СОВЕТТІК ГЕГЕМОНИЯ. ЖОҚ, ҰМЫТУҒА БОЛМАЙДЫ!..
29.05.2023
2599
0

«Егер ХХ ғасырдағы алапат ашар­шылық болмаса, қазақ баласы түркі жұртының ішіндегі саны ең молы, кемі 60-70 миллион қабырғалы ел болар едік…» деген өкінішке толы жолдарды талай мәрте баспасөзден оқыдық. «Алхамдулла, алты миллионбыз!» деп Алашқа жар салып, сүйінші сұраған Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлының қуанышты хабарынан көп өтпей, 1930 жылдардың орта тұсында 2 миллионға жетпейтін қара тұяқ халыққа айналғанымызды қалай ұмыталық!.. Зұлмат жылдардың шежіресін ақтарғанда, төбе шашың тік тұратын оқиғаларды естисің, оқисың. Сондай нәубеттен аман қалғанымызды еске алып, «су ішерлігіміз бар екен ғой…» деп тәубеге де келесің. Украин халқы Голодомор қасіретін геноцид деп бағалап, бүкіл әлемге мойындатты. Ұлы Даладағы ашаршылық – халықтың жартысынан көбі қырғынға ұшыраған алапат жұтты өзге түгіл өзіміз толық түсініп, зерттеп болдық па? Сол зұлмат күндерден қандай сабақ алдық? Бүгінгі жас ұрпақ күні кеше өткен ақтаңдақ тарихымызға неге нарау қарайды? Оларға ашаршылық қасіретін қалай түсіндірген жөн?
Осы және басқа да сұрақтар төңірегінде «Алқа» отырысын ұйымдастырған едік.
«Алқаның» басқосуына тарих ғылымдарының докторы Светлана СМАҒҰЛОВА, дінтанушы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия кафедрасының оқытушысы Ақтөре КӨПБАЙ, филология ғылымдарының PhD докторы Қарлығаш ӘУБӘКІР, тарих ғылымдарының PhD докторы Рауан БАЙДАЛЫ қатысты.

Ашаршылық – тұтас ұлттың трагедиясы

– Қазақ даласында болған алапат ашаршылықты жаңа заман ғалымдары қалай зерттегені жөн?
   С.Смағұлова: – Қазіргі кезде ашар­шылық, қуғын-сүргін мәселелері Қазақстан тарихында ең өзекті тақырыпқа айналып отыр. Ашаршылық нәубетін зерттеу барысы өткен ғасырдың 90-жы­лы­ның басында қолға алынды. Себебі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының шешімімен 1991 жылдың қараша айында 1931-1933 жылдардағы күштеп ұжымдастыру мен аштық жағдайын зерттеу жөнінде комиссия құрылған болатын. Комиссия­ның қорытындысы 1992 жылы «Казахстанская правда» (21 желтоқсанда) мен «Егемен Қазақстан» (23 желтоқсан) газеттерінде жарияланып, 1931-1933 жылдардағы аштықтың шығуына себеп болған кеңестік жүйенің ұр да жық саясаты, байлар мен ауқатты шаруаларды тәркілеу барысындағы зорлық-зомбылық, отырықшыландыру кезіндегі шамадан тыс күштеу, заңсыздыққа қарсы шыққандарды қуғындау екендігі көрсетілді. Бұдан кейін 1993 жылдың 14 сәуірінде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды. Ал 1997 жылдың 31 мамырынан бастап елімізде саяси қуғындалғандарды еске алу күні аталып келеді. Сондықтан ашаршылық пен қуғын-сүргін мәселесін қатар айтып, еске аламыз.
Ашаршылық барысына арналған зерттеулер тәуелсіз ел болғаннан бері жа­зы­лып келе жатыр. Бастапқы уақыттарда осы тақырыпқа қатысты архив құжаттары қолжетімсіз болғандықтан мәселені зерттеуге қиындық туғызғаны да белгілі. Дегенмен біршама жинақтар, әр аймақтарда болған ашаршылықтарға қатысты диссертациялық жұмыстар жазылды.
Соңғы екі жылда аштық мәселесін зерттеу жалпыұлттық деңгейге көтерілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың қарашасында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру турасындағы жарлығынан кейін аштық мәселесін де қарастыру қолға алынып, нәтижесінде бір кездерде қол жетпеген құжаттар іздестіріліп, әр облыстар бойын­ша жинақ болып жарық көрді.
Аштықты зерттегенде елімізде қанша адам осы нәубеттің құрбаны болды, міне, осы мәселеге көңіл аудару керек. Ол үшін толыққанды зерттеу жүргізген абзал. Әр облыстағы ашаршылықтың ерекшеліктерін, оны ауыздықтаудағы жүргізілген түрлі іс-шаралар барысын, ұлт зиялыларының нәубетке қарсы күрес қызметін ашып көрсету керек. Осыдан бірнеше жыл бұрын Президент архивінде «Аштық. kz» деген арнайы сайт ашылып, аштық құрбандарының тізімі жасалына бастаған болатын. Осы жұмысты кең масштабта жүргізген дұрыс. Бұл жерде 1931-1933 жылдар аралығында қайтыс болғандардың аты-жөні енгізілген. Қазақстанда 1921-1922 жылдары аштық құрығына ілігіп, құрбан болғандардың тізімдерін архив құжаттарынан көп кез­дестіреміз. Сондықтан 20-жылдардың басында аштықтан қырылғандардың да аты-жөні енгізілсе дұрыс болар еді.
Соңғы кездерде ғалымдардың ара­сын­да аштықты 1931-1933 жылдардан емес, 1928 жылдан бастау керек деген пікірлер айтылып жүр. Негізінде 1927 жылдан бастап Қазақстанның кейбір аймағында, ауданында жұт болып, ашыққан ауылдар болған. Өлім-жітім тіркелген. Дегенмен оны біз жаппай ашаршылық деп айта алмаймыз. Осындай пікірлердің туындамауы үшін сол айтылған жылдардағы тосын оқиғаларға қатысты терең зерттеулер жүргізілуге тиіс.
А.Көпбай: – Коммунистік революциядан кейін советтік гегемония жасақтаған истеблишмент өмірдің барлық саласында мықтап орнады. Өз еркіміз өз қолымыздан кетіп, салдары бірнеше ұрпаққа жалғасатын, дүниетанымымыз бен ділімізден ажыратуға бағытталған көптеген қитұрқы іс-әрекеттер жасалды. Соның бірі – ашаршылық тақырыбының зерттелуі кешеуілдеп келеді. Президенттің тапсырмасымен 2021 жылы «Ашаршылық. Голод» атты алапат ашаршылықты айқындайтын архив материалдары негізінде құрастырылған ауқымды еңбек жарық көрді.
Ашаршылық мәселесін зерттеудің бірнеше жолы бар. Біріншіден, тарихты архивтік деректер негізінде зерттеу, әсіресе осы ашаршылық мәселесінде өте маңызды. Екіншіден, архивтік деректерді талдау барысында бүгінгі таңдағы әлеуметтік ғылымдарың әдістемесін де қолдану қажет. Себебі совет өкіметінің тұсындағы кез келген құжатты сол қалпында күмәнсіз қабылдауға болмайды. Оны мұқият ой елегінен өткізіп, салдарын саралау қажет.
Қ.Әубәкір: – Ашаршылық – күрделі тақырып! Миллиондаған адамның тағдырын тәрк еткен, тұтас ұлттың болмысын жоюға бағытталған саяси геноцид. Ашаршылықтың құрбаны болған әр адамның тағдыры – тек сол адамның ғана емес, тұтас ұлттың трагедиясы. Сондықтан 2 млн-нан астам адамның өмірін құрбан еткен зұлматты толық зерттелді деп айту қиын. Бірақ М.Қозыбаев, К.Нұрпейісов, М.Тәтімов, Т.Омарбек, т.б. ғалымдардың еңбектері жалпы ашаршылық тақырыбын жүйелеп, бағыт-бағдарын айқындап берді.
Жаңа заман ғалымдары қалай зерттегені жөн дегенде мына мәселеге зер салу қажет деп ойлаймын.
1. Ашаршылыққа қатысты архив материалдарын толық құпиясыздандырып, ғылыми айналымға енгізіп, сараптама жұмысын жасау қажет.
2. Нарративті деректерді фиксация жасап, жазып алып, видеоға түсіріп, жинақтау керек. Яғни, ашаршылықты көзімен көрген жандардың ауызша айтқан дерекқорын жасақтап, жүйелеу керек. Едіге Мағауинның «Сары кітап» еңбегі нарративті деректерге негізделген, алайда еркін форматтағы журналистік сараптамаға ұқсайды. Ғылыми сараптама – үлкен еңбек. Себебі егер тұтас ашаршылық тақырыбын ашатын нарративті талдау жасау қажет болса, әуелі ашаршылық тақырыбын кезеңдерге, географиясына, сандық көрсеткіштер бойынша арнайы индикаторларға бөліп, мәлімет жинақталып, аса үлкен ауқымда зерттеу жұмысы жүргізіледі. Нарративті деректің өзін 2-ге бөлу керек: тікелей нарративті деректер және жанама нарративті деректер деп. Тікелей нарративті дерекке ашаршылықты көзімен көрген көнекөз қариялардың өз аузымен айтқан мәліметтерін жатқызсақ, жанама нарративті деректерге ашаршылық туралы ата-бабасынан естіген ұрпақтарының деректерін жатқызуға болады.
3. Қазақстан аумағында болған ашаршылыққа қатысты ғалымдардың тұжырымдарын жинақтап, жүйелеу қажет. Бұл мәселе бойынша көңілім әлдеқайда риза. Өйткені жас ғалымдардың біршама еңбектерін, конференцияда баяндамаларын естіп, оқып отырамын.
4. Ашаршылық болған ХХ ғасыр басындағы саяси жағдайларға қатысты тұжырымдарды жүйелеу керек. Бұл тұжырымдар тек тарихшылардың көзқарасы тұрғысынан емес, әр түрлі ракурс­тан алынса деген тілек.
5. Қазақстандағы ХХ ғасыр басындағы ашаршылыққа ұқсас голодомор сынды геноцид, этноцид саясаты жүргізілген шетелдік зерттеулерді бір қабат жүйелеп, саралау маңызды.
Осы жоғарыда көрсетілген 5 негізгі тұжырымдарды контент анализ (сандық және сапалық зерттеу тәсілі) негізінде сараптамадан өткізсе, нақты ашаршылыққа қатысты қазіргі заман көзімен қорытынды жасауға болады.
Біздің ең үлкен қателігіміз, кейбір тарихшылар тарихи шындықты айқындау үшін тек қана архив құжаттары ғана негізге алынуы қажет дейді. Бірақ, шындығында, олай емес екенін бәрі біледі. Себебі тарихи құжат – архив деректерінің өзі адам қолымен жасалады. Қағаз адам қолымен жазылатындықтан өз заманының саяси-әлеуметтік бағыт-бағдарына, ұстанымына тәуелді болады. Бұл адам қолымен жазылатын архив материалдары негізсіз деген сөз емес, керісінше, архив материалдары мен адам аузымен таралған тарихи шындық өзара үйлессе, тарихтың шынайы болмысы айқындала түседі деген ой. Аса нәзік әрі кірпияз тақырып болғандықтан, әр ғалымның тұжырымы әр түрлі болуы ықтимал. Алайда әдебиеттанушы болсам да, менің тұжырымым осындай. Осы ретте, қазіргі жас ғалымдар әлемдік ғылымдағы интеграцияға көбірек көңіл бөлсе екен деп айтқым келеді. Қазір микрозерттеулермен қатар макро-интегративті зерттеулерге көбірек көңіл бөліне бастады. Яғни, ашаршылық тақырыбын тек тарихшылар ғана зерттеп айтпауы керек, бұл тақырыпты тарихшылармен қоса саясаттанушылар, әлеуметтанушылар, әдебиеттанушылар, психологтар, экономистер, тілтанушылар, фольклористер мен мәдениеттанушылар, қаласа өнертанушылар мен педагогтар, этнографтар мен антропологтар да зерттеу керек. Сол кезде ғана тұтас ашаршылық дейтін үлкен, аса ауқымды тақырыпты толыққанды зерттелген тақырып деп айтуға болады.
Р.Байдалы: – Ашаршылық тақырыбын зерттегенде, ең алдымен, алапат зұлматқа қатысты ұғымдар мен түсініктерді, әсіресе архивтерде орыс тілінде жазылған атауларды бір ізге түсіріп, нақтылау керек. Сондай-ақ қазақ жерінде ашаршылық құрбандарының санын анықтау өте-мөте маңызды. Әрине мұны толық айқындау қиын. Бірақ барлық зерттеулерді екшей отырып, бір жобаға тоқтағанымыз жөн.

Қазақтың тарихын қазақтан артық ешкім зерттей алмайды

– Соңғы жылдары шетел тарихшы­лары Қазақстандағы ашаршы­лықты, зұлмат жылдарды зерттей бастады. Олардың еңбектерін оқыдыңыздар ма? Олардың зерттеу методтарына көңілдеріңіз тола ма?
Қ.Әубәкір: – Шетелдік ғалымдардың еңбектерін шолып қарап отырғаныммен, толыққанды кім, қалай зерттеп жатқанын талдай алмаймын. Архивте біраз жұмыс істегенім болмаса, өз басым ашаршылық тақырыбын арнайы тереңдете зерттегем жоқ. Бірақ Семейдегі мұрағат қорында ашаршылық кезінде жетім балалардың сатылуы, 10-12 жасар қыз баланың бір тоқтыға сатылғаны, азық-түлікке табылмаған қаржының 8-наурыз мерекесін тойлату мен «қалың мал» дәстүрін жоюға келгенде табыла қалатыны туралы көптеген деректерді оқып, ашаршылықтың аса үлкен ауқымда жан-жақты қолдан жасалған геноцид екендігін түсінгенмін. Десе де зерттеу тақырыбым Жүсіпбек Аймауытұлының аудармалары болғандықтан, ашаршылық тақырыбын жанай өткенім рас.
Ендігі мәселе, шетелдік ғалымдар ашаршылық тақырыбын қалай зерттеп жатыр, көңіліңіз тола ма деген мәнде болып отыр. Бұл сұраққа былай деп жауап берер едім: қазақтың тарихын қазақтан артық ешкім зерттей алмайды, себебі сезіне алмайды. Өзгелер сырттан бақылап, не десе де, қазақ ғалымдарының тұжырымы мұндай нәзік те күрделі мәселеде басты назарда болуы керек. Өйткені қазақтың тарихы да саяси мақсатта пайдаланылуы бек мүмкін. Өз тарихымызды өзімізден артық ешкім зерттеп, ұсынбайды деп білемін. Әсіре секемшіл болуым да мүмкін, бірақ ішкі түйсікте бір күдіктің болуы орынды. Асқар Сүлейменовтің: «Қазақтың қанында 9 грамм қорқыныш бар», – деп айтқанындай, ашаршылық қазақтың ет-сүйегінен өтіп, жанын жаралап кеткен тақырып. Сондықтан бұл тақырыпты зерттеу үшін анық ақыл мен таза жүрек керек. Ашаршылықтың жай ғана саяси геноцид емес, рухани геноцид екенін сезініп, мойындап, енді қайталанбайтындай ой қорытуымыз қажет.
С.Смағұлова: – Қазақстандағы ашаршылық мәселесіне орай жарияланған ғылыми зерттеулердің арасынан Роберт Дэвис, Стивен Уиткрофт, Сара Камерон, Роберт Киндлер және тағы басқаларды атауға болады. Бұл ғалымдардың зерттеулерінде қазақ жеріндегі аштық мәселесі толық қарастырылмаса да алар мәліметтер баршылық. Әсіресе америкалық тарихшы Сара Камеронның «Аштық жайлаған дала. Ашаршылық, озбырлық және Кеңестік Қазақстанды орнату» кітабы халқымыздың басына төнген нәубеттен көп хабар береді. Дегенмен әр халықтың өз менталитеті, көздеген мақсаты, міндеттері бар. Өзге халықтың тарихын толық білу үшін оның тілін, әдет-ғұрып, дәстүрін, ішкі мәдениетін жақсы түсіну қажет. Біздің архивтерге келген шетелдік ғалымдар жергілікті халықтың емес, орыс тілін білгендіктен, орыстық көзқарастарға, пайымдауларға аса көңіл бөледі.
Шетелдік ғалымдар мемлекет тарапынан немесе арнайы қорлардың есебінен қаржы алатындықтан тақырыпты ұзақ мерзімде, әрі бірнеше елдің архивінде отырып зерттеуге мүмкіндіктері бар. Ал бізде ондай мүмкіншіліктер шектеулі. Жоба ретінде ұтып алғанның өзінде оның мерзімі бір, екі немесе үш жылдық. Бөлінген қаржысы да мардымсыз. Шетелге шығып, толыққанды жұмыс істеуге бұл жеткіліксіз. Іссапарға шыққанның өзінде он-он бес күннен артпайды. Оның үстіне, осы бөлінген қаржыға кітап және шетелдік скопус журналына мақала шығару және бар. Толыққанды еңбек жариялау үшін ғалымдарға бөлінетін қаржы мәселесін Ғылым және жоғары білім министрлігі ескеруі, қарастыруы керек.

Көшпенділер ортасында болған ең ірі зұлмат 

А.Көпбай: – Ашаршылықты зерттеген Батыс ғалымдарының көпшілігі аталмыш зұлмат жаппай қырып-жою, дәстүрлі шаруашылықты қирату науқаны ғана емес, сондай-ақ ол ұлттың болмысы мен мінез-құлқын да өзгертіп жібергені жайлы айтады. Табиғи болмысы мен мінез-құлқы өзгеріп, әлеуметтік травма алған ұлттың өзіне деген сенімділігі жоғалып, тұлабойын қорқыныш пен үрей, шарасыздық пен мешеулік билейді. Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың жеке қоры ашаршылық туралы америкалық тарихшы Сара Камеронның қазақ жеріндегі ашаршылық туралы еңбегін қазақ тілінде басып шығарған еді. Еңбек толықтай «Аштық жайлаған дала. Ашаршылық, озбырлық және Кеңестік Қазақстанды орнату» деп аталды. Аталмыш кітабында Сара Камерон  ашаршылықты жай ғана «өтіп кеткен», енді қайталанбайтын құбылыс деп санамайды. Ол бұл әлеуметтік апаттың біздің халқымызға тигізген зардаптарын әлі де зерттеу қажеттігін айта отырып, оны «аяқталмаған жоба» деп сипаттайды. Демек, тарихтан әлі сабақ алып бітпедік. Біз жоғарыда атап өткен бойымыздағы кейбір жағымсыз мінездердің қалыптасуы, көптеген қазақтардың өзін орыс мәдениеті аясында сезінуі – бұл нәубеттің қаншалықты ауыр болғанын білдіреді. Ашаршылық халықты дәстүрлі өмір салтынан айырды, дәстүрлі өмір салтынан айырылған халық өзін жоғалтып дүбәра күйге душар болады. Аталмыш кітаптың 195-бетіндегі: «Алапат ашаршылықтан әзер есін жиған қазақтардың көпшілігі өздерінің дәстүрлі өмір салтының құрдымға кетіп жоқ болғанын сонда ғана білді», – деген сөйлем – осы айтқанымыздың айғағы. Автордың пікірінше, бұл – тарихта көшпенділер арасында болған ең ірі зұлмат. Себебі басқа ашаршылықтардың көбі отырықшы халықтар арасында болған.
Р.Байдалы: – Мен де Сара Камеронның кітабын оқыдым. Сонымен қатар қырғызстандық З.Құрманов пен қарақалпақстандық А.М.Жұмашев сынды ғалымдардың еңбектерін атап айтар едім. Олар архивтерді ақтарып, Қырғызстандағы және Өзбекстандағы аштыққа ұшыраған қазақтар жайын­да мол мәлімет ұсынады. Аштық тақырыбын зерттеушілер олардың еңбегін қарағандары жөн деп ойлаймын.
Мен ашаршылық тақырыбын зерт­теушілер үшін қазақтардың елден тыс жерлерге қоныс аудару және сол елдерде тұру процесін қоса зерттеу мәселесі өзекті деп ойлаймын. Қазақстандағы, сондай-ақ жақын шетелдердегі бірқатар мұрағат қорлары отандық ғалымдар үшін біршама қолжетімді болды, бұл Қазақстандағы және шектес аумақтардағы жаппай аштық тақырыбын ашық та тосын зерттеуге мүмкіндік берді. Бір өкініштісі, ғалымдар үшін қазір Өзбекстан және Түркіменстан Республикаларындағы архив қорларымен жұмыс істеуге рұқсат жоқ. 2007 жылдан бері Өзбекстан Республикасының архивтері Қазақстан ғалымдарын қабылдамайды. Мәселен, өз басым Сыртқы істер министрлігі арқылы қызметтік хаттар жазғаныма бір жылдан асып кетті. Жауап жоқ. Осы түйткілді құзіретті мекемелер шешсе деген тілегім бар. Бұл біз үшін өте қажет.

Тарихтан сабақ алмайынша, өткеннің табы кетпейді

– Алапат жұттың қасіретін ұлт ретінде танып, сабақ алдық па? Бүгінгі жас ұрпаққа аштық тақсыретін түсіндірудің, жеткізудің қандай жолын ұсынған жөн?
А. Көпбай: – Адамзаттың мемлекет, ел болу жолындағы тағдыры сан қилы. Мұндағы бастан өткен тәжірибе аяусыз күрес пен жанталастан құралған. Біздің тарихымыз осындай ауыр құбылыстарға толы. Әрине, бұл оқырманға тарих жайлы аяныш сезімін тудырудан бұрын, өткеннің ақтаңдақтарына жіті зер салуды меңзейді. Себебі тарихтан сабақ алмайынша, өткеннің табы кетпейді. Өткеннің табы дегеніміз – қысқаша айтқанда, отарлықтан қалған күңгірт тұстар мен қайғылы уақиғалар. Бұл біздің санамызға әбден сыналап кіргізілген көптеген комплекстер мен қорланған сезімдерден тұрады. Осы сұрақты қойғанда ХІХ-ХХ ғасырлардағы әлемдік ахуалға мән беруіміз қажет. Бұл кезең негізінен империализм, яки отарлаушылық кезеңі болды. Оның алдында дүниені бөлу және билеу мақсаты тұрды. Отарлаушы мәдениет (егер оны мәдениет деуге болатын болса) жаулап алған халықты саяси, әлеуметтік, идеологиялық, әскери, ғылыми түрде басқаруды көздейді. Біздің жағдайымыз да осы дискурс аясында қарастырылды. Осылайша біздің ел патшалық Ресейді айтпаған күннің өзінде, совет өкіметінің лабараториясының жоспарына айналып шыға келді. Мұндай мәдени көшбасшылық формасын А.Грамши «гегемония» деп атаған. Сөйтіп, советтік гегемония өзінің жоспарын іске асыруға кірісті. Жалпы, біздің мақсат отарлық саясатты талдау емес, оның салдарына мән беру арқылы тарихи сананы қалпына келтіру болмақ.
Қ.Әубәкір: – Өзім зерттеген Жүсіпбек Аймауытұлының «Күштілердің күші» атты тәржімасы бар. Атақты америка жазушысы Джек Лондонның бұл шығармасы «The strange of the strong» деп аталады. Сол әңгімеде аштықтың зардабын шеккен Теке сақал атты қария апта сайын немерелерін жиып алып, тайпасының тарихын айтады. Балаларға аңыз қылады. Ет жегіштер мен балық жегіштердің арасындағы бітпейтін шайқасты баян­дай келе, ұлы жұтқа өз тайпасының неліктен ұшырағанын былай жеткізеді: «Ет жегіштердің барлығы – он кісі. Әрбірінің күші – он кісіге төтеп беретіндей. Неге десең, олар бір кісідей қимылдайды. Олар күшін бір шұқырға жинайды. Біздің алпыс жанды отыз үйіміздің күші бір кісінің күшіндей. Неге десең, әркім жеке-жеке соғысады. Біз көп дауластық. Біздің кеңесіміз қиын болды, өйткені онда бүгінгідей кеңесерлік ТІЛ жоқ еді», – дейді.
Айтсақ та, айтпасақ та, біздің қазіргі ең жанды жарамыз – «тіл» мәселесі. Тіл бірлігі бар жерде кеңес бар. Ал кеңесіп пішкен тонның келте болмайтыны анық! Әуелі тіл мәселесін шешіп алу керек, сонан соң барып тарих, әдебиет, ашаршылық, таным, дін мәселелері біртіндеп шешіле бастайды. Қазақ тілінің түйіні шешілгенде, түсінік те, таным да, қабылдау да өзгереді деген ойдамын.
С.Смағұлова: – Алапат аштық пен жұттың қасіреті, қорқыныш, үрей, ертең жағдай қандай болады деген секем сол кездерде аман қалғандардың санасында ұзақ жылдар сақталды. Ашаршылық жылдарының куәсі болғандармен әңгімелесіп, сұхбат алған кезде құрбан болған ата-анасын, бауырларын, туыс, жақындарын еске алып, көңілдері босап жатады. Қазақтың басынан өткен мұндай жағдайлар қайталанбас үшін өткен тарихтан сабақ алуымыз керек.
Бүгінгі жастарға халықтың басына түскен зұлмат күндер жайында мектепте, жоғары оқу орындарында іс-шаралар өткізу, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Дегенмен қазір электронды заман болғандықтан, жастарымыз интернет жүйесінен бас алмай кетті. Кітап оқу, газет-журнал оқудан қалды. Сол үшін оқу орындарында өткен тарихымызды еске саларлықтай, санада қаларлықтай етіп дәрістер оқу, курстар жүргізу маңызды. Бұл тақырыпты тереңдете оқытса, жастар өзінің өткен тарихының ақтаңдақ беттерін ұғып, Тәуелсіздіктің қадірін жете түсінер еді деп ойлаймын.
Ашаршылыққа қатысты кең тұрғыда деректі, көркем фильмдер түсіру де – өте өзекті. Оның сценарийін жазуға осы тақырыпты жақсы білетін тарихшы мамандар тартылуға тиіс.

Дайындаған
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ,
Мөлдір РАЙЫМБЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір