Ынтымақ – Бірлік – Тыныштық – Еліме қонған ырыс-құт!
05.05.2024
1045
0

Кез келген мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұрақтылығы оның қарулы күштерінің қуаттығымен, экономикасының тұрақтығымен ғана емес, ең алдымен халқының ауызбірлігімен, тұрғындарының татулығымен әйгіленетін болса керек. Осы орайда аумағында 124 ұлт өкілдері мекендейтін Қазақстан егемендігін жариялағаннан бері елдегі ынтымақ, берекесінен ажырамай келе жатқан мемлекеттердің бірінен саналады.

Иә, 1991-жылы өзінің Тәуелсіздігін жария еткен қазақ елін түрлі таңдау күтіп тұрған еді. Сол кездері республикада мекен ететін 14 миллионға жуық тұрғынның ішінде мемлекетті құраушы ұлт – қазақтардың саны бар-жоғы 40 пайыздан асып жығылатын. Осы азшылық еліміздегі ішкі-сыртқы қарым-қатынасты, тіл мен дәстүр саясатын өзгенің қас-қабағына қарайлай жүріп жүргізуге мәжбүрлегенін несіне жасырамыз?.. Дегенмен, ұлы далада ғасырлар бойы қалыптасқан кеңдік пен теңдік ғұрпынан ажырамаған қазақ халқы өзгені өзектен итермей, ұлттар арасындағы татулық пен қоғамдағы тыныштықты сақтап қала білді.
Өткен уақыт аралығында қазақ­стандықтардың қатары еселеп өсіп, 2023 жылы халқымыздың жан саны 20 миллионнан асқанын ресми түрде жария еттік. Соның ішінде мемлекет құраушы ұлт – қазақтардың саны 71 пайыздан асып отыр.
Әйтсе де осымен мәселенің барлығы шешілді деп айтуға әлі ерте. «Егер тілің мен мәдениетіңді сақтай алмасаң, шекараңды аша сал, бәрібір неңді қорғайсың! Бұл енді сенің елің емес!..» – деп Нельсон Мандела айтқандай, тіліміздің тұғырына көтеріле алмай отырғаны ойландырады.
Сараптама орталықтарының зерт­теулері елімізде азаматтардың тілдік құзыреті әлі де қалыптасу үстінде екенін көрсетеді. Атап айтқанда, қазақтілділер, қазақтілділер мен орыстілділер, орыстілділер, этникалық-қазақша, этникалық-орысша, немесе этникалық-қазақша-орысша және қазақ-орыс-ағылшын – үш тілді меңгергендер.
Соңғы мәліметтерге жүгінер болсақ, түркі тілдерінің ішіндегі ең ірі әрі таза тілдердің бірінен саналатын қазақ тілін әлем бойынша 22 миллионнан астам адам пайдаланады екен. Қазақстаннан тыс жерлерде 2 717 990 адам бұл тілді ана тілім деп есептесе, бізде 14 миллионға жуық адам қазақ тілінде сөйлеп, өмір сүреді. Елімізде тұратын түркі тілдес халықтардың: өзбектердің 72 пайызы, ұйғырлардың 71 пайызы, қырғыздардың 58,5 пайызы, славян диаспорасының ішінде: орыстардың 26 пайызы, украин­дардың 24 пайызы, белорусьтардың 23 пайызы, поляктардың 22 пайызы қазақ тілінде сөйлеп, жаза алады дейді деректер. Бұдан біз елімізде мемлекеттік тілге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын аңғарамыз.
Осы орайда қазақ тілін –ана тілі деп танитын Халил Маслов деген азаматпен аз-кем сұхбаттасқан едік. Екеуара әңгімеміз төмендегідей өрбіді:

– Қайдан боласың? – деген сауа­лымызға Халил Борисұлы бір мүдірместен:
– Атырау облысы Махамбет ауданының киелі жеті ханның кесенесі орналасқан Ноғай ордасының астанасы – Қасым ханның билік еткен жылдарында Қазақ хандығының алғашқы астанасы болған Сарайшық елдімекенінің тумасымын, – деп жауап берді. – 2003-2007 жылдар аралығында Астана қаласы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Тарих, құқық және экономика негіздері мамандығы бойынша тәлім алып, үздік дипломмен бітірдім.
2007-2009 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, тарих-филология факультетінің магистратурасында Археология және этнология мамандығы бойынша білім алдым. Магистрлік диссертациямның тақырыбы «Қазақстандағы белорусьтар диаспорасы» болды.
2010-2013 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Тарих факультеті, Еуразиялық зерттеулер кафедрасының PhD докторантурасына қабылданып, «6D020300 – Тарих» мамандығы бойынша PhD докторантура бағдарламасының кәсіби оқу бағдарламасын меңгердім.
2015 жылы PhD ғылыми дәрежемді алып, қазіргі уақытта аталған оқу ордасында «Алаш» ғылыми зерттеу институтының ғылыми қызметкерімін.

– Қазақ тілін қалай, қашан меңгердің?
– Ұлтым – белорусь. Үйленгенмін. Бес қыздың әкесімін. Қазіргі уақытта қазақ тілінде еркін сөйлеймін, өйткені ол – ана тілім, ал қолданыста орыс және тұрмыстық жағдайда ағылшын мен түрік тілін аудармашы құралы арқылы пайдалана аламын. Қазақы ортада дүниеге келіп, ауылдық жерде, қаракөз қазақ балаларымен бірге ауылдың топырағына аунап, шаңын жұтып, бір үйдің балаларындай өстік. Мемлекеттік тілімізді үйрендім демеймін, өйткені қазақ тілі бойыма ана сүтімен дарыды десем дұрыс болар.

– Қазіргі жағдайдағы мемлекеттік тілдің жай-күйі туралы не дер едіңіз?
– Мені мемлекеттік тілдің қолданыс аясы қанағаттандырады. Өйткені қазіргі уақытта мемлекеттік тілді үйренемін деушілердің қарасы қалың. Оған көмек ретінде, түрлі әдістемелер, бағдарламалар, тіпті тіл үйрету курстары мен қазақтілді ортаның да аясы өсіп келеді. Бұл ретте жастар қазақ тілін үйренуге көп мән беріп жатыр. Түрлі мемлекеттік орындарға, не болмаса басқа да қызметке жұмысқа орналасу үшін мемлекеттік тілді білу абзал. Сол себепті, қазақ тілінде сөйлейтін және үйреніп жүрген азаматтарымыздың саны жылдан-жылға арта түсуде.
Алайда қазақ тілін меңгеріп, мемлекеттік тілде сөйлеуіне аздап кедергі болатын факторлардың бірі ретінде интернет желісіндегі көптеген орыстілді контенттердің артықшылығы деп айтар едім. Балабақша, мектеп жасындағы өскелең жас ұрпақ сол орыстілді контентке әуес және соны тез қабылдайды. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыс жасау керек деп есептеймін.
Иә, Қазақ тілін – ана тілім деп қабылдап, оны күнделікті өмірде пайдаланып жүргендер қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Бізбен сұхбаттасқан Алматы қаласындағы «Өркен» жекеменшік ұлттық мектебінің директоры Жанар Әділова өзі жетекшілік ететін мектепте бүгіндері қазақтардан басқа – орыс, кәріс, ұйғыр, дүнген балалары, тіпті елімізге қоныс аударған индус отбасының баласы оқитынын айтып берген. Арасында бір сөз қазақша не орысша білмейтін, ағылшын тілін ғана түсінетін Канададан келген бүлдіршіннің бір оқу жылы ішінде қазақ тілін меңгеріп шыққанын айтқан еді ол.
Бұл жерде, елімізді мекендейтін ұлттар мен ұлыстарды бір мақсатқа ұйыс­тыратын негізгі фактор – тіл екенін қайталай келіп, ниет болса екі-үш айдың ішінде мемлекеттік тілді меңгеріп шығуға болатынын жеткізгіміз келген. Міне, сонда кең байтақ Отанымызда бейбітшілік те, татулық пен бірлік те салтанат құратын болады!

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір