АҚЫН ДАРА ШАУЫП, ЖҮЙРІК БОЛМАЙДЫ
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының қызметкері, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, «Шабыт» халықаралық байқауының лауреаты, «Ғұмырнама», «Ай мен Ару» жыр жинағының авторы Айбатыр СЕЙТАҚ биыл ер жасы – елуге толды. Осы орайда ақынның айтар ойы, арман-тілегі арқау болған сұхбатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
– Қазақта «Ер туған жеріне…» деген мақал бар ғой, өр Махамбет тұлпары тұяғының ізі қалған қасиетті Нарын жеріне барып тұрасыз ба?
«Аңызақ алып қашады, Қып-қызыл құмның көрпесін!», – деп өзіңіз жырға қосқан құмды ауыл кейпі көзіңізге жиі елестей ме?
– Әр адам үшін туған жері ыстық. Барлық адам өзінің туған өңірін мақтан тұтады. Адам өмірге келерде ата-анасын, халқын, туған жерін таңдай алмайды деген ұғым бар ғой. Алла қандай жерді бұйыртса, сол топыраққа кіндік қаның тамады. Бағымызға орай біз жері көрікті, қарағайлы, орманды, шөбі шұрайлы Нарынның бір бөлшегі – Жасқұс құмында дүниеге келіппіз. Орданың тарихи мекен екені баршаға аян. Туған жеріміздің осындай қадір-қасиеті біздің бойымызға ұлттық құндылықтарды, ана тіліміздің құнарын, салт-дәстүрімізді тереңірек сіңіруімізге мол ықпал етті. Жел айдаған қаңбақтай жадағай болмау керек екенін білдік. Құмдай ыстық, салмақты, қасиетті, құнарлы, сулы-нулы болу қажет деген ой түйдік. Өз жерімізден шыққан әйгілі тұлғаларды мақтан тұттық.
Алайда, кезінде қала болған Орданы Кеңес өкіметі әбден тоздырды, Ұлы Отан соғысы жылдары 48 ұжымшары және түйе, жылқы зауыттары болған ауданның біраз жері әскери сынақ аймағына беріліп, тұрғындары еріксіз көшірілді. Құтты мекеннің азып-тозғаны жанымызды ауыртады. Тек Орда ғана емес, Торғай қаласы да, Семей өңірі де «өгей баланың» күйін кешті. Қазақтың осындай киелі мекендерін әдейі жою саясаты болды-ау деген ойға келесің кейде. Өткен ғасырдың соңына қарай еркіндік беріліп, «өңірлеріміз енді дами түсе ме?» деген тұста нарық заманы басталып кетті. Дегенмен, ауылдағы тарихи мұражайдың үлкен кешенге айналып, туристер келетін орталық болып отырғаны қуантады. Біз қашан да Орда ауданы, Ақ Жайық өңірі өркендей берсін деген тілектің үстінде жүреміз.
Туған жерімізге сирек болса да, жазғы демалыста барып тұрамыз. Қайда жүрсе де, туған жері адамның жүрегінде бірге өмір сүреді. Біз үшін Орда, Нарын, Жасқұс деген сөздер қасиетті.
– Ақындық – Тәңір тартуы. Сіз поэзия ауылына қалай келдіңіз? Әдебиетке, жалпы, өлеңге құштарлығыңызды алғаш оятқандар қатарына кімдерді қосар едіңіз? Бір үйден екі ақынның шығуы Жаратқанның шапағаты шығар. Тегіңізде жылт еткен сәуледен құлын-жыр құраған ата-бабалар болған ба?
– Өлең жазбайтын, «әу» демейтін қазақ жоқ. Өз тегімізде де, нағашы жұртымызда да өнер адамдары болған. Бала кезімнен ән-жырға құмартып өстім. 27 жасында қыршын кеткен үлкен ағамыз Ғарифолла өлең жазып, аудандық айтыстарға қатысып, домбыра тартып, ән айтатын еді. Одан кейінгі ағайым Ғайсағали да ақындық пен журналистік жолды таңдады. Мен де 7 сыныптан өлең жазуға талпындым. Бір сыныптас қызға ғашықтық сезімімді жырмен жеткізіп едім. Әрине, ол кездегі жазғаныма қазір қарасам, жеңіл-желпі шумақтар екені көрініп тұр.
Мен ақындар, не жыраулар мектебінде оқыған жоқпын. Шіркін, сондай ортада өссек, сөз өнерінің дүлдүлі болар ма едік?! Ондай «оқу орындарын» «сырттай» бітірдім. Өзімді-өзім жетілдіруге тырыстым. Өзгеге де, өзіме де сын көзбен қарадым. Ағалардың ақыл-кеңесін алдым. Студент кезімізде облыстық кітапханада Жұбан Молдағалиев атындағы әдеби үйірме болды, оны сол тұста «Орал өңірі» газетінде қызмет жасаған ақын-жазушы, журналист ағаларымыз құрған еді. Сонда бәріміз жиналып, жаңа өлеңдерімізді талқылайтынбыз.
Жас кезімізде өлеңге құштар қазақтың әрбір баласы сияқты Бұқар жырау, Махамбет, Абайлардан бастап қазақ ақындарын түгел оқыдық. Тайыр, Әбділда, Сырбай, Ғафу жырларымен де таныстық. Қасым, Мұқағали, Қадыр, Төлеген, Фариза өлеңдері жатталып қалды. Кітап дүкеніне түскен қазақ ақындарының жыр жинақтарын сатып алып, оқушы едік. 1988 жылы ақталғаннан кейін Шәкәрім, Мағжан өлеңдерімен сусындадық. Ахмет, Міржақып, Әлихан, Жүсіпбек, Мұстафа еңбектерімен, сол сияқты қуғын-сүргін жылдардағы қасіретті оқиғалар туралы материалдармен танысу мүмкіндігіне ие болдық.
Ақындықтың биік шыңына жетсем деп армандадым. Жазғандарым қарағайдай көрікті, тамыры тереңде болуын қаладым. Өлеңдерің сынға, әжуаға, пародияға ұшырамайтындай болуы керек қой.
Мысалы, Абайдың ұлылығы неде? Абайдың әр шумағының әр жолында ой жатыр. Сондықтан бір шумақ өлеңдегі төрт жолың төрт жаққа қарап, «ары тарт, бері тарт» болып тұрмауы қажет. Сөздің қадірін біліп, қасиетін жоғары бағалайтын ағаларымыз «Ұйқастарың балталаса да бұзылмайтындай болуы тиіс!» деген қағиданы үйретті.
Ақын дара шауып, жүйрік болмайды. Оған жас кезінде-ақ тәрбие мен ақыл-кеңес беретін әдеби орта керек. Тіпті «болды ғой», «толды ғой» деген ұйқастармен өлең жазып жүрген өлеңшілер де бар. Әттең, олар әдеби ортада пісіп-жетілмей, кенже қалып қойған ғой!
– Өмірде қол жеткізген жетістіктеріңіз үшін кімге қарыздармын деп сезінесіз?
– Біреу ғалым, біреу министр болады. Өмір жолында әркім биік белестерді бағындыруға талпыныс жасайды. Білімі жоқ адам алысқа бармайтыны анық. Адам қандай жетістікке де білім берген ұстаздарының арқасында жетеді. Мен өмірге әкелген ата-анама, туған жеріме қарыздармын. Білім нәрін берген Орда орта мектебінің ұстаздарына, Орал педагогика институтының оқытушыларына, өмір жолымда кездескен, ақыл-кеңесін беріп, ұстаз бола білген ағаларға айтар алғысым шексіз.
Ұстаз баланың бойындағы жылт еткен талабын аша білуі қажет. Өлең жаза бастаған кезім еді. Бір күні қыс туралы өлең жаздым. Соны байқаған сынып жетекшіміз Роза апай (Әділәлиева) «Қане, Айбатыр, орныңнан тұрып, өлеңіңді оқып жіберші», – деді. Сөйтіп, мен алғаш рет сыныптастарымның алдында өлең оқыдым. Кейін Роза апай менің өлең жазатыныма үлкен мән беріп, ақыл-кеңесін айтып, қанаттандырып жүрді.
Жеңіс күніне орай «Жарқырайды тақталар» атты алғашқы өлеңім 1981 жылы «Орда жұлдызы» газетінде жарық көрді. Әрине, қуанышымда шек болмады.
Сол кезде ақындыққа жақын мамандық журналистика екенін білдік. Мектепте өткен әрбір іс-шара туралы мақала жазып, «Орда жұлдызына» жіберіп тұрдым. Дәптердің екі бетіне жазғаным ықшамдалып, ақпарат түрінде шығып жүрді. «Е, газет мына жағына мән береді екен» деп, қалай және нені жазу керек екенін үйрене бастадым. Тіпті жазғандарыма «бір сом елу тиын» деген сияқты қаламақы алатын болдым. Не керек, менің журналистикаға ұмтылуыма «Орда жұлдызының» ықпалы өте зор болды. Ал студент кезімнен бастап жазған ақпарат, мақалаларым «Орал өңірі», «Лениншіл жас» газеттеріне шыға бастады.
– «Жырларым жүдеп, ауырған емен,
Ықпайды қара дауылдан кемем!
…Арқалап жырды, арқам жауыр боп
Ақындық атты ауылдан келем!» – деп едіңіз, иыққа жүк артар әдеби ортада жан жадыратар қандай жақсылықтар орын алуда?
– Қазір әдеби ортаның базары тарқаңқырап кетті-ау деймін. Бүгінде өлең жазып өмір сүре алмайсың. 1980 жылдары қаламгер бір кітап шығарса, бір машинаның құнындай қаламақы алады деп естуші едік. Ол кезде шыққан кітап елдің түкпір-түкпіріне тарап жататын. Қазір баспаға бір көліктің құнын беріп, кітабыңды шығаруың керек болып қалды. Кітаптарың Қазақстанның бүкіл өңіріне тарамайды. Оны баспаға өзің барып, мөшек-мөшек етіп алып келесің. Нарық заманы болса: «Кітабыңды өзің сатып, пайда тап!» деп тұр. Ақын-жазушы ел кезіп, кітап сатып кетсе, ар-ұяты, абыройы мен беделі қайда қалады?! Ондай адамның шабыт-құсы шарықтай ма? Сондықтан бүгінгі таңда ақын да, жазушы да тек ауа жұтумен ғана өмір сүруге болмайтынын түсініп, әр мекемеде еңбекақы алып жүр. Шығармашылық ізденістерін бәсеңдетіп алғаны жасырын емес. Ақын-жазушылар бір-бірінің дүниелерін республикалық газет-журналдардан байқап қалады. Кейде «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналынан жылт етіп көрінеді. Бүгінгі таңда қазақ қаламгерлерінің іргелі романдары да, «дәмі тіл үйіретін» әңгімелері де, ғасырлық жүгі бар поэмалары мен жыр-дастандары да жазылып жатыр. Алайда, олар кең таралып отырған жоқ. Жаңа туындылар көп насихатталмайды, сондай бір құнды кітап шыққанын естісең де, оны еш жерден таба алмайсың. Әншіге ғана емес, бүгінде ақын-жазушыға да бір продюсер керек болып тұр-ау…
Өрелі өлең, тұшымды ой жазудың ермек емес екенін ұғынатын кез келер. Біздің қоғам қаламгерлерге де оң көзқарасын танытар деп ойлаймын. Өйткені, рухани байлығы жоқ ел де, халық та азады.
– Өлеңдеріңізді музыка тілімен сөйлеткендер де аз емес шығар?
– Әр өңірде тұратын композиторлар ән жазып жүр. Дегенмен, әннің табиғаты бір бөлек қой. Поэзия мен ән мәтіні екі басқа. Әділбек Сүлейменов, Донеділ Қажымов, Қажығали Омаров, Мұңлыбек Шығанбаев, Марат Омаров, Амангелді Сұлтанғали, Жалғас Кеңесов, Әкім Ысқақ сынды ағаларым және өзіммен шамалас дос-жолдастарым Қайрат Темірғали, Асқар Тапақов, Қайрат Нұрғазин, Серік Әбдінұров, інілерім Нұрлан Бекенов, Нұрлан Мағзұмов бірқатар өлеңдеріме ән жазды. Сөзімді халыққа жеткізіп жүрген композиторларға да, әншілерге де ризашылығымды білдіремін.
– Қазір Сізді қандай ойлар мазалап жүр?
– Қазақ халқының кеңпейілділік, қонақжайлылық, үлкенді құрметтеу, жасты сыйлау, бір-біріне қолдау жасауға әзір тұратындығы сияқты асыл қасиеттері сақталса екен деп тілеймін. Ана тілінен ажырап қалған дүбәра ұрпақтың ұлттық құндылықтарымызды ұғына алмай жүргені алаңдатады. Алла қазақты сиырдың бүйрегіндей бөлек-бөлек болып кетуден сақтасын! Кейбір қандастарымыз тіл білмейді деп жүргенде, енді ол аз болғандай, әр түрлі діни ағымдардың арбауына кіріп, отбасын басқа бағытқа алып кетіп жатқан бейбақтардың тағдыры қатты мазалайды. Бір ұлттың бірнеше дінге бөлінуі – үлкен қасірет. Қазір Таяу Шығыстағы бірқатар елдерде соғыс жүріп жатыр. Тұрғындары амалсыздан босып кетті, Еуропаға пана іздеп барып жатыр. Ал бейбіт күннің бағасын білмеген біздің кейбір бауырлар «мұсылмандар үшін күресеміз» деген оймен Сирияға асып кетті. Өздері ғана емес, әйелі мен кішкентай балаларын алып кеткендері қаншама?! Қазір ерлері шейіт болған соң, олардың әйелдері күң болып кетті ме, ол жағы белгісіз. Ал өздерінің еркінсіз соғыс жүріп жатқан елге барып қалған қазақтың шиеттей балалары қайда қалды екен? Олардың болашақ тағдыры не болмақ? Осыны ойлайтын жан бар ма екен?!
– Елу жастың желкенін есерде кейінге тағы бір қарайладыңыз ба? Қай шыңды бағындырып, қай шоқыда ізіңіз қалды екен?
– Қай жасқа келсе де «Мен не бітірдім?» деген сұрақты әркім өзіне қоятыны анық. Ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Бар бітіргеніміз ауылдан Астанаға жеткеніміз шығар. Өлең өлкесінде мақсатым орындалды деп айта алмаймын. Тек жасаған еңбегім арқылы Оралда, Қостанайда ізім қалды. Елорданың қарапайым бір тұрғынымын. Отбасымда балаларым өсіп келеді.
Уақыттың жүйрік екенін ұғындым. Бір кездері «Осы 2000 жылы не болар екен?» деп ойлап жүруші едік. Ол-ол ма, қазір 2016 жылдың да екі айы артта қалды. Бірақ қай қызметте жүрсем де қолымнан қаламым түскен емес. Мақсатым – кейінгі ұрпаққа жауһар жырларымды қалдыру. Қара сөзбен жазып жүрген ойларым да бар. Мақалаларым мен айтар ойы бар адамдармен жүргізген сұхбаттарым да бір төбе.
– Тұлпар боламын деп өсіп келе жатқан жастар бар, олардың шабысына көңіліңіз тола ма?
– Жалғасын тапқан өнер ғана – мәңгілік. Дарынды жастар қай өңірде де бар. Алайда, бәрі жан-жақта шашырап жүр, бірінің дауысын екіншісі естімейді. Тіпті, олардың дауысын мына меңіреу ҚОҒАМ да естімейді. Ендеше, күнделікті тірліктің қамымен жүрген адамдар қайдан естісін? Ең өкініштісі – осы. Жас дарын иесін бағаламаудан өткен немқұрайлылық жоқ! Кезінде Мұқағалиды жоғары жақ мойындамаған ғой. Сонда қайран Мұқаң әр қазақтың баласын тоқтатып алып, өлеңін оқып беріп: «Айтшы, мен осы ақынмын ба?» деп сұрайтын көрінеді. 45 жасында дүниеден озды. Күні кеше туғанына 85 жыл толу мерейтойы аталып өтті. Өмірдің қызығы мен қуанышынан гөрі, азабы мен шыжығын көбірек көрген, жапырақ-жүрегіне қолдау көрсетіп, жанын ұғатын адам іздеген сол Мұқағали бүгінде Алты Алаштың аузынан түспейтін ақынға айналды, жыры халықтың жүрегінде жатталды. Әттең, сол құрметтің бір бөлігін тірі кезінде көрсе ғой деп ойлайсың.
Дамып келе жатқан поэзияның биік талабынан шығып жүрген жастар аз емес. Табиғатпен сырласатын, махаббат толғауларын жазатын, жастық астына жасырған эротикалық жырларын да ұсынатын дауылды, жауынды жас перілер бар. Ақын – ар-намыстың иесі. Ақыны көп ел алға бастайды. Мен жас ақын-жазушылардың қатары көбейе түскеніне қуанамын.
Әрі олар әдеби ортада жиі бас қосып, аға буынның ақжолтай батасы мен бағасын алып отыратын болса, шабыттары шырқау көкке самғайтынына кәміл сенемін! Жазушылар одағы тарапынан қолдау қажет.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Гүлнар ҚАДЫРОВА.