Әділетті Қазақстан және жазушы жауапкершілігі
25.07.2023
183
0

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді жаңа Қазақстан дәрежесіне көтеру жөнінде маңызды бастаманы қолға алып, көптеген іс-шараларды жүзеге асыруда. Мемлекет басшысының Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайға қатысып, «Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құрады» деген тақырыпта кең көлемді баяндама жасауы осы жақсы дәстүрдің жарқын көрінісі. Сегіз бағыттан тұратын бұл баяндамада елімізде әділетті қоғам орнатуға керекті шарт-талаптардың бәрі жан-жақты қамтылған. Яғни Президент: «Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуға тиіс», – деп атап көрсетті.

Президент бұл баяндамада осы Құрылтайда сөз сөйлеген Жұлдыз Сүлейменова, Жақсыбек Құлекеев, Ислам Байрамуков, Вадим Басин, Ерлан Саиров, Серік Ақылбай көтерген мәселелерге де арнайы тоқталып, белгілі өнер қайраткері Азамат Сатыбалдының кино саласын дамыту туралы ұсыныстарын толық қолдайтынын білдірді және бұл жөнінде Мәдениет және спорт министрлігіне нақты тапсырма берді.
Мемлекет басшысының өз сөзінде Әділетті Қазақстан мәселесіне айрықша көңіл бөлуі кездейсоқтық емес. Еліміздегі тәуелсіздіктен кейінгі қиындықтардың басым көпшілігі осы әділдіктің сақталмауынан туындаған еді. Нақты мысал келтірейік. Қазақстанның жері ұшан-теңіз кең, түрлі қазба байлығы да барынша мол. Осы байлық әділдікпен бөлінгенде Қазақстан халқы қазір шалқып өмір сүріп отырар еді. Өкінішке қарай, бәрі керісінше болды. Ата-бабамыздан мұра болып қалған бұл байлық тоқсаныншы жылдардан бастап талан-таражға түсіп, сол кездегі Мемлекет басшысы мен оның тойымсыз туған-туыстарының, жандайшаптары мен дүниенің түкпір-түкпірінен жиналған пысықай байшыкештердің қанжығасында кетті. Мұндай әділетсіздік барда жаңа Қазақстан құру мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда осы мәселеге нақты тоқталып: «Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құрады», – деп ашып айтты. Демек, елімізде толық әділдік орнауы үшін үкіметте, министрліктер мен үлкенді-кішілі әкімшіліктерден бастап барлық жерде қолы таза, жемқорлықты маңына жолатпайтын, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне, халқымыздың тұрмысы жақсарып, бақытты өмір сүруіне шынайы жанашыр, адал азаматтар ғана қызмет атқаруы керек.
Президенттің Ұлттық құрылтайда көтерген мәселелерінің бірі – әдебиет яғни жазушылар туралы болды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың осыдан біраз бұрын Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Мереке Құлкеновты қабылдағаны баршаға мәлім. Бұл қабылдауда қаламгерлердің шығармашылығына қолдау көрсету жөніндегі өзекті мәселелер сөз болған еді «Қазақстанның халық жазушысы» атағын қалпына келтіру де айтылған.
Қазақстан Президенті Ұлттық құрылтайда әдебиетімізге қатысты осы әңгімені одан әрі жалғастырып: «Идеологиялық жұмысымыздағы басты бағыттардың бірі – кітап басып шығару ісі. Қазақстан нарығында шетел өнімдері басым екені жасырын емес. Әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Бұл үрдістің салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды»,– деп атап көрсетті.
Президент өз баяндамасында әдебие­ті­мізге қатысты өзекті мәселелерді шешу­дің жолдарын да нақты көрсетіп, тиісті тапсырмалар берді. Яғни: «Балалар кітап­ханасы» атты жаңа бағдарлама жасауды қолға алып, ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару керек және бұл мәселеге Қазақстан Жазушылар одағы белсене атсалысуы тиіс», – деді.
Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы Қазақстан Жазушылар одағына үлкен сенім мен жауапкершілік және нақты міндет жүктейді. Бұл жауапкершілік пен міндетті орындау жөнінде Одақ басшылығының не істеп, қандай шаруа тындыратынын алдағы уақыт көрсетеді. Ал бізді ерекше ойландыратыны – Президент алға қойған мақсат-міндетті жүзеге асыруға Одақтың қатардағы мүшелерінен бастап барлық жазушылар қалай атсалысады, қандай үлес қосады деген мәселе. Біздің ойымызша, бұл мәселе екі бағытта жүруге тиіс.
Бірінші бағыт – Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құрудағы алға қойған мақсат-міндеттерінің орындалуына қаламгерлеріміздің тікелей атсалысуы. Өйткені кез келген қоғамда халықтың ең алдында жүріп, жұртқа сөзімен де, шығармашылық туындыларымен де жол көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отыратын – зиялы қауым, оның ішінде, әсіресе жазушылар. Қазақ халқының өткен-кеткен тарихына үңілсек, бұған анық көз жеткіземіз. Яғни ежелгі жыраулардан бастап кешегі Алаш қайраткерлеріне дейінгі сөз зергерлері ұлт тағдырына қатысты барлық шешуші сәттерде әрқашан алдыңғы шептен көрінген. Кешегі Кеңес өкіметі тұсындағы қазақтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі ескіліктің қалдығы деп бағаланып, ана тіліміз ресми қолданыстан шеттетілген қиын кезеңде де жазушыларымыз ұлттық мүддемізді қорғай білді. Бүгінгі қаламгерлеріміз де осы деңгейден көрініп, Әділетті Қазақстан құруда көштің алдыңғы легінде болуы керек.

Бұл ретте, Әділетті Қазақстан құру бір сәтте жүзеге асатын оңай шаруа емес екендігін де ескерген жөн. Бұған әртүрлі жолдармен түрлі кедергі жасайтындардың кездесуі әбден мүмкін. Жұрт алдына шығып, «Президент дұрыс айтады! Әділетті Қазақстан жасасын!» деп ұрандатып, сосын былай шыға бере жемқорлық сияқты түрлі жымысқы әрекетін одан әрі жалғастыра беретіндер де бірден азаймайды. Осындай жағдайда жазушыларымыз елдің ертеңін ойлайтын шынайы жанашыр қайраткер ретінде көрінуі тиіс. Бұған толық мүмкіндік бар. Мемлекет басшысы Құрылтайда: «Әділетті Қазақстан құру министрлер мен әкімдердің ғана міндеті емес. Оған бүкіл қоғам болып жұмылуы керек», – деп арнайы атап өтті. Міне, осындай жағдайда қаламгерлер қауымы Президенттің Әділетті Қазақстан құрудағы мақсаты мен тапсырмасының қалай орындалып жатқаны туралы әрқашанда өз ойларын ашық айтып, бұл саладағы жетістіктер мен кемшіліктерді ортаға салып отырса дейміз.
Президенттің Әділетті Қазақстан құрудағы мақсат-міндетін орындауда жазушылар қатысатын екінші бағыт – шығармашылық сала. Яғни Мемлекет басшысы жоғарыда айтқанымыздай, өз баяндамасында әдебиеттің өзекті мәселелеріне, оның ішінде кітаптың таралымын ұлғайтып, оқырманға көптеп жеткізуге айрықша назар аударды. Бұл – жалпы әдебиетіміздің дамуына да, қаламгерлеріміздің шығармашылығын жаңа деңгейге көтеруге де тікелей қатысы бар маңызды мәселе. Өркениетті елдерде әдебиет туралы сөз болғанда ең алдымен қаламгердің кітабы қанша таралыммен жарық көріп, оқырманға қалай жетіп жатқанына ерекше назар аударылады. Ал бізде біраз басқашалау. Жазушыларымыз өз кітабының аз таралыммен шықса да әйтеуір жарық көргеніне риза. Тіпті жазғанымызға дұрыс қаламақы алмақ түгілі оның жарық көруіне өз қалтамыздан қаржы шығарып, шығындалатын кездеріміз де болады. Осындай сәтте бір сұрақ туындайды: егер жазғанымызды ешкім оқымаса, онда «Мен жазушымын!» деп, несіне мақтанамыз?! Қалам ұстап, неге босқа әуреленеміз?! Бұл – ойландыратын жағдай!
Осыған орай дүниежүзі бойынша әдебиетке қатысты мәселелер –шығарманы автордан сатып алу, басып шығару және тарату деген үш бағыттан тұратынын айта кеткен жөн. Бұл үш бағыттың арасында тарату мәселесіне айрықша көңіл бөлінеді. Өйткені барлық елде жазушының шығармасын тарату дегеніміз – ең алдымен ол шығарманы саудағы шығарып сату, яғни кітап бизнесін жүргізу. Тіпті өзіміздің Қазақстанда да 90- жылдарға дейін кітап бизнесіне ерекше көңіл бөлінетін. Республикамызда Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитет болды. Қазақ тұтынушылар қоғамында Кітап саудасы басқармасы жұмыс істеді. Бұл екі мекеме де кітап саудасын ұйымдастыруға айрықша көңіл бөлетін. Соның нәтижесінде жазушылардың кітаптары 30 мыңнан басталып, одан да көп таралыммен жарық көріп, кітап дүкендеріне көптеп түсетін. Кітапты шығаруға жұмсалған мемлекеттің ақшасы да бірнеше есе пайдамен қайтатын. Жазушы да жақсы қаламақы алатын.
Ал қазір мүлдем басқаша. Рас, мемлекеттен кітап шығаруға айтарлықтай мол қаржы бөлінеді. Бірақ оның ешқандай қайтарылымы жоқ. Өйткені бізде кітап саудасы мүлдем тоқтаған. Ал Ресейден бастап өзге елдерде кітап бизнесі барынша дамыған. Біздегі кітап шығаратын баспалар олармен бәсекеге түсе алмайды. Мемлекет басшысының: «Әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді», – деген әңгімесі осыдан туындап отыр.
Бұл мәселені қалай реттеуге болады? Осыған орай мына жағдайды түсіндіре кеткеніміз жөн. Қазіргі қолданыстағы «Мәдениет туралы» заңның 19-2-бабында «Қоғамдық маңызы бар әдебиетті мемлекеттік кітапханаларға және өзге де мемлекеттік ұйымдарға тарату үшін уәкілетті орган сатып алады» деп атап көрсетілген. Заңға бұл баптың енуіне 2017 жылы Қазақстан Жазушылар одағы тікелей ықпал етіп еді. Ал кітапты басып шығару мәселесі осы заңның 19-3-бабында белгіленген. Заңдағы осы өзгерістерге сәйкес Мәдениет және спорт министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» бағдарламасын бекіткен. Бұл бағдарлама екі бағыттан тұрады. Оның біріншісі – «Қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу», екіншісі – «Қоғамдық маңызы бар әдебиетті басып шығару және тарату». Қазір бұл екі бағдарлама да жақсы жұмыс істеуде. Яғни үкімет мемлекеттік тапсырыспен әдебиетті сатып алу мен шығаруға жыл сайын айтарлықтай мол қаржы бөледі. Бірақ ол бағдарламамен шығатын кітаптардың таралымы 3 мың ғана болып бекітілген. Мемлекеттік тапсырыс алатын баспалар бұл – 3 мың дана кітапты мемлекеттік кітапханалар мен өзге де мемлекеттік ұйымдарға жеткізіп берумен ғана шектеледі. Таралымды бұдан көбейтуге ешкім де ынталы емес; шығын көп кетеді, тиімсіз деп есептейді. Ал сонда таралымы аз, қалың оқырманның сұранысын қанағаттандыра алмайтын, тіпті мемлекеттік кітапханалардың да көбіне жетпейтін мұндай кітаптарға мемлекет неге арнайы қаржы бөліп, босқа шығындалады? Бұл жөнінде ешқандай әңгіме болмайды.
Міне, осындай жағдайда кітаптың таралымын қалай көбейтеміз? Мемлекет басшысының бұл жөніндегі тапсырмасын қалай орындаймыз? Тиісті орындар бұл жөнінде енді ойланатын шығар? Мүмкін, қоғамдық маңызы бар әдебиетті тарату, яғни сатуға шығарып, кітап бизнесін дамыту жөнінде жеке бағдарлама жасаған да дұрыс болар?! Мұның бәрі алдағы уақытта бір жүйеге түсіп реттелуі керек.
Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз, Түркістандағы Ұлттық құрылтайда айтылған мәселелер болашақта толығымен жүзеге асады, соған орай күнделікті өмірімізде шынайы әділдік орнайды және бұл игілікті істі жүзеге асыруға жазушыларымыз да жауапкершілікпен белсене араласады деп сенеміз.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
жазушы-драматург, профессор,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір