АРСЫЗДА ӘДІЛДІК БОЛМАЙДЫ
13.02.2025
60
0

Елімізде түрлі деңгейде атақ, сый, марапат берілген сайын былайғы жұрт Абайдың:
«Арсыз болмай атақ жоқ,
Алдамшы болмай бақ қайда?» –
дегенін күрсіне еске алады. Біраз даурығып, бұрын мәдени орда дәліздері мен алаңдарында дабырайтса, қазір әлеумет­тік желіні шулатады. Бірер ай…
Содан соң байқау т.б. қайта айналып келгенше біржола ұмытады. Өйткені, өкінішке қарай, арсыздықтың адамды жеңетін де жері бар.
Әрине, ел ішінде, өз саласында мойындалған азамат­тардың еңбегі еленіп-ескеріліп жатса, ынталандыру шарасының, реті бар рәсімнің рөлі арта бермек. Ал лайықты адам (тұлға) мен құрмет көрсетілуге тұратын туынды табылмауына байланысты жекелеген сыйлықтың, атақтың, марапат­тың берілмегенін немесе ке­йінге шегерілгенін осы күнге де­йін естісек, құлағымыз керең болсын. Бәлкім, нарық жағдайында еңбек өнімділігінің еселеп артпауының, көркем туындылар деңге­йінің әлемдік дәрежеге жетпеуінің бір ұшы осында жатқан шығар. Әйтеуір, тәуелсіз еліміздің тарихында ондай оқиға әзірге тіркелмегені анық.
Сыйлық, атақ, марапат алу үшін араға кісі салу, тамыр-таныстықты пайдалану үрдісі әлі тыйылмай келеді. Өркениет­ті елдердің тәжірибесінде бұл жауапты әрі шетін мәселені түрлі қауымдастықтар, кәсіби әріптестіктер, арнайы қорлар мен клубтар арқылы қоғамның өзі ұтымды ұйымдастырып отырады.
Бізде совет жүйесінен мұра болып қалған тәсілмен, яғни көбінесе лауазым иелеріне, басшыларға тәуелді құрамдағы комиссиялар шешіміне сүйенеді. Субъективті көзқарастарды негізге алудың соңы түрлі алыпқашпа әңгімеге арқау болады. Егер әр салада беделді, жақсы репутациясы сақталған мамандар пікірі ескеріліп, тиісті өлшемшарт­тар айқындалып, әлеумет­тік сұрау салу жолымен ашық түрде талқыға салынса, кез келген ұжымда, ауданда, қалада, облыста сан түрлі марапатқа қатысты әділдік орнату қиынға соқпайды деп санаймыз.
Соңғы кез­де ведомстволық мерейтойлық медальдарды жөн-жосықсыз үлестіру етек ала бастады. Одан бөлек, министрлік, әкімдік тарапынан берілетін мақтау қағаздары мен алғысхат­тары жауыннан ке­йін дүр етіп шығатын көкті еске салады. Әрине, мәселе – олардың көптігінде емес, нақты кімге берілетіндігінде. Адамның дәрежесін еңбегіне, төккен теріне қарай бағалау қажет, бірақ оның қадірін кетіруге болмайды.
Сондай-ақ үміткердің қилы моральдық-психологиялық кінәрат­тарын (сот­тылығын, қоғамда, ортада, отбасыда бейәдеп қылықтарын) ескермейтін марапатқа ұсынушы орындардың, лауазым иелерінің жауапкершілігі де тиісті билік орындары мен қоғам тарапынан қатаң қаралуға тиіс.
Жалпы, «сұраныс бар жерде ұсыныс бар» екені түсінікті. Бүгінде маркетинг заңын жақсы меңгерген көптеген қоғамдық ұйымдар орден, медаль үлестіруде жаппай бәсекеге түскен сыңайлы. Оны дәл қазір рет­темесе, ке­йін кеш болуы да мүмкін. Ең әуелі, олардың сатылымдағы марапаты бағасын көрсетіп, бұқараға ашық жариялауын заңды түрде міндет­теген жөн. Бұл талап қарапайым халықтың алдауға түсіп қалмауы үшін өте маңызды.
Өткен ғасырда, 1949 жылы елдің күш-қуатын нығайтуда сіңірген ерекше еңбегі үшін «СССР құрмет­ті азаматы» атағы белгіленіп, оның атом бомбасын ойлап тапқаны үшін И.Курчатов пен Л.Берияға ғана берілгенін тарихтан білеміз. Одан ке­йін аты дардай атақ ешкімге де табыс етілмеген.
Ал 2016 жылы біздің тәуелсіз елімізде «Қоғамдық марапат­тар мен атақтар» дейтін бір ЖШС «Қазақ­станның құрмет­ті азаматы» орденін шығарып үлестіргені жөнінде әлеумет­тік желіде жазылды. Өтініштері мен қаржылары қабыл болғандарды «Rixos Astana» қонақүйінде қандай құрметке бөлеп, үлде мен бүлдеге орағандарын ақпарат құралдарында жарнамалап жат­ты.
Мұндай іс-әрекетке заңмен тыйым салынғанына қарамастан, көптеген елімізге белгілі азамат­тар салтанат­ты марапат­тау рәсіміне қатысып, кеуделеріне құны 1 миллион 750 мың тұратын орден тақты. Біздіңше, мұндай әдепсіздікке жол бермес үшін мемлекетіміздің абыройына кір келтіретін күмәнді атақты алғандардың атын атап, түсін түстеуді жөн деп таппадық. Қалаған кісі ашық ақпарат көздерінен тауып, таныса алады. Сол кездің өзінде-ақ халық оларға «арсыздар» деген атақты беріп үлгерсе де, қоғам ондайлардың санасын өзгерту оңай емес екенін сезді.
Біздің айтпағымыз: арсыздық, атаққұмарлық – ұлт­тың талғамын, ұстанымын, сана-сезімін, қоғамдық ой-өрісті дамытуға кедергі дерт. Ол қызғанышты, күншілдікті күшейтеді, ашкөздікке, бақталастыққа бастайды.
Шешім бар ма? Бар. Арылудың жалғыз жолы – адал еңбекті әділ бағалау ғана. Бұл – қоғамның таза адамдарға артып отырған аманаты, сенімі. Мұны аузы дуалы, сөзі куәлі Құнанбай қажыдан қалған мына сөз дәйектей түскендей:
«Көптен ажал да жасқанар,
Адалдан арам да жасқанар».
Талғам мен талап бала жастан, мектептен қалыптасады. Біз қызмет сапасының, адамшылықтың өлшемі – мақтау қағаздары, орден-медальдар, төсбелгілер немесе жалаң рейтинг дей алмаймыз. Оның қалай өтіп жатқанын жоғарыда тұспалдадық. Сондықтан жалпақшешейлік пен атаққұмарлық түбі адамның өзін немесе қоғамды жарға жығады. Әділет­ті Қазақ­станда осының өзекті мәселе екені күн тәртібіне шығып тұр. Оны шешу үшін қоғам ақыл мен парасат, тәртіп пен қағидат күшін біріктіруі қажет.

 

«ҚҰР АЛАҚАН» ЕСКЕРТКІШІ

Доха қаласында құр алақанға қойылған ескерткіш тұр. Есіме бірден жарты әлемді билеген Ескендір Зұлқарнайынның сыр ашқаны түсті:
– Ей, жарандар, мен дүниенiң жартысын жаулап, алтыннан тау тұрғызсам да, о дүниеге ештеңе алып бара жатқан жоқпын. Мiне, қараңдар! — деп алақан ашып көрсеткенi екен.
Қайран дүние, тiршiлiкте кiм тойған…» деп, оқырманға ой тастап кеткен еді қайран Шерхан Мұртаза.
…Адамның қолында көп мән бар-ау. Тағы да сол саусақтары ашылған алақан – жемқорлықпен күресте аса үздік жетістіктері үшін жыл сайын берілетін халықаралық сыйлықтың символы. Ескерткіштің авторы ирандық суретші әрі мүсінші Ахмед әл-Бахрани қазір Катар астанасында тұрады. Оның айтуынша, ескерткіштің әрбір бөлігі әлем елдерін білдірсе, ондағы үшбұрыштар тазалықты бейнелейді екен.

Ерекше сыйлықты 2016 жылы Катар әмірі, шейх Тамим бин Хамад әл-Танидің жеке өзі тағайындаған. Біріккен Ұлттар Ұйымы Басқармасының үйлестіруі арқылы берілетін аталмыш марапатқа жемқорлықпен күресті ғаламдық деңгейде жүзеге асыруға атсалысып жүрген ұйымдар, көрнекті қоғам қайраткерлері, сарапшылар мен журналшылар ие болды. Ал тапсыру салтанаты осыған де­йін төрт құрлықтағы алты елде – Аустрияда, Швейцарияда, Малайзияда, Руандада, Тунисте, Катарда және Өзбекстанда жоғары дәрежеде өткен.
Сондай-ақ сыйлықтың салалық категориялары да бар. Мәселен, «Өмір немесе жемқорлықпен күрестегі аса үздік жетістіктер», «Жемқорлыққа қарсы ғылыми зерттеулер мен білім беретін материалдар», «Жастар шығармашылығы мен олардың жемқорлыққа қарсы күреске қатысуы», «Инновациялар немесе журналистік зерттеу» және «Спортты жемқорлықтан қорғау» сияқты аталымдары елімізде жылдар бойы жемқорлықпен күресіп жүрген белсенді азаматтарға ой салатыны сөзсіз.
Жемқорлықпен күреске және заң үстемдігіне қатысты әдістемелік, заңнамалық негіз жасауға ықпал ете алатын әдеби, ғылыми, зерттеушілік орта құру арқылы әлемнің назарын аударып отырған сыйлықтың берері мол әрі беделі де артып келеді. Ол жеке тұлғалардың үздіксіз азаматтық ұстанымын, жанқиярлық іс-қимылын, күш-жігерін тек өз қоғамында, елінде ғана емес, аймақтық, әлемдік деңгейде көрсетуге ынталандырады.
Әрине, мәселе ескерткіште емес, кез келген жерде, үйде, түзде жемқорлық пиғылға тойтарыс беретін қасиет адамның жүрегінде, санасында болуға тиіс деп ойлаймыз. Қоғамның дамуын тежеп, кері тартатын құбылысқа төзбеушілікті қалыптастыру ісін сөзбұйдаға салуға болмас. Өркениетті елдердің осы бағыттағы тәжірибесін батыл енгізу керек. Сананы халық қолдайтын шешімдер мен батыл қадамдар ғана өзгертеді. Ал заң мен тәртіп әділетті мемлекеттің басты ұстанымы болып қала береді.

 

 

 

Дархан МЫҢБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір