БІРЛІК, ЖАСАМПАЗДЫҚ, ӨРЛЕУ – отандастардың ортақ мүддесі
01.07.2024
195
0

Таяуда Орал қаласындағы Достық үйінде «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбында Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясының XXVI сессиясы өтті.

– Қазақстан халқы ассамблеясының XXXIII сессиясында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» деген сессия атауының мән-маңызына тоқталды. «Түрлі сын-қатерге қарамастан, біз стратегиялық мақсат-міндеттерімізден айнымаймыз. Еліміз қарқынды дамуы үшін ондаған жыл бойы қордалаған көптеген мәселені шешуіміз шарт. Біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана болашақ жетістіктердің берік тұғырын қалап, саясатта, экономикада, мәдениетте және әлеуметтік салада түбегейлі өзгерістер жасай аламыз. Дәл сол себепті ассамблеяның бүгінгі сессиясы «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» деп аталды», – дегені көпшілікке мәлім. Халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты білдіретінін, бірлік пен ынтымақ басты құндылығымыз және мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қала беретінін айтты. – Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық докторинасымен үйлестіру қажет. Президент нақты тапсырмалар берді. Ассамблеяның алдына міндеттер қойылды, соны Ақ Жайық өңірінде іске асыруымыз қажет, – деді сессия жұмысын сөз сөйлеп ашқан Батыс Қазақстан облысының әкімі, БҚО Қазақ­стан халқы ассамблея­сының төрағасы Нариман Төреғалиев.
Биылғы көктемде Атырау қаласында өткен III Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы біраз идеологиялық мәселеге тоқталып, үлкендерімізді, зиялы қауым өкілдерін ұлт тәрбиесіне, қоғам тәрбиесіне араласуға үндеді. Бұл бағытта Ақ Жайық өңірінде де ақсақалдар қоғаммен тығыз байланыста жұмыстар атқаруда. Жайық жұртына сыйлы қарияларымыздың бірі, өңірдегі Қазақстан халқы ассамблеясына қарасты ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қайреден Жақсығұлов еліміздегі тұрақтылық пен татулықты сақтап, дамытудағы Қазақстан халқы ассамблеясының және азаматтарды қоғамдық келісім мен бірлік, татулық құндылықтарына ұйытудағы ақсақалдар кеңесінің рөлін тілге тиек етті.
– Ақсақалдар кеңесі ата-бабалардың даналығы мен тәжірибесіне негізделген құндылықтарымыздың сабақтастығын қамтамасыз ететін құрылым ретінде әрекет етеді. Халқымыздың сыннан өткен әдеби-мәдени мұрасы мен жасампаз салт-дәстүрі, сондай-ақ жас ұрпақты қаршадайынан адал еңбекке баулу қағидасы мен жаппай экологиялық мәдениет қазақстандық қоғамның ынтымағын нығайтып, елімізді өркендете түсер тура жол,– дей келе Қ. Жақсығұлов өзінің бір-екі ұсынысын айтты.
Зашаған кенті аумағындағы Әнес көлінің суы Жайық өзеніне кері құйылып, арнасы құрғап қалмауы үшін ақсақалдар көп еңбектенген екен. Қайреден қарт өзен мен осы көлдің ортасына болашақта ашылып-жабылатын шлюз орнатуды ұсынды. Оған қоса ол облыс әкімінің көл жағасына тал-терек отырғызуға ықпал етуін сұрады. Сондай-ақ Жақсы ықшам ауданындағы ырық-жырық тұрбаларды («Жайық жылу қуаттың») қаптау мәселесін көтерді.
Жиында облыстағы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Дос» қоғамдық қорының жетекшісі Вера Шохина әлеуметтік тапсырыс аясында әр этностың тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын насихаттау мақсатында жыл сайын «Этникалық мәдениет күні» жобасы жүзеге асырылатынын әңгімеледі. Сонымен қатар неміс, орыс және ұйғыр этностарының мерекелері өткізілген. Шешен-ингуш халқының Орталық Азия мен Қазақстанға жер аударылғанына 80 жыл толуы да назардан тыс қалмаған. Ассамблея кафедрасы мен ғылыми-сараптамалық топ өкілдерінің қатысуымен пікір алмасулар ұйымдастырылды. Мұндай іс-шаралар депортацияның қиын жылдарында аман қалғандарды құрметтеуге, тарихымызды байытуға, өткеннен сабақ алуға тәрбиелейді. В. Шохина өңір басшысынан Достық үйінің материалдық-техникалық әлеуетін нығайтуға, әлеуметтік тапсырыстар аясында Ақсақалдар және Аналар кеңестері, ассамблея жастары қызметтерін қолдау мақсатында жобаларға қосымша қаржы бөлуді сұрады. Ал БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайы­мы, облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Шалқыма Құрманәлина облыста 157 аналар кеңесі барын, кеңестердің «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы бойынша ананың рухани, тәрбиелік рөлі арқылы қоғамдық келісімді нығайту, отбасы құндылығын көтеру бағытында жұмыс істейтінін баян етті.
– Президент ескерткен елге қауіп төндіріп тұрған бес кеселге: зорлық-зомбылық, нашақорлық, лудомания, вандализм, ысырапшылдыққа қарсы өңірдегі аналар кеңесі белсенді жұмыс атқаруда. Аналар кеңесінің отырысында ұрпақтың болашағы және отбасы қауіпсіз өмір сүру үшін бес кеселден арылу жолдары талқыланды. Біз, аналар, қалың бұқараның ой-санасы және мінез-құлқы жақсарса, ниеті түзелсе, тұтас қоғам жақсарады, үлкен-кішінің мұраты биік болса, елдің рухы да биік болады деп есептейміз, – деген Шалқыма Құрманәлина су тасқыны кезінде кеңес мүшелерінің қаладағы 12 эвақосынға барып, оларды паналаған жерлестеріміздің жағдайын біліп, гуманитарлық жүктерін таратып, психологиялық көмек көрсетілгенін айтып өтті. Шаңырақ шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтайтын кеңеске арнайы гранттар бөлініп, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар беріліп, 12 аудан, 143 ауылдық округке қатынауға көлік бөлінсе деген ұсынысын білдірді.
«Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің Орал қаласындағы филиалы төрағасының орынбасары Илияр Муталипов жастарды мемлекеттік тіліміздің қолданылу аясының кеңеюіне тікелей үлес қоса отырып, Президент айтқандай, оны ұлтаралық қарым-қатынас тілі деңгейіне көтеруге үндеді.
«Өзім мемлекеттік қызметкер болғандықтан, Қазақстанда қазақ тілі қашан да бірінші орыннан көрінуі керек деп есептеймін. Ол үшін мемлекеттік мекеме басшылары қол астындағы қызметкерге қазақ тілін білу міндеттелетінін түсіндіруі қажет. Қызметке қабылдау кезінде үміткердің ұлтына қарамай, мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесі ескерілгені жөн. Қызмет барысында мемлекеттік тілді қолдануы тиіс. Бүгінгі жастардың ауызекі тіліне келетін болсақ, қазақ жастарының тілі кірме сөздердің әсерінен үлкен өзгеріске ұшырады. Себебі өзге тілдерден енген жаргон сөздер мен варваризмдер кесірінен тіл мәдениеті бұзылды», – деді ол.
Жиынды қорытындылаған Нариман Төреғалиұлы тасқын су кезінде қолұшын созып, қиналған тұрғындарға демеу болған барша азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдардың басшы-қосшыларына алғыс айтты. Ақ Жайықты жағалай қонған жайсаң елдің үлкен-кішісін еліміздің басты құндылықтарын, ел бірлігін сақтай отырып, мемлекеттігімізді нығайту жолында талмай еңбек етуге шақырды. Сондай-ақ өңір басшысы Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мейрамы қарсаңында ұлтаралық жарасым мен қоғамдық тұрақтылық тақырыбына тұрақты қалам тартып жүрген біраз журналисті марапаттады. Олардың қатарында «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда» басылымдарының өңірдегі меншікті тілшілері Қазыбек Құттымұратұлы, Наталья Портнягина, «AQJAIYQ» телеарнасының операторы Талғат Мұратбаев, «Жайық Пресс» ЖШС ақпарат агентігі бөлімінің арнайы тілшісі Жанат Қайыр­ғожина, «ТДК-42» телеарнасының қызметкері Марлен Есқалиев бар.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
Орал қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір