ОПТИМИСТ ҰЛТ. СЕНІМ. БІРЛІК
12.09.2024
554
0

  Өткен аптада Қазақстан Жазушылар одағы хатшылығының кеңейтілген мәжілісі өтіп, қалам иелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы жайлы ой тарқатқан болатын. Тоғыз тарауға бөлінген Президент сөзі қоғамдағы сан қилы ахуалды қамтып, ұлт­тың әл-ауқатын жақсартуға, елді дамытуға бастайтын бастамаларға толы болды. Жазушылар одағында бас қосқан қаламгерлердің Жолдау хақындағы пікірлерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Идеологияның темірқазығы – жазушылар

Мереке ҚҰЛКЕНОВ: Қадірлі аға­йын! Әріптестер! Осыдан екі күн бұрын Мемлекет басшысы Қазақстан халқына «Әділет­ті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деген тақырыпта үлкен Жолдау жасады. Тақырып өте күрделі және ел Президенті Қазақстанға, соның ішінде қазақ халқына өте керекті нәрселерді тоғыз бөлімге бөліп айт­ты. Біріншісі – ақша, несие саясаты мен фискалдық саясатының арасындағы үйлесімсіздікті жою қажет­тігі туралы тарау. Қазіргі жағдайдағы Қазақстанда толық шешімін таппай жатқан бірінші мәселе етіп осыны қойды.
Екінші мәселе – инвестициялық ахуал және бизнес жүргізуге қажет­ті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс жасаудың маңыздылығы. Бұл да – өте актуалды жайт. Бұл тұста Президент инвестицияның келуіне, бизнестің жүруіне кедергі көбейіп кеткені жайлы тарқата сөйледі.
Үшіншісі – еліміздің өнеркәсібінің әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар жасау қажет­тігі жайлы тарау. Соңғы кезде Қазақстанда өнеркәсіп саласы айтарлықтай өсіп келе жатыр. Машинаны құрастыру, басқа да ішкі өнімдерді оңтайлы пайдалану жақсы дәрежеде деп ойлаймын. Бірақ әлі де дамытатын қырлары бар екенін Мемлекет басшысы жақсы айт­ты.
Төртіншісі – инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу қажет­тігі турасында дұрыс мәселе көтерді. Бұл да – Қазақстан халқы үшін өте қажет дүние.
Бесінші бөлімде – еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арт­тырудың маңыздылығын айшықтады. Осы кадр мәселесі дегенде ойға түседі, бір адамды орнынан алып тастаса, орнына кімді әкеледі деп аузымызды ашып отырамыз, таңғалып. Кадр мәселесі қай жағдайда да, қай деңгейде де өте өзекті.
Алтыншы – ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алу қажет. Ұлтымыздың денсаулығын жақсарту ең кезек күт­тірмейтін міндет екенін Президентіміз Жолдауында саралап, сараптап жеткізді және алдағы уақыт­та осы түйткілге қат­ты көңіл бөлетінін ескерт­ті.
Жетінші – экологиялық ахуалды жақсарту. Қазақстанның кей өңірлерінің экологиялық ахуалы өте нашар. Әсіресе Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының экологиясы мүлде сын көтермейді. Атырау сияқты қалаларда жазда өмір сүру мүмкін емес. Осының бәрін қалай рет­теуге, жақсартуға болады? Ол,әрине, осы келеңсіздікке жауапты мекемелердің тізгінін ұстап отырғандардың, ірі өнеркәсіптерді басқарып отырған алпауыт­тардың ішкі мәдениетіне, жауап­кершілігіне байланысты. Президент осыны да жақсы айт­ты.
Сегізінші – мемлекет­ті басқару ісінің тиімділігін барынша арт­тыру керегі жайлы тарау. Біз әлі күнге дейін жаутаңдап мемлекетке қарап отырмыз. Біздің көптеген шаруамызға мемлекет араласып отыр. Олай болмау керек. Орта бизнес жұмыс істеуі қажет. Орта бизнес қарқынды жұмыс істеу арқылы мемлекет­тің жағдайы жақсару керек.
Ең бастысы, соңғы түйінде қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет­тігі қозғалды. Заң мен тәртіп бүкіл қазаққа ортақ болуы қажет қой, шынында. Бірақ көп адам заңға немкет­ті қарайды. Олигарх, алпауыт дегендердің заңның не екенімен шаруа­сы жоқ. Өз заңдары өздерінде. Заң тек қарапайым халыққа ғана керек сияқты болып кетеді кейде. Осы мәселенің бәрі жан-жақты тарқатылып, жақсы айтылды. Өздеріңіз де тыңдадыңыздар, оқыдыңыздар.
Енді біздің, қазақ жазушыларының, Қазақстан Жазушылар одағы мүшелерінің міндеті – мемлекет­тің игі шараларына қашан да қолдау көрсетіп отыру. Қоғамдағы кез келген ахуалға сергектік таныту, белсенді болу. Сондықтан сіздердің бүгін келіп, айтулы шараға атсалысып отырғандарыңызға көп-көп рақмет! Хатшыларымыз, кеңес мүшелері, басшылар, сонымен бірге ең белсенді жазушыларымыз келіп отыр. Әңгімені ары қарай жалғастырайық. Сәке, сізден бастаймыз ғой.
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ: Жолдауда Қазақстандағы проблемалар жан-жақты ашық айтылып, шешудің жолы көрсетілді. Мен бұл туралы ойымды «Қазақ әдебиеті» газетіне ұсынып қойдым. Қазір мені алаңдататыны, Президент айтқан әр сөз, әр тапсырма түгелдей ретімен жүзеге асса екен. Осы жылғы Ұлт­тық Құрылтай отырысында да Мемлекет басшысы түрлі жайтқа тоқтала келіп, креативті индустрия жөнінде өте толымды ой сабақтап, әдебиет пен өнерді дамытудың жолдарын көрсетіп берді. Осыған қатысты «Креативті индустрия: Әдебиет және өнер» ат­ты мақалам «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді.
Құрылтай отырысының бір нәтижесі ретіне Мәдениет және ақпарат министр­лігінің жанынан креативті комитет ашылыпты. Жазушылар қауымы, естеріңізде болсын, қаламгерлерге кітап шығару үшін ақша беретін, әдебиетке, өнерге қолдау көрсетіп, ақша бөліп отырған ел – Қазақстан ғана, мұндай демеу басқа ешбір елде жоқ. Бұл да – креативті индустрияның жемісі. Президент көркем фильмдерді де осы негізге сүйеніп түсіруді тапсырған, алайда ол іске асып үлгерген жоқ. Мемлекет басшысының кейбір көтерген мәселелері, тапсырмалары орындалмай қалады дегенде осындай жағдайларды айтқым келген.
Дұрыс айтасыз, жазушылар белсенді болуы керек. «Мемлекет басшысы не айт­ты? Жүзеге асқандары қайсы, жүзеге аспай қалған қандай жайт­тар бар?» – деп бәрін назарда ұстаған жөн.
Мереке ҚҰЛКЕНОВ: Рақмет! Жолдауда нақты-нақты әңгімелер болды ғой. Соның бірі салық саясатына байланысты. Баспагерлікпен, кәсіппен айналысып жүрген жазушылар жақсы біледі, мына, біздің салық саясаты өте қатал. Егер салықтың екі теңгесі төленбей қалса, есепшотың жабылып қалады. Президент те осы мәселені көтерді. Кітап шығару жұмыстарында қосымша салық бар, ол 12 пайызбен төленеді. Ал одан бөлек, қағазды да, бояуды да сатып алатынымызды ешкім ойламайды. Осы келеңсіздіктің бәрі дұрыс жүйеге келеді деп ойлаймын. Сосын, банк жүйесіне қатысты арнайы заң шығару да жаңалық деп есептеймін. Жолдаудағы тоғыз тарауда да бәріміз айтуға тұратын жақсы дүниелер бар. Жақсыны айтуымыз керек қой. Халық ішінде кеңінен талқыланып жатқан АЭС салу мәселесіне де жазушыларымыз көзқарасын білдіру қажет.
Ұлықпан ағамызға сөз берейік.
Ұлықпан СЫДЫҚОВ: Жыл сайынғы Президент­тің халыққа Жолдауы 1997 жылдан бастау алыпты. Бұның ең жақсы жағы, қандай жағдайда өмір сүріп жатырмыз, не болып, не қойып жатыр, халық бәрінен толық мәлімет алады. Биылғы Жолдау, шынында да, ерекшелігімен көрініп отыр. Біріншіден, әдемі, көпірме сөзі жоқ. Құр айқай жоқ. Мақтану жоқ. Бүгінгі қоғамымыздағы ылғи айтыла бермейтін, көзге бірден көріне бермейтін қатпар-қатпар күрделі мәселелер анық және ашық айтылды, бүкпесіз айтылды.
Банк жүйесіне қатысты оңтайлы заң шығатыны, расында, бізді қуант­ты. Осы күні патша кім? Банк. Банктердің иелері кім? Олигархтар. Әлем бойынша біздегідей несиеге қойылатын жоғары пайыз еш елде жоқ екен. Еуропада екі пайыздан төрт пайызға дейінгі өсім қойылса, бізде он сегіз, жиырма пайыз қойып, алған көрсеткіштен екі есе көп төлетеді. Халық амалдың жоғынан алады несиені. Намысқа тырысып той жасап, соңынан еңіреп жылап жүрген қарапайым жұрт көп. Президент көтерген мәселе осыған тосқауыл болып, елдің есін жиғызуға сеп болады деп сенемін.
Екінші үлкен мәселе… Әлі күнге дейін әртараптандыру деп келеміз… Біздің студент кезімізде осы Алматыда талай қазақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған, әлемге танылып үлгерген бес зауыт болатын. Қазір біреуі жоқ. «Мұнайдың арқасында қашанғы өмір сүре береміз?» деп ылғи айтамыз, бірақ батыл істер әлі жүрмей жатыр. Осы жолы бір жақсы нышан көрініп тұр. Жер астынан байлық табудың жөні басқа, оны өңдеу өнеркәсібін жолға қою – тағы алып қамал. Президент Жолдауының бір тарауын осы салаға арнап, үкіметке тапсырма берді. Біз машина құрастырғанға мәз болып жүрміз, әлі өзіміз шығарғанымыз жоқ. Бір деталін анадан, біреуін мынадан аламыз. Өзіміз шығармай, өзіміз өндірмей, іс алға баспайды.
Ал, енді, «жазушылар не істеу керек?» дегенде айтарым, идеология­ның темірқазығы жазушыларда тұр. Жазушыларға қарап ел өзін таниды, кешегі тарихты да, бүгінгі күнді де, болашақты да бағамдайды. Үлкен серпіліс қажет. Қаныш Сәтпаев құрған Ғылым академиясына мемлекет қамқорлық жасап жатыр, бірақ әлі де шикілік көп. Жазушылар одағының да мәртебесін күшейту тұрғысында бәріміз жұмыла әрекет еткеніміз жөн. Жазушылар еркін болу керек, ой тұнық болып, халықтың қамын ойлау қажет. Сөйте отырып, мемлекет санасатын тетік бола білген дұрыс. Жазушылардың қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейту де – арнайы қозғалатын тақырып. Бұл орайда бірсыпыра игі қадамдар жасалып та келе жатыр. Қазақстан Жазушылар одағы тарапынан тарихты, елді, жерді, өткенімізді танытатын ірі жобалар жүзеге асырылуда. Бұның бәрі – Президент тұжырымдарын қолдаудың нық қадамы.

АЭС салған компания оның қауіпсіздігіне де кепіл болуға тиіс

Қазыхан ӘШЕ: Президент­тің Жолдауында Атом электр станциясын салу туралы тарауы өте өзекті. Өйткені халық Семей полигонынан шошынып қалған. Мысалы, Қазақстанның облыстарында жер асты байлығын, алтын, күміс, мұнайды көру үшін 465 рет жарылыс жасады әрі сол шұңқырлардың орнын толтырған жоқ. Ол жерден аққан су өзенге, теңізге құйылып, аң-құс қырылып, балық өлді.
Ал қазіргі жағдайда дүниежүзі бойынша, ғылымның ең шыңы – атом электр станциясы. Оның пайдалы тұстары жайлы жиі айтылып жүр. Менің айтқым келетіні, Семей полигонынан зардап шеккен аймақтарға белгілі бір төлем төленіп тұратын, қазір жоқ әрі жарылыстардың зардабы ғасырлар бойы сақталып тұрады, онымен де жұмыс жасап жатқан ешкім жоқ. Халық қолдаған күнде де, станция салынатын өңірдің халқына қандай көмек көрсетіледі? Бетін аулақ қылсын, зардабы болған жағдайда қандай шаралар жасалады? Осының бәрі ескеріліп, шешім нақты заңмен бекітілгенде ғана жұртшылықтың, бәріміздің күмәніміз сейілер еді. Атом электр станциясын салған компания оның қауіпсіздігіне де кепіл болуға тиіс.
Нұрдәулет АҚЫШ: Осы Жолдаудың алдында-ақ Қазақстан Жазушылар одағы үлкен іс бастағанын білесіздер. Бұрын-соңды болмаған үш жоба бойынша нәтижелі, жемісті іске кірісті. Бұның өзі кейбір жағдайларда Жазушылар одағының алда келе жатқанын көрсетеді.
Мені селт еткізгені – жұмысшы мәселесі. Бұрын Жолдауларда жұмысшы мәселесі туралы айтылмайтын. Біз жұмысшыларға мән бермейміз. Мемлекет жұмысшыларға табан тіреп тұр. Қандай дау шықса да, жеңілетін, жапа шегетін – жұмысшы. Ал жұмысшы орындаушы ғой. Жұмыс берушінің құқығы жоғары болып келіп еді, осы жолы жұмысшыға ерекше мән берілгені маған ұнады. Жұмысшы қауымын жазушылар да қолдайды. Ауыл шаруашылығынан бастап, кішкентай ине жасайтын мекемеге дейін жұмысшының орны айрықша. Естеріңізде болса, Кеңес дәуірінде жұмысшылар Кремль сарайында төрде отыратын, депутат болып сайланатын, бүгінде жұмысшы халқының үні жоғары жаққа жете бермейді. Сондықтан Жолдауға бұл тарауды арнайылап енгізу – Президент­тің ауыз толтырып айтатындай жаңалығы дер едім.
Үшінші, АЭС салу тақырыбын ат­тап өтуге болмайды. Өте маңызды дүние. Біз қанша қарсылық танытқанымызбен, заман алға жылжып барады, барлық жаңа технология мен ғылымның ең дамыған нүктесі сол Атом электр станциясына барып тіреледі. Салыну керек. Алайда АЭС-те жұмыс істей алатын қазақ мамандар бар ма? Осы бағыт­та күш біріктіріп, жедел жұмыс істеу керек.
Фархат ТАМЕНДАРОВ: Елде шығармашылық адамдарына ерекше көңіл бөлінгені жөн. Қаламақы мәселесі оң шешілсе, әдебиет те алға басар еді.

Өндірісті өркендетпей бір де бір ел өрлемейді

Мереке ҚҰЛКЕНОВ: Рақмет! Жолдауда жоғары оқу орындары жөнінде де жақсы айтылды. Соның ішінде грант­тарды бей-берекет шаша беруді тоқтату керек. Расында, көптеген оқу орындары грантқа жүгіреді де, балаға білім беруді қойған. Біздің ортамызда ҚазҰУ профессоры, біздің хатшымыз Қансейіт Әбдезұлы отыр. Қанеке, сізден бір сөз.
Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ: Алдымда сөйлеген азамат­тарға қосыламын. Жолдауды теледидардан тыңдап, білім туралы не айтады екен деп құлақ түріп отырдым. Сонда байқағаным, бұрынғы жолды қайталаған жоқ, бұрынғыдай аспандағы айға ұмтылған жоқпыз. Аспандағы дүниелерді емес, жердегі шаруамызды рет­теп алайық деген бағыт болды.
Соңғы отыз жылда бес жүзден астам жекеменшік жоғары оқу орындары құрылып, заңгерлер, қаржыгерлер, елшілер дайындады. Соның зардабын қазір тартып жатырмыз. Ә дегенде білінбегенмен, бүгінде анық байқалуда. Президент Жолдауында техникалық мамандықтарға, жұмысшы мамандарға ерекше ден қойғаны дер кезінде көтерілген мәселе болды. Өндірісті өркендетпей бір де бір ел өрлемейтінін, алға жылжымайтынын да нығырлап жеткізді. Келесі жылды жұмысшыларға арнауы да маңызды істердің бастауы болмақ. Халықты ұйымдастыра білетін, оңтайлы жұмыс орнымен қамтамасыз ететін, озық өндіріс орындарын ашатын, соны басқаратын мамандар даярлау керек деген талапты қойды.
Тағы бір ең үлкен мәселе – отыз жыл бойы жүгенсіз кеткен банктерді тәртіпке шақыру. Банктер қашан ауыздықталады деп күтіп жүр едім. Қалтасындағысын шетелге алып қашатын емес, қоржынындағысын елге, ел игілігіне жұмсайтын, соны қадағалайтын банк жүйесі керек. Мемлекет басшысының: «Бір-бір алпауыт­тың қолында кеткен банк қорларын елге қарай бұрамыз» деген ойы менің көңілімдегіні тап басты.
Бигелді ҒАБДУЛЛИН: Биылғы Жолдау нақтылығымен әрі Әділет­ті Қазақстан құрудың, нағыз азамат­тарды тәрбиелеудің негізгі тетігі бола білгенімен қуант­ты. Екіншіден, Президентіміз жалпы халықты ғана емес, жекелеген отбасылардың да қамын ойлайтынын көрсет­ті. Жол апаты жайлы түйткілді мәселе көтерді. Соғыссыз, жол апатынан қаза болғандардың саны артып бара жатқанын айтып, жол құрылысын рет­теу қажет­тігін, пара беріп, жолға жарамсыз, ескі көлікпен жүруге тоқтау болу керегін тапсырды.
Президент­тің тағы бір айтқаны, біз тарихты ұмытпауымыз керек. Тарихтан үйренуіміз керек, өткенімізді біліп, ертеңді бағамдай алғанымыз жөн. АЭС-ке келсек, ең үлкен мәселе, оны кімнің салатыны. Мысалы, Ресей салады деп отырмыз. Қазір Ресейде АЭС салатын мамандар қалған жоқ, қайтыс болып кет­ті. Расында, кім салады, салғаннан кейін ары қарай қадағалау бола ма, болмай ма? Қаперден шығармауымыз керек.
Алпауыт­тардың ұрлаған ақшасы қалай келіп жатыр, қайда кетіп жатыр, оны кім қадағалап отыр? Осы бізге беймәлім. Бір жыл бұрын заң шықты. Қайрат Сатыбалды ғана айтыла береді айналып келіп. Бізде жүзден астам алпауыт бар, үш жүздей миллиард ақшамыз солардың қолында. Олар қашан қайтарылады?
Қуандық ТҮМЕНБАЙ: Жолдауда аграрлық мәселелер жақсы айтылды. Жер, шаруа, ауыл шаруашылығы ғой… «Көптеген меншік иелері өздері пайдасын көріп отырған жерден мыңдаған шақырым алыста тұрады. Ондағы ауыл тұрғындарына қамқорлық жасау ойына кіріп-шықпайды. Бізге мұндай меншік иелерінің қажеті жоқ», – деді Президент. Мен ауылға барғанда, ауылдағы жігіт­тер: «Біздің сөзімізді жеткізші. Ақшамызды ала алмай жүрміз. Жерін жыртып, егінін егіп береміз де аузымызды қу шөппен сүртеміз. Бізді алдап кетеді, сен осыны газетке жазшы!» – дейді. Әлгі меншік иелері «Е-е, өзіміздің бала ғой, жасап бере салады» деп ойлады. Ал ол шаруаның баласын кім асырайды? Әбдіжәміл Нұрпейісов тоқсаннан асқан жасында «Туған жер туралы толғау» деп қазіргі проблемалар хақында көлемді мақала жазды. Осыны мен ғана емес, осында отырған жазушылар, бәріміз жазуымыз керек. Барлығыңыздың да ауылыңызда проблема шаш-етектен. Проза кеңесінің төрағасы болғандықтан, ақындарға бата алмай отырмын, прозаиктер жазуға тиіссіздер.
Экология мәселесі… Атыраудың бер жағы Қызылорданың да экологиясы жетісіп тұрған жоқ. «Ой, Қызылорданың қауынын-ай», «Тынымбайдың жазғанын-ай!» – дейді жұрт. Тынымбай оны елу-алпыс жыл бұрын жазды. Ол қауын жоқ қазір. Қазір мұнай, уран. Одан қалса, космодром… Экология күйреді. Әскердегі тәртіп туралы мәселе көтерілгені де халықтың көкейіндегісін қозғап өт­ті. Біз, жазушылардың қолынан жазудан басқа не келеді? Осының бәрі оң шешілуі үшін тынбай жазуымыз қажет.

«Қазақ тілі құриды» деген – жалған сөз

Әлия БӨПЕЖАН: Жолдауда көп нәрсе айтылды. Менің айтқым келгені, қазақ басылымдары проблемалық жағдайларды жиі көтеру керек. Мысалы, орыс басылымдарын қарасаңыздар, мәселелер ашық көтеріліп, адам құқықтары жоғары деңгейде қорғалады. Бізде тендер бар, басқа бар, ұлт­тық құндылықтар жөнінде жиі жазылады да, халықтық мәселелер ысырылып қалады. Қуандық мырза, дұрыс айтасыз, бәріміз ұйымдасып, бірігіп ел ішіндегі түйткілді дүниелерді шешімін тапқанша көтере беруге тиіспіз.
Екіншіден, жазушылар жазуын жазады. Кітап шығады. Ал ол кітап тиісті жеріне жетпей жатса, оқитын адам болмаса, олқылық та осы тұстан шығады. Жазу өз алдына, соны халыққа бағыт­тап, алтын көпір бола білетін медиа тұлға керек деп ойлаймын.
Банкке қатысты сөз қозғағанда мына нәрсе ойға түседі. Елге белгілі Марғұлан Сейсенбайға әлдебір тілші Альянс банктен жоғары пайызбен несие алып, төлей алмай асылып қайтыс болған адам жөнінде сұрақ қойғанда, ол шімірікпестен: «Менің оған қатысым жоқ», – деп жауап бергенін естіп жағамды ұстадым. Әй, ең болмаса, халықтан кешірім сұрауы керек қой. Міне, осындай мәселелерге байланысты жазушылар қауымы үздіксіз үн қатып отырғаны дұрыс.
Әрмиябек САҒЫНДЫҚҰЛЫ: Қытайдан келген қазақпыз, олардың реформасы біздің көз алдымызда өт­ті. Елімізде экономикалық өндіріс, ұлт­тық өндіріс деген жоқтың қасы болып тұр. Қаншама завод, фабрика жабылды, құрыды, олардың темір-терсегі қытайға сатылды да, машина болып қайта келіп жатыр. Қазақстанда машина өнеркәсібін дамытамыз деген жоспар бар. Қытайда бұл бағыт­ты дамыту үшін шет­тен келетін машинаға 200 пайыз салық салып қойды, нәтижесінде Қытай дүниежүзінің көлігін жинап, әлемге сатып жіберді. Қанша жақсы нәрсе айтқанымызбен, механизмін жасамай, ештеңе дамымайды. Қазақтар мақтанып жүр, «Қытайдан мынадай арзан фирма таптым, мынадай шетелдің сайтын таптым», – деп. Жарнамалап жүр. Бұл – тіпті ұят. Шетелдік өнімді шекарадан кіргізбейтін елдер өздерін, өз өнімдерін қорғап, дамып жатыр. Бізде ұлт­тық өнеркәсіп салу мұң болып тұр.

Сонымен қатар ауылда мал ұрлығы өршіп тұр. Байдың жылқысы ұрланса, бірден тауып береді, ал қарапайым адамның жылқысы жоғалса, ешқандай әрекет жоқ. Ұрыны ешкім ұстап бермейді, тіпті ұрлық милициямен бірлесіп жасалады дейтіндер бар. Бұған тоқтау қоймаса болмайды.
Тұрсынбек ТОКИН: Елді аралап жүріп маңдайыма тас боп тиетін бір жағдай – тіл мәселесі. Соның ішінде аударма саласы ақсап тұр. Жұмыссыздық белең алды. Өзімізге жұмыс жетпей жатып, шет­тен келгендерді қамтамасыз етіп қоямыз. Сонымен бірге жастар тәрбиесін қолға алуымыз қажет.

Жанар ӘБДЕШОВА: Жазушылардың көбі қырық жыл бұрынғы костюммен жүреді. Далаға шыққанда «не киемін?» деп ойланады. Мемлекет бізді қолдамаса, мұнда айтып отырғанымыздың бәрі жай сөз болып қалады. Орыс мектебінде қазақ тілін өркендету мақсатымен бір мектепке жіберген мені. Сонда барғанымда көргенім, қазақ тілінде сөйлеуге ұялады біздің қара көз балалар. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін ең әуелі шенеуніктер, байлар қазақша сөйлеуге тиіс.
Алмасбек АХМЕТБЕК: Жолдауды қозғалмай отырып тыңдап шықтық. Мемлекет­тік инфрақұрылым, мемлекет­тің салық жүйесі, қаржы институт­тарының қызметі, оның халыққа пайдасы мен зияны туралы біраз әңгімелер айтылды. Ғалымдардың сөзінше, АЭС салу – керек нәрсе. Мәселе кімнің салатынында. Жалпы, мемлекет­тік жүйеден, биліктен күтетін үмітіміз, күтетін қызмет­теріміз, күтетін оң шешімдеріміз биік әрі таусылмайды. Соның біразы айтылып, жолға қойылды, қолдаймыз.
Әділғазы ҚАЙЫРБЕК: Биылғы Жолдауда көпті толғандыратын қадау-қадау мәселелер күн тәртібіне қойылды. Барлық тоғыз тарау мемлекет­тік саясат­тың берік ұстанымын білдіреді. Жолдауда жүзге жуық тапсырмалар мен ұсыныстар, бастамалар бар екен. «Елдің жағдайы қалай?» деп елеңдегенде, ең әуелі, шекаралық аудандарда дәрігерлер мен мұғалімдердің жетіспеушілігі – алаңдатарлық ахуал. Кадрлардың тапшылығы әсіресе ауылдық жерлерде қат­ты сезілуде. Кезінде жабылып қалған облыстар, аудандар қайта ашылғанда бәрі рет­теледі деп қат­ты қуандық. Қала мектептерінде бір сыныпта қырық бала отырса, ауыл мектептерінде бір сыныпта төрт-ақ бала қалған жағдай бар. Мұғалімдердің, дәрігерлердің, мәдениет саласы қызметкерлерінің жетіспеуінің бір ұшығы осында жатыр. Мектептегі мұғалімнің беделіне мектеп те, ата-ана да, билік те бірдей жауапты екенін ұмытпайық.
Бақытбек БӘМІШ: АЭС әлемнің отыз-ақ елінде бар. Бұл мәселені осы саланы анық, айқын білетін ғылым адамдары шешуі керек. Энергия өндірудің ең ғажайып, соңғы моделі екені даусыз. Сондықтан бұған біз қарсы келе алмаймыз, тек жобасын сауат­ты ойластыру керек. Маман дайындау қиын дүние емес. Физика, математиканы терең меңгерген, жақсы оқыған балаларды дамыған елдерге жіберсек, айналасы бес-он жылда өз кадрларымызды қалыптастырып үлгерер едік.
Әскердегі еркектің еркекті қорлап жатқанын естігенде, жанымыз түршігеді. Соған жауапты капитан, сержант, старшина, прапорщиктерді халықтың алдына әкеліп жазалау керек.
Ерлан ЖҮНІС: Жолдау кең ауқымды, қоғамдық өміріміздің сан саласын қамтыған, әлеумет­тік қабат­тарды мол қамтыған Жолдау болды. Қоғамдық оптимизм жоғарыда айтылған барлық мәселені қамтып тұр. Қазақстанның үштен бірін кәмелет­тік жасқа толмаған балалар қамтиды, яғни біз жасарып келе жатқан халықпыз. Жас ұрпақ, жаңа толқын келе жатыр. Қызыл империяны көрмеген, көзін ашқалы көк Туды көрген ұрпақ келгенде мемлекет­тің мейірімін, ұлт­тың махаббатын сезінсе, сол балалар жаңа қоғамды дұрыс жасайды. Осында айтылған көп мәселе өздігімен шешіліп, өзімен-өзі қалып кетеді деп ойлаймын. Сол үшін мемлекет ең бірінші балаларға жағдай жасау керек. Жолдауда айтылғандай, былтыр жеті миллион баланың есепшотына үш жүз миллиардтан астам ақша түсті. Биыл да түседі. «Әлеумет­тік әмиян» жобасы жүзеге асқалы жатыр. Ертең қалай болады, қоғам қалай болады деместен, әр отбасыда бестен астам бала өмірге келіп жатыр. Сондықтан оптимист ұлт ретінде келешекке үмітпен, сеніммен қарайық.
Қасымхан БЕГМАНОВ: Осы отырған қазақ жазушыларының бәрінің артында алыс-алыс ауылдар жатыр. Әрқайсымыздың артымызда тағдыр жатыр, жол жатыр, алдымызда ел тұр. Ащы пікірлер де, қолдау сөздер де айтылды. Қай-қайсыңыз да дұрыс айтасыздар. Қолына қалам ұстаған жандардың ел ахуалына жан ауыртпайтыны жоқ. Бірте-бірте жақсы нәтижелерге жетеміз. Тәуелсіз елге Шоқайлар керек, ұлт­тың рухы керек.
Мемлекет бізге керемет жағдай жасап отырғанын мойындауымыз да керек. Президент айтқан тоғыз мәселе халықтың ахуалын тереңнен сезінуден туған.
Мереке ҚҰЛКЕНОВ: Көп әңгіме айтылды. Арасында өзіміздің проблемаларымызды да көтердік. Қалай дегенде де, Қазақстанда жазушыларға жағдай жасалып жатыр. Басқа бағыт­тарға да айтарлықтай қаржы бөлініп, қолдау көрсетілуде. Сын айтқанда да орнымен айтқан жөн. Қазіргі мақсатымыз – қазақ деген халықтың экономикалық, заңдық сауатын ашу. Жұрт көп дүниеден хабарсыз. Есесіне, жастар қарқынды өсіп, дамып келеді. Болашақ жастардікі ғой. Қазір ата-анасы дұрыс кез келген бала қазақ тілін терең біледі, одан кейін барып ағылшынша мен орыс тіліне жетік. «Қазақ тілі құриды» деген – жалған сөз. Ұл-қызын орыс мектебіне беріп жатқандар әлі-ақ ақша төлеп тұрып қазақ тілінде оқытады.

Жазып алған
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА
Суреттерді түсірген
Самат ҚҰСАЙЫНОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір