ДЕМОКРАТИЯ және ЕРКІН САЙЛАУ ҚҰҚЫҒЫ
28.06.2024
145
0

Заманауи қазақстандық қоғам үшін әлеуметтік демократияны орнатуға ұмтылу – мемлекеттіліктің авторитарлық үлгісінен бас тарту, өркениеттілік пен гуманизмге қадам жасаудың кепілі болып саналады. Ол бұрынғыдан келе жатқан тоталитарлық қалдықтардан әлі толық арылмағанымен және неше түрлі күрделі соқпақтардан өтетіндігімен, өзінің түпкі бағытында саяси үдерістердің өркениеті жолымен дамуына негіз бола алады және қазіргі заман талаптарына сай саяси мәдениетті қалыптастырады. 

Автократия саяси үдерістердің субъектісі ретінде әрекет ететін азаматтардың санын азайтуға бағытталған және басты белгі түрінде азаматтардың жеке құқықтарын шектеуді орнықтырады. Осыдан пайда болатын сегментарлық қайшылықтар мен сепаратистік қозғалыстар әлеуметтік тұрақтылыққа нұқсан келтіріп, этникалық негізде пайда болатын шағын немесе аумақтық этникалық қақтығыстарға әкелуі мүмкін. Билікті архаика мен тоталитаризмнің дәстүрлі тәсілдерімен калыптастыру Қазақ­стандағы демократия дамуын тежеп жіберуі де ғажап емес. Сондықтан, қазіргі Қазақстандағы билеуші топ өзінің демократиялық бағдарларды ұстайтынын жария еткендіктен және ұлтты осы заман талаптарына сай құндылықтарға бастайтынын бірнеше рет мәлімдегендіктен мемлекеттік құрылыс демократиялық ұстанымдар негізінде жүргізілуі тиіс.
«Демократиялық мемлекет» моделі тек саяси билік пен азаматтық қоғам арасындағы өзара байланыстардың жүйесін ғана емес, ол сонымен бірге саяси билік институттарының әрекетінде барлық әлеуметтік топтар мүдделерінің ескерілуін де талап етеді және билік ұжымдарының өкілет­тігін қорғап отырады. Осындай өкілеттілік халықтың сайлаған адамдарының міндетті түрде теориялық арнаулы дайындалған сарапшылар немесе мамандар болғанын қамтамасыз етумен шектелмей, билік құрылымдарын қалыптастыруды демократиялық жолмен өткізу арқылы жүзеге асырады. Азаматтар мүдделерін білдіру және қорғау құқығы, депутаттарда арнаулы білімдер жүйесінің барлығымен ғана немесе олардың әкімшілдік-бюрократиялық элита жасаған формалды талаптарға сәйкес келетінімен емес, репрезентативті демократияның сая­си-ұйымдастыру ұстанымдарымен негізделуі қажет.
Қазақ өркениеті және оның әлеу­меттік-ділдік рефлексиясы партиялық-саяси плюрализм негіздерінде емес, оның құндылықтарының институционализациясы парламенттік түрлер арқылы қалыптастырады. Бірақ бұдан келіп қазақтың дәстүрлі саяси мәдениетінде тұлғааралық қатынастарды әлеуметтік-мәдени реттеу және билік бөлінісі болған жоқ деген пікір тумағаны жөн. Тарих қазақтың көшпелі мәдениетінде билік бөлінісінің де (құрылтай – халық өкілдерінің мәжілісі, хан-сұлтандық атқарушы және әскери билік, билердің соттық басқаруы және ақсақалдар мен ақындар жүзеге асыратын қоғамдық пікірдің билігі), толеранттылық, плюрализм, адам мен қауымның бағалылығы, еркіндікті сүю сияқты мәдени-әлеуметтік құндылықтарының да бар болғанының куәсі.
Демократия мәдениетінің әмбебап құңдылықтары 1995 жылғы әлем мәдениеті туралы ЮНЕСКО-ның жинақталған баяндамасында былай делінген: «Демократиялық мәдениетті қолдауға бағытталған шараларды күшейте түсу қажет және ол мынадай әрекеттермен толықтырылады: азаматтық қоғамды мобилизациялау, саяси партиялардың еркін қалыптасуына жағдай туғызу, сайлауға көмек беру, тәуелсіз ақпарат құралдарының дамуына үлкен көңіл бөлу, адам құқықтарын сақтау арқылы бейбітшіл саяси мәдениетті қалыптастыру және оның жүзеге асуын тұрақты бақылап отыру, үкіметтегі мемлекеттік басқару секторларының және демократиялық құрылымдарының әрекеттеріндегі ашықтықты, есептілікті және сапалықты қалыптастыру, оған қоса заңдылық жүйесін жетілдіру. Парламенттің, соттың және ұжымдардың сайланған басқарушы құрылымдарын жетілдіргенде әртараптану мен жергілікті басқару органдарына ерекше назар аудару қажет және осы үдеріске азаматтық қоғам ұйымдарын қатыстыру маңызды».
Демократияның жалпыға бірдей үлгісі жоқ, бірақ қазіргі әлемдегі кез келген адам шынайы демократиялық құндылықтарды интуитивті түрде ажырата алады. Әлем мәдениетінің мақсаты осы құндылықтарды нығайту және тереңдету міндеттерімен байланысты. Демократиялық мемлекеттің басты құндылығына еркін сайлау мүмкіндігі жатады. Онда жоғарғы билік немесе мемлекеттік басқару құқы, бүкіл қоғамға жататын, әрбір азамат басқаруда тек сайлау құқығына ие болып қана қоймай, ең болмаса кей уақытта жергілікті немесе мемлекеттік, әр түрлі қоғамдық қызметтерді өзі атқара отырып, елді шын басқаруға қатыса алатын халықтық басқарудың мінсіз түріне жетуі тиіс.
Әрбір жеке тұлға өзінің жеке құқықтары мен мүдделерінің жалғыз сенімді сақтаушысы болып табылады.
Теңқұқылы демократияда (халық өкілдері өздері мен өз партияларының пікірлерін білдіреді деп ұйғарсақ) халықтың көпшілігі өзінің өкілдері арқылы азшылықтан үстем болуы керек. Бірақ осыдан азшылық өз өкілдеріне ие болмауы керек деуге бола ма? Теңқұқылы демократияда әрбір партия пропорционалды түрде парламентте өз өкілдеріне ие болуға міндетті. Егер олай болмаса, онда теңқұқылық бұзылады. Демек тек теңқұқықсыздық пен артықшылық орын алады: халықтың бір бөлігі басқасына билік жүргізеді; Дегенмен, одан тек азшылық жәбір көргенімен, әділетсіздік пен принципті сыйламау орын алып, теңдік зардап шегеді. Осыған ұқсас құрылысы бар демократия тіпті өзінің айқын мақсатына да жете алмайды, яғни ол барлық жағдайларда саны жағынан көпшілікке билікті бермейді. Мұнда қарама-қарсылық жиі болып тұрады, билік көпшіліктің үлесіне тиеді, ал ол қоғамның тек азшылығын құрастырды. Егер демократия деп көпшіліктің белгілі басымдығын айтар болсақ онда оны барлық жеке тұлғаларға тең құқығын беру арқылы қамтамасыз етуге болады. Егер қайсыбір партия, әлде ереуіл салдарынан немесе түзілген тәртіп салдарынан одан шығарылып тасталса, онда билік көпшілікке емес, есептеудің басқа тәсілінен шығатын азшылықты құрастыратын партияға берілетін болады. Егер де басқаша болса, онда парламент пен елдегі пікірлер келіспеушілігі жуық арада көзге анық көрінер еді.
Демократияның мәні – барлық партиялардың өкілеттілігі. Онсыз нағыз демократия жоқ, ал тек оның атауы ғана бар. Өзінің өкілімен әрбір сайлаушы және өзінің сайлау бірлігімен әрбір өкіл біртұтас болғаны жөн. Әрбір сайлаушы өзінің өкіліне немесе кандидаттарына оның ақыл-ойын, дарынын және мінез-құлқын тым жоғары сыйлайтындықтан және оған басқалардан біршама көп өкілеттігін бере алатындықтан солай дауыс береді.
Қашан билік біреудің немесе азшылықтың қолына шоғырланса, онда бұқара қарсы әрекеттенуші ретінде өмір сүреді; онда билікті бақылау үшін жеткілікті күштері болмауы мүмкін. Бірақ оның орнына түрлі пікірлер мен сенімдері немесе қарама-қарсы мүдделері салдарынан, үстемдік етуші талаптарына қарсы әрекетке баруы мүмкін.

Тұрсын ҒАБИТОВ,
философия ғылымының докторы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір