ТӘУЕЛСІЗДІК ДӘУІРІНДЕГІ ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫ
16.03.2023
4766
0

Екі жылдан бері Ресейдің гуманитарлық баспасының (ОГИ) ұйытқы болуымен және ТМД елдері жазушылар одақтарының қолдауымен іске асып жатқан үлкен жобаның алғашқы нәтижелерімен «Қазақ әдебиетінің» оқырмандарын да таныстыра кеткенді жөн көрдік. «ТМД елдерінің заманауи әдебиеті» ат­ты аса ауқымды антологияның проза, поэзия және балалар әдебиетін қамтыған томдары өз кезегімен Мәскеуден (орыс тілінде) жарық көріп жатқан жайы бар. Әр томы 1200 бет­ті құрайтын бұл фолиантқа әдебиетке тәуелсіздік дәуірінде келген қаламгерлердің (әр елге 150 бет­тен бөлінген) туындылары енді. Д.Ицкович (жоба басшысы), М.Амелин (бас редактор), М.Жемухова (үйлестіруші) секілді ресейлік әріптестер ұйымдастырған жобаға Қазақ­стан Жазушылар одағы тарапынан А.Елгезек пен Е.Алаштуған үйлестіруші ретінде қатысып, біздің елдің атынан барша іс-шараларды атқарып отырған болатын. «Бағдарлама әлі де жалғасын тауып, антологиялар он бір тілде жарық көреді. Жақында үш томдықтың таныстырылымын Алматыда да өткізбекпіз», – дейді ұйымдастырушылар. Бүгін оқырманға аталмыш антологияның поэзияны қамтыған томына енген А.Елгезектің «Тәуелсіздік дәуіріндегі қазақ поэзиясы» ат­ты шолуын ұсынсақ, апталығы­мыздың келесі санына С.Сыбанбай мен А.Ахметова­ның проза және балалар әдебиеті жайлы мақалаларын жарияламақпыз. Тап қазір мазмұндас материалдарды «Литературная газета» басылымы да өз оқырмандарына тарту етуде.

Дәурен Қуат

Түптамырлар

«Аспан астында жұмыр Жер жаралғалы… Жыр бар! Ол құс қанатының суылында да, жалқы жаралы жалдың ұлуында да, жетім айдың жаңғыруында да, жел айдаған қаңбақтың қаңғыруында да жүр. Осынау Ұлы Даланың болмыс-бітімінде де, Аяулы Ана жүрегінің лүпілінде де, сәбилердің саф күлкісінде де, дүн-дүниенің сан алуан түр-түсінде де жырдың бар екені хақ. Адамзат баласына арғы замандарда Жаратушы ең үлкен нығмет­ті – Тілді нәсіп еткелі… Жыр бар! Басқаша болуы мүмкін емес.
Қазір әлемдегі барлық ұлт­тар мен ұлыстардың қолданысында жүрген 142 тілдік үйелмендерді құрайтын 7151 тірі тіл бар екен. Демек, сол тілдерде дүниеге келген әдеби туындылардың да бар болғаны. Ал, ол әдеби мұраның өлеңмен өріліп, даңқ тұғырынан көрінгендігіне күмән жоқ. Бағзы дәуірлерде қалыптасып, бүгінге дейін жеткен дәстүрлі дүниемен таласа алмаймыз…
Әдебиет­тің патшайымы Поэзия екендігіне – тарих куәгер! Шумер, санскрит, латын тілдерінде жазылып қалған жәдігерлер мен Скандинавиялық сагаларды айтпай-ақ, біздің баһадүр бабаларымыздың балбалдарына тоқталсақ та тақиямызға тар келмес. Күннің өзі кіндігін кескен табиғат­тың төл перзент­тері тарихтарын тасқа түсіріп, тағдыр-талайын таңбалағанда жүзжылдықтарға арнаған жолдауларын Жырау ғана жеткізе алатынын жақсы білген. Білге қаған бастаған алпауыт­тар ең ақырғы, ең басты баяндарын басқаға аманат­тай алар ма еді?! Дүр ғасырларды араға салып, ескінің көзі, естінің сөзі жетер ме еді біздерге?! Біздің Білге мен шумердің Бильга ұғымдарының тамырластығын таныр ма едік?! Жоқ, әрине (Еуропаға шумерлер жырға қосқан Бильгамештің аккадша нұсқасы мәлім. Әлбет­те, бұл – басқа баян!).
Аманат демекші, арғы-бергі ғасырларда жасаған ақындардың әрқайсы өздерінің өмірдастандарын өлеңдерінде қалдырып, келешекке аманат­тағаны анық. Кейінгілер өздеріне дейінгілерді танып-білген соң, өз жүректеріне жүк артып, кезекті аманат­тардың туындыгерлері атанды.

Бұл – Ақын, Қазақ­станның Халық жазушысы, Мемлекет­тік сыйлықтың лау­реаты, Еңбек Ері Олжас Сүлейменовтің «Аманат­тың атауы» (ауд.Алаштуған) ат­ты толғамынан ықшамдалып алынған үзінді. Даңқты ақын айтқандай, біздің әдебиет­тің бастаулары арғы замандарда жатыр. Жалпы әлемдік әдебиет­тің атасы – Жыр екенін ескерер болсақ, бүгінгі қазақ әдебиетінің де тым тереңдегі түптамырларын – көшпелі өркениет­терден тартып, Ғұн дәуірінен жеткен «Ергенеқон», «Еділ патша» сынды көне жәдігерлердің заңды жалғасы деп тануымыз әбден орынды. Түркі қағанат­тарының тұсындағы Орхон-Енисей, Алтай, Талас ескерткіштері («Білге қаған», «Тоныкөк», «Күлтегін», «Күлшора», т.б.), Дешті Қыпшақ дәуірінде және орта ғасырларда (Алтын Орда немесе Хорезм кезеңі) жасаған алыптардың (әл-Фараби, М.Қашқари, С.Сараи, Құтыб, Жүйнектік Ахмет, С.Бақырғани, Ж.Баласағұни, Қ.А.Йассауи, М.Х.Дулати, З.Бабыр, Қ.Жалайыри, т.т.) шығармашылығы, Алтын Орда – Ноғайлы заманынан мирас болған әдеби үлгілер (батырлық дастандар, лиро-эпостық жырлар, тұрмыс-салт жырлары, аңыз-әфсаналар мен ертегілер, жыраулардың бірегей туындылары, т.б.) бүкіл түркі тілді халықтарға ортақ асыл мұра болуымен бірге, ХV ғасырда құрылған Қазақ хандығына тиесілі әдебиет­тің де берік іргетасы болды.
Ұлт­тық поэзиямыздың ұлы көшін XV ғасырдан ХХ ғасырға дейін еркін жалғасқан жыраулар поэзиясынсыз (Асан Қайғы, Қазтуған мен Қоданнан зар заманның ұлы шайырларына, Махамбет пен Шерниязға жетіп, Балқы Базар, Тұрмағамбет пен Сүгірлерге дейін үзілмеген), XVIII ғасырда басталып XXI ғасырдың төрінен де табылған халық ақындары шығармашылығынсыз (Тәтіқара, Шал мен Жанақтан Сүйінбай, Жамбыл мен Нарманбет­терге ұласып, берідегі Әселхан, Әсия мен Қонысбайға дейін жеткен) елестету еш мүмкін емес. Төл әдебиет­тің тарихында есімдері алтын әріптермен таңбаланып қалған бұл ұлы тұлғалардың туындылары біздің кезге дейін ауызша да таралып, жазбаша да хат­талып, қанат­тас жеткен жайы бар.
Қазақ поэзиясының алтын ғасырының басында Ұлы Хакім Абай тұр. Әлбет­те, онымен бір заманда жасаған ұлы ағартушы Ы.Алтынсарин, қазақ ауыз әдебиетін жинақтай жүріп, өзі де айтулы ақын болған М.Ж.Көпейұлы ұлт­тық әдебиет­тің қорына аз олжа салған жоқ. Алайда Абайдың өзі мен оның данышпан інісі Шәкәрім, ұлағат­ты ұлдары Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл секілді сайыпқырандар алдыңғы легінде тұрған Абай мектебі бүгінгі қазақ поэзиясының негізін қалады. Көкбай, Әріп, Әсет, Ыдырыс сынды бұл мектептің түлектерімен қатар, олармен замандас Ғ.Қараш, Ш.Жәңгірұлы, Ш.Бөкеев, Қ.Кемеңгерұлы, Б.Күлеев, т.б. арда ақындар, Алаш арыстары А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабайұлы сияқты алыптар, Қазақ кеңес әдебие­тінің С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, С.Торайғыров қатарлы классиктері поэзиямыздың өркендеуіне өз өмірлерін арнағаны анық.

Өз кезегінде И.Байзақов, А.Тоқмағамбетов, Қ.Аманжолов, Ғ.Орманов, Ә.Тәжібаев, Қ.Бекқожин, Х.Ерға­лиев, Ж.Молдағалиев, Т.Әбдірахманова сияқты ірі ақындардың соңынан С.Мәуленов, М.Әлімбаев, Т.Бердияров, З.Шүкіров, Қ.Шаңғытбаев, Ғ.Қайыр­беков, Е.Ибраһим, М.Мақатаев, Ә.Абайділданов, К.Салықов, С.Жиенбаев, Ж.Нәжімеденов, Қ.Мырза-Әли, Т.Молдағалиев, Т.Ысмайылов сынды ақындардың аса қуат­ты толқыны ілесіп, бұлардан кейін әдебиетке О.Сүлейменов, Ө.Қожамұратов, Ж.Қыдыров, Т.Айбергенов, М.Сатыбалдиев, М.Айт­хожина, Ө.Нұрғалиев, Т.Есімжанов, С.Иманасов, М.Отаралиев, Ф.Оңғарсынова, И.Сапарбай, Қ.Бұғыбаева, Н.Бегалиев, Р.Ниязбек, Ж.Бөдешұлы, А.Бақтыгереева, Ж.Жақыпбаев, Т.Медетбек, К.Мырзабеков, Д.Стамбеков, К.Ахметова, С.Тұрғынбек, Т.Рахим қатарлы талант­ты буын келіп, бұлардың баршасы қазақ поэзиясына өлшеусіз үлес қосты.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғы мен жетпісінші жылдарының басында таныла бастаған ерен топта Иран-Ғайып, Н.Оразалин, Ж.Әбдіраш, С.Әбдуғалиев, И.Иса, Х.Есенғараева, А.Бөкен, Н.Айтұлы, С.Ақсұңқар, М.Ақдәулет, Б.Қанапия­нов, Ж.Ерман, А.Әлім сияқты аса көрнекті ақындар болды. Ұ.Есдәулет, Т.Әбдікәкімұлы, Е.Жақыпбек, Е.­Бағаев, Б.Қошым-Ноғай, Е.Раушанов, С.Томанов, Е.Ашықбаев, Ғ.Жайлыбай, Ә.Қайран, Қ.Бегманов, Т.Жұмаш, М.Қайыңбаевтардың буынындағы хас талант­тардың қай-қайсын да құбылыс ретінде тануға тұрарлық тұлғалар. Әдебиетке сексенінші жылдары келген қарқыны күшті қатардан Н.Мәукенұлы, Е.Айнабеков, Б.Үсен, Б.Жақып, С.Нұржан, Г.Салықбай, Ж.Елеусіз, Қ.Әлімбек, С.Адай, А.Ахметбекұлы, М.Оспан, Қ.Иса, Т.Көпбаев, Т.Досым, Ж.Әскербекқызы секілді талант­ты ақындарды көреміз.
Әрине, әр буынның шығармашылығына толыққанды талдау жасап, тақырыпты тереңірек тарқатуға болар еді. Бірақ… Тіпті, айтулы ақындардың ат­тарын тізіп шығудың өзін де бұл шолу­дың көлемі көтермейтіні шындық. Әйтпесе, қан тамырларына дейін өлең өрекпіп, жүрегінде жыр бүлкілдеген біздің халықтың әр перзенті табиғатынан поэзияға бейім, ақынжанды келеді. Ұлт­тық поэзияның үлкен тарихына мәжбүрлі түрде қысқаша ғана тоқталып, негізгі тақырыпқа ауыспақпыз. Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз – Тәуелсіздік кезеңінде әдебиетке келген қазақ поэзиясының жарқын өкілдері. Кеңес Одағы тарап, енді ғана егемендік алған Қазақ­стан еңсесін тіктеп үлгермеген тұста, руханият­тың даңқы мен парасат­тың парқынан нарықтың нарқы үстем уақыт­та әдебиет әлеміне сенімді түрде адымдап, сергек дауыстары дала мен қаланы қатар жаңғырта келген талант­ты толқындағы әр ақынға бұл мақаланың келесі бөлімінде жеке тоқталмақпыз. Жанның азығын түгендеу түгілі, турасын айтқанда, тамақ тауып жеп, аштан өлмей, көштен қалмай, амалдап күн көру мұңға айналған шақта жыр жазып, бірде аш, бірде мас жүріп, аудиториялар мен алаңдарда, жатақханалар мен сыраханаларда, вокзалдар мен базарларда, жаздың жан қуырар ыстығы мен қыстың қақаған аязында, күндіз де, түнде де нақышына келтіріп өлең оқыған осы буынның жалпақ жұртқа түсініксіз тірліктері ерлік пе, ессіздік пе?! Ең қызығы, сол жарыса жазып, жағаласа оқыған өлеңдерінде апатия да, утопия да жоқ… Түгелге жуық туындылары Елдік пен Ерлік туралы, Сұлулық пен Махаббат жайлы, Бүгінгі Бақыт пен Келешек Керемет Күндер хақында! Меніңше, олар – Өлеңмен Өмір сүргендер… Жансебілдер! Бұдан басқа жауабымыз да жоқ…
Бұл берекелі буында антологияға кіруге тиісті, талант­ты ақындардың қарасы көп еді. Өкінішке қарай, ол ниетімізді де іске асыруға еш мүмкіндік болмады. Қаламдас әріптестер түсіністік білдірер деген әз үмітіміз бар.

Тәуелсіздік тұмарын таққандар немесе Еркіндік поэзиясы

Маралтай Райымбекұлы. Кезінде аса көрнекті ақын, ҚР Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты, Қазақ­стан Жазушылар одағы Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің өзімен бір күнде туған, бірақ біршама кіші Маралтай Райымбекұлы туралы өлеңінде: «Енгізіңдер санатқа… Ең ұлы ақын – жас ақын!» – деген еді. Сол «ұлы ақын – жас ақын» бұл күндері талай дарынды жастың үлгі алар мейірлі мектебіне, қазіргі қазақ әдебиетінің мерейін өсіріп жүрген қабырғалы қаламгерге айналған. «Поэзия махаббатпен басталып, парасатпен аяқталуы тиіс. Мен де өлең өлкесіне біреуді жақсы көру арқылы келдім. Әр өлеңімнің өзіндік тарихы, тағдыры бар. Жүрегімді толқытпаған дүниені жазған емеспін», – дейді шайыр Маралтай өз шығармашылығы жайында. Жырларына жастықтың жалыны мен саф сезімдердің үздік үйлесімін сыйғыза алған айбоз ақын әдебиет әлемінің төріне Тәуелсіздікпен бірге озды. Оның 1996 жылы жарық көрген «Ай-Нұр» ат­ты тұңғыш жинағына енген төл туындыларынан-ақ аға буын қазақ поэзиясына кең тынысты жүйріктің, жаңа ағымның жарқын өкілінің, расымен де ешкімге ұқсамайтын шын суреткердің келгенін аңғарды және ол туралы өз пікірлерін үздіксіз жариялап та жат­ты.
«ТМД елдерінің заманауи әдебиеті» ат­ты аса құнды антологияның поэзияны қамтыған томына енген қазақ ақындарының авангардына дәл осы ақынды шығаруымыздың да өз себебі бар. ҚР Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты, белгілі ақын Темірхан Медетбек өзінің «Алтынкөпірліктер» ат­ты әйгілі әдеби талдауында былай дейді: «…Менiң бұл көлемдi мақалам – «Алтынкөпiрлiктер» деп аталады. «Неге Алтынкөпiрлiктер?!» Ендi соған келейiк. Бiрден айтайын, «Алтынкөпiрлiктер» атауын мен ойлап тапқам жоқ. Бұл сөз – Маралтайдың сөзi. Ол өз толқынының әдебиетке келу кезеңiн осылай атаған. Йағни, ол толқын сол бiр сапырылысы да, алыс-жұлысы да көп, бүкiл ел тауқымет­тi, таршылық заманды басынан өткерiп жатқан тұста, көп ақын-жазушыларымыз не iстерiн бiлмей абдырап, дағдарып, қаламы мен қағазынан көз жазып қалғандай болған кезеңде Ұлы Мәртебелi Поэзияның кешегi жағалауын ертеңге, йағни, бүгiнгi жағалауға қосқан көпiр мiндетiн атқарды. Шын мәнiнде алтын көпiр бола бiлдi». Бұдан артық айтпаспыз, сірә.
Антологияға ақынның «Жаза», «Кентавр», «Натюрморт», «Бақсы», т.б. өлеңдері енді. Аталмыш жырлары – оның қаламының қарымын да, Жаратқан нәсіп еткен дарынын да таныта алатын, оқырманның жүрегіне жол табатын тамаша туындылар екеніне сенімдіміз. Қуат­ты да шуақты жолдар сол сенімге бастап, еш күмәнға бой алдырмай, болашақты бағытқа алып, батыл қадамдап бара жатқаны айдан анық.

Жарас Сәрсек. Тәуелсіздіктің таңы атар-атпастан елге танылған ақындардың алдыңғы легінде аты аталатын Жарас Сәрсектің поэзиясы сыршыл да сұлу табиғатымен өз оқырмандарын бау­рап алатыны барша жырсүйер қауымға аян. Кітап шығару түгілі, күн көрудің өзі уайымға айналған, аумалы-төкпелі тоқсаныншы жылдары алғашқы жинағының кешеуілдеп жарық көргендігіне қарамастан (29 жас!), бірқатар өлеңдері республикалық ірі басылымдарда жарияланып жүрген, бірнеше антологияларға топтамалары енген жас ақын сол жылдары-ақ замандастары мойындап, аға қаламгерлер бағалаған үлкен лирикке айналып үлгерді. «Керуен көшіп барады» ат­ты тұңғыш жинағынан байқалған ақынның бірегей болмысы жыл озған сайын айқындалып, жаңа жинақтарымен бірге жырларының жүгі де ауырлап, барынша байып келеді. Алдында ғана біз сілтеме жасаған мақаласында қазақ поэзиясының классигі – Т.Медетбек Жарас Сәрсектің шығармашылығы жайлы: «…Бiздiң сырт көз ретiнде бiрден айтарымыз, Жарас Сәрсек өзiн-өзi тапқан ақын. Оның қазiр әдебиет­те өз орны, өз дауысы бар.
…бәрiбiр, дүниенiң әрбiр үнi мен дыбысына құлағы түрiк, оның әрбiр қимыл-қарекетiне көзi ашық, бәрiн былай қойғанда, «Тәңiрiнiң кереуетiнiң сықырлағанына» дейiн естiп, бiлiп отырған Жарас Сәрсектiң «ақын болу азап қандай, Тәңiрiм» деп айтуының өзi-ақ оның зор мiндет, үлкен мақсат жолына түскенiн көрсетсе керек. Бiздiң Жарастың сол азапты жолда арымасына сенiмiмiз мол», – дейді. Алып-қосары жоқ, толыққанды түйін – бұл.
Антологияда ақынның «Қаңтарда жауған қар», «Ақталу», «Қырыққа келген келіншек», т.б. өлеңдері қамтылды. Ж.Сәрсектің осы өлеңдерінің бай палитрасымен танысқан адам оның поэтикалық галереясынан біраз мағлұмат алып, туындыгердің табиғатын біршама жақынырақ тани түсері сөзсіз.

Бауыржан Бабажанұлы. Осы буынның аса көрнекті өкілдерінің бірі әрі тек қана өзіне тән қолтаңбасымен дараланып тұратын суреткер – Бауыржан Бабажанұлы екені дау тудырмаса керек. Тілінің шұрайлылығынан бөлек, бұл ақынның байырғы бабалардан жеткен жәдігерлерді (аңыз, әфсана, тәмсілдер) бүгінгі күннің кескін-келбетіне икемдеп, игілігіне жарата алатындығы, көне сөзді жауһар жыр жолдарының көсем сөзіне, көркем сөзіне айналдырар шеберлігі тәнті етеді. Оның ұшқыр қаламы еш тақырыпты жатсынбай, бірде терең философиялық шумақтарынан миуалы бақтардың жұмбақ жемістерін ұсынса, енді бірде тұп-тұнық туындыларында мөп-мөлдір лирикалық сезімдердің балбастауларына бастап бара жатады. Азамат­тық ұстаным мен ар-ұждан ұғымдарын ұлықтау да, адамзатқа ортақ арда қасиет­тер мен аталардың асыл мұрасына адалдық та ақын шығармашылығында әу бастан барын антологияларға енген алғашқы топтамаларынан да, «Аспан мен жердің арасы» ат­ты тұңғыш жинағынан да байқап, бүгінгі кемелдіктің төркінін кешегі тазалықтан таныдық.
Тағы да мэтрдің мақаласындағы түйінге жүгініп көрелік (Т.Медетбек): «Бауыржан Бабажанұлы – барынша қарапайым жазады, шешен жазады, бiр сөзбен айтқанда, қазақы ақын. Табиғаты қазақы. Бiзде қазақы жазуды, қазiргi заман құбылысынан кеш қалып қойғандай, уақыт көшiне iлесе алмай қалғандай, көне стиль, ескi сүрлеудi шиырлап жүрген сияқты көретiндер бар. Бауыржан туралы олай ойлау – күнә. Ол – тiптi де заман құбылыстарынан да, уақыт көшiнен де сырт қалған ақын емес. «Қазақы көрiнейiн», – деп, өлең жолдарына қаптаған архаизмдердi арқалатып та қоймайды. Оның ерекшелiгi сонда – қандай бiр күрделi ұғымды да қазақ жанына жақын етiп, қорыта бiлетiндiгiнде. Ол сөз iздеп, оны жамап-жасқап жатпайды, сөздiң өзi табиғи түрде құйылып жатады. Йағни, қазақы ситихиялық мiнез. Қай өлеңiн оқысаңыз да, одан көкiрек сарайыңды ашып жiберетiн даланың аңқылдаған желi есiп, нөсерден кейiнгi жусанның кермек иiсi бұрқырап қоя бередi».
Аталмыш антологияға Б.Бабажанұлының «Сөз», «Сүлейменнің жүзігі», «Көктем», «Запыран», «Екеу», т.б. өлеңдері енді. Бұл жырлары ақынның жоғарыда біз атаған қырларын оқырмандарына жарқырата көрсетеріне еш күмән жоқ.

Мұрат Шаймаран. Атажұртқа 2004 жылы ат басын бұрып, біржола қоныс аударған ақынның шығармашылығынан оқырманның эстетикалық ләззат алып, үлкен талғампаздық пен бекзада болмысты байқап, таудай талант­ты таныры – талассыз шындық. Заманауи реализм мен шығыс романтизмінің ең үздік үлгілерінің үлкен үйлесімін де М.Шаймаранның туындыларынан табуға болады. Адам баласына тән сезімдер мен эмоцияның сан алуан сипат­тарын да дәл осы суреткер сынды жеткізе алатын ақындар кемде- кем. Тақырыптың тамырын тап басып, жыр жолдарын троптармен, теңеулермен түрлендіріп, айтар ойын он саққа шашыратпай, жұп-жұмыр әрі әп-әдемі келістіре алатын шеберлігі – бөлек бір мақалаға жүк боларлық дүние.
Ақынның туындыларында параллелизмдер мен поэтикалық портрет­тердің тұтастығы бар. Оның өзгеше өлеңдері мен дүниетанымы турасында ф.ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Ж.Мамбетов жақсы айтқан екен: «Мұрат үшін поэзия – тылсым терең сыр, сиқырлы әлем, ол ақын мен он сегіз мың ғаламның арасындағы диалог. Ақын өзі ұнатқан қызға да, айналасындағы жаны жақын адамдарға да, туған жер мен атамекенге де, аспан мен жерге де, су мен отқа да, талға да, сол талдан құлап жатқан жапыраққа да өлең арнайды. Табиғат­тағы әрбір зат пен құбылыс ақын назарынан тыс қалмайтын сияқты.
…М.Шаймаранның лирикасын қазіргі қазақ поэзиясындағы әсемдігі мен әсерлілігі келіскен ерекше құбылыс деуімізге болады. Оның жырларының мазмұны – философиялық ойға бай және форма жағынан толысып, кемеліне келген поэзия».
Бұл антологияға ақынның «Шығыс ертегісі», «Тұтқын», «Әйел», «Ей, Құсжолы», «Айдың гүлі» сынды өлеңдері ұсынылды. Осы туындылары шын шайырды оқырман қауымға таныта түсер деген үміт бар бізде.

Әмірхан Балқыбек. Тәуелсіздік жылдарының басынан-ақ қазақ әдебие­тіне өзгеше өлең, ерекше екпін болып келген ақынның шығармашылығы жайлы жазылған зерт­теулер мен мақалалар аз емес. Оның поэзиясындағы көркемдік пен тереңдік туралы, мифологиялық сарын мен мінсіз лиризм хақында да көп айтылды. Ақынның заманауи лириканың хас шебері ғана емес, жаңа ғасыр басындағы интеллектуалдық поэзияның қайталанбас үлгісін қалыптастырған құбылыс болғанын да бұл күні біздегі әдеби кеңістік мойындап отыр. Дәстүр бойынша Т.Медетбектің пікіріне назар аударайық: «Жалпы, Әмiрхан Балқыбек уақыт пен кеңiстiкте өзiн еркiн сезiнедi. Содан болса керек, ол бүгiннен ертеңге, ертеңнен өткенге емiн-еркiн өтiп кете бередi. Ол, тiптi, кешенi жырлап отырып бүгiннiң гәбiн, бүгiннiң мұңын айтып отырып кешенiң мұңын ешқандай кедiр-бұдырсыз үйлестiрiп жiбере алады. Бұл – Әмiрханның әдебиетке мол дайындықпен келгенiн көрсетсе керек. Шынында да, Әмiрханмен әдебиет туралы әңгiмелесiп, пiкiр жарыстыра қалсаң, айтысқан адамын бiлiмпаз Асқар Сүлейменов секiлдi алып та, шалып та жығып кетпесе де, бiрқатар мәселеде көп адамға алдырмайды да, шалдырмайды да. Бойында интелектуалдық қуат жеткiлiктi. Оның уақыт пен кеңiстiк iшiнде өзiн «еркiн жел» сезiнетiнi содан болса керек.
…Тек менiң бiр байқағаным, байқағаным емес-ау, байқап жүргенiм Әмiрхан Балқыбек тым сараң жазады. Әрине, сараң жазу кемшiлiк емес. Оны өзiне-өзi қатал қарау деп ақтап алуға болады. Бiрақ оның да шетi мен шегi болса керек. Не болғанда да, менiң ойымша, Әмiрхан өз мүмкiншiлiгiн тұсап, өз қарым-қабiлетiн арқандап ұстап отырғандай көрiнедi де тұрады». Расында да 45 жыл ғұмыр кешкен ақынның соңында үш антологияға енген өлеңдері, «Метаморфоза», «Сынған сәуленің шағылысуы» ат­ты жыр жинақтары, біраз зерт­теулері топтастырылған «Қасқыр құдай болған кез» кітабы ғана қалғаны – өзекті өртер өкініш қой. Бергенінен берері әлдеқайда көп еді. Аса талант­ты ақын, ғажап әдебиет­танушы, энциклопедиялық білім иесі, біртуар азамат Әмірхан Балқыбек туралы өткен шақта айтудың өзі азапқа бергісіз…
Антологияға ұсынылған «Хат», «Шабыт­ты шақ», «Ағаш айт­ты», «Кеу­демде бір ағын жылжыды», т.б. өлеңдерінен ақын қаламының қасиеті мен тылсым тағдырын тануға оқырманның мол мүмкіндігі бар деп білдік.

Әділ Ботпанов. Бізде тағдырлы талант­тар аз емес. Жастай танылып, жасын отындай жарқ етіп, жиырма жеті жасында ұшты-күйлі жоғалып кеткен Әділ Ботпановтың тағдырын тылсым демеске әддің қайсы?! Ешкімге ұқсамайтын ерекше һәм еркін болмысымен әдебиет әлемін елең еткізген ақиық ақынның қай өлшемдерге сапарлап, қайдан қоныс тапқаны бір Аллаға ғана мәлім-ді…
Оның жасампаз жырларына бекзадалық пен шынайылық тән. Біздің бұл сөздеріміздің даусыз дәлелін ақынның өзі хабарсыз кеткеннен кейін екі досы құрастырып (Бауыржан Бабажанұлы, Маралтай Райымбекұлы), белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Қазығұрт» баспасының директоры Темірғали Көпбаев өз қаржысына шығарып берген жалғыз ғана «Өмірзая» ат­ты жинағынан табарыңыз анық. Аталмыш кітаптың таныстырылымы кезінде Темкеңнің айтқан жүрекжарды сөздері көптің жадында қалса керек: «Қазақ әдебиетінің көгінде Әділ Ботпанов деген – жұлдыз бар. Нағыз талант үшін жас – өлшем емес. Ұлы атану үшін де том-том кітап жазудың қажеті жоқ. Бұл – Әділ Ботпановтың қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар екендігінің айқын көрінісі. Алланың бойына дарытқан ақындық миссиясын Әділ толығымен орындады». Расында да солай емес пе?!
Антологияға ақынның «Соңғы ән», «Жолданбайтын хат», «Түн жамылып жазған жыр», «Құл» секілді өміршең өлеңдері енді. «Мені өледі деген сөздер – ертегі!» – дейтін шайырдың өзі. Мәңгілік ғұмырының шын шаһқар шығармаларында жалғасарын білген болар…

Нұржан Қуантайұлы. Оның таудай талант иесі екенін Ел біледі, бұл – талас тудырмайтын тұжырым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ жоғары қарым-қабілетінің арқасында ұлт­тық әдебиет кеңістігінде сөз саптауы бөлек, өз өрнегі қалыптасқан қаламгер ретінде мойындалғаны баршаға мәлім. Проза болсын, йа, поэзия болсын, оның басқаға ұқсамайтын, кескіні кесек, бояуы бөлек оралымдары оқырманын тәнті етіп, кезекті туындысын асыға күтетін күйге түсіретін бір сиқыры бар. Публицистикалық дүниелерінің өзінен пәкизат поэтиканың лебі есіп, көздің жауын алар көркемдік көрініп тұрады.
Бүгінге дейін бірнеше жанрды қамтыған оншақты еңбегі жарық көрген автордың үш жыр жинағының тұңғышы «Адырна» кітабынан-ақ оның аса биік әдеби әлеуетін де, поэзиясының әсем кескін-келбетін де тануға болады. Суреткердің бұл қыры туралы классиктің (Т.Медетбек) пікіріне сүйенгенді жөн көрдік: «Нұржан – қиядағыны қапы жiбермейтiн байқағыш қана емес, сол көргенiн қаршығадай қағып түсетiн алғыр. Тағы да ол көргендерiнiң бәрi қазақ жанына жақын. Ұлт­тық колоритке бай.

«…Сары шалдың тарамдалған сақалындай
Ошақта от көлбеңдейдi жел лебiмен».
Кiм-кiмдi де қызықтыратын жанды сурет.
Жалпы, Нұржан сөзбен сурет салуға шебер-ақ. Тағы да ол сурет­тердiң бәрi сондай нақты, бояуы сондай қанық. Сонымен бiрге ол сурет­тердiң бәрi де уақыт табымен көмескi тартып көнермейтiндей. Бейне бiр олардың бәрi жаңа ғана, сенiң көз алдыңда салынғандай. Тiптi, ұстасаң қолыңа бояуы жұғып қалардай немесе нақты бiр зат­тың табы алақаныңа сезiлетiндей». Ақын поэзиясы жайлы айтылған лайықты лебіздің шынайылығына шығармаларымен танысқан адамның анық көз жеткізеріне сенімдіміз.
Нұржан Қуантайұлының «Көктем», «Таңғы арай», «Ай құлағанда», «Такси», «Сары жапырақ», т.б. өлеңдері антологиядан орын алды. Оқырман қауымды сүйіндіріп, жандарына жылу сыйлар жырлар бұл.
Батырболат Айтболатұлы. Айтары бар ақын ретінде ерте мойындалған, біз сөз етіп отырған буынның алдыңғы легінде келген күлік жайлы айтсақ… Қаламына тән табиғи тазалық пен тың тұрпат оның оқырмандарының қара ормандай қалың түменін қалыптастыра алды. Ішкі күйді терең танып, толғар тақырыбының тамырын тап басатын талант­ты ақынның «Мен ғашық қыз» ат­ты тұңғыш жыр жинағынан бөлек, бірқатар антологиялардан бой көрсетіп, тағы бір кітабы жарық көргендігіне қарамастан, қазіргі қазақ поэзиясынан диссертация қорғаған қаламгердің өз уақытының көптен көп бөлігін ғылым мен мемлекет­тік қызметке арнауға мәжбүрлігі алаңдатады һәм қынжылтады. Себебі, дүр дарын иесінің өлең өлкесіне сапарлары сиреген сайын әдебиет­тің толығуға тиісті қоңы жүдеп, қоры ари бермек.
Батырболат Айтболатұлы поэзиясына барынша әділ баға берген қазақ әдебиетінің алыбына (Т.Медетбек) кезек берелік: «Өзiнiң iшкi әлемiнде болып жатқан сан сапырылыстар мен сан қапылыстарды, берiш боп қатқан мұңы мен шемен боп жатқан шерiн ақтарып сөйлей алатын Батырболат – бәрiбiр, ең алдымен лирик. Лирик болғанда да, төгiлiп тұрған лирик. Махаббат лиригi.
…Сүйгенiн «қиялында да өбуге батпайтын» мұндай ақынның жүрегi таңғы шықтай таза, ақ бұлт­тай аппақ болса керек. Ал, ондай таза, ондай аппақ жүректен, не айтса да, аңғардан соққан желдей боп бүкпесiз аңқылдап айтылатын, кiнәратсыз талай-талай сыр мен гәп тыңдай берерiмiз сөзсiз».
Антологияда Б.Айтболатұлының «Мен ғашық қыз», «Әлемімде Ардың орны», «Жабыққанда» секілді өлеңдері қамтылды. Батырболат ақынның балбұлақ бастаудай мөлдір поэзиясынан татып көрген жанның тамшыдан-ақ тұшынып, қайнардан қанып ішуге құмартары анық, сірә.

Серік Қалиев. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында қазақтың дәстүрлі айтыс өнерінде жұлдызы жарқыраған жүйріктің кейінгі кезеңде жазба әдебиетке біржола бет бұрып, шығармашылықты шындап қолға алғаны қуантады. Ұлт­тық мәдениет­тің мәйегінен нәр алған, аламандарда топ жарған талант­тың қарымды қаламы қазақ оқырманының алғысын алып, сүйіс­пеншілігіне бөленіп қана қоймай, әлемдік әдебиет­тің адамзатқа ортақ қазынасына қомақты үлес қосарына сенім мол. Тұңғыш кітабы «Көзайым» жарық көрген сәт­тен «Жасынның оты» ат­ты жыр жинағы басылып шыққанға дейінгі аралықта жүріп өткен өнегелі жолы ақынға құрметімізді арт­тыра түсіп, үлкен үмітке толы осындай оңды ойларға жетелейді.
«Ақындық жас таңдамайды дегенмен, өмір көріністерін бір-біріне ұқсата, теңей білу, оған мағына құю –жарқын болашаққа жол салатын қасиет екендігін Серік ерте ұққан.
…Серік Қалиевтің «Көзайым» жинағындағы өлеңдер ақынның ішкі сырын шертуге, өзі ғана білетін, қуанатын, қиналатын, мұңаятын сәт­терін жырға орап жеткізген. Оқушы ойы мен сезімі әр тарапқа ұмтылғанымен, ақынның жырлары тың, таптыра бермейтін, қолға түсіп, оп-оңай ойға орала қоймайтын лирикалық сыршылдыққа негізделген. Ол ақындық пен айтыскерлікті ибалы азамат­тықпен ажарлап жүрді», – дейді әдебиет зерт­теуші ғалым, ф.ғ.д., профессор Тұрсынбек Кәкішев. Ғалым айтқандай, сый-құрметке семірмей, сынақтарда сүрінбей, бақ сынар тұста сыр бермей, тап Серік Әкірамұлы секілді ақындық арыны мен азамат­тық болмысы бүтіндей жарасым тауып, Ел ішінде ерен абыроймен жүрген Ерлер аз ғой біздің заһарлы заманда…
Антологияға ақынның «Табиғат» топтамасы (4 өлең) мен «Әкемнің ері» ат­ты ауқымды туындысын ұсындық.

Дәурен Берікқажыұлы. Бұл буында үнемі ізденіс үстінде жүретін, жырлары ұдайы жаңғырып, дәйім жаңа қырлары жарқырай көрінетін бірден бір ақын – Дәурен Берікқажыұлы. Полиглот қаламгер әрі әлем әдебиетінің білгірінің бұл биікте болуы заңдылық, сірә. Бұған еселенген еңбекқорлығы мен тума талантын қоссақ, шабыты шалқар қаламгердің табиғатын жазбай тануға болады.
Жаны ізгіліктен жаралған, сол ізгілік пен мейірімге толы табиғи тұлғасының саф самалы мен шуақ-шұғыласын жүрегінің елгезек елшісіндей, ғажа­йып өлеңдері арқылы он сан оқырманына жеткізуге асық ақынның поэзиясы туралы Темірхан Медетбектің түйген пікіріне тоқталсақ: «Жалпы, Дәурен кесек турап, iрi сөйлейтiн ақын. Жан-жүрегi iрiлiктi қалайтын ақын. Жаратылысы ондай ақынға мына қу тiршiлiк, жалған өмiрдiң қыбыр-жыбырын көру – ауырдың ауыры.
…Дәурен өлеңдерiн оқып отырып, тағы бiр ұққаным, ол өлеңдi – тек шер тарқатар, сыр ағытар, адам жанын емдер дәрi мен дәруiм деп емес, керек кезiнде айналаға айбар көрсетiп тұла бойына тағынып алатын қару-жарағым деп бiледi.
…Өлеңдi қару-жарақ етiп, мұздай құрсанып алған мұндай ақын кiм-кiмге де есесiн жiбере қоймас. Биiк азамат­тық iрiлiкпен сөйлей алатын Дәуреннiң көп өлеңдерi махаббат тақырыбына арналыпты. Бiрақ ол нәзiк сол тақырыпта да iрi сөйлеуден бiр танбайды-ау, бiр танбайды», – дейді мэтр. Рас, тұңғыш кітабы «От­тегім менің, от демім менің – жырларым» жарық көргелі әдеби әлеуеті арта түспесе, ақын өз биігінен төмендеген емес. Оған жылдар мен жырлар куә…
Антологияға ақынның бірнеше лирикалық өлеңдері енді. Тамаша топтама мәртебелі оқырманның талғамына татитын, жансарайын жарығына бөлер жырлар екеніне бек сенімдіміз.

Бақытжан Алдияр. Тәуелсіздіктің тәй-тәй басқан шағында келешегінен кемелдік күт­тірер, дарынды жас ретінде көзге түскен бұл қаламгер осы күні орта буынның өресі терең, өлеңі берен белгілі ақынына айналып үлгерген. Ол жыр жазып, өлең құрауды білмейді… Өлеңмен өмір сүреді. Ұстыны да – өлең, ұстанымы да – өлең! Тура жолдан өзге тарапты танымайтын, басқа бағдарды білгісі де келмейтін батыр бабаларымыз секілді. Шын шайыр ғой.
Ақынның «Құбыла» ат­ты жинағына жазған алғысөзінде аса көрнекті жазушы Мархабат Байғұт: «Бақытжан Алдиярдың мұңы да, сыры да тереңде. Ол күнделiктi күйбең тiрлiкте де, өзiнiң өзгеше өлеңдерiнде де iшкi рухани еркiндiгiне залал келтiргiсi жоқ күйде қинала тiршiлiк кешедi», – деп пікір білдірсе, Темірхан Медетбек өз талдауында Б.Алдияр туралы: «Шынында да, Бақытжан өлеңдерiн оқып отырып, оның iшкi рухани еркiндiгiне тәнтi болмасқа шараң жоқ. О баста-ақ: «Алла менi жаратарда маңдайыма өлең жазған бiр шумақ!» – деп, өзiнiң ия бағы, ия соры екенi белгiсiз парыз-борышты, рухани мiндет-жауапкершiлiктi мойындаған ақын, ештеңеден де тайынбақ емес.
…Бақытжан өткен мен бүгiннiң, бүгiн мен ертеңнiң әрi салалас, әрi құрамдас екенiн бүкiл болмыс-бiтiмiмен, бүкiл тамыр-талшығымен сергек сезiнетiн ақын», – дейді.
Ақынның «Өмірбаян», «Бейтаныс қызға хат», «Түсініксіз түнгі өлең» сынды бірқатар туындылары антология бет­терінен табылды. Бұл өлеңдерінен автордың ақжүрек табиғатын аңғарған өлеңсүйер қауымның Б.Алдиярдың шығармашылығын тұтас тануға асығарын анық білеміз.

Әлібек Шегебай. «Алакеуім» ат­ты алғашқы жыр жинағы 27 жасында ғана (2001 ж.) жарық көргендігіне қарамастан, бұған дейін бірнеше ұжымдық жинақтарға өлеңдері енген және республикалық басылымдарда топтамалары жарияланып жүрген Ә.Шегебай – әдебиетке Тәуелсіздікпен қол ұстаса келген айтулы ақын. Ол туындылары оқырмандарының оң бағасын алып, кәсіби сыншылардың мақтауына іліккен сирек қаламгерлердің қатарында болды. Ең нәзік, ең таза сезімдерді сонша мөлдір, сонша сенімді сурет­теген тырнақалды туындыларынан-ақ қазақ поэзиясына үлкен лириктің үні қосылғаны анық еді. Бүгін біз уақытпен бірге шабыты шарықтап, шеберлігі шығандай түскен талант­ты ақынның сан қырлы һәм аса ауқымды шығармашылығына куәгерміз.
Тағы да классикке жүгінсек: «Мен қазақ поэзиясындағы Төлеген Айбергеновтен кейiн көл-көсiр мол сағынышқа Әлiбек Шегебай өлеңдерi арқылы кездестiм. Әрине, екеуiнiң сағыныш тамыры бiр болғанымен, орындалуы, адам жанына әсер етуi екi түрлi. Төлеген сағынышы – тұлпар тұяқтың тастақ жерге түскенiндей дүбiрлi, дүрмектi, қуат­ты сағыныш болса, Әлiбек сағынышы – егiлiп тұрып, есiлiп айтылатын мұңлы сағыныш.
…Әрине, Әлiбек өлеңдерiндегi туған жерге, туған ауылға деген сағынышты – тек аңсаудан, аңсар сезiмнен ғана туған сағыныш десек, қат­ты қателесемiз. Оның өлеңдерiндегi мұң – ақ дәкедей жұп-жұқа шарбы бұлт астынан, немесе ауада жеп-жеңiл буалдыр iшiнен сүзiлiп түсiп, нұрын себезгiлеп құятын күн сәулесiндей жұп-жұмсақ марғау мұң да емес. Тағдыр-талайы бар мұң», – дейді Т.Медетбек. Әлбет­те, Әлібек Шегебай поэзиясына тән мұңды сарын сетінеген селдір бұлтша сейіліп кете салған жоқ, қайта қатпары қалыңдап, жырының жүгі ауырлай түсті. Өйткені, өмір өзегінен өлең өрілген парақтарда парасат­тың салмағы таразы басын тарта түсіп, «тағдырлы мұңның» иесі берісі Атамекеннің, арысы Адамзат­тың хал-ахуал, жай-күйі мен жан жарасын бар болмысымен сезініп, жүрегімен жырлауда.
Бұл антологияға Ә.Шегебайдың «Менің көктемім», «Кешегі Алматы», «Жалғыздық», т.б. өлеңдері ұсынылды.

Бекжан Әшірбаев. Қазақтың дәстүрлі мәдениетінен мейлінше сусындап, төл әдебиетіміздің арғы-бергі тарихын, фольклорды кәсіби деңгейде меңгерген бір ақын бар болса, ол – Бекжан Әшірбаев. Ұзақ жылдар бойы айтыс өнеріне еңбегін сіңіріп, Елге танымал тарланға айналған ақын біршама уақытын Республикалық басылымдарға басшылық жасап жүріп, журналистика саласына арнағаны рас. Алайда айтыс та, журналистика да, тіпті өзінің сүйікті сазгерлігі де (ол хитке айналған бірнеше әннің авторы, белгілі композитор!) табиғатынан талант­ты ақынды поэзиядан алыстата алмады. Қазір де ол өзі оқыған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университетіндегі ұстаздық жолын әдебиет­тегі миссиясымен қатар алып жүр. Оның «Қоңыр әуен» ат­ты жыр жинағымен таныс болсаңыз, онда сіздің Б.Әшірбаев поэзиясындағы өзгеше өрнектерді де, тұңғиық лиризмді де, терең тебіреністі де білетініңіз сөзсіз.
Қазақ­стан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті ақын Жүрсін Ерман: «Бекжан – ешкімге ұқсамайтын, жаратылысы бөлек ақын. Оның дүйсенбі күні айтқан өлеңін сәрсенбі күні түсінесің», – деп, Бекжанның айтыстағы күрделі поэтикалық оралымдарын тілге тиек етсе, ҚР Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты, классик ақын Т.Медетбек ақынға ақжарма тілегін арнаған екен: «Бекжан – лирик ақын, сезімнің жыршысы. Айналайын, шуағың еш уақыт­та сарқылмасын, кемімесін. Сенің тамырың тереңге кетіп, жапырағың жайқала берсін. Шығармашылығыңның діңгегі бұрынғыдан да ұлғайып, керемет қуатқа ие болсын!» Бұл ізгі тілекті қос қолымызбен қолдай отырып, антологияға ақынның «Өмірбаян», «Ақын тағдыры», «Өмір мен көңіл», «Менің алибиім» секілді өлеңдерін қостық.

Талғат Ешенұлы. Ол – эстет һәм эрудит. Оның шығармашылығына жоғары талғам мен тосын тұжырымдардың сирек синтезі тән. Өлеңдерінен өмірдің өз бейнесін бетпердесіз ұсынып, ойы мен бойын әсіреқызылдан аулақ ұстайтын ақынның қалам тартысынан табиғи көркем көріністің тап сол бір сәт­тегі мезет­тік жай-күйін қаз қалпында «қатыра салатын» фотографтың қас қақпайтын қырағылығын емес, Жаратушының ұлы туындысының ахуа­лын көз жасы мен қара терге көміліп отырып, жан жарасына дейін жасырын қалдырмай, жүректі жылата жазатын жасампаз суретшінің сұңғыла болмысына бергісіз талант­ты танимыз. Жырлары ғана емес, қағазға түскен қай жанрдағы туындысына да қатысты түйін бұл. Жалаң әңгіме болмасын, қара сөзбен хат­талған «Жүрегі бар жалғыз үй» ат­ты шығармасынан шағын үзінді келтірейік: «Әуелде Сөз болған». Сөз әуелде адамдардың сәулелі жадына мазасыз түйсік боп бітсе керек. Содан барып, түйсіктен – естияр ойға, ойдан – әуезді дыбысқа, дыбыстан – көркем тілге, тілден – бәдіз тасқа, тастан – балдыр шөпке, балдырдан – былғары кітапқа көшкен дейді. Ақырында кітаптардың жұмағынан мәңгілік өз орнын тауыпты…
Кітаптар да құдды адамдар сияқты – өзінше бақыт­ты, өзінше бақытсыз, тағдырлары да, мазмұндары да ешқашан бір-біріне ұқсамайды…
Кітаптар да жалғыз, біз құсап серік іздейді. Олардың көңілін сарғайған парақтардан рухына азық, көңіліне медет іздеген жандар ғана марқайтады. Дәл сондай серік табыла қалса, екеуі ешқашан бір-бірінің ішін пыстырмайды, бір-бірін жалықтырмайды. Кітап саған, сен кітапқа айналып жүре бересің…
Ойлар – жүйткіген көліктердей. Қараша ортан белінен ауғанда, Астананың май тоңғысыз кешінде тағы да Академиялық кітапхананың жанынан өтіп барамын.
Есіме тағы да «Вавилон кітапханасының» – адамзат кітапханасының ұлы шырақшысына айналған Хорхе Луис Борхес түсті. Ие, оның сөзіне келіспеске шараң жоқ. Ал, мына сөзіне тік тұрып қол шапалақтау керек қой: «Мен жұмақты кітапханаға ұқсат­тым!»Т.Ешенұлының жыр жинағына жазған алғысөзінде: «Ұлы қаладағы блюз» кітабы – автордың дала мен қала өміріндегі менталдық құбылыстардың табиғатын ашуға ұмтылысы. Қала тұрмысына бейімделген далалық болмыстың жоғарыдағы екі кеңістіктің адам санасына, сезіміне өшпестей із қалдыратын қайшылықтары мен туыстығы арасынан түбегейлі гармония табу әрекеті. Жаңа ғасыр басындағы ақын, оқырман, қоғам бойынан даланы жоғалтып алмай, қаланы да табу, даладан алыстамай, қалаға жақындау өмір салт­тары қиылыспастай көрінетін осы екі формацияның жан сырын, жан күйін қосқабат шертудің мысалы. Осы тұрғыдан Т.Ешенұлының шығармашылығын қазақ қала поэзиясына іркілмей жатқыза беруге болады», – дейді ақиық ақын, ҚР Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты, Қазақ­стан Жазушылар одағы Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет. Біз де талант­ты ақынға: «Лауазымды қызмет­тен гөрі әдебиетке көбірек көңіл бөліп, оқырмандарыңызды тамаша туындыларыңызбен тамсанта берсеңіз екен», – деген ізгі тілегімізді арнап, «Алматы вокзалы», «Дежавю», «Көктемсіз», «Мен терезеден жұмақты көрдім» секілді бірқатар өлеңдерін антологияға ұсындық.

Бақыт Беделханұлы. Тәуелсіздік дәуірінің дүлдүлдері саналатын, бірлігін бөле-жаруға болмайтын біртұтас, сөйте тұра, бір-біріне мүлде ұқсамайтын «алтынкөпірліктер» буынының жарқын өкілі, бұл күнге дейін бірнеше жыр жинақтарын жарыққа шығарып үлгерген үлкен талант иесінің қай қырын сөз етсек те, ең әуелі, оның өлеңдеріндегі әсемдік пен әуезділік, тереңдік пен талғампаздық туралы тұжырымдар тіл ұшына сұранып тұрады. Сол сұлулық, сырбаздық пен парасат поэзиясынан драматургиясына ұласып, қаламының ұшқырлығы мен қарымдылығын айғақтай түседі. Тәңір таңдайына сөз бен сазды қатар қондырған айбоздың сан сипат­ты табиғатының ақындық асқақ кескінін кесек түйіп, кесіп айтқан аға буынға кезек бергенді жөн көрдік. Ақынның «Көкемарал» ат­ты тұңғыш жыр жинағына жазған алғысөзінде ҚР Мемлекет­тік сыйлығының лауреа­ты, көрнекті ақын Тыныштықбек Әбдiкәкiмұлы: «Түпкi Жаратушыны да байырғы бабалар дәстүрiмен «Жұпар Ійе» (Жұпар Алла) айтатын Бақыт­тың «Көкемаралының» iшi толы өлеңшөптей құлпыра қаулаған. Өлеңсөз! Бiреуi оның шашыратқыдай ащы, екiншiсi – қызамықтай жасыл, үшiншiсi – барқытшөптей бояуға бай, төртiншiсi – қызанақтай әтiр иiстi, бесiншiсi – бес саусақтай тәт­тi, алтыншысы – қарғакөздей бек уыт­ты, жетiншiсi – кәдiмгi… гу-гу гүлдеу үстiнде! Қалай десек те, соның бәрi, өз уағында, өз кезегiнде, қазiргi мына жатбауыр қоғамнан да өгейлiктi көп көрiп өксiп жүрген өзектерге, автордың өзi тiлегендей, өзiнше ем болып қонады деп ойлаймын», – деп, тебірене түйіндесе, мэтр Т.Медетбек көпке мәлім мақаласында: «Бақыт Беделханұлы өткенге бүгiннiң көзiмен ғана қарап қоймайды, өткеннiң көзiмен бүгiнге де қарай алады. «Күнi кеше ғана алқам-салқам боп ашылып, қора-қопсылары шашылып, есiк-терезелерi үңiрейiп қалған ауылға кiмдер қарап тұр?!» – дейсiз ғой.
Күйкi тiрлiкпен мүжiлген аядай ғана
Ауылға қара, қорымдар қарап тұр, әне…

Бiз, әдет­те: «Бүгiнсiз өткен де, ертең де жоқ», – деп жатамыз ғой. Сөйтсек, өткен де бүгiн мен ертеңсiз өмiр сүре алмайды екен. Өткен де кiлең бiр өлi төмпешiктерден тұрмайды екен. Ол да – тiрi әлем екен. Ол да – бiзге, бүгiн мен ертеңге алаң екен», – дейді Б.Беделханұлының поэзиясындағы менталдық бояуы бүтін, философиялық тамыры терең, шынайы бағамдалған әрі шебер бейнеленген сурет­терге сүйініп. Б.Беделханұлының бірегей өрнекті, биік өрелі өлеңі орыстілді оқырманды да бейжай қалдырмасына сенімдіміз. Антологияға ақынның орыс тіліне үзеңгілес досы Алаштуған аударған «Шахарнаме» ат­ты көлеміне көркі сай, терең мағыналы туындысын қостық.
Алаштуған. Ақын, әдебиет­танушы, аудармашы, публицист, баспагер. Бұл анықтаманың барлығы бір адамға ғана қатысты. Аталған бағыт­тардың қай-қайсында болмасын Толағай таудай таланты мен телегей теңіздей білімін зергерлік дәлдікпен пайдалана алатын шын шебер де – өзі. Ең ерек тұсы да – сол. Бұған қоса, Тәуелсіздіктің таңымен бірге әдебиет әлеміне келіп, ерте есейіп, Елге ерте танылған Алаштуғанның тағдырдың түрлі сынақтарына сынбай, еш мойы­май, жиырма жылдан соң құмайын құстай (феникс!) қайта оралып, еселенген екпінмен шығармашылық шыңын екінші қайтара еңсеруін еске салсақ, өзіңіз де таңырқамай тұра алмассыз.

Белгілі жазушы, «Қазақ әдебиеті» апталығының Бас редакторы, Халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Дәурен Қуат «Тақсыр, Күн!» ат­ты тұңғыш жыр жинағынан ке­йін бірнеше кітаптары жарық көрген билингва ақынның туындыгерлігі турасында: «Алаштуған – әдеби ортаны өзінің күрделі поэзиясымен ерте мойындатқан интеллектуал ақын. Ұлы Даладан тамыр тартып бастайтын өр шайырдың жиһангер жырлары қас-қағым сәт­те Шығыс пен Батысты шарлап, уақыт пен кеңістікті көктей өрлеп кете береді. Оның өлеңдерінде бабалар рухы бар… және келешектің келбеті бар», – дейді. Алаштуғанды немересіндей көретін ақсақалымыз, ұлы ақын, Қазақ­станның Халық жазушысы, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты, Еңбек Ері Олжас Омарұлы Сүлейменов болса: «Алаштуғанның поэзиясымен таныстығым менің өлеңдерімді ана тілімізге аударған сәтінен басталды. Жырларымның болмысын бүтін, табиғатын тұтас тәржімалаған ақыннан рух деңгейіндегі туыстықты таныдым. «Қазақ әдебиеті» апталығындағы «Алпауыт ақындар», «Жаһан жыры» айдарларынан бес құрлықтың шайырларын қазақ тілінде сөйлеткен ұлдың ұмтылысы мен ұстанымында ұлы мұрат бар екен. Әлемдегі әдебиет­тің үздік үлгілерінің төл тілімізде жарық көруі – ұлт­тық руханият пен жер жүзінің мәдениет­терін жақындастырып, жас қаламгерлерге мол мүмкіндік тудыратыны әрі әдеби әлеуетін арт­тыра түсері анық қой.
Шығармашылығына тереңірек үңіліп, үлкен ізденістердің нәтижесі мен дара дарынынан бөлек, тағы бір дүние назарымды өзіне аудара берген еді. Ойдың еркіндігі сөздің көркемдігімен тамаша үйлесім тауып, көненің көкжиегінің кеңейіп, жаңа жырда келісті кейіпте көрінгені қуант­ты. Дастан далада жүзжылдықтармен бірге жасап келе жатқан бабалардың бірегей жырының жаңғырған жасампаз бейнесіндей «Жалғыз Аспаннан» байқап, Ел әдебиетінің ертеңіне сенімім ұлғая түскендей. Алаштың ақынына ақ жол тілеймін… Жаратқан жар болсын!» – деп, ақынға ақ батасын берген екен. Біз де «бүкіләлемдік қазақтың» (украин әдебиетінің классигі Д.Павлычко Олжас атамызды осылай атайды – авт.) ақ тілегін қолдаймыз және мінезді қаламгерге мінсіз саулық пен мол шығармашылық табыстар тіледік. Антологияға ақынның «Жалғыз Аспан», «Жолдар мен хат­тар», «Үш қанат», «Этимология», т.б. туындылары енді.

Нұрлан Әбілдин. Қазақ және орыс тілдерінде бірдей жүйрік жазатын қаламгер жайлы айтар сөз аз емес. Дегенмен, Н.Әбілдиннің шығармашылығына біршама зейін қойып, зерделеген замандас қаламгерлердің бізден бұрын білдірген пікірлеріне тоқталғанды жөн көрдік.
Белгілі ақын Алаштуған жаңа жарық көрген кітаптың аңдатпасында әріптесі жайлы: «Нұрлан Әбілдин – біздің замандасымыз, талант­ты ақын һәм бүгінгі орыстілді қазақ әдебиетінің жарқын өкілі. «Шалғай шаһар» жыр жинағы бұл жанрдағы еш кітапқа ұқсамайды. Автордың бұған дейінгі еңбектері секілді осынау жинағы да оқырманның талғамына татып, оларды өзгеше өлшемдерге бастап, жаңа кеңістіктерге бағыт­тамақ.
…Оның шығармашылығынан оқырмандар өздерін танып, жандарына жақын жағдаят­тарды жолықтырып жатады. Кей-кейде сіз бен біз ғұмыр кешіп отырған кезең мен қоғамның «киімсіз кескіні» көрініс береді, йағни… төңіректің тыржалаңаш тұрпаты тұрады (Ню!).
Ол оқырманын таңдандыра алады және олардың жансарайын жырымен жылытпай қоймайды» – десе, қазақ әдебиетінің классигі, Абай атындағы Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Бақытжан Қанапиянов: «Нұрлан Әбілдиннің өлеңдерімен ғаламтор кеңістігі арқылы бұрыннан таныспын. Оның жырлары әлеумет­тік желілер қолданушылары аулаған алтын балықтардай біздің көпшілігімізге цифрлық көкжиектерден көрініп, көңіл төріне тұрақтап та үлгерді.
Алайда өз басым қашан да оқу ләззатын сездіре алатын, өзіне ғана тән жұпары бар, поэтикалық бейнелерге бай, метафораларын молынан байқатар қағазға басылған кітаптың қолдау­шысымын (қолданушысы да!). Жыр жазирасы дала мен қаланы қамтып, кент­тер мен бекет­тер кезектесіп, көз алдыңа келіп жатады. Бүгін Орталық Қазақ­стан белдеуінің бейнелеріне бүтіндей бойлап, Сарыарқаның саф самалын сезіндік. Ақиқаты мен аңызы аралас алып Даланың көктемде гүлге оранған шағы кең дүниенің керемет келбетін түйсік түкпірінде тұрақтап қалған балалық шағымыздың бір куәсімен кезіктіріп, құрақ көрпенің құбылған бөліктеріндей түрлене түлеп, біздің жадымызға жыр жолдары боп жазылмақ.
Жиырма бірінші жүзжылдық ақындарының көпшілігінде өз жыр жаһанының «пішу мен тігу өнерін» қалыптастырудың тұрақты қағидасы бар. Бұл шығармашылық үдеріс шайырлардың әрбірінде әрқилы көрініс беріп, кейбірінің тігуден гөрі пішуге ыңғайы басым болады. Мен Нұрлан Әбілдиннің таразы басын тең ұстап, шын шеберге айналғанына ырзамын.
Ақ – ізгілік болса, қара – зұлым-ды.
Қос түсті ойларымның жолы боп,
Ақ-қараға түйсікті таразы қылдым:
Ал, олардың… күйесі – аз, боры – көп.
Ақынның шығармашылық ізденістеріне сәт­тілік пен сансыз көп табыстар тілеймін!» – деп, ақынға ағалық лебізін арнапты. Біз болсақ Даланың өзіндей дархан болмысты, аса дарынды ақынның шығармашылығына кемел келешек тілей отырып, оның «Шалғай шаһар», «Бөрілер – бауырларым», «Метатілділік», «Бұл жердің неге жылқысы бүкір?», т.б. өлеңдерін антологияға ұсындық.

Алмат Исаділов. Өткен ғасырдың соңғы онжылдығының басында, йағни, Тәуелсіздікпен қатар қазақ әдебиетіне келген алапат толқынның тағы да бір талант­ты өкілі – Алмат Исаділов. Оның бар саналы ғұмырын баспасөзге арнаған журналист, балалар әдебиетіне олжа салған қаламгер ғана емес, алуан арналы ақын екенін оқырман қауым жақсы біледі. Заманауи әдеби көркем аударма ісіне қосқан үлесі де ауқымды. Сонымен қатар, екі тілде бірдей сауат­ты һәм сапалы жазатын санаулы авторлардың санатында тұрғанын да атап өткеніміз орынды болар.
«Жолдар, жолдар» ат­ты алғашқы кітабымен-ақ өз оқырмандарының жүректеріне жол тапқан ақынның таңғы шықтай мөлдір шығармашылығы хақында: «Алмат Исаділов сынды талант­ты ақын туралы пікірімді бірер сөзге сыйғызып көрмекпін. Әрине, ол қазақ тілінде тамаша жырлар жазады. Сонымен қатар орыс тілін де терең меңгерген. Ол А.Пушкин, С.Есенин, И.Северянин, т.б. орыстың аса көрнекті ақындарының бірқатар туындыларын ана тілімізге аударды. Алмат­тай арынды аудармашының алғыр қаламының арқасында Еуропа мен Түрік елінің біраз ақындарының шығармалары қазақ оқырманына жет­ті. Біршама уақыт бұрын оған Қазақ­станның Халық жазушысы, классик ақын Олжас Сүлейменовтің өлеңдерін аударуға кеңес берген едім. Олжекеңнің жырларының аудармасын өте сәт­ті жасап, қуантып қойды. Оның тәржімаларында түпнұсқаның өз рухы мен қуаты сақталып тұратынына көз жеткізуге болады.
Алмат Исаділов поэзиясына тазалық пен тұнықтық тән», – дейді қазақ әдебиетінің классигі, ҚР Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты, Қазақ­стан Жазушылар одағы Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет. Өз тарапымыздан табиғи таланты мен адами табиғаты үлкен үйлесім тауып, әлемге ортақ әдебиетке ерен еңбек сіңіріп жүрген қаламгерге: «Шабыт­ты шақта өндіре жазып, өзіңізді қадір тұтатын қалық оқырманның ыстық ықыласына бөлене беріңіз!» – деген тілегімізді білдіріп, антологияға ақынның «Сен ғана», «Көкжиекке сіңген жол», «Түнде», «Өзіміз ғой» сияқты бір топ өлеңдерін қосқанды құп көрдік.

Танакөз Толқынқызы. Ол – аса талант­ты ақын, аяулы ана, қала берді, қазақ халқының қайраткер қызы. Тәуел­сіздік кезеңінің бастапқы жылдарында-ақ лирикалық туындыларына түгел қазақ жастарын ғашық етіп үлгерген үлкен дарын иесінің болашақта бүкіл әлем мойындайтын қаламгер боларына ешкім ешқашан күмән келтірген емес десек, еш артық айтқандық бола қоймас. Шет тілдерін кәсіби деңгейде меңгеріп, Еуропадан білімін жетілдіре түскен ақын бұл күндері отандық тележурналистиканың майталман маманына және жаңа қазақ әдебиетінің жарық жұлдызына айналған.
Т.Толқынқызының таланты мен талғамы жарасым тапқан, мың бояулы һәм шынайы поэзиясы туралы: «Нағыз ақын, сөз жоқ, ең алдымен, әдiлдiктiң жоқтаушысы, шындықтың ту көтерушiсi. Олай болмады ма, онда ол, жүрегi жарылып кетсе де айту керек, ақын емес!
…Әрине, жақсы теңеусiз, жақсы образсыз, тосын сөз тiркестерiнсiз жақсы өлең болмайды. Бiрақ ол өлеңдерде шындық пен рух болмаса, әлгi айтқан жақсы теңеуiңiз де, сәт­тi образыңыз да, тосын тiркестерiңiз де жай ғана әлемiш, жансыз иллюстрациялар ғана болып шықпақ. Сондықтан әдебиет­тiң табалдырығын ат­таған әрбiр жас, алдымен ақынның сол мiндетi мен парызын бiлiп алуы тиiс. Танакөз Толқынқызы әдебиетке ақынның сол парызы мен борышын бiлiп келген екен…
Әрине, шындықты айту оңай емес. Оның өтеуi ауыр болуы мүмкiн. Оны айтам деп азапқа да, тұзаққа да түсуiң кәдiк. Солай бола тұра, нағыз ақын шындықты айтып қана опа табады. Танакөздiң: «Шындықты айту – ол үлкен бақыт­тылық!» – деуi сондықтан.
Шындықты айта алатын адам, әдет­те, өр, өршiл, өжет болып келедi. Танакөз өлеңдерi де өршiлдiк пен өжет­тiктен туып жатады екен. «Бiз таулықпыз!» деп шың үстiнде тұрғандай асқақ сөйлеуi, мына жалпақ дүниеге биiктен қарауы содан болса керек…
«Таудың бетiнен ақырын кеп» сүйе алатын, оны әкесi мен шешесiндей көре алатын Танакөздiң мақсаты да үлкен, мұраты да биiк. Ендi оның өзi де тауға айналғысы келедi», – деп, бұла болмысты ақынның болашағына болжау білдірген екен аса қадірменді ақсақалымыз, алып жүректі ақын Т.Медетбек. Өзі де, сөзі де сұлу суреткерге шығармашылықтың шын рахатын бұл әлемнің бар ізгілігімен бірге тілеп, антологияға «Өз жүрегіңе үңіл», «Кеудем неге сөйлеп тұр төгіліп күй», «Қолшатыр», т.б. өлеңдерін ұсындық.

Рүстем Есдәулет. Ол небәрі отыз бір жаста болатын… Талант­ты ақын, кәсіби актер һәм аса білікті режиссер Р.Есдәулет – қазақ халқына қаншама даңқты перзент­тер сыйлаған әулет­тің кенжесі, әдебиетке Тәуелсіздік дәуірімен бірге келген еркін буынның ең кішісі әрі есті еркесі еді. Ғажап өнер иесінің ғұмыры тым қысқа болғанымен, соңында мәңгі өлмес мұрасы қалды. Арда ақынның «Бөрі-нама» ат­ты жалғыз жыр жинағынан бөлек, «ХХІ ғасыр ақындары» антологиясына және басқа да ұжымдық еңбектерге енген жырлары жалпы оқырман қауымға жақсы таныс. Оның өлеңдеріне сыршыл, лирикалық сарын, көркемдік кестенің анық та қанық бояулары, туындының тақырыптық кеңдігі мен мазмұнның мінсіз үйлесімі тән.
Ж.Жабаев атындағы Шығыс Қазақ­стан театрын басқарған жеті жыл ішінде 25 спектакльді сахналап, «Атымды адам қойған соң», «Толғақ» қойылымдары Республикалық және Халықаралық байқаулардың биігінен көрініп, жүлделерін жеңіп алды. Кино саласында танымал «Лавэ» фильміне түсіп, талай өнер саңлақтары мен көрерменнің көңілінен шыққан «Бес тиын» көркем шығармасын түсіріп үлгерді. КСРО және Қазақ­станның Халық әртісі, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов (Рүстемнің өнердегі ұстазы – авт.) ғұмыры қысқа болған хас талант туралы: «Қазақта «аққан жұлдыз» деген сөз бар. Мүмкін бұл сөзді Абайға да қатысты айтуға болар. Бұл – үлкен теңеу. Рүстем бауырымыз ортамыздан, міне, сол аққан жұлдыздай ерте кет­ті. Қазақтың театр, кино өнерінде болашағы зор азамат­ты танитын, білетін бірер азамат­тар болса, соның бірі – өзіммін деп санаймын. Әр келген сайын менімен ақылда­сып, кеңесіп отыратын еді. Жаңадан жазған, сиясы әлі кеппеген өлеңдерін оқып беретін. Ол – өнерге берілген жан еді. Әт­теген-ай… Сұм ажал арамыздан ерте алып кет­ті», – деп, өзегін өртеген өкінішін білдірсе, көрнекті ақын, ҚР Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай: «Рүстем Есдәулет­тің сегіз қырлы бір сырлы талант иесі болғанын ел біледі. Өз басым онымен қаламдас інім, бауырым ретінде көп араластық. Біз кезінде көрші тұрдық. Ол жаңадан үйленіп, үй болғаннан соң, қарт анасын қасына алып, сол кісінің қабағына қарап, үлкен өмірге ерте араласып кет­ті. Өзі сондай ақкөңіл, адамгершілігі мол, адал жігіт болды. Қасына дос жинап, елмен етене табысып жүруші еді. Әсіресе жылқыны жақсы көретін. Мен де жылқышының баласымын. Содан әңгімеміз тіпті жарасып кететін. «Жылқы жылы келгенде…» деп басталатын өлеңі де бар. Әдет­те Рүстем туралы айтылғанда оның театр өнеріндегі еңбегі көп айтылады да, нағыз ақындық қырына аса мән берілмей қалған сияқты. Ол поэзияға өз үнімен келіп, лирикалық-сюжет­ті өлеңдерді дүниеге әкелді. Өлеңдерінің өзінде де бір драмалық шиеленістер бар еді. Жыр жинағын да «Бөрі-нама» деп атауында ерекше мән бар сияқты. Ол болашағына өткенге үңілу арқылы зер салатын. Енді қарап отырсақ, «Бөрі-нама» – мәңгілік рухтың дастанындай болған Рүстемнің өз ғұмыры екен ғой», – деп, есіл Ерді еске алған екен.
Талант­ты қаламгердің туындылары оқырмандардың жүректеріне жетіп, ойларына орнығарына орасан зор сеніміміз бар. Антологияда ақынның «Жігіт монологы», «Қос қарашық», «Түңгі жаңбыр», т.б. жырлары қамтылды.

Талдаудың түйіні

Түйсігіміздің түкпіріне терең орныққан үрдістер мен байырғы бағыт-бағдарды берік ұстанатын, дәстүршіл болмысымыз баршаға мәлім болса да қазақ әдебиетінің жасампаз жанры саналатын поэзияның түрлі тарихи кезеңдерінде сан алуан ағымдар мен формаларды өзіне өлшеп көріп, кейбір үздік үлгілерді сәтімен сіңіріп алғанын жақсы білеміз. Символизм мен футу­ризм ХХ ғасырдың басында-ақ жарқырап (М.Жұмабайұлы, С.Сейфуллин, т.б.), имаженизм, акмеизм секілді сирек бағыт­тар жетім баладай жатырқау күйде көрініс тауып жатса, модернизм, сюрреализм сияқты сәнді ағымдарға біздің бірқатар ақындар барып көрді. Ал, өткен ғасырдың сексенінші жылдары бағы жанған верлибр үлгісі күні бүгінге дейін әредік бой көрсетіп қалады. Біз сөз еткен буынның өкілдері де түрлі тәжірибелерге барып көргені жасырын емес. Ырғақтық-интонациялық жүйедегі жырлар, ақ өлең, прозалық өлең, акроөлең, анаграмма, графикалық кес­кіндеме, т.б. нұсқалар төңірегінде біраз ізденістерге барып, біршама тәсілдерді түрлендіріп, қалыпты қараөлеңнің өзін қалағанынша құбылта отырып қалам тартып көрген Тәуелсіздік кезеңіндегі толқынның басым көпшілігінің консерватор, барынша дәстүршіл екендігін мойындауға мәжбүрміз. Бәлкім, бұның да бір заңдылығы, қазақ поэзиясы үшін қайыры бар болар…
Аталмыш лектегі ақындардан кейін де қазақ әдебиетіне қос буын келіп үлгерді. Бірі – ХХІ ғасырдың басындағы поэзияның, яғни заманауи қазақ әдебиетінің қайраткерлері болса, екіншісі – Тәуелсіздік кезеңінің перзент­тері, демек, ең жаңа әдебиет­тің өкілдері. Екі буынның де жұлдыздары жарқыраған өз Өлең Галактикасы – Жыр Жаһаны бар. Туындылары тұтас Елдің мейіріне бүтіндей бөленіп, мерейі үстем жүрген өз мегаталант­тары да бар. Бұған да жүрегіміз біршама жылитынын еш жасырмаймыз…
Қысқаша қайырғанда, қазіргі қазақ поэзиясының жай-күйі мен кескін-келбеті осындай. Шаршамай, шыдам танытып, шолуымызбен танысып шыққан әдебиет­тің әсем әлемінің, поэзияның пәкизат планетасының жанашырларына шын жүректен алғыс айтқымыз келеді. Бақыт­ты ғұмыр кешіп, бақуат­ты болыңыздар! Рухани азықтарыңыз азаймасын!

Ақберен ЕЛГЕЗЕК,
ақын, «Дарын» Мемлекет­тік
жастар сыйлығының лауреаты,
Қазақ­стан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір