ТӘУЕЛСІЗДІК – АЛАШ ИДЕЯСЫМЕН СУАРЫЛСА ҒАНА БАЯНДЫ БОЛМАҚ
24.07.2023
311
2

«Аңызға айналған Абылайдың шын мәніндегі бейнесі кімді болса да, қызықтармай қоймайды», – дейді сөз иесі. Ал бұл кісінің өзі – кейінгі қырық жылын Абылай хантануға сарп еткен зерттеуші, журналист һәм тарихшы.
Біз академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жоғары мектебінің академигі,
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Зарқын Тайшыбаймен әңгімелескен едік. 

Мәдениетті адам тарихшы болуға тиіс

– Сұхбатты дәстүрлі сұрақтан бастағанымыз жөн болар. Сіз сексеннің сеңгірінен астыңыз. Көп көрдіңіз, көп оқыдыңыз. Еліңізге елеулі еңбек еттіңіз. Әуелгі сөзді туған жеріңіз, өскен ортаңыз жайлы әңгімеден бастасаңыз. Тарихқа қызығушылығыңыз қашан басталды?

– Менің туған жерім Са­ры­ар­қаның шоқтығы Қарқа­ралы қазылық, Қу қазылық, Баянаула қазылық, Кент қазылық аймағы, ескі түсінік бойынша Семей облысы Қарқаралы уезі Қу болысы аталады. Мұны тізіп айтып отырған себебім, ХХ ғасырда аты әлемге танылған «Семи­па­ла­тинский полигон ядер­ных испытаний» деген құбы­жық орналасқан маңай. Қазақ­ша түсіндіретін болсам, ауданымыздың аты Қаз дауысты Қазыбек, селолық советіміздің атауы Тәттімбет, совхозымыздың аты Мәди. Яғни, қазақ жұртына танымал Орта жүздің бас биі Қазыбек Келдібекұлының, одан бері де ұлы күйші Тәттімбеттің, әнші-композитор Мәдидің ұрпақтарынанбыз. Демек, осы есімдердің өзі-ақ біраз міндет жүктеуге тиіс деп білемін. Бұған қоса жаңағы айтқан ядролық сынақтардың 1949 жылғы тамыздың аяғындағы біріншісінен бастап, 1989 жылы жабылғанша, ақырғы­сына дейін көргенімді айта­мын.
Мамандығым – журналист.

– Ал журналистикадағы алғашқы қадамыңызды қалай бастыңыз, ұстаздарыңыз кімдер?
– Біздің кезімізде мектепте қабырға газеті деген болатын. Сегізінші кластан бастап, үш жыл қабырға газетінің редакторы болдым. Әрине, мұғалімдердің көмегімен. Мектеп бітіргеннен кейін бір жыл колхозда трактор жүргіздім, келесі жылы он жеті жасымда аудандық газетке кірдім. Содан бергі өмірім баспасөзбен байланысты. Оның ішінде мен баспасөз тарихшысымын. Университет бітіргеннен кейін қазақ журналистикасының тарихы бойынша аспирантура тәмамдадым, орыс журналистикасының тарихынан мақалалар жаздым. Тарихқа бет қоюым осыдан басталады. Жалпы, хат танитын, өзін мәдениетті адам қатарында санайтын әрбір жан тарихшы болуға тиіс. Өткенді білу – қызықтырады ғой. Мен газетте істеген ұзақ жылдар бойы қазақ халқының арғы-бергі тарихымен өз бетіммен айналыстым.
Қаз дауысты Қазыбектің «Қазақ деген мал баққан ел­міз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз…» деп бас­тала­тын әйгілі толғауынан бастап, ұлы бидің өмірі туралы аңыз-әфсаналарды тыңдап өстік. Сонда, бабамыздың атымен қоса, Абылай ханның есімі ата­лып отыратын. Аңызға ай­нал­ған Абылайдың шын мәнін­дегі бейнесі кімді болса да қызықтармай қоймайды. Осылайша, абылайтануға жасымнан-ақ үйір болдым деп айтуға толық хақым бар ғой деймін.

– Тарихты айтқаннан кейін сіздің Абылай хантанудағы еңбегіңізді айтпай өте алмаймыз. Бұл жолға қалай түстіңіз? Кеңес өкіметі бізге Абылай ханды барынша жауыз, сатқын ретінде көрсетті. Сіздің бала кезіңізде ауыл үлкендері Абылай хан туралы айтатын ба еді? Олардың аузындағы Абылай ханның бейнесі қандай?
– Абылай хан көзсіз батыр емес, дана азамат, ел көсемі, қараңғыда жол тапқан қырағы, ақыл иесі ретінде әңгімеленетін. Әрине, аңыз болған соң қоспасы да болады. Бірақ сол қоспасымен-ақ Абылай хан бейнесі биіктеп, қазақтың жер бетінде ұлт ретінде сақталуының кепілі ретінде танылатын. Абылай хан біреуге қиянат жасапты, кісі ақысын жепті деген әңгіме естігенім жоқ. Кейін, қырық жыл бойы Абылай хан тарихын зерттеу үстінде халық аузындағы сарындардың растығына көзім жетті деп айта аламын.
Абылай хан тарихына бару үшін алдымен жан-жақ­ты мағлұмат жинап алу керек болды. Ұлы ханның қырық қатпарлы саясатына бойлау үшін, әр жерден үзіп-жұлып жинаған, ел аузынан естіген сөздер жарамайды. Зерттеу үстінде Абылай хан туралы дастандарды, ел аузында сақталған әңгі­мелер­ді Қазақстанның түкпір-түкпірінен жинадым, шындыққа жақын келеді-ау деген тұстарына ерекше көңіл бөліп, салыстыра қарадым.
Әрине, деректердің негізгі қоры да, көзі де орыс мемлекетінің мұрағаттарында сақталған құжаттар. Бұл арада алдын ала айта кетейін, Абылай ханның тарихы жайында Қытай деректеріне көзқарасым өзгешелеу. Орыс мұрағаттарындағы құжаттарда Абылай есімі 1732 жылдан кездеседі. Бұл шамамен Абылай сұлтанның 20 жасын­дағы кезі. Содан бастап бола­шақ ханның өмірі мен қызметін жүйелеп зерттеуге болады. Ал Қытайда сақталған құжаттар жоңғар мемлекетінің жойылуынан қазақ-қытай байланыстары орнаған 1756 жылдан басталады. Оған дейінгі мағлұматтар қытай барлаушыларының немесе басқа адамдардың естуі бойынша жазылып алынған сипатта. Сондықтан деректанушы ретінде мұндай құжаттардың шындығына жету үшін, міндетті түрде орыс деректерімен салыстырып отырдым.
ХVІІІ ғасырдың І жар­ты­сындағы орыстың кеңсе қағаз­дарының, іс жүргізу тәртібінің қыры-сырын білмейінше ақиқатқа жету оңай емес. Сондықтан мен осы жағына үнемі назар аударып отырдым. Екінші бір ерекшелік – маңызды саналатын құжаттардың көпшілігі орыс әкімшілігі тарапынан жүргізілген барлау қызметінің нәтижесі. Әдетте, қазақ даласына жұмсалған барлаушыға нұсқау беріледі, ол сол нұсқауда көрсетілген жағдайларды анықтап қай­тады. Бірақ барлаушы өзі жұм­саған әкімшіліктің тапсыр­масына сай қызметін орындағанын, мінсіз орын­дағанын көрсету үшін бояма мағлұматтар қосып жіберуі мүмкін. Мұндай күдікті сейілту үшін сол барлаушының соңынан жіберілген екінші тыңшының жазғандарын салыстыра қарау керек болды. Осылайша, қазақ даласындағы жағдайлар туралы, Абылай сұлтанның, кейін ханның іс-әрекеті жөнінде нақты мәліметтердің дұрыстығына, растығына көз жеткізуге болады.
«Абылай хан тарихы» деген 3 томдық еңбек ұсындым. Әрқайсысы 600 беттен тұратын бұл кітаптарда 3 монографиялық зерттеу және 1510 құжат бар.

– Сонда Абылай ханның өмірі мен қызметі туралы естігендеріңіз құжатпен қалай бекітілгенін айта кетсеңіз?
– Ауыз әдебиетіндегі ерекшелік қой, қосып айту, үстемелеп көрсету, көпек өрнеу шындықты бұрмалау сияқты көріністер кездесіп отырады. Зерттеушінің міндеті – аңызды қоспасынан ашып, ақиқатын ғана қалдыру ғой.

…Мұны тәуелсіздік жарияланғалы бері айтып келемін

– Өлкетанушы Жақсыбай Самрат Петропавлдың қалаға айналуына Абылай хан ықпал етті дейді. Бұған не дейсіз?
– Абылай хан заманында Петропавлды қалаға айнал­дыру жоспары бола қойды дейсіз бе? 1752 жылы Есілдің Қызылжар тұсында бекіністің салынғаны рас. «Ресейдің оңтүстік шекарасын қырғыз-қайсақтардың шабуылынан қорғау үшін» деп жазылған. Қазақ даласына қарата 6 зеңбірек қойылған. Бекіністің іргесінен ішке қарай қазақ хандығының шекарасы басталады.

– Осы өлкетанушы Қызылжарда Абылай ханның резиденциясы болған дейді. Ал сіз бұған қарсы пікір айтасыз. Абылай ханның резиденциясы Қызылжарда болған-болмағанының тарихи немесе идеологиялық тұрғыдан қаншалықты маңызы бар?
– Жоғарыда айтқаны­мыздай ұлы адамдар туралы, тарихи жыр-дастандардың кейіпкерлері туралы ауыз әдебиетінде түрлі әсірелеулер кездесе береді. Қызылжарда «Абылайдың ақ үйі» деп аталған ғимараттың болғаны рас. Не себепті Абылайдың атына байланысты аталғаны белгісіз. Ғылымда, оның ішінде тарих ғылымында түрлі жорамалдар бола береді. Нақты дәйек, дерек болмаған соң, уақыт өте келе жорамалдар шындық ретінде қабылданатыны да рас.
Ал мен жоғарыда аталған кітабымның екінші томында келтірілген құжаттарға сай, «1765 жылы мамырдың басын­да Петр ағзам бекінісінен 240 шақырым жерде бес бөл­мелі тұрғын жай салына бас­тап, сол жылы қыркүйек айын­да аяқталғаны туралы» дерек ұсынып отырмын. Құ­жат­тар­дың қайнар көзі көр­сетілген. Орысшадан ауда­рылған.

– Кеңес үкіметі тұсында қазақ тарихы идеологиялық тұрғыдан бұрмаланғаны жасырын емес. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін осы олқылықтың орны толды ма? Қазіргі Қазақстан тарихы қаншалықты бейтарап жазылып жатыр?
– Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан тарихының көптеген мәселелері орнына келіп, ақиқат тұрғысынан жазылып жатыр. Ең әуелі, «қазақ жерлері өз еркімен Ресейге қосылды» деген түсінік анықталды. 1730 жылдары «Подданство» деген сөздің қазақша мағынасы ХХ ғасырдағы орысша түсінікке сәйкес келмейтіндігі анықталды.
– Біздің қоғам Кенесары ханның тарихи бағасын бере алды ма?
– Жоқ. Әлі Кенесары хан­ның тарихи бейнесі қалпына келтірілген жоқ. Бұл бағытта республика билігі атқаратын әлі көп жұмыс бар.

– Сұхбатымызды дәстүрлі сұрақпен бастадық. Ендеше дәстүрлі сұрақпен аяқтайық. Көпті көрдіңіз. Абылай хантану, Алаштану жолында тынбай іздендіңіз. Жаңа Қазақстанға бет түзейміз деп жатырмыз ғой, қай бағытта дамып, қандай сүрлеуге түсуіміз керек? Тәуелсіздігіміз қайтсек баянды болмақ?
– Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлім­хан Ермеков туралы жаз­дым. Жақып Ақбаевтың «Кү­рес­керлік өмірбаяны» тура­лы монография жаздым. Мағжан Жұмабайдың «Өмірі мен қызметінің шежіресін» құрадым.
Алаш қозғалысының қазақ халқының тарихындағы орны мен рөлін анықтай түсу керек. Тәуелсіздік – Алаш идеясымен суарылса ғана баянды болмақ. Яғни, қазақтың ішкі және сыртқы саясатындағы негізгі тірегіміз де, даму арнамыз да – Алаш көсемдері армандаған бағыт. Мұны Тәуелсіздік жарияланғаннан бері айтып келемін, жазып келемін.

– Алғаусыз әңгімеңіз үшін мың алғыс!

Сұхбаттасқан
Бахаргүл БЕРДІХАН

ПІКІРЛЕР2
Аноним 08.10.2023 | 23:08

Жақсы-ақ әңгіме екен. Әттең, қысқа. Редакция авторға тапсырма беріп, немесе профессор Зарқын Тайшыбайдың өзіне сұрақтар жіберіп, Абылай хан туралы үш томдық еңберін қалай алдыруға болатынын біліп берсе жақсы болар еді. Осы тілегімізді оқыған профессор хабар берсе екен

Аноним 08.10.2023 | 23:21

Зарқын Тайшыбайдың кітабы «Абылай хан тарихы» деп аталады,1,2,3 том. Әр томы 600 беттен. «Северный Казахстан» кітап баспасынан 2021 жэылы шыққан. Сатып алу үшін 8701 612 0848 телефон соғып, хабарласыңыз. З.Т.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір