Ұлт мүддесі үшін жан қиған тұлға
14.04.2023
3042
0

Амангелді Имановтың туғанына биыл 150 жыл толуына орай ҚР Президенті Архивінің қорындағы құжаттар шеңберінде қысқаша тоқталуды жөн көрдік. Архивте ол туралы замандастарының жазған пікірлері мен естеліктері, атқарған қызметтері жайында көптеген мәліметтер сақтаулы.

Ә.Жангелдиннің айтуымен Ә.Қастеевтің салған портреті

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1973 жылғы 17 қаңтардағы «Амангелді Имановтың туғанына 100 жыл толуын мерекелеу туралы» қаулысы негізінде республика аумағында оның туған күні кеңінен аталып өтілген. Осы дүбірлі науқан қарсаңында ҚР Президенті Архивінің қорларының негізінде Серікбай Бейсембаевтың редакциялық басқаруымен және Манаш Қозыбаев пен Павел Пахмурныйдың құрастыруымен 1975 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген «Амангелді Иманов. Мақалалар, документтер, материалдар» жинағы шыққан болатын («Амангельды Иманов. Статьи, документы, материалы» орысша жинақ 1974 жылы басылып шыққан). Бұл жинақпен қатар Архив кітапханасында Амангелді туралы т.б. бірнеше әдебиеттер тізімі жинақталған.
Амангелді 1908 жылдан бастап патша билігіне қарсы шығып, қарауыл командасының солдаттарымен қарулы соқтығыстарды басқарып, түрмеге қамалған. Осы оқиғадан кейін сол кездегі атқа мінерлермен саяси көзқарасы бір болып, қазақ кедейлерінің мүддесін қорғау үшін ресей патшасымен күресін бастайды. 1916 жылдың бірінші жартысында Аманкелді саяси ұстанымы үшін туған өлкесінен Байқоңырдың жер қазу жұмысына жер аударылады. Онда ол 1905-1907 жылдардағы бірінші революцияның демократияшыл интеллигенттері Н.Токарев, И.Денисов және И.Деевпен танысып, үндес болады. Сол жылдың маусым айында Николай ІІ патшаның бұйрығымен 19 бен 31 жас аралығындағы қазақтар тыл жұмыстарына жұмылдырылады. Қазақ шаруалары бұл науқанға қарсы шығып, негізінен кедейлер мен езілген бұқара күшейіп, үлкен толқулар орын алады. Жетісуда Тоқаш Бокин, Ақмола облысында Әділбек Майкөтов, Оралда Сейтқали Меңдешев көтерісшілерді басқарған. Көтеріліс әсіресе Торғай уезінде аса ықпалды күшке ие болады. Осы ұлт-азаттық көтерілістің белсенді жетекшілерінің бірі – қалың бұқараның арасынан әскери жасақтарды ұйымдастырып қана қоймай, көтерілген халықты іс жүзінде ұрыстарға дайындаған әрі оларға үлгі болған Амангелді Иманов еді. Ол Торғай уезінде көтерілісшілердің алғашқы отрядын ұйымдастырып, тамыз айында Сұрша тоғайына жиналған көтерілісшілердің бас қолбасшысы болады. 1916 жылдың қыркүйек айының басында Аманкелді бастаған отряд жазалаушы отрядтарға қарсы бірқатар соғыстар өткізеді. Сол жылы оның әскери жасақтарының қатарына Ақмола облысының Петропавл және Атбасар уездерінің, Сырдария облысының Перовск уезі және Торғай облысының Қостанай уезінің көтерісшілері қосылып Ырғыз, Торғай жолы бойындағы почта станцияларын басып алады. Бұл көтеріліс күзде жалпы халықтық сипат алып, Амангелдінің артынан ерген жауынгерлердің саны 50 мың адамнан асқан деген архивтік деректер бар.
Амангелді бастаған қол 1916 жылғы 6 қарашада Торғай қаласына шабуылдап, Патша әскерінің артиллериясы мен пулеметінің екпініне шыдамай кері шегініп, өз жасақтарымен Торғайдан әрі қарай Батбақара аймағының сыртқы жағына ауысады. 1917 жылдың көктемінде патша өкіметінің генералы Лаврентьев бастаған жазалау экспедициясымен екі рет шайқасады. Біреуі Құм-Кешу ауданында (қазіргі Амангелді ауданы, Құмкешу ауылы), екіншісі Ақ-Өткел (қазіргі Ақтөбе облысы, Ақ-Өткел елді мекені) аймағында болып, көтерілісшілердің бір бөлігі зеңбірек оғынан шошып қашып, екі шайқаста да жеңіліс тапқан екен. Бұл шайқастарда Аманкелді Иманов ерекше ерлік, қаһармандық көрсеткен. Мәселен, соңғы шайқаста бірнеше жауынгерлерімен жазалаушы отрядтардың қоршауының ішінде қалып қойған жерінен айласын тауып, кескілескен шайқас жүргізе отырып, майданның қоршауын бұзып шыққан. Бұл туралы 1918 жылғы Торғай депутаттар кеңесінің мүшесі болған Хәкімжан Байдаулетовтің естеліктерінде жазылады.
Президент Архивінің құжаттарында осы Х.Байдаулетовтің 1935 жылғы 21 қазандағы естелігі бойынша тоқталсақ, Аманкелді көтерілісшілердің қолбасшысы ғана емес, Алашорда өкіметімен араздық көзқараста болған, оның ішінде Ахмет Байтұрсынов және Міржақып Дулатовпен ұстанымдары сәйкес келмеген және Әліби Жангелдинмен достық қарым-қатынасы, Кеңес өкіметіне қатты берілгендігі сондай-ақ бауыры Бектепберген Имановпен арасындағы саяси көзқарастары төңірегіндегі тартыстары баяндалады.
Оның қызыл әскер отрядын басқарып, Лаврентий Таран және Карп Иноземцев сынды большевик қолбасшыларымен бірлесіп Торғайда кеңес өкіметін орнатамыз деп алашордалықтармен жүргізген соғысы ақырында жеңіліс тауып, 1919 жылы 20 сәуірде Торғайда Совет өкіметі құлайды. Осы ұрыста Аманкелді жақтастарымен бірге тұтқындалып, сол жылы 18 мамырда қаза тапқаны жазылған.
Жүз жыл бұрынғы жазылған архивтік құжаттар мен дәйекті дәлелдер бүгінгі таңда әділ бағасын алып, шынайы келбетімен шындықтың сырын шертіп отыр. Бірі – таптық жүйенің құрығынан құтыламын деп патша өкіметіне қарсы күресе жүріп, түбінде қызыл империяның соғыс комиссарына айналған, бірі – ұлттық сана мен ұлттық тәуелсіздікті орнатуға талпынған қазақтың қаншама ерлері тарихта әртүрлі мүдделер қақтығыстарының құрбаны болып арпалысып өткен. Бірінің батырлығы мен істеген әрекеті бірден бағаланып, сол заманнан бастап ұлықты есімге ие болса, енді бірінің ұстанымы мен күресі үшін халық жауына айналып, көп жыл ұмыт қалып, ел іргесі бекігенде қайта тірілген ерлердің тағдырлары архивтік құжаттарда сақталып, қазір қоғамға ашық әрі қолжетімді болып отыр. Елім деп егесіп, ұлт мүддесі үшін жан қиған тау тұлғаларымыздың жүріп өткен жолы кейінгі ұрпаққа әрдайым сабақ болып қала бермек.

Қ Р Президенті Архивінің
аға сарапшысы
Нұрлан Тоқсабаев

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір