«АРҚАНЫ КЕҢГЕ САЛУҒА БОЛМАЙДЫ!»
10.09.2024
538
0

2 қыркүйекте Қазақ­стан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында, «Әділет­ті Қазақ­стан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» ат­ты Қазақ­стан халқына арнаған Жолдауын жариялады. Жолдауда көтерілген басты тақырыптар туралы Қазақ­стан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, жазушы Мереке Құлкенов пен журналист, қоғам қайраткері Әміржан Қосановтың кезекті диалогін ұсынамыз.

Жолдаудың жаңашылдығы

Мереке Құлкенов:
– Әміржан, Президентіміздің осы жылғы Жолдау­ынан өз басым, бір жаңалықты көргендей болдым. Оның мәнісі мынада: отыз жыл бойына қордаланып қалған әлеумет­тік-экономикалық мәселелерді шешудің жаңаша, заман талабына сай оңтайлы жолдары нақты түрде атала бастағандай.
Мемлекет басшысы жыл сайын халыққа екі рет маңызды Жолдау жасайтыны жақсы үрдіске айналып келеді. Оның бірі – жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауы да, екіншісі – Ұлт­тық құрылтайда сөйлейтін сөзі. Біріншісінде Мемлекет басшысы алда қолға алынуға тиіс экономикалық мәселелер мен халықтың әлеумет­тік жағдайын жақсарту жолындағы күрделі проблемаларды шешу тетіктерін жан-жақты қарастырса, Ұлт­тық құрылтайда ұлт­тық идеологиямыздағы күрмеуі көп мәселелерге тоқталады. Сондықтан мына 2 қыркүйек­тегі Жолдауында Мемлекет басшысы біздің әлеумет­тік дамуымыздың басты бағыты: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм мәселелеріне кеңінен тоқталып, болашақта қай бағыт­та жұмыс істеуіміз керегін мейлінше терең талдады. Шынын айтқанда, отыз жыл бойына қордаланып қалған әлеумет­тік-экономикалық мәселелерді шешудің жаңаша заман талабына сай оңтайлы жолдары нақты түрде айтыла бастады десек, қателеспейміз. Адалын айтуымыз керек, ел бірлігіне іріткі салғысы келетін кейбір арам ойлы адамдар, «соңғы жылдары халықтың әлеумет­тік жағдайын көтеру жолында мемлекет ештеңе бітіріп отырған жоқ» деген жалған пікір таратуға тырысуда. Алайда Мемлекет басшысының аузымен айтсақ, «Әлеумет­тік салаға, әсіресе балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлінді. Ұлт­тық қордан балалардың есепшотына қаржы аударуға қатысты заң қабылданды. Балаларды құмар ойынына тартқандар әкімшілік заң бойынша жазаға тартылатын болды. Кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін берілетін жаза қатайды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстың алдын алуға арналған заң қабылданды». Әміржан, тек қана балалар құқын қорғау­ға арналған бұндай заңдар шоғыры бұрын-соңды болып па еді?!
Біз, барша халық, Мемлекет­тің тарапынан жасалған игі шараларды қолдап отыруымыз керек қой деп ойлаймын. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын үнемі айтып отыратыны да бекерден бекер емес.

Әміржан Қосанов:
– Иә, сіз атаған ерекшелікті мен де сезгендеймін. Бізде көп адам жыл сайынғы Жолдаудың жанрын түсіне бермейтін сықылды: ол – мемлекет­тік саясат­тың басты бағыт­тарын шектелген уақытқа ғана анықтау, одан да ұзақ мерзімді, кешенді әрі терең стратегиялық бағдарламалар да айтылып жатыр ғой.
Бұл жолғы ең бастысы сол, дәл осы кезеңде өзекті тақырыптар қозғалып, шешімін табуы тиіс экономикалық проблемалар нақты аталды және оларды шешу жолдары белгіленді. Президент­тің де өз командасына әлі де көңілі толмайтыны сезіліп тұрды. Мемлекет басшысының үкімет­тің, әкімдердің жұмысындағы олқылықтарды, соның ішінде, қаржы саласындағы кемшіліктерді атап өткені дұрыс болды.
Бірақ осындай сын жыл сайын айтылады, алайда одан сабақ алып жатқандар аз-ау деймін. Сол себепті, меніңше, Президент­тің жыл сайынғы Жолдауының алдында Парламент­те, Үкімет­те, басқа да конституциялық органдарда өткен жылғы Жолдаудың орындалуы туралы жария түрде есеп беріліп тұру үрдісі орнықса, нұр үстіне нұр болар еді. Сол кезде кімнің кім екені тайға таңба басқандай көрінер еді.
Сондай-ақ сол есептердің қорытындысы бойынша, Президент өз Жолдауында озат­тарды бір мақтап, қолдап қойып, қолынан іс келмегендерді бір түйреп өтсе, сын да, мін де түзелер еді. Бірақ оған әлі де тағынан тая қоймаған әрі бір-бірінің көзін шұқи қоймайтын бюрократиялық аппарат қарсы болатын жағы тағы бар. Паркинсон заңдарына сай жұмыс істейтін сол аппарат талай басшының түбіне жеткен де. Әр министр, не әкім Президентке өз қызметінің жақсылығын асырып, жамандығын жасырып есеп беретінін ескерсек, мұндай жаңа механизмдер, соның ішінде, қоғамдық ұйымдардың, азамат­тық қоғам өкілдерінің жан-жақты бағасына сүйену өте-мөте маңызды. Айтпақшы, жауапкершілік пен сынды тілге тиек етсек, мені бір сұрақ мазалайды. Билік тармақтары ішінде неге Парламент әңгімеден тыс қалады? Әлде бізде қабылданып жатқан заңдардың бәрі мінсіз және олардың орындалуын бақылау ісі ойдағыдай боп жатыр ма? Депутат­тардың да атқарушы билік секілді ел алдында есеп беру үрдісін нақтылай түсу керек сияқты. Әйтпесе олардың ішінде де популистер көбейіп барады.
Мереке Құлкенов:
– Жыл сайынғы Жолдауда көтерілетін өзекті проблемалардың орындалуына жауапты органдар жария түрде болмағанмен, Президент алдында есеп беріп отыратынына мен өз басым күмән келтірмеймін. Алайда Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауында көтерілген мәселелердің дер кезінде орындалып жатқанын халық біліп отырғаны абзал.

Салық пен субсидияның да сұрауы бар

Мереке Құлкенов:
– Ал, енді, еліміздегі Салық комитетінің жұмысына келсек, мұнда да былық көп. Осыдан 30 жыл бұрын жазылған Салық кодексі – қарапайым халықты тыпыр еткізбей ұстап отыру үшін жазылған қатаң заң. Айталық, белгілі бір орта бизнес өкілі салық комитетіне екі теңге қарыз болып қалса, оның есепшоты бірден бұғат­талады да, белгілі бір мөлшерде айыппұл төлегеннен кейін қайта ашылады. Бұл дегеніңіз – халықты қанаудың ең сорақы әдісі. Президент осындай келеңсіздікті болдырмау­дың нақты жолдарын айтып отыр. Мына мәселеге назар аударайықшы, – еліміздегі барша шағын және орта бизнес өкілдерінің барлығы дерлік қосымша құн салығын төлейді. Дұрыс делік, алайда сол өзі өндіріп отырған тауардың жыл сайын өсіп отыратын материалдық шығынын кім ескереді? Мысалы, кітап өндірісі саласында қазақ­стандық баспагерлер кітапқа қажет материалдардың (қағаз, бояу және т.б.) бәрін сырт­тан сатып алады. Ал бұл материалдардың бағасы күн сайын көтеріліп жатыр, шығын көп, бірақ бұл қосымша құн салығына келгенде, ескерілмейді. Жаңа Салық кодексі қабылданғанда, осындай маңызды мәселелер ескерілуі керек деп ойлаймын. Президент өз Жолдауында: «Арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санат­та жоқ екенін анықтады», – деп атап көрсет­ті. Демек, мемлекет­тік субсидия алу жолында да, сыбайлас жемқорлықтың айы оңынан туып тұрғанына қалай өкінбейміз!
Әміржан Қосанов:
– Сіз Салық кодексі жайында айтып отырсыз. Жекелеген ұсыныстар дұрыс, алайда баршаны толғандырған салық мәселесіне кешенді көзқарас керек. Салық кодексін жетілдіру мәселесін келесі жылға шегеріп қоюда да үлкен саяси мәселе жатыр. Ол тек қана қатардағы салық төлеуші мен фискалды органдар арасындағы мүдделердің тоқтамайтын тартысы ғана емес. Оның бір себебі экономиканың сүбелі салаларын иеленіп, жерасты байлығын сатып жатқан ірі кәсіпорындардың лоббиі – өліспей, беріспей жатуында деп білемін. Бір түйткіл бар осы жерде: кешегі ескі қазақ­стандық қожайындар шынымен кет­ті ме, кетпеді ме? Әлде тек қана формальды қожайындар ауысып, түпкілікті бенефициары боп ескілер қалды ма? Кетсе, орнына кімдер келіп жатыр? Неге халық оларды білмейді? Неге халықтың игілігі саналатын салалар мен кәсіпорындарға басшылыққа келіп жатқандардың кандидатуралары сол парламент­те талқыланбайды?

Бюджет­тегі былықтар мен банктердің берекесіздігі

Әміржан Қосанов:
– Бұл Жолдауда Президент ескі Қазақ­стан тұсында өздерін «қасиет­ті сиырлар» секілді сезініп келген банктерге де шүйлікті ғой. Оның сөзі банктерге әбден кіріптар боп қалған көпшіліктің көңілінен шыққан сияқты ма, қалай?

Мереке Құлкенов:
– Иә, биылғы Жолдаудағы басты мәселе – еліміздің банктері мен салық мекемелеріне нақты әрі әділ баға берілу. Меніңше, Президент салық жүйесі мен банктерді реформалауды мықтап қолға алғаны абзал сияқты.
Әйтпесе, Қазақ­стан банктері өз алдына бір мемлекет қой. Қарапайым халық аса жоғары мөлшерлемемен несие алу арқылы уақыт өте келе жаңағы өзіне несие берген банктің құлына айналады. Басқаша айтқанда, несие алушының құқығы заң жүзінде қорғалмағандықтан, қашан да банктікі дұрыс болып шығады. Еліміздің банктері туралы заң халықтың талқылауынан өтіп, білікті мамандардың қолымен жазылуы тиіс.
Әміржан, отыз жыл бойына тамыры тереңге кеткен бюджет­тегі былықтар мен жеке адамдардың мүддесіне қызмет еткен банктердегі берекесіздіктер бірте-бірте азайып, мүлдем жойылуға тиіс. Оған нақты алғышарт­тар жасалуда деп ойлаймын.

АЭС салуда ақ пен қараны ажырату

Мереке Құлкенов:
– Халықтың қолдауын күтіп тұрған тағы бір өзекті мәселе – елімізде атом электр стансысын салу. Халықтың шешімі қабылданатын жалпыұлт­тық референдум 6 қазанда өтеді. Халқымыздың жарқын болашағы үшін жасалып жатқан игі қадамды бәріміз қолдауға тиіспіз. Ал, енді осынау күрделі құрылыстың қалай қолға алынатынын, кім салатынын, болашақ мамандарды оқыту сияқты күрделі мәселелерді бақылап отыру үшін ғалымдардан, мамандардан, қарапайым халықтан іріктелген арнайы тәуелсіз комиссия құрылғаны жөн сияқты.
Әміржан Қосанов:
– Алайда бір байқағаным, биліктің өз ішінде АЭС салуға қатысты бірегей пікір қалыптаспаған сықылды. Ондай ұстаным бар болса да, көпшілік оны сезбейді. Тиісті түсіндіру жұмыстары ақсап тұр.
Семей атом полигонының зардабын шеккен біздің қоғамда, белгілі бір фобия бар екені рас. Алайда фобиялар мәңгілік емес қой. Өз дамуында адамзат талай фобиядан табиғи жолмен арылды емес пе? Тиісті жұмыс жасалса, көп жағдайда ел дамуына кедергі болатын әсіре қорқыныштарды да еңсеруге болады.
Өз басым, АЭС салу идеясына қарсылардың біразы, оның құрылысын Ресеймен байланыстырғаны үшін ғана қолдамай отыр деп ойлаймын. Әзірше төрт мемлекет­тің аты аталуда. Бәлкім, осы жағын анықтап алғанда, бұл ұсынысты қолдаушылар қатары көбейе түсер ме еді, қалай?

Аймақтардағы ахуалға алаңдау

Әміржан Қосанов:
– Мәке, Жолдауда президент аймақ басшыларының жауапкершілігі туралы жаңаша ойлар айт­ты. Өзіңіз облыстарға жиі шығып жүрсіз, сол жақтың өмірімен жіті таныссыз. Әкімдердің жұмысына, соның ішінде, президент айтқан жайт­тарға қатысты не айтар едіңіз?
Мереке Құлкенов:
– Көктемдегі алапат су тасқыны өңір әкімдерін абдыратып тастады. Олардың табиғи апатқа қарсы тұруға мүлде дайын емес екенін айқын көрсет­ті. Егер жергілікті халықтың жанкештілігі мен бірлігі болмағанда, әкімдердің не істерлерін бір Құдай білуші еді. Әміржан, шынымды айтсам, облыс әкімдерінің халықпен қарым-қатынасы маған мүлде ұнамайды. Әрқайсысы өзін жергілікті Құдай жасап алған. Соның салдарынан әкімдікте бюрократия белең алып барады. Менің жеке пікірім, Үкімет пен әкімдікке үлкен әкімшілік реформа қажет-ақ. Халықпен тікелей байланысып, қоян-қолтық жұмыс істеудің жолдарын қарастырудың уақыты әлдеқашан жет­ті.

Әміржан Қосанов:
– Әкімдер – президент­тің өңірлердегі тікелей өкілдері. Астанадағы президентін ел күнделікті өмірде көре бермейді. Ал облыс не қала, аудан әкімі, міне, көпшіліктің көз алдында. Сондықтан солардың қызметіне, сөздері мен қимыл-әрекетіне, керек десеңіз, жүріс-тұрысы, тұрмысына, киген киімі мен мінген көлігіне қарап, жұрт жалпы билік жүйесі, соның ішінде, оларды тікелей тағайындап отырған президент­тің өзі туралы ой түзеді. Шынын айту керек, әкімдердің бәрі сол талап пен сенім үдесінен шығып жатыр деу артықтау болар. Мәселен, ескі Қазақ­стан тұсында әкім мен министрлердің белгілі бір қиын шешімге қатысты жауапкершілікті жоғары жаққа ысыра салатын әдеті болды емес пе? Байқаймын, жаңа Қазақ­стан шенділері де сол сыртқат­тан толығымен айыға қоймаған секілді. Президент те соны сезіп отырған сияқты. Сондықтан да өз Жолдауында оларға деген талапты күрт күшейтіп отыр.
Сол себепті әкімдердің қызметіне баға беру критерийлерін жаңарту бастамасын қолдаймын. Әйтпесе, алдымен пиарға, мемлекет­тік органның емес, өзінің жекебасын жарнамалауға мән берген әкімдер қолдан жасалған (көп жағдайда ақылы!) рейтингсымақтарда оза шауып жүргенін көріп жүрміз. Ал өзінің жеке имиджін емес, ортақ істің нәтижелігі мен тиімділігін көбірек ойлайтын нағыз іскер басшылар көзге түсе бермейді. Бас билік сол жағын да біліп отыруы тиіс деп ойлаймын.
Сонымен бірге, өкінішке қарай, кадрлардың, соның ішінде жоғары лауазымды шенділердің жиі ауысуы жаңа Қазақ­станның бір теріс мәнді символына айналған сияқты: күні кеше тағайындалған министрлер орнынан кетіп жатыр. Олардың не үшін қызмет­тен босағанын елге түсіндіріп жатқан ешкім жоқ. Өз басым, мұның бәрін кадр саясатындағы үлкен олқылық деп санаймын: кадр тұрақсыздығы жаңа Қазақ­станның тұрақтылығына кері әсер етеді!

Мемлекет­тік марапаттар метаморфозасы

Әміржан Қосанов:
– Мәке, осы атақ десе, жұрт көбінесе мәдениет, өнер қайраткерлерін, ақын-жазушыларды еске алады. Бұл жолы Президент бұл тақырыпты мүлдем басқаша өрбіт­ті ме, қалай?

Мереке Құлкенов:
– Әміржан, Кеңес үкіметі кезінде ең құрмет­ті адам қойшы, егінші, жұмысшы еді ғой.
Біздің бала кезімізде, «пәленше деген шопан немесе егінші «Социалистік Еңбек Ері» деген атақ алыпты» деп радио біткен жар салып, газет­тер жарыса жазатын. Ондай адамдарды халық «атақты шопан», «атақты егінші» деп дәріптейтін.
Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, қарапайым еңбек адамдарын мүлде естен шығардық. Есесіне, қалай байығандарын бір Құдай білетін әлдекімдердің алдында құрақ ұшатын болдық. Мемлекет басшысы өзінің жаңа Жолдауында осы олқылықтың орнын толтыруға жарқын қадам бастады. Халық болып қолдауға тұратын жаңа үрдіс. Келесі 2025 жылды – «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы да қуанарлық жағдай. Ал қарапайым еңбек адамына еңбегіне қарай мемлекет­тік марапат беру де көптен кезегін күтіп тұрған игі шара ғой.

Антиарандату аксиомасы

Мереке Құлкенов:
– Президент өз сөзінде: «Бұған қоса бізге белгілі кейбір теріс пиғылды адамдар, оның ішінде, шетелде жүргендер де бар, мәселені ушықтыру арқылы қоғамдық пікірге ықпал еткісі келеді, елімізге орынсыз шүйлігеді. Қазақ­станның қоғамында да, билігінде де ешқандай «фобия» бұған дейін болған емес, қазір де жоқ, болашақта да болмайды. Сондықтан ақша үшін ел ішіне іріткі салуды көздейтін мұндай жымысқы әрекет­терден түк шықпайтыны анық» – деп, кесіп-пішіп айт­ты.
Президентіміздің осы пікіріне мен де қосыламын. Басқа елде отырып алып, туған елін жамандау, халықты көтеріліске шақырудан асқан көргенсіздік жоқ деп ойлаймын. Ондай арам пиғылды адамдармен көп болып бірігіп күресуіміз керек. Қазір әділет­ті Қазақ­стан іргесін кеңге жайып келеді. Біздің еліміздегідей қазақтың алаңсыз, рақат өмір сүруі үшін жасалған жағдай дәл қазір әлемдегі ең дамыған елдерде де жоқтың қасы. Осы игілігіміз бен берекемізді көздің қарашығындай сақтай білейік.

Әміржан Қосанов:
– Сөз жоқ, сөз бостандығы қажет. Алайда ол қағидат­тың көлеңкелі жақтары бар екені де рас. Мәселен, демократиялық Францияның өзі Telegram жүйесінің негізін қалаушы Дуровқа қарсы іс қозғап жатыр, яғни Telegram-ның ақпарат­тық мүмкіндіктерін теріс пиғылды күштер пайдаланып, қоғамға жат қимыл-әрекет­терге жол ашып жатыр.
Мәселенің тағы бір жағы бар екенін мойындайық. Жымысқы оймен іріткі салушыларға қарсы «антиарандату» аксиомасы бар: ол – сол ақпарат­тың рас-өтіріктігіне дер кезінде сол алаңда жауап беру, Конституция талаптарына қайшы келсе, бет-жүзіне қарамай жауап­қа тарту.
Шынын айтсақ, біздегі шенділер ондай күреске дайын емес: олар өз қол астындағы БАҚ-қа ақпарат пен сұхбат беруге әуес те, қоғамдық санада орнын ойып алған, ауқымды аудиториясы бар тәуелсіз БАҚ пен әлеумет­тік желілерге эфирге шығудан қашады. Мұндай біржақтылық мемлекет­тік саясат­ты насихат­тауға өз зиянын тигізіп отыр.

Мереке Құлкенов:
– Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының «Әділет­ті Қазақ­стан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» ат­ты Қазақ­стан халқына арнаған Жолдауы, шын мәнінде, халық көкейіндегі көптеген арман-мүддені дөп басқан, жарқын да салиқалы сөз болды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір