ТӘУЕЛСІЗДІК ДӘУІРІНДЕГІ ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫ
27.03.2023
6131
0

Кеңістік пен уақыт өлшемдері

Кез келген қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, адам санасына әсер етпей қоймайтын рухани-мәдени төңкерістер көркем әдебиетте де көрініс тауып жатады. Оның үстіне қоғам дамуына орай ондағы ұғым-түсініктер мен ұстанымдар да түрленуге ұшырайды, құндылықтарды қайта қарау процесі де қарқын алады, жалпы осының себебінен адам санасының айналадағы құбылыстарды саралау үрдісі де өзгеше реңкке енеді. Ал, тұтас қоғамдық формация ауысып, мемлекеттің, қоғамның және ондағы адамдардың өмірінің соған дейінгі қалыптасқан құрылымы, дәстүрлі жүйесі күрт өзгеріске ұшырап, басқаша бағыт алғанда, әлгі аталған процесстердің қарқыны да артып, түбегейлі сипат алмақ.
Кеңес Одағы ыдырап, оның құрамында болған республикалар дербес мемлекеттер ретінде танылған уақытта Қазақстан қоғамында жаңа өмір шындығы қалыптаса бастады, ал, бұл шындық сол кезеңдегі қазақ әдебиетінде, оның ішінде қазақ прозасында лайықты дәрежеде көрініс тапты. «Ұлт болмысы жағынан болсын, жеке тұлғалық тұрғыдан болсын кеңістікті-уақыттық координаттардың өзара байланысы көркем әдебиет жанрларының ішінде прозада айқынырақ аңғарылады» деген көзқарасқа сүйенсек, қазақтың осы кезеңде жазылған прозалық шығармаларының көпшілігі негізінен ең күйіп тұрған әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің, көкейтесті қоғамдық-саяси құбылыстардың тереңіне үңілуге жасалған талпыныстар болды. Өйткені, қоғам дамуының бағытына да, жеке адам өміріне де осындай түрленулер мейлінше көбірек әсер етеді. Сондықтан да кейінгі отыз жыл ішіндегі қазақ прозасы сол өзгеріске толы қазақ қоғамындағы тарихи-мәдени жаңарулар, әлеуметтік қарым-қатынастар мен философиялық-психологиялық жүйелер бір-бірімен қайшыласа шарпысқан, өзара араласа қайнаған үлкен қазанға айналды.
Рас, жетпіс жылға созылған кеңестік идеологияның шеңгелінен құтылу, бәрін бір қалыпқа салмақ болған социалистік реализмнің ықпалынан арылу қаламгер қауымы үшін оңайға соққан жоқ. Бұрынғы сүрлеуінен бұрылғысы келмей, баяғы сарынынан танбаған авторлар да болды, дегенмен тәуелсіздік дәуіріндегі жазушылардың басым көпшілігі идеялық еркіндікті, жаңа кезең тудырған мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға ұмтылды. Бүкіл халық болып аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізу, осыған байланысты ұлттық сананың өркендей бастауы, ұлттық рухтың көтерілуі жазушыларға тың шабыт беріп, тынымсыз ізденіске жетеледі, арқаландыра түсті. Кез келген жаңа қоғамның қалыптасу барысында кездеспей қоймайтын әлеуметтік-экономикалық қиындықтар, әу баста салтанатты түрде жарияланған саяси өзгерістердің кешеуілдеуі, халық тұрмысының нашарлай түсуі, ұлт тарихына жаңа көзқараспен үңілу, ондағы ақтаңдақтарды анықтау, жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыру бағытындағы ой-толғаныстар да осы тұстағы қазақ қаламгерлерінің көкейін тескен мәселелер еді. Осының бәрі жинақтала келе тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ прозасының басты идеялық-мазмұндық бағыттарын айқындап берді. Йағни, тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ прозасында жетекші орын алатын тақырып – ұлттық дискурс, нақтылай айтқанда, қазақ халқының тарихи тағдыры, оның өткені мен бүгіні, болашағы деуге болады.
Қазақстан тәуелсіздік алған 90-жылдардағы қоғамдық-саяси құбылыстар мен әлеуметтік-мәдени мәселелер қаламгерлер қауымының өмірді қабылдауына, санасына, дүниетанымына, психологиясына әсер етпей қоймағаны анық. Мұның бәрі жазушының шығармашылық «домна пешінде» қорытылып, оның өмірлік ұстанымдары мен ой-толғаныстарымен біте қайнаса қайта құйылып, түрлі әдеби формаларда көрініс тауып жатты.
«Форма» демекші, бұл тұрғыдан келгенде тәуелсіздік кезеңінің прозашылары белгілі бір деңгейде өздерінен бұрынғы буын – өткен ғасырдың 60-80 жылдары аралығындағы қазақ әдебиетінің «алтын дәуірін» жасап, оның бүкіл Кеңес Одағына, қала берді дүние жүзіне белгілі келбетін кескіндеуші аға буын әкелген әдеби әдіс-тәсілдерді әрі қарай жалғастырды, Сонымен қатар, өзіндік ізденістердің нәтижесінде әрқилы эксперименттерге барып, өз бағытын іздеп, қолтаңбасын даралауға тырысқандар да аз болған жоқ. Бұл талпыныстардың өн бойында ұлттық әдеби ағымдардың байырғы баяндау үлгісін сақтай отырып, оған ХХ ғасырдағы батыс әдебиетіне тән көркем үрдістерді әкеп қосу әрекеті жатты. Модернизм, постмодернизм, сюрреализм секілді ағымдарда жазылған шетелдік озық нұсқалардан үйрену, оны ұлттық сипаттағы әдеби тәсілдермен қабыстыруға ұмтылыстар жасалды. Бірте-бірте осы бағыттағы шығармалар жиі жазылып, сана ағыны, интертекст, мифтендіру тәрізді әдеби амал түрлері қазақ дәстүрлі әдебиетінің көркем әдістер қорын толықтырып, жанрлық палитрасын түрлендіре түсті.

Қазіргі қазақ прозасының түпнегізі

Проза жанрында қалам сілтеген авторлар тәуелсіздік кезеңіндегі ұлт тағдыры, елдегі саяси-әлеуметтік қайшылықтар, өтпелі кезеңдегі адам болмысы, оның ішкі жан дүниесінің айналасындағы ортамен қабыспауы, рухани жүдеулік сияқты мәселелерді, сондай-ақ бүгінгі демократиялық қоғамдағы адам мен адам арасындағы, адам мен қоғам арасындағы, адам мен табиғат арасындағы байланыстар мен қайшылықтарды талқыға сала білді.
Жалпы кейінгі отыз жылда проза саласы тақырыптық-идеялық жағынан күрделене түсті, жаңаша көркемдік ізденістер байқалды. Себебі, адам, қоғам, табиғат арасындағы байланыстарды былай қойғанда, ой мен сезім, ар мен ұят, арман мен мақсат, іс-әрекет пен көзқарас сияқты ұғымдардың ара-жігін ашу, әрқайсысына өз көзқарасын білдіру қаламгерлерден жаңа ізденістерді, көркемдік әдіс-тәсілдердің өзгеше сипаттарын табуды талап етті. Демек, тәуелсіздік жылдары дүниеге келген қазақ әңгімелері мен хикаяттарының, романдарының дені жаңа ізденістердің жемісі еді дей аламыз.
Қазақтың белгілі әдебиеттанушы ғалымы, сыншы Рымғали Нұрғалиев бір мақаласында: «Әдебиет – үлкен құбылыс, жанды дүние, күрделі процесс. Бір әдебиет – дария, бір әдебиет – бұлақ, бәрі де ағады, өседі, өрбиді. Халық бар жерде әдебиет бар», – деген еді.
Расында да, әдебиеттің дамуы, өзгеруі, өсуі – ұзақ та күрделі процесс. Ол бірнеше кезеңге ұласып, ондаған жылдарға созылуы да мүмкін. Отыз жыл – әдебиет тарихы үшін аз ғана уақыт болғанымен, ондағы үрдістердің бағдары мен хронотоптық параметрлерді айқындау үшін жеткілікті мерзім.
Тәуелсіздік кезеңінде өнімді еңбек еткен қазақ прозашылардың легін шартты түрде бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады. Алғашқы лек ішінен әдебиет әлемінде ХХ ғасырдың сонау 60-70-жылдары-ақ әйгіленіп үлгерген Мұхтар Мағауин, Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази, Қабдеш Жұмаділов, Төлен Әбдіков, Дулат Исабеков, Қажығали Мұханбетқалиев, Бексұлтан Нұржекеев, Дүкенбай Досжанов, Кәдірбек Сегізбаев және т.б. сөз шеберлерін көре аламыз. Бұлар тәуелсіздік дәуірінде де қолынан қаламын тастамай, қаншама жақсы шығармалар жазды, оның ішінде, әрине, романдар да, хикаяттар да, әңгімелер де бар. Осы аталған авторлардың бесеуі (Ә.Тарази, Т.Әбдіков, Қ.Мұханбетқалиев, Б.Нұржекеев, Д.Досжанов) 1991 жылдан кейін жазылған шығармалары үшін Қазақстан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығын иеленді.
Екінші топқа да әдебиетке сол кеңестік жылдары араласа бастаған, жазушы ретінде кеңінен танылуы өткен ғасырдың 80-жылдарына дөп келген қаламгерлерді жатқыза аламыз: Тынымбай Нұрмағамбетов, Мархабат Байғұт, Смағұл Елубай, Несіпбек Дәутайұлы, Жұмабай Шаштайұлы, Серік Асылбекұлы, Дидахмет Әшімханұлы, Нұрдәулет Ақыш, Әлібек Асқаров, Тұрысбек Сәукетай және т.б. Бұл жазушылардың да шығармашылық белсенділігі тәуелсіздік жылдары еш толастаған жоқ, өз туындылары арқылы бұл буын да қазақ прозасының деңгейін биіктете түсті.
Үшінші топқа еліміз егемендігін алмай тұрып, йағни, өткен ғасырдың 80-жылдары-ақ шығармалары арқылы таныла бастаған, бірақ прозашы ретіндегі бастапқы елеулі табыстары 90-жылдарға тура келетін Рахымжан Отарбаев, Жанат Ахмади, Жүсіпбек Қорғасбек, Талаптан Ахметжан, Тұрсынжан Шапай, Роза Мұқанова, Гүлзат Шойбекова, Таласбек Әсемқұлов, Талғат Кеңесбаев, Құлтөлеу Мұқаш, Әбділдәбек Салықбай және т.б. қосуға болады. Өздерінің жазушылық дарынын тәуелсіздік жылдары дәлелдеген бұл буын ХХІ ғасырда да арынын ірікпей, әдеби процеске белсене араласып келеді.
Тәуелсіздік кезеңінде қазақ прозасының осы үш буыны қатар қалам сілтей отырып, стильдік және жанрлық тұрғыдан бір-біріне әсер ете отырып, жаңа дәуір прозасының қалыптасуына мұрындық болды.
Ал біз осы жинақта қарастырып отырған сегіз прозашы – осы жаңа дәуір прозасының өкілдері, йағни, өз шығармашылығын ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында бастаған авторлар, демек, нағыз тәуелсіздік кезеңінің жазушылары. Думан Рамазан, Дидар Амантай, Айгүл Кемелбаева, Нұржан Қуантайұлы – сол 90-жылдардың басында-ақ әдебиет әлеміне қадамын нық басып келген болса, Дәурен Қуат, Мәдина Омарова, Қанағат Әбілқайыр және Серік Сағынтай – прозашы ретінде ғасырлар тоғысында таныла бастады.
Рас, біздің тәуелсіздік кезеңінде шығармашылық тұрғыдан белсенді болған жазушылар қауымын осылай бірнеше топқа бөлуіміз – жоғарыда айтқанымыздай, тек шартты түрде ғана. Өйткені жас шамасына және әдебиетке келу уақытына қарай әрқилы буынға жатқанымен, бұлардың бәрі де бір елде, бір қоғамда, бір әдеби-мәдени кеңістікте өмір сүреді, оларды алаңдататын мәселелер мен ойлар да ұқсас.

Әдебиеттің жаңа өрісі

Тәуелсіздік жылдары қазақ жазушы­ла­ры проза жанрында қалыптасқан дәс­түрді жалғастыра отырып, мазмұндық, формалық ізденістерге барды. Дәстүрлі ұлттық таным 90-жылдардан бері қарайғы туындыларда батыс әдебиетінде қалыптасқан әр түрлі ағымдармен ара­лас­­­ты. Сондықтан да қазақ прозасында модер­нистік, постмодернистік ағымдар пайда болды.
ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында басталған жаңашыл пайымдаулар рухани түлеудің жаңа бір кезеңі болды да, қазақ әдебиетіне көркем ойлаудағы жаңа ұстанымдарды алып келді. Жазу­шы­лары­мыз өз шығармаларындағы айтар ойын, суреткерлік көзқарасын тұспалдап, психологиялық тұрғыдан шебер де нанымды жеткізуді жетекші орынға шы­ғара бастады. «Астарлап, ишарамен сөйлеу, сөзге сараңдық, үкім айтудан, ақыр­ғы ақиқатпен кездесуден қашу – постмодернистік рухтағы бүгінгі қазақ прозасына тән басты қасиеттердің бірі» деп жазған еді кезінде жазушы Мұхтар Мағауин.
Расында да, ХХ ғасыр прозасында өмірлік құндылықтар оқырманға ой салатын сан түрлі оқиғалар желісімен, кейіпкерлер тұлғасымен, кейде тіпті автор идеясының ұтымдылығымен беріліп жататын. Кейінгі уақыттағы қазақ прозасы ұзақ-сонар баяндау мен суреттеуден саналы түрде қашып, қым-қиғаш сюжеттен де алшақтап, өз құндылықтарын іздеуге көшті. Жаңа ғасырдағы жаңашыл шығармалардың бойында тұспал мен ишарат басым. Мұның бір ерекшелігі және мақсаты – оқырманға бәрін де дап-дайын етіп шайнап бермей, оның санасын жетілдіруге жетелеу, ойлануға шақыру болса керек.
Бұл стиль, әсіресе Дидар Амантай шығармашылығынан анық аңғарылады. Мазмұнның жалпы сипатынан, сөйлемнің сыртқы сұлбасынан ойдың, оқиғаның, мәліметтің ұшығы ғана ұшқындай лап етіп көрініс береді де, бар жұмбағы, құпия сыры тұңғиық тереңінде жатады. Кезінде Эрнест Хемингуэйдің сүйікті «қаруы» болған, «Айсберг қағидасы» деп аталатын бұл тәсілді Д.Амантай ұтымды қолдана біледі. Көп ойды мөлтек диалогтармен, қысқа да астарлы қайырымдармен, ерін ұшындағы емеуріндермен-ақ бере салады. Мұны оның осы жинаққа енген «Гәкку», «Жарық шеке», «Вернер Гейзенберг», «Woman in love» тәрізді әңгімелерінен де байқау қиын емес. Шағын ғана шығармаларда рухани жалғыздық та, өзін-өзі іздеу де, баяғы мөлдір сезім мен оның уақыт үккішіне жаншылып, әбден ұсақталған, қажыған бүгінгі кейпі де көрініс тапқан.
Осы бағыттағы қаламгердің бірі – Мәдина Омарова. Қысқалық пен нақтылықты сүйетін оның шығармалары да өте шынайы. Жазушының тек өзіне ғана тән жазу өрнегі, бейнелеу дағдысы оның дүниені танудағы өзгеше ұстанымын аңғартады. Өмірдің өзінен ойып алған бір сәттік қана этюдтер кейіпкер тағдырындағы ұзак жылғы шердің шешуші сәтіндей сезілетіні бар. Бүгінгі өмірдің еш жасандылығы жоқ шындығы бір параққа, кейде жарты-ақ беттік шығармаға сыйып кетеді. «Қысқа жазу – таланттылықтың белгісі» деген Чеховтың атақты сөзін еске алсақ, шынында да бір хикаятқа жүк боларлық сюжеттің селін сығымдап бірер сөйлеммен қайыру, әрі өте дәлдікпен, кәсіби шеберлікпен бере білу – қаламгердің зор мүмкіндігін байқатады, оның заман талабына сай қысқа жазудың жетік жолын меңгергенін көрсетеді. Сыншылар Мәдина Омарова шығармаларын «қазақ әдебиетіндегі готикалық прозаның бастауы» деп те бағалаған.
Сондай-ақ шетел әдебиетіндегі мистикалық үрдісті үлгі тұтқан М.Омарова магиялық сарынға құрылған «Жұмбақ», «Үй», «Жол үстінде» секілді әңгімелерінде ұлттық таным мен модернистік ағым жүйесін ұштастыруға ұмтылған. Мұнда автор күнделікті өмірде кездесетін кереғар жайттарды сын тезіне алып, шенеп отырады.
Көркем әдебиетте баяғыдан бар бағыттардан күрт бұрылып, жаңаша өріс іздеу, тосын тәсілдерге бару – әдебиет дамуының қай кезеңінде де болған нәрсе, бірақ қоғамдық формация ауысып, құндылықтар қайта қаралып жатқан тұстарда мұндай талпыныстар қашанда пікір қайшылығын тудырады. Дегенмен сананың түрлеуіне, заманның өзгеруіне байланысты көркемдік үрдістер мен мәтінге қатысты ұстанымдар мен көзқарастардың да жаңарып отыруы заңдылық секілді.

Тосын көркемдік тәсілдер көші

Қазіргі қазақ прозасында «жаңашылдар» және «дәстүршілдер» деп нақты ара-жігі ажыратылған, ресми ат қойылып, айдар тағылған ұғымдар жоқ. Қаламгерлердің шығармашылық бағытына, жазу стиліне, авторлық кредосына орай түрліше сипатталып жатады.
Жазушы Айгүл Кемелбаева шығармашылығының бастапқы кезеңінде әдебиеттанушылар мен сыншылар автордың «Жан иесі», «Мұнара» секілді туындыларына қарап, оны жаңашыл бағыттағы жазушылардың қатарына қосуға бейім еді. Алайда Айгүлдің жаңа ғасырда жазған дүниелері оның дарынының жан-жақты, қарым-қабілетінің мол екенін танытты. Жазушының осы жинаққа енген екі әңгімесі – сөзіміздің нақты дәлелі ғана емес, тынымсыз ізденудің, ұлттық болмысымызға, далалық дархандығымызға өте терең бойлаудың жемісі.
«Көкенай мен Қалқаман» әңгімесінде Айгүл Кемелбаева ұлы Шәкәрімнің әйгілі дастанында жырланған Қалқаман-Мамыр сюжетін қайта жандандырып, жаңаша пайымдайды. Егер, Шәкәрім дастанында романтикалық сарын, жаңа мен көненің күресі басым болса, Айгүл бұл оқиғаға мүлде басқа қырынан келеді. Ол мұнда аталар салтына адалдықты, дәстүршілдікті дәріптейді. Осы қасиеттердің бәрін автор Көкенай бейнесіне шоғырландырған. Әңгімедегі Әнет баба бейнесінің де орны ерекше. Ол Қалқаманды өзінің ұрпағы ретінде өлімге еш қия алмайды, бірақ, «қан тазалығын бұзуға болмайды» деген дала заңы бұлжымауға тиіс. Содан Әнет баба ғажап амал табады. Қалқаман қалайда өлуі керек, бірақ, оны тек атпен шауып бара жатқанда атқан жөн. Бұл – бір жағынан, Қалқаманның ажал құшпай, аман қалуына аз да болса сеп, екінші жағынан, заң да бұзылмайды. Бұл арада біз өзгеше бір қазақы гуманизмнің, бәрін тек Құдайдың құзырына қалдырған адамгершіліктің куәсі боламыз.
«Ереймен мен Ақынай» әңгімесі – ұлтты ұлт қылатын ана мен жардың қасиетті ықпалы деген идеяға негізделген. Шығарманың басты кейіпкерлері – өте қорғансыз жандар. Ереймен, Сталин заманында зымзия жоғалып кеткен жан, бір күні ауылына оралады. Контузияға ұшырап, жарымжанға айналған мұндай сорлыны құшақ жая қарсы алатын әйел көп бола қояр ма екен? Бірақ оның жары Ақынай ерекше әйел боп шығады. Ереймен арақ ішіп, кез келген жерде құлап жатса да, ол күйеуіне қамқор болудан шаршамайды. Құлаған жеріне апарып, күрке тігіп, есін жиғызып, әлдендіріп, сосын қайтадан үйіне алып келеді. Жазушы осы бір қарапайым оқиғаны ғажап әңгімеге айналдырып, одан бір емес, екі бірдей философиялық түйін жасайды: біріншіден, адам рухани бай болса, тұрмыстық кедейлік оның кемелденуге ұмтылуына еш кедергі бола алмайды; екіншіден, сабырымен, төзімімен, ақылымен шаңырақ құты болған әрбір қарапайым қазақ әйелі Ұлт анасы деңгейіне көтеріле алады.
Қазақ қоғамының тарихи бетбұрыстағы кезеңі – тәуелсіздік тұсында туған прозалық туындылар табиғаты күрделілігімен назар аудартады. Бұрын болып көрмеген тосын көркемдік амалдарға бару арқылы қаламгерлер көпке белгілі жағдайлардың өзін жаңаша беруге көшті. Мұның өзі жаңа заман оқырманының талабынан туып отырғаны анық.
Жазушы, ақын Нұржан Қуантайұлы өзінің «Үрейлі үш күн» атты шығармасын «антиутопиялық әңгіме» деп атапты. Утопия – әлдебір мінсіз қоғамдық құрылыстың қиялдағы бейнесі болса, антиутопияны – автордың көзқарасы тұрғысынан келгенде, болашақта еш орнамай-ақ қойғаны жөн жиіркенішті һәм қорқынышты қоғамның сұрқай сұлбасы деп ұқсақ болады. Қазіргі әдебиеттану ғылымында утопияны да, антиутопияны да ғылыми фантастикаға тән жанрлар деп қарастырады. Н.Қуантайұлының әңгімесі де оқырманды үнемі әлдебір көмескі үрей құшағында ұстап отырады: адамынан роботы көп болашақтағы бейтаныстау әлем, түсініксіз мекемелер мен ұйымдар, қатаң тәртіптер мен тосын қарым-қатынастар, кішкентай баланың бұлыңғырлау келешегі… Расында да, үрейлі-ақ. Алайда автор оқырманға торығу мен қорқудан тұратын тас дуал арасынан бәрібір ізгілік сәулесі түсер саңылау қалдырады. Бастапқыда робот секілді сезімнен жұрдай сірескен біреудей көрінген Ли мырзаның өзінің жүрегін жібітер мейірім бар екен дүниеде…
Жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері Өмірзақ Мұқай бұл туынды туралы: «Нұржанның бұл әңгімесімен ұлттық көркем әдебиетке «антиутопия» атты тың жанр келді деп түйіндеуге әбден негіз бар. Рас, бұл жанрда жазу талабы бұған дейін болмады деу артықтау шығар, бірақ, қазақ әдебиеті жағдайында тың үрдіске үкі тағып, таным айдынына шығару мәртебесінің Нұржан Қуантайұлына бұйырғаны күмәнсіз.
…Сонымен Нұржан қазақ әдебиетіне осындай тың жаңалық, соны жанр әкелді дедік. Ал енді шама-шарқымыз жеткенше: аталмыш әңгімені сана сарабынан өткізіп көрелік.
…«Ерімбеттің білезігіндегі дисплей дың ете қалады». Йағни, персонаж – аңду, бақылау объектісі деген сөз. Тура Исигуроның Хейлшеміндегідей. Ерімбетті аңдушысы Сұлтан Ли шақырады.
«Сөздің қысқасы, Ерімбет мырза, үш жасар ұлыңызды сіз жалғыз өзіңіз баға алмайсыз. Қатыныңыз жоқ. Екінші рет үйленбедіңіз. Шешесіз өскен баланың психологиясы дұрыс қалыптаспайды. Баланы Қоғамдық үйге өткіземіз». Сюжет барысында Сұлтан Лидің райынан қайтып, адамгершілікке бой ұрғанын аңғарамыз. Себебі, Сұлтанның өзі де бала кезінде геттоның азабын тартқан. Ең соңында сөйткен Сұлтан баланың өзін корпорацияның мүддесі үшін тартып алғалы отырған нәрестенің шешесі марқұм Хауа құтқарады! Ал ондайды ескермеу, есепке алмау мүмкін бе? Әлбетте, мүмкін емес!
…Нұржан Қуантайұлының «Үрейлі үш күн» әңгімесінің негізгі сюжеті осындай. Туынды әсерлі, аянышты, оқыған адамды бейжай қалдырмайды.
Ең басты түйін мынау: Нұржан Қуантайұлы осы әңгімесі арқылы әлемдік әдебиетте соңғы кезде көрініс бере бастаған, бірақ қазақ әдебиетіне таңсық антиутопия жанрын әкелді. Бұған ешкімнің таласы жоқ.
Соны жаңалығың баянды болсын, қазақ әдебиеті!» – дейді. Біз де осы орынды да оң пікірді қуаттаймыз.

Әдеби дәстүрлер және олардың түрленуі

Тәуелсіздік тұсындағы прозалық туындыларда көркемдік тәсілдер күрделеніп, метафоралық, аллегориялық, гротескілік ойлау жүйесі дамыды. Жаңарған проза табиғаты ұлт ұғымына сәйкес өз оқырманына тосын құбылыстарды (антропологиялық, мистикалық, виртуальдылық) бейнелеу тұрғысынан ерекшеленді. Абстрактілі ұғымдарды заттандыру, адам мен оның барлық ішкі сыртқы болмысын тұлғаландыру арқылы жаңа сипатты ой айтудың көркемдік әдістері қазақ прозасында жаңаша қалыптасты.
Реализм мен мистика шебер үйлескен шығарманың бірі – Думан Рамазанның «Көш» атты әңгімесі. Әңгімеде әлдебір бағытты бетке ұстаған ұзын-шұбақ көш суреттеледі. Әуелде байырғы қазақтың дағдылы көші секілді әсер қалдыруы ғажап емес. Бірақ көп ұзамай мұның автордың аллегориясы екені, шығарманың қоғамдық астары, сыртын сюжет көмкерген ішкі иірімі айқындала бастайды. Бұл көштің сипаты арқылы жазушы өзі өмір сүріп отырған қоғамының бағдардан жаңылуын, ашық күнде адасуын, әу баста ту етіп көтерген ұрандар мен ұстанымдардың аяққа тапталуын меңзейді.
«Құса» атты әңгімесінде Д.Рамазан басты кейіпкер ретінде қазақтың ойшыл ақыны Абай бейнесін таңдап алған. Хакім Абай қазақты патшалық Ресей отаршыларының тықсырып, көктеп өтіп, күйретіп бара жатқанын көріп-біліп, жан-жүрегі күйіп жүргенде, оған жеке басының ауыр қайғысы қосылады – іркес-тіркес сүйікті ұлдарынан айрылады. Ақын өмірінің осы бір ең ауыр сәтін шығармаға арқау еткен жазушы оның мына жалғаннан жұбаныш таппай, қайғыдан қан жұтып жатқан құсасын психологиялық детальдармен шебер суреттейді. Ақынның көркемдік әлемін сүйіп отырып, оның суреткерлік, қайраткерлік тұлғасын, рухани асыл болмысын жанымен қабылдап отырып жазады.
Әңгіменің ең жан тебірентер тұсы – бауыр еті баласы Мағауияны зиратқа апара жатқан тұс. Данышпанның шарасыз, ымырасыз өлімді көзсіз мойындаған сәтін жазушы: «Абай жас баладай томпаң қағып, арбаның алдына түсті. Мағашымның сүйегін ауыртады деп жол бойы ірілі-ұсақты тастардан тазалап отырды» деп суреттейді. Осыны оқығанда оқырман қабырғасы қайысып, сүйікті Абайымен қосыла егілердей тосын күй кешеді.
Дәстүрлi эпикалық әдебиеттің өз шабысынан жаңыла қоймағанын, қайта жаңаша сипат алып, түрлене түскенін байқатар тағы бір автор – Дәурен Қуат. Оның «Пермедегі пигмалион», «Мысық пен Маруся» атты әңгімелерінде көркем шығармаға қажетті компоненттің бәрі бар – оның үстіне бүгінгі күннің өзекті мәселелерін де қамтыған, әлеуметтік әділетсіздік тақырыбы да көрініс тапқан, этнографиялық элементтер де ұшырасады. Жазушының әлемдiк ауқымдағы соңғы мәдени-танымдық, эстетикалық қозғалыстарға үн қатуға әзір екені аңғарылады. Автор адамның ішкі қасиеттерін жандандыру, жеке образдарға дейін әсірелеу арқылы шығармасын тартымды ете түседі.
Өмірдің өзі күрес деп түсінсек, көркем шығармадағы тартыс мәселесі қашанда сарқылмайтын қазына болып қала бермек. Дәурен Қуат шығармаларындағы басты көркемдік құндылық та – алуан түрлі образдардың өзара тартысы. Тартыс – сюжеттің жаны, оның қозғаушы күші. Баяндалатын оқиғаның да, характер тағдырының шешімі де осы тартысқа, оның сипатына тікелей қатысты. Тәуелсіздік жылдарындағы әңгіме жанрында әдеби тартыс мәселесі бұған дейінгі кезеңдерге қарағанда күрделенді және дараланды. Характерді әр қилы сыннан өткізу, алдына таңдау қою, пікірталасқа түсіру, өзіне-өзі есеп беру сияқты амалдардың қолданылуы осы кезең прозасына тән.
Қанағат Әбілқайырдың «Періштелер жоқ жерде…» атты шығармасында бүгінгі заман «қаһармандарының» – байлыққа әбден мелдектеп бөккен, сондықтан да мүмкіндігі шексіз «жарты құдайлардың» еріккендегі ермегі суреттеледі. Әбден іші пысқан олар бірін-бірі оқыстан таң қалдырмақ боп әлдебір ойынға кіріседі: сөйтіп жүріп, адам етін жейді, жазықсыз жанды өлімге қияды… бұл қылықтарына өкіну де, ойлану да жоқ. Жазушы кейіпкерлер болмысын олардың арасындағы диалогтар арқылы ашады,
Серік Сағынтайдың «Қарға» және «Аң» атты әңгімелеріндегі басты идея – адам мен табиғат арасындағы үйлесім және оның бұзылуы, рухани экология. Мәселен, «Қарғадағы» басты кейіпкер күнбағыс алқабына тыныштық бермеген қарғаларды жазалау оқиғасын айтады. Көкесінің Қабыл досы қарғаларды шегемен піскілетіп, даусын магнитофонға жазады. Осы оқиға арқылы автор адам баласының қатыгездігі мен бала психологиясын тамаша жеткізген. Тозақы дауыстан үрейі ұшқан бала былай дейді: «Қолыма қайдан іліккені белгісіз, әлдебір қисық шегемен бір бейбақты мен де піскілеп-ақ жатыр екем». Автор айуандық пен қатыгездіктің жұқпалы екенін тамаша суреттейді. Шығарманың түйіні – өмірдегі әр ісімізге өзіміз жауапты болғанымызбен, жазалаушы біз емеспіз дегенді меңзейді.
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ прозасында адамның iшкi жан-дүниесiне бойлап, оның ой-санасындағы өзгерiстер мен құбылуларды аша түсуге деген құлшыныс айқын көрінеді. Мұндай жаңашылдық, форма, көркемдiк әдiс-тәсiлдердi жетiлдiре түсуге талпыну, жаңа өрiстер iздеу, түрлi эксперименттер жасау, шығармашылық iзденiстерге бару – дәстүрсiздiкке ұрыну емес, қайта сол дәстүрдi байыту болса керек. Осы кезеңдегі прозалық туындыларда тек тақырыптық, образдық тұрғыдан ғана емес, көркемдік ерекшелік, поэтикалық стиль тұрғысынан да жаңарып, түлегені байқалады. Жаңа тақырып пен өмір құбылыстарын бейнелеудегі тілдік айшықтар арқылы да қаламгерлердің дара қолтаңбасы айқындалады.
ХХ ғасырдың 90-жылдары мен ХХІ ғасырдың басындағы қазақ прозасының өз ұлттық негізін сақтай отырып, әлем әдебиеті арналарымен бірге көркемдік дамудың жаңа жетістіктеріне құлаш ұруы жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан мәдениетінің тұғырын нығайта түседі. Бұл – қазақ сөз өнері дамуының мәңгілік шығармашылық қозғалыстағы жолы.

Сәкен СЫБАНБАЙ,
жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір