Құлагермен кетуші ем самғап, шауып…

Мұхтархан ҚАЛИҰЛЫ
Тілім менің…
Бақытым да, барым да –
тілім менің,
Тілімменен тірілген жырым менің.
Тілім егер жойылса жер бетінен
Бес тиынға татымас құным менің.
Тілім менің –
жинаған мүлкім, арым,
Мойныма тақтым тілмен
жыр тұмарын.
Тілімменен жайнаймын,
құлпырамын,
Биіктерге жетемін, ұмтыламын.
Тілімменен нұрланып түр-тұрағым,
Тілімменен жарасқан күлкім, әнім.
Тілмен тапқам байлықтың
шын құнарын,
Тілден ғана өр рухты ұғынамын.
Тілімде менің шаттық, бар асылым,
Жақсы сөзім – ырысым,
жарасымым.
Жанға жаққан тілімнің
дауасы мың,
Өрнектелген тіліммен ауа, суым.
Өлең қып төккен тілім дала сырын,
Қуанышын,
шаттығын және ашуын.
Тілім менің биігім, дара шыңым,
Тілім ғой даралатқан Алаш ұлын.
Тілімменен өркенге бата арнағам,
Тілімменен мәтелдеп, мақалдағам.
Осы тілмен құт тілеп ардақты ағам,
Ұланын аттандырған сапарға анам.
Тілмен тілек тілеген атам маған,
Тілді құрмет тұта алмай
жата алмағам.
«Сенің тілің ғажап!» – деп,
жырласа кім
Ат мінгізіп, иығына шапан жабам.
Желге де сыр айтқанмын
кезіп жүрген,
Тасты тілмен жібітіп, езілдіргем.
Ғаламат қуат, күшті тілден алып,
Дәлелдегем қазақ деп өзімді мен.
* * *
Сөйлесе менің тілім – сесім берік,
Алаш тілі, айдында көсіл келіп.
Қалықтап ұш қыран боп аспанымда,
Шарықтай бер даламның
төсін керіп.
Тілім деп жыр толғатам
алқып бүгін,
Тілім, толқыт даламды,
балқыт құмын.
Самала боп арала шуақ шашып,
Тау-тасын, қырат-қырын,
бар түкпірін.
Келтіріп көз алдына бейнені мың,
Қыздыршы, шешен тілім,
ой көрігін.
Есің жи да есірген, есер ғалам,
Менің қазақ тілімде сөйле бүгін!
Сағыныш жыры
Көркіне сұлулығы рең беріп,
Тастағандай төріне кілем керіп.
Таңғажайып таулары, тастары бар,
Тартымды Қарасазға жүрем келіп.
Қарасудай жарысып, озып аққан,
Қарттарым көп әр сөзі –
дара, мақтан.
Қарасаздың төрінде қалған ізім –
Қой қайырып қырқада
қозы баққан.
Қиялымды қияға жалғап шабыт,
Құлагермен кетуші ем
самғап, шауып.
Қарашілік ішінен қоян қуып,
Қарасуға отырдым қармақ салып.
Мұнда өткіздім ғажайып
күннің көбін,
Көкірегіме қонақтап бұлбұл керім…
Қырдың теріп қырмызы
қызғалдағын,
Жырдың тергем жақұттай
бүлдіргенін.
Бүгін тағы сағынып келген едім,
Өтінем орнымды бер, төрден, елім!
Беретінім көп менің саған бүгін,
Алар қуат көзім бар сенде менің!
Жарым көңіл, жабыңқы,
жыры – мұңды,
Елім менің, құшаққа ал
құлыныңды.
Қолтықтап, демеп көрсет
тұғырымды,
Жатсынбай жырақ жүрген
бұл ұлыңды.
Көрмесем де қошамет,
құрмет елден,
Өтті ғажап, шат күндер
гүл көтерген.
Достарыммен қыдырып,
тау аралап,
Сүйіктіммен тау гүлін бірге терген,
Мұнда келсем,
жолығып жастығыммен,
Қуат алып қайтамын құт мекеннен.
Өтті осында ғажайып қаншама күн,
Қарасазым – қастерлім, аңсар әнім!
Сенде іштім сезімнің бал шарабын,
Сеніменен жолықты аңсағаным.
Күз лебі
Жұтайын да сіміріп таудан ауа,
Шашайын деп жыр-шашу
сар далама…
Таңмен тұрып тау-тасты араладым,
Не жетеді тұп-тұнық таңғы ауаға!
Көк төсінде тырналар тізіледі,
Паң даламда есіп тұр күздің лебі.
Аппақ мұнар оранып алып таулар,
Күннің де күреңіткен жүзі-реңі.
Көктемде сағынышпен тосып едік,
Құстар да көбейіпті-ау өсіп-өніп.
Бала қаздар бірге ұшып барады әне,
Қайтқан құстың керуенді
көшіне еріп.
Терезеге қалыпты қырау қатып,
Жел ойнайды ши басын
қылаңдатып.
Естілмейді құстардың әуезді үні,
Тек тырналар қоштасар
тыраулатып.
Таулардың ызғар есіп тұлғасынан,
Қыс қарайды қылаңдап
қыр басынан.
Шұбалаңдап шудадай түтін ұшар,
Қараша үйдің пешінің
мұржасынан.
Есер желдің теректі
жұлмалауы-ай,
Қасқиып қыбыр етпей тұр қарағай.
Қойшы жігіт отарын ойда жатқан,
Қаптатып бара жатыр қырға қарай.
Туған жер әуендері
Мен туған жер –
Қарасаз баурайдағы,
Хантәңірдің гүлденген
таулы аймағы.
Тулап аққан төсінен ән-қайнары,
Жыр мекені –
шынардай шалғайдағы.
Осы бір ел – Қарасаз бөктердегі,
Гүлге оранған қыраты, көк белдері.
Жайнаған жырдың нақыш,
отты өрнегі,
Мен саған келе алмадым
көптен бері.
Хантәңірдің етегін тұман басқан,
Көгінде тырналары тырауласқан.
Елік үркіп, төсінен ұлар қашқан,
Сағым ойнап,
самалмен бұлаңдасқан.
Қия шыңға қарайсың таңдай қағып,
Қасқаяр құз-жартастар айбарланып.
Құйылып алтын сәуле, айдан жарық,
Тұрғандай шұғыламен
жайлау жанып…
Саумал самал соғады желпіп беттен,
Жыл құстарын келіпті ертіп көктем.
Шашырар нұр жағалай толқып көктен –
Әуезіндей жылдардың шертіп кеткен…
Күміс күлкі шашырап бал-бұлақтан,
Көлбеп ұшқан көк тұман тауды жапқан.
Етегі – жаз, басы – қыс, қар құлатқан,
Ғажап өлкем, сені етем мәңгі мақтан.
Күзің, қысың, көктемін, жазың, далам,
Үйреткен ғажайыптың сазын маған.
Қазынаңды қазайын қазылмаған,
Шежіреңді жазайын жазылмаған.
Сен жайлы мен өлеңнен өрейін нұр,
Торғайың боп көмейден төгейін жыр.
Жыр-далаңнан шумақтап терейін гүл,
Шапағатқа жаныңды бөлейін бір.
Келіп тұр кереметтей кез ыңғайлы,
Елге мына етейін сөзімді әйгі.
Өлеңменен өрнектеп, өлкем, сені,
Қуатты жыр жазайын өзің жайлы!
Сөйле, жүрек!
Менің де бір ашылар кезім келді,
Ғаламат ғажаптарды көзім көрді.
Өзгелердің атынан сөйлеп болғам,
Өзімнен бастайын жыр, сөзімді енді.
Мықты ойлар айтпасамда
елге ерекше,
Бәйгеңде шауып көрем
мен бөлекше.
Таранған құйрық жалы
сәйгүліктей,
Дауыл жыр дала төсін
тербе ерекше!
Шапқанда шаңың қалсын
ілесе алмай,
Тұлпарым дүбірлеші, жел боп есте.
Жаңбыр жыр сыр сандықтың
құлпын ашқан,
Нөсерлесін тұманын сілкіп аспан.
Даланы келбеттендір сұрқы қашқан,
Қаланы өрнекке ендір бұлты басқан.
Бақытқа жұрт шаттықты
жол ғып барсын,
Дидарың ажарлансын
сондықтан шын.
Жырға зәру дүние қаталаған,
Шөлін басып, өлеңмен сергіп қалсын.
Таңдантып,тамсандыршы сөздеріңе,
Көрсетіп кереметті көздеріне.
Жарқ еткен жалыныңа жалт қарасын,
Түсінбес түйсіксіздің өздері де.
Жүректер қалсын отты
жырмен жылып,
Құрсанған мұз көңілді жырмен жібіт.
Тарт өзіңнің ғажайып
тылсымыңа,
Суретін сал сезімнің
түрлендіріп.
Қаршығадай қалықта,
самға жырым,
Шарапаттың шаттыққа
жалға нұрын.
Жан гүліндей жадыра, кербез өлең.
Сөйле, жүрек. Құс болып самға бүгін!