Тәртіпке бағынған құл болмайды

Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына сапары аясында өңір жұртшылығымен кездесіп, даңқты батыр, ұлт мақтанышы Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеген еді. Биыл туғанына 115 жыл толып отырған батырға көрсетілген құрмет — тарихи әділеттік десек артық айтқанымыз емес. Ресми құжатталмаса да халық ішінде қаһарман атанып кеткен кесек болмысты тұлғаның атын ресми айшықтау арқылы ұрпақ санасы шыңдалады. Тіршілікте тағдырдың сан тарау сынағын бастан өткеріп, өмірін өнегемен өрнектеген батырдың есімі кейінгі буын үшін тәртіп пен тәрбиенің қайнар көзі болып есептелетіні ақиқат. Евразия технико-экономикалық колледжінде «Тәртіпке бағынған құл болмайды» тақырыбындағы іс-шараның өзегі де осы мақсатқа негізделді. «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалы мен ОКЖ қарасты №20 кітапхана бірлесе ұйымдастырған кешке ақынның жерлесі, журналист, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Авангард» поэтикалық жобасының, «JAS» жыр жинағының авторы Арайлы Жақсылық қатысты.
Оқ пен оттың ортасында жүріп те қазақтың қайсар мінезін, ұлттық болмысын көрсете білген батырдың бейнесі спикер тарапынан лайықты дәріптеліп, қайраткерлігі мен әділдігі суреттелді. Арайлы Жақсылық Б.Момышұлы атындағы ауылда өсіп, жетілгенін мақтаныш ете отырып өз өмір жолына әсер еткен тұстарын жеткізді. Елім деген ерлердің есімін ардақтау – кейінгі ұрпаққа артылған аманат әрі жауапкершілік екенін атай келіп, туған жерінің әсерлі естеліктермен, қазіргі көрінісімен бөлісті. Жастардың сұрақтарына жауап беріп, азаматтық көзқарасын білдірді. Кеш мазмұнын өлеңімен әспеттеу де ұмыт қалмады.

Кешке модератор болған «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалының директоры Меруерт Мәулетқызы Бауыржан Момышұлы есімін ұлықтау мұнымен тоқтап қалмайтынын, батыр атамыздың өмірі мен өнегелі істері, ерлігі жайлы мағлұмат беру арқылы жас ұрпақ бойында ұлтжандылық, патриоттық сезімді ояту жалғаса беретінін жеткізді.
Кеш соңында сөз алған оқу орнының ұстазы Шынар Құстайқызы мен ОКЖ қарасты №20 кітапхана меңгерушісі Лаура Мәулітшәріпқызы қонаққа алғысын білдіріп, сый-сыяпат көрсетті. Кездесуге қатысқан жастар бейбіт өмірді сыйлаған батыр аталарының есімін үнемі насихаттап, ұрпақтан ұрпаққа жаңғыртып жүруі керектігін түйсініп тарқасты.
М.Маулина,
журналист

ПІКІРЛЕР1