.

Анау – көкем. Таныдым.
Анау – атам,
Әжем анау – мейірімге толы алақан.
Екі өкпемді қолға алып солай қарай,
Солай қарай асығып бара жатам.

Мазасыз ой жанымды жегідей жеп:
«Бұл – өлгендер…
Өлгендер елі ғой» – деп.
– Барма! – дейді,
– Қайт! – дейді артымда анам,
Тасқа аяғы шалынған еңірей кеп.

Аспан да сұр,
Қалды арт­та далам да сұр,
Алда кілем жаюлы маған жасыл.
Өлгендерді қимаймын – қайтам десем,
Қалам десем – қимаймын анамды асыл.

Екі дүние тұр ашып тең есігін,
Құшады анам тілазар емес ұлын.
Өлгендермен «Ақсерек» ойнап жүрміз,
…Келесі кім?

* * *
Ұшамын десең, қазір ұш, тотым,
Райыңнан ерте қайт, көкем.
Саған кеп мендей дәруішке кім,
Тағдырлас бол деп айт­ты екен?

Үздігіп менен, сормаңдай құсым,
Күтесің бекер таудай бақ.
Сенің жаныңның арман-қайғысын,
Түсіне алам ба мен бейбақ?

Сайрай бер, тотым, армансыз күн-түн,
Әніңді еркін айт әсем,
Торыма түсіп аңдаусыз бір күн,
Сорлап қалмашы байқа сен.

Ішқұса болып, құлдығым, онда,
Көзіңе тұнар уайым – көл.
Алтын тор емес, тым құрығанда,
Біздікі қарабайыр тор…

Назды әніңді айтып жүректі аймалар,
Сайрай алмайсың мұнда еркін.
Айналаң тастай түнекке айналар,
Ал кімге керек бұл дертің?..

Ұшамын десең, қазір ұш, тотым,
Бағың ашылсын… не дейін?
Ал мен осынау дәруіш, жетім
Күйімде қала берейін…

ҚОШТАСУ
Тоқта!
Бөліп алайық:
Алматының жарты бұлты – сенікі,
Алматының жарты бұлты – менікі.
Біздің жаққа бұлт аумайды деуші едің,
Ала жаздай бір тамбайды деуші едің.
Кетіп бара жатырсың ғой ақыры,
Ал ала кет… құзырыңда ол сенің.

Жадырасын аспан да сұр,
Жер де сұр,
Бар, нөсерлет,
Гүл біткенді шөлге өсір.
Екеуміздің қайғымызды той қылып,
Екі жақта ел қуансын көл-көсір.
Көш, көше бер, керуеніңді тоқтатпа,
Мұнда – шуақ,
Онда – нөсер жоқтатпа…
…Менің бұлтым желді күні –
жел жаққа,
Күн көзіне төселеді – аптапта.

Менің бұлтым –
Қалса ашылып етегі,
Аруларды киіндіріп өтеді.
Анда-санда сағынғанда өзіңді,
Алматыны жылатуға жетеді.

ҚҰЙЫН
Шумақталды қылды тұзақ –
Көтерілді бір құйын.
Түсіне алмай жүрдім ұзақ,
Табиғат­тың бұл биін.
Мазалаймын қос әпкемді,
– Ол не? – деймін, – неден бұл?..
…Ағам ойыншық жасап берді,
Зырылдауық деген бір.

Зырылдауық, зырыл қағып,
Шыр айналды құйындай.
Қарай бердім күлім қағып,
Екі езуім жиылмай.

Жер әлемнің «жынын қақтық»,
Мен және сол періште.
Алма-кезек зырылдат­тық,
Аспан – сырт­та, мен – іште.

Зырлайсың-ау, жанды жеген,
Ой, өмір-ай бес күнгі.
Зырылдауық қалды менен,
Бой түзедім, ес кірді.

Жылап-күлем ешкім жоқта,
Сәби шақты ойлап бір.
Аспанға әлі ес кірмепті, ә?
Зырылдауық ойнап жүр…

* * *
Туған жер!
Сен дегенде дара шауып,
Көргем жоқ алды-артыма қара салып.
Бір тентек қиядан тас домалатса,
Биігің қала ма деп аласарып,

Шарқ ұрам кеткендей-ақ құдай безіп,
Дұғамды күбірлеймін түн, ай кезіп.
Әлгі тас жанарыңнан домалай кеп,
Менің дәл жүрегіме құлайды езіп.

Шап-шағын болмысыма сыйып кеткен,
Өзіңді бұлай сүю биік неткен!
Өзіңді бұлай сүю биік неткен!
Тұрмын мен теңестіріп иық көкпен!

Жол жүрсем, қимастықпен бара жатып,
Қараймын от­ты көзді саған атып.
Білмеймін, сені аңсасам, тас па, жас па,
Отырам әлденені домалатып…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір