Ұларбек ДӘЛЕЙҰЛЫ: РУХЫ КҮШТІ ҰЛТ ҚАНА БАСҚЫНШЫЛАРҒА ҚАРСЫ ТҰРА АЛАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «Сонымен қатар тарихшыларымыздың пайымдауынша, Жошы ұлысының іргесі қаланғанына – 800 жыл. Мемлекеттігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынады», – деген еді.
Жақында Астана мен Алматы қаласында белгілі жазушы Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан» тарихи романының тұсаукесері өтті. Сол шараға ҚР ҰҚК Шекара қызметі
Жетісу облысы бойынша департаментінің бір топ шекарашылар қауымы да қатысып, тарихи романның авторымен жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу тақырыбында сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Ұларбек Дәлейұлы, тарихи жанрда қалам тербеуге не түрткі болды?
– Менің туып-өскен жерім – Өр Алтай. Қазір Қытай территориясына қарап кеткені болмаса, ежелден қазақтың түп мекені. Өткен ғасырдың басында қытайдың отарлау саясатына қарсы бас көтерген қазақтардан небір батырлар мен мергендер өтіпті. Сол ерлердің табанды күресінің арқасында қытайдың батысындағы елдерге жүргізе бастаған біртіндеп жаулау саясаты кемінде бір ғасырға шегерілді. Зуқа батыр, Оспан батыр бастаған ерлердің, Сүлеймен, Мұса, Шәйтіғазы қатарлы мергендердің ерлік даңқы ел ауызында жыр болып айтылатын. Содан зор рух алатынбыз. Осынау алапат заман қаһармандарының хатқа түспеген кейбір ерліктерін қазақ оқырмандарына таныстыру мақсатында қолыма қалам алдым. «Хат бармайтын қыстақ», «Қарғыбаулы қасқыр» қатарлы әңгіме-хикаялар жинағым жоғарыда айтқан жауынгерлік рухты ту етіп жазылды.
Сонымен қатар, арғы замандар, даңқты дәуірлеріміз туралы қалам сілтеуді көп ойланатынмын. Себебі, алдымызда жаңа заманда басқаша қалыптаса бастаған жас ұрпақты отаншыл, өр рухты, намысқой етіп тәрбиелеу міндеті тұр. Оларға әдеби шығармалар, кинолар арқылы патриоттық рух бере аламыз. Анығында, рухы күшті ұлт қана басқыншыларға қарсы тұра алады. Оған намыс пен батырлық керек. Бұл жерде жаулық тілеп отырған жоқпын, қазақта «Жау жоқ деме, жар астында» деген керемет мақал бар. Әр ел, әр мемлекет қорғаныс мәселесін ешқашан есінен шығармағаны абзал. Қорғаныс мықты болу үшін қуатты әскер керек. Қуатты әскер – әр шаңырақта өсіп жатқан жастар. Сол жастар рухын серпілту мақсатында тарихымызда өткен ерлік жорықтарды, қол бастаған батырлар мен елге тұтқа болған ұлы хандарды тарихи роман негізінде жазуға бекідім.
– Сіз жазған «Жошы хан» романында көшпенділер әскерін патриоттық рухта қалай тәрбиелеген? Мысалдар келтіріп кетсеңіз?
– Ол жайында мысал тым көп. Әскери қорғаныс әлем көшпенділерден үлгі алған. Ғұн, Көк түрік заманынан қалыптасқан жасақ дайындаудың берік тәсілдері болған. Оны кереметтей дамытқан Шыңғыс қаған екені баршаға аян. Ол ұлы ұлыс құрған соң әскерді ондық, жүздік, мыңдық, он мыңдық бойынша іріктеп, әр сардарға ауыр міндеттер жүктейді. Бір әскер қашса онбасы, он әскер қашса жүзбасы жазаланады дегендей. Мысалы, ондық әскерде екі-үшеуі жау қолына түсіп қалса, қалғандары құтқарып шығуы немесе майдан даласында кескілесіп бірге өлуі тиіс. Әйтпесе, қалғандарының басы алынады. Осы сияқты кемелді тәртіптердің арқасында ұрыс даласында саптасын тастап қашу деген ол заманда болмаған.
Көшпенділердің әскери тәсілдері де керемет. Жаумен майдан басталғанда, алдымен садақшы қосын алдыға шығады. Арқар мүйізді, қайың жақтаулы құрама арыс садақ ұстаған атты қолдың әрқайсысында алыстағы және жақындағы жауды ататын екі-үш түрлі садақ, соған сай қорамсақты жебелері болады. Әр қорамсақта отыз жебеден десеңіз, қанжығасына байлаған төрт қорамсақта жүз жиырма жебе. Алдыңғы ұрысқа аттылы садақты бес мың әскер шықты дегеннің өзінде жау тарапына жеті жүз мың жебе нөсерше төпелейді. Олар шетінен мерген, әр атқан бес оғының кем дегенде үшеуін жанды жерден қадайды. Олардың шаруасы аяқталды-ау дегенде ұзын сүңгілі атты қосын екі бүйірден келіп тиіп, жаудың қалған қосынын ат үстінде жүріп шетінен түйрейді. Қарсы жақ қаншама мықты, ұрысқа дайын деген күннің өзінде үштен екі әскерін шығындап, жеңілуге мәжбүр болады. Көшпенді қолының күш-қуатын осыдан-ақ бағамдай беріңіз.
Ежелгі бабалар жорығында ерекше атап өтер тағы бір тәсіл – жекпе-жекке шығу. Жау батырын найзаға түйреу арқылы саны неше есе көп дұшпан бетін қайтарған оқиғалар да жеткілікті.
Анығында, көшпенділер көк бөріні өздеріне тотем етіп қана қоймай, қасқырдың қайсарлығы, қиыннан жол табатын айлакерлігі кез келген көшпенді баласына үлгі болған. Қасқырлар мен көшпенділердің өмір сүру дағдысы, аң аулау әдістері бір-бірінен аумайды. Ғұн, түрік заманынан кешегі хандық дәуірлерге дейін аңшылықты әскери жаттығу ретінде өткеріп келген. Шыңғыс заманында «Ұлы аблақ» деп аталатын, қаумалап аң аулау дәстүрі болған. Ол жасақтарды атүсті мергендікті, шоғырланып та, бытырай да шабуыл жасау мен шегіну тәсілдерін меңгеруде айырықша үлесі болған тәсіл.
– Кітапты жазу барысында кездескен қиындықтар мен қызықты оқиғалар жайлы айтып берсеңіз. Қанша деректер мен кітаптарға шолу жасадыңыз?
– Жазу да бір азапты жұмыс. Алайда адамға сыйлар ләззаты мен өміршең күші де бар. Алдымен өзіме оңаша бөлме жасақтап алдым да, үйдегілерге былай дедім: «Мен романды жазуға біржола отырамын. Бар-жоғыммен, кейбір тосын қылықтарымды есепке алмаңдар. Күн мен түн деген түсінік болмайды. Ас-су жайын қадағалап қойыңдар». Қыстың қалай өткенін де сезбей қалдым. Түнімен отырып, таң ата таза ауа жұтуға балконға шыққанымда ел жұмысына, балалар сабақтарына кетіп жатады. «Еее, таң атқан екен ғой», – деймін. Бір орнымнан тұрғанда түн келгенін көремін. Басым салақтап жүріп, талай рет көрші үйге кіріп кеттім. Бастапқыда аңтарыла қарайтын еді, соңыра олар да түсінді.
Базарға көлік айдап барып, басыма тосын ойлар желісі келгенде қасымда адам барын ұмытып, үйге жалғыз кетіп қалған кездерім де көп. Қолымдағы телефонымды таппай, балаларыма талай қоңырау шалдым: «Телефоным жоғалып кетті. Көрдіңдер ме?» – деп. Қызықты сюжеттерді, сұрапыл майдандарды жазғанда ернім кеберси қалады. Ондайда Орхұн мен Селенгінің суымен таңдай жібітемін. Осындай қызықты сәттерді бастан кеше жүріп романды аяқтадым.
Ал пайдаланған деректерім мен оқыған кітаптарым баршылық. Солардың ішінен ең сенімді деген Рашид ад-Дин мен Мұхтар Мағауиннің кітаптарын негізге алдым. Заман келбетін елестетуге Рубрук пен Плано Карпини, Марко Поло жазбалары ес қатты. «Юан тарихы», Жубәйни, Нәсауи, Жүзжани қалдырған деректердің де берері мол.
– Қазіргі жастардың әскерге баруға, Отан алдындағы борышын өтеуге деген құлшынысын ояту үшін не жетіспейді? Сіз өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу ісіне қандай тәжірибелер мен әдістер ұсынар едіңіз?
– Қазіргі заманда құндылық пен көзқарастар өзгерген. Қоғам топтасудан гөрі жеке дара өмір сүруге, адамдар оқшаулануға бейімделген. Оның зиянды тұсы отан ұғымының құнсыздануына алып келеді. Жастардың әскерден қашуы – соның бір мысалы. Осы айтқан қоғамның өз-өзінен бірліктен ажырауы отбасы құндылықтарын да төмендетіп жіберді. Ежелгі көшпенділер, яғни, бабаларымыздың өмір салты мүлде басқа болды. Олардың қолынан бәрі келетін. Үйге келсе дайын аспаз, малы немесе адамы ауырса дайын емші, жорыққа шықса теңдессіз жауынгер, бос уақытында қару-жарақ жасайтын шебер. Міне, осындай біртұтастығы бұзылмаған өмір салты астында оларда отбасы, отан ұғымы аса биік тұратын. Оларды қорғау үшін ойланбай-ақ қатер атаулыға басын тігетін. Ал қазір бәрі басқаша.
Келешек ұрпақты отансүйгіштікке баулудың тетіктері көп. Соның бірі – ана тілінде тәрбие беру. Тіл – біздің генетикалық кодымыз. Тілден айырылса, гендік асыл қасиеттерінен де, ұлттық киелі қуатынан да айырылып, дүбәраға айналады. Дүбәраға айналған жаңа буынның кесірін әбден көріп жүрміз ғой. Жемқорлық, сатқындық, түрлі қатігездік атаулының түбірі сонда жатыр. Бізде обал мен сауапты білмейтін ұрпақ өсіп келеді.
Әлі есімде, бала күнімде жауыннан кейін тау етегінде ойнап жүріп, өліп жатқан торғайды көрдім. Алып үйге келсем, есік алдында әкем жүр екен. «Қолыңдағы не?» – деп сұрады. «Өлген торғай…», – дедім мен. Әкем бассалып ұрса жөнелді. «Өз жайында жүрген титтей қанатты жан иесінде нең бар? Неге өлтіресің?» – деді. Мен таспен ұрып алды деп ойлаған ғой. Істің анығын түсінген соң барып, жайдары күйге түсті. Сонда да жүзінде бір аяушылық бар. Сосын жан иесіне қас қылмау, табиғатты қорғау жайында көп әңгімелер айтты. Сол оқиға әлі күнге есімнен кетпейді. Әлі күнге көшеден жаралы мысық көрсем, жаным ауырады. Бұның бәрі ес білгеннен миға сіңген жақсы тәрбиеден. Әр балаға ана тілімен қоса табиғат әлемін аялауды құлағына жақсылап сіңірсе, бәрі орнына келер еді. Себебі, адам баласы үшін табиғаттан өткен мейірімді де қатал ұстаз жоқ…
– Сіздің жас күніңізде «Армия», «Әскер» деген сөздердің мән-мағынасы қандай еді? Өзіңіз және ағаларыңыз әскерде болған ба?
– Менің туып-өскен жерім – қытайдың Алтай аймағы. Таулы өңір. Біздің балалық шағымыз Қытайдың өркендеу кезіне тура келді. Олардың бастан өткерген қым-қиғаш қақтығыстары жайлы фантастикаға жақын фильмдері мен тарихи кітаптарына тойып өстік десем де болады. Есейе келе оның бәрі жалған екеніне көзіміз жетті. Бала күнімізде әскер дегенің оқ өтпейтін, өтсе де өлмейтін нағыз қаһармандар болып елестейтін.
Ал өзімнің атам – сол қытайлармен ұзақ қарсыласқан адам. Асқан мергендігімен көзге түсіп, ел ауызында «Сұрмерген» атанған. Ол кісіні көзіміз көрді. Алтайды, онда мекендейтін қазақтарды қытай басқыншылығынан қорғау үшін жанын сала майдандасқан ерлер қатарынан. Ол қарттардың әңгімесі өз алдына бір төбе еді. Бала күннен құлағымыздың құрышы қанып тыңдап өскен сол әңгімелерді құрап, «Хат бармайтын қыстақ», «Қарғыбаулы қасқыр» деген әңгіме-хикаялар жинағын жаздым. Ол кітаптарым да оқырманның жоғары бағасын алды. Қазіргі әскердегі жігіттер сол кітаптарды оқыса, аздап болса да рухани күш, жігер алар ма екен деп ойлаймын.
Орта мектеп кезіндегі жаттығулар болмаса, мен де әскерге бармағанмын. Біздің тағдыр басқа ғой. Тәуелсіз елдегі жастардың Отан алдындағы борышын өтеп, шекара қорғап жүргені даңқ. Ондай даңқ біздің маңдайға жазылмағанына өкінемін…
– Қызықты сұхбатыңызға рахмет! Шығармашылық жолыңызға толағай табыстар тілеймін!
Сұхбаттасқан әскери журналист
Манарбек ҚАРЕКЕНОВ