Жүзден жүйрік Жүргенов академиясы
07.06.2024
226
0

2024 жылдың мамыр айының 20-23 күндері Әзербайжан Республикасының астанасы Баку қаласында түркі халықтары мәдениетінің ортақ алаңы –ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының қолдауымен «Түркі дүниесі» ат­ты ІІ еларалық студент­тік театр фестивалі болып өт­ті. Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы және Қазақ­станның мәдениет пен өнер бағытында білім беретін жоғары оқу орындары студент­терінің үздік қойылымдары бақ сынасқан бұл байқауда Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясы театр өнері факультетінің 3 курс студент­тері Гарсиа Лорканың «Бернарда Альбаның үйі» драмасымен бас жүлдені жеңіп алды.

Күн санап құбылған мына алмағайып заманда түркітілдес халықтардың тізе қосып, ауызбіршілікте дәурен кешуі – күн тәртібіндегі маңызды мәселе. Бауырлас халықтардың ынтымық-бірлігі, мәдени-гуманитарлық және ғылым мен білім беру салаларында ортақ шараларды атқаруы – барша түркітілдес елдер үшін игілікті іс, болашақ алдындағы қасиет­ті мақсат. Осындай мүдделі міндет­ті жауапкершілікпен атқаруды қолға алған ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы 2023 жылы мәдениет пен өнер бағытындағы ЖОО ректорларының басын қосып, өзара ынтымақтастықты нығайту үшін «Түркі дүниесі» ат­ты театр фестивалін өткізуге уағдаласқан. Аталған жылы алғашқы фестиваль Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында сән-салтанатымен өткен еді. 2024 жылы фестиваль алауы Баку шаһарындағы Әзербайжан мемлекет­тік мәдениет және өнер университетінде жанып, қатысушылардың жүрегін жылуға бөледі. Қазақ­станның атынан Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясының ректоры Арман Жүдебаев бастаған делегация бұл байқауға арнайы шақыртумен барып қатысты.
«Түркі дүниесі» ат­ты ІІ халықаралық студент­тік театр фестивалінің ашылуы аталмыш білім ордасында ЖОО ректорлары мен қатысушылардың шеруімен басталды. Әзербайжан мемлекет­тік мәдениет және өнер университетінің ректоры Жейран Махмудова ханым барлық қатысушыларды мерекемен құт­тықтап, сәт­тіліктер тіледі. Фестивальдің ашылу салтанатынан ке­йін университет­тің оқу залында қарсы алушы ЖОО-ның 4-курс «драма және кино актері» бөлімінің студент­тері танымал түрік жазушы-драматургы әрі сценаристі Садыг Шендилдің «Қанды Нигяр» ат­ты мұңды комедиясын көрсет­ті. Қым-қуыт, қарқынды дамитын көңілді оқиға студент­тердің сахналық зе­йінін, серіктестермен қарым-қатынас түзу, «ұсынылған тосын жағдайда» өмір сүру және күрделі қалып-қозғалыстарды (лацци, трюк) меңгеруіне бағыт­талған. Техникалық тұрғыда жақсы орындалған іс-әрекет­тер тартымды болғанымен орындаушылардың өз бейнелерін жеткілікті, мейлінше тереңдікпен кескіндей алмағаны анық байқалды. Осыларды ескеріп, қазылар алқасы бұл спектакль «Үздік актерлік ансамбль» аталымына лайықты деп шешті.
Осы күні кешке Әзербайжанның мемлекет­тік академиялық музыкалық театрында «Түркі дүниесі» ат­ты ІІ халық­аралық студент­тік театр фестивалінің ресми ашылу салтанат­ы өт­ті. Байқауға қатысушы елдердің ұлт­тық әндері мен билерінен құрылған концерт­тік бағдарламада түркітілдес халықтардың ортақ тұлғасы – Қорқыт бабамыз бен тарихи тұлғаларымыз, хандар мен батырлардың бейнесі көрсетіліп, өткен күннен бүгінгі таңға де­йін желісі үзілмеген рухани байланысты өнер тілімен жеткізіп берді. Кештің негізгі идеясы түркітілдес халықтардың шежіресі – ортақ, тілі мен ділі, мәдениеті мен өнері – үндес, сондықтан ауызбіршілігі жарасқан бауырлық қатынастарды өскелең ұрпақ та сақтап, ары қарай да дамыта білсін деген өзекті ойды меңзейді.
Екінші күні Түркиядан келген Анкара мемлекет­тік консерваториясының білім алушылары Ж.Тардиенің «Le Guichet» («Билет кассасы») ат­ты абсурдтық драмасын көрсет­ті. Спектакль абсурд эстетикасында емес, психологиялық театр үрдісінде жасалған. Ойыншылар абсурдтық оқиғаны психологиялық дискурста орындағандықтан форма мен мазмұнның кереғарлығы қат­ты байқалды. Алайда жас актерлердің қызу эмоциясы, өз кейіпкерінің жан дүниесін жеткізудегі шеберліктері кемел. Екі актер бір сағатқа жуық көрерменнің назарын мықтап ұстап, жалықпауына барлық күш-жігерін арнады. Сондықтан қазылар алқасы бұл қойылымға «Үздік актерлік дуэт» аталымын берді.
Күн сәулелі Өзбекстаннан келген мемлекет­тік мәдениет және өнер институтының студент­тері Әзербайжанның классик драматургы У.Гаджибековтың «Аршын мал алан» лирикалық комедиясын көрсет­ті. Әзербайжандықтардың ұлт­тық брендіне айналған бұл туынды кез келген сахнаның ажарын кіргізері сөзсіз. Құлақ құрышыңды қандырар сызылған әсем әуен, лирикаға толы қоңыр үн жүректі еріксіз баурайды. Жастардың ыстық сезім, балғын махаббатына негізделген хикаяны өзбек ойыншылары өздерінің ұлт­тық фольклорлық-алаңдық формада шешкен. Спектакльге арнайы тігілген костюмдері көздің жауын алады, сахнаның безендірілуі де актерлердің қимыл-қозғалысына икемделген. Бастысы, спектакльде кесек-кесек актерлік бейнелер келісті шыққан. Өзбектің ұлт­тық колориті кейіпкерлер бойынан көп табылады. Атап айт­қанда, Сұлтанбей рөліндегі Бафойев Асылбек, Телли рөліндегі Дилнора Еримматова ойынындағы комедиялық буффонадалар тамашалаушыларға емін-жарқын күлкі сыйлады. Алайда музыкалық-вокалдық партиялар жанды дауыспен емес, фонограмманың көмегімен орындалғандықтан спектакль діт­теген мақсатына жете алмады. Сол себепті, спектакльге «Сахналық дәстүрлерді сақтағаны үшін» аталымы лайықты деп танылды.
Үшінші күні Т.Абдумомынов атындағы Қырғыз ұлт­тық академиялық драма театры жанындағы театр училищесінің 3-курс студент­тері көпшілікке кеңінен танымал Ш.Айтматовтың «Ерте келген тырналар» деген шығармасының негізінде осы ат­тас театрлық дискурсын көрсет­ті. Білім алушылардың «бес сезім» элемент­тері мен сахналық серіктестікке баулуға машықтандыратын бұл қойылым жаңаша театрлық форманы меңгеруге деген ізденісімен қызықтырғанын атап айтуымыз керек. Әдеби түпнұсқада сомдалатын кәмелетке жетпеген 13-14 жастағы балалардың бейнесін училище студент­тері еш жасандылықсыз ойнап берді. Біріншіден, кейіпкерлер мен оларды орындайтын актерлердің жас мөлшерінің сәйкес келуі ұтымды болса, екіншіден, қойылымның формасы психологиялық емес, ойындық театр (тоталдық театр) түрінде сахналануы орындаушыларға оқиғаны бейвербалды іс-әрекетпен жеткізуге мүмкіндік жасаған. Спектакльде сценография да, музыкалық сүйемелдеу де қолданылмайды. Барлығын орындаушылар өздері жасайды. Мәселен, бет­ті қарыған суық аяздың уілдегені, бірде жылқы тұяғының дыбысы, бірде жастардың шырқаған әні, т.б. естіледі. Бір оқиғадан екіншісіне қисынды ауысуы қойылымды қарапайым әрі қабылдауға ыңғайлы етеді. Актерлердің психофизикалық бар мүмкіндігін көрсетуге бағыт­талған қойылым көркемдік тұтастығымен көз тартады. Ұлы Отан соғысында майданға кеткен әкелері мен ағаларының орнын басқан балаң қыздар мен бозөкпе өрендердің ауылдың ауыр тіршілігіне араласуы, алғашқы махаббат сезімі мен туғанынан айырылу күйініштерін жеткізген бұл драма фестивальдің барлық талаптарына сай келетінін байқат­ты. Осыны ескеріп, қазылар алқасы училище студент­теріне арналған «Үздік қойылым» аталымын ұсынды.
Фестивальдің ең соңғы қойылымы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясы театр өнері факультетінің «драма театры және кино артисі» бөлімінің 3-курс білім алушылары ұсынған Г.Лорканың «Бернарда Альбаның үйі» драмасы болды. Әйел тақырыбын арқау еткен бұл спектакль шынайы еркіндік пен асыл махаббат­ты аңсаған қыздардың хикаясын баяндап, адуын ананың аяусыз алақанынан босанудың жолын іздеген жастардың бейнелерін жеткізеді. Ескі мен жаңаның бітіспес күресіне құрылған драмада мықты актерлік ансамбль түзілген. Актриса қыздарымыз бірін-бірі толықтырып, кейіп­керлерін динамикалық даму үстінде аша білді. Орындаушылардың әр көрініс сайын сан құбылған ойын өрнегі тамашалаушылардың назарын уысында ұстап отырды. Көрермен сахналық қойылымды сілтідей тынып, қыбырсыз бақылады. Аделанның өлімі сахнасы және финалдық шешім көрерменді дүр сілкіндірді. Халық сахнагерлеріміздің өнерін жоғары бағалап, қолдары талғанша шапалақ ұрып, орындарынан тұра қошемет білдірді. Осылайша, жоғары деңгейде қойылым түзген өнерпаздарымыз университет­тер арасындағы конкурста гран-При, яғни бас жүлдені жеңіп алды. Қазылар алқасы жас актрисаларымыздың кәсіби шеберлігі жоғары екенін атап айт­ты.
Көрсетілімдердің арасында студент­терге арналған шеберлік сыныптары өткізіліп, оқытушылар мен білім алушылардың өзара тәжірибе алмасуына мол жағдайлар жасалды. Фестиваль аясында ұйымдастырылған ЖОО ректорларының кеңесінде болашақтағы білім беру бағытында жасалатын жоспарлар мен идеялар ортаға салынды. Шығармашылық жобалар, бірлескен оқу бағдарламалары, қос дипломды білім беру бағдарламалары, студент­тер мен оқытушылардың академиялық байланыстарын нығайту бойынша іс-шаралардың жоспарлары межеленді. Бастысы, келесі 2025 жылы «Түркі дүниесі» студент­тік театр фестивалінің ІІІ маусымы Алматы шаһарында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясында өткізілетіні айтылды. Сондықтан халықаралық театр байқауының жоғары деңгейде өтуіне даярлықтарды бастап кету көзделіп отыр.
Сөз соңында, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының қолдауымен өткізіліп жатқан бұл іс-шара аса маңызды шығармашылық алаң екенін баса айтамыз. Осындай бірегей жобаны жүзеге асырған ТҮРКСОЙ ұйымы мен Әзербайжан мемлекет­тік мәдениет және өнер университетінің басшылығына, профессорлық-оқытушылық құрамына, білім алушыларына айтар алғысымыз шексіз.

Меруерт Жақсылықова,
театртанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір