Советбек Медебаев: Тарихи және табиғи тегеуріні күшті өлкеміз өркендейді
05.07.2022
400
0

Ұлытау облысына сапары­мыз­ды Қазақ мемлекетті­гі­нің бастауында тұрған киелі жерден бастағанбыз. Алаша хан мен Жошы ханнан бергі баһадүр бабалардың қаншасы мәңгілік мекен еткен атақоныстағы аруақтар­дың барлығына Құран оқып, дұға бағыштап қайтқан бізді Ұлытау ауданының әкімі Советбек Тұрсынұлы Медебаев ағамыз қарсы алып, амандық-саулық сұрасып болған бетте біраз сұхбат құрған едік.

– Советбек аға, сіз бен біз осымен екінші рет жүздесіп отырмыз. Былтыр Қарағанды облысының аудандарына әдеби-этнографиялық экспедиция жасау жайлы кеңесе келсек, биыл Ұлытау облысының құрылуына орай бағзы да жаңа өңірдің бүгінгі бет-бейнесін көріп, ахуал-күйімен танысқалы жеткен жайымыз бар. Ұлытау өңірінің жаңа мәртебесіне қатысты өз пікіріңізді білсек…

– Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаевтың 16 наурыздағы «Қазақстан халқына жолдауы» жарияланған сәттен жерлестеріміз шын қуанып, толқып жүр. Ұлытау облысының құрылып, орталықтың іргеміздегі Жезқазғанға орныққанына елмен бірге өзіміздің де көңіл күйіміз көтеріліп қалды. Бұл өңіріміздің де, ауданымыздың да өміріне көп өзгерістер әкелетін, керемет жаңалық болып тұр. Ұлттық Құрылтайдың Ұлытауда өтуінің өзі қоғамда серпіліс тудырып, келер күннің еншісіндегі даму мен жаңғырудың жетегінде бір жасап қалдық.

– Нақты қандай қадамдар, нендей өзгерістер күтуіміз керек?!

– Ең бірінші кезекте, Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес, «Қазақмыс» бастаған металлургияның алыптары аймаққа тұрақты түрде тіркеліп, облыстың қоржынын қоңайтуға кіріседі. Жезқазғанға, бүкіл Ұлытау облысына инвестициялар келеді. Нәтижесінде қалаларымыз бен аудандарымыздың дамуына жол ашылады. Инфрақұрылымдар қолға алынып, тарихи және табиғи тегеуріні күшті өлкеміз өркендейді. Әулиетаудың баурайында «Рәміздер алаңы» салынса, бұрыннан да тартымды жерімізге туристердің қызығушылығы одан сайын арта түседі. Бұл – болатын өзгерістердің бір бөлігі ғана.

– Туризм демекші, Ұлытаудың тарихы да, табиғи көркі де осы саланы мықтап қолға алуға сұранып-ақ тұр. Елді танығысы келген,Тәңірдің туындысы – ғажайып пейзаждармен қауышқысы келген адамның бұл қасиетті жерге ат басын бұрары сөзсіз. Әңгіменің ашығы керек, аудан орталығының өзінде дені дұрыс қонақүй де жоқ қой. Жаңа өңірге құйылатын қомақты қаражаттан Ұлытаудың өзін дамытуға бөліне ме, әлде, бәрі де баяғыша облыс орталығында қала бере ме?

– Әрине, бөлінеді. Менен бұрын ауданның әкімі болып тұрған шағында тарихи орындарды реставрациядан өткізіп, қаншама мәдени нысандарды ашып кеткен Берік Әбдіғалиұлының Ұлытау облысының әкімі болып келуі бұл сенімімізді күшейте түсті. Қазірдің өзінде қандай нысандарды жөндеуден өткізіп, қай бағыттағы жолдарды салатынымыз жоспарланып жатыр. Бірақ біз қонақүйлерді бюджет есебінен сала алмаймыз. Дегенмен бұрын салына бастап, кейін тоқтап қалған бір қонақүйдің құрылысын мердігерлердің қайта қолға алуы туралы келісім бар. Әулиетауға туристердің қызығушылығы күшті болғанымен, төбесіне шығар баспалдақтың жоқтығы әжептеуір қиындық тудыратын. Енді ол мәселенің де шешімі табылып тұрғандай. Аудан орталығына беттегенде өздеріңіз аялдаған Күмісбұлақты, басқа да сол тектес нысандарды абаттандырудың жолдарын қарастырып жатырмыз.

– Жергілікті музейге кіріп көрдік. Экспонаттар қорының әлі де аз екендігін байқадық. «Сапар орталығында» да сол жағдай…

– «Сапар орталығы» Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты нысан ғой. Екі жыл бұрын салынып бітсе де әлі салтанатты түрде ашылуы болған жоқ. Жошы ханның кесенесі секілді жақын аралықта облыстық мәдениет басқармасының қарауына өтетін болса, жағдай біршама түзелсе керек. Музейімізді ауданның қарауына алсақ, оның маңыздылығы төмендемесе, артпасы анық. Сол себепті жаңа құрылатын облыстық басқармамен байланыс орнатып, музей қорын молайтуға, мәдени мұраларға қамқорлықты еселей түсуге бар күшімізді саламыз.

– Қазір Ұлытау ауданының құрамында жүрген, бұрын жеке аудан болған Жездінің жағдайына тоқтала кетсеңіз…

– Бұрын Жездінің өзінде ғана 14 мың адам тұрса, бүгін бүтіндей Ұлытау ауданының 15 ауылдық округінде 13 мың ғана тұрғын бар. 12 миллион гектар аумақты қамтып жатқан аудан үшін бұл өте аз екенін көпшілік жақсы түсінсе керек. Өңірдегі өндіріс ошақтары қайта жаңғырып, облысымыз қарқынды дамып жатса, халық саны артып, Жездінің ғана емес, барша елді мекендердің ахуалы жақсаратынына сенімдіміз.

– Негізінен ауыл шаруашылығы саласына бейімделген Ұлытау ауданының шаруаларына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау бар ма?

– Шаруалар көбіне жем-шөпке, су ұңғымаларын қаздыруға мемлекеттен субсидия сұрап жатады. Әрине, мүмкіндік жеткенше қолдау көрсетіледі. Тәуекелді талап ететін топқа жататындықтан біздегі егін алқаптарының көлемі шектеулі (27 мың гектар!). Сондықтан негізгі қолдау мал шаруашылықтарына бағытталған. Бірақ көмек түрлерінің кешенді бағдарламасы жасалып, көлемі ұлғайса, шаруашылықтардың еңсесі көтеріліп, ауылдарымыз көркейе түсер еді.

– Былтыр өзіңіз ауданға енді ғана келіп жатқанда ауа райының күрт өзгеріп, күннің ысуынан алапат өрт болып, қайғылы жағдай орын алғаны есімізде. Сондай жайсыз дүниелер халықты күйзелтіп, баршаның жанына ауыр тиіп жатады. Облыстың құрылып жатқандығын пайдаланып, осындай табиғи апаттарға, тілсіз жауға қарсы тұруға қауқары жететін қажетті құрылғылар мен жабдықтарды жасақтап алуға мүмкіндік болар ма екен?

– Бұрынғы орман шаруашылығы қазір қайтадан «Ұлытау» ұлттық паркі болып құрылды. Бұл жерде 76 кәсіби маман жұмыс істеп жүр. Жаңа техникамен жабдықталып, жер жыртып, өрттің алдын алуға бағытталған көптеген шараларды іске асырып жатыр азаматтар.
Сіз сөз еткен өрт найзағайдың жасынынан басталып, бір мезгілде 11 жерге тараған еді. Аудан орталығынан 300 шақырымдағы Қоскөлде басталған өртке жетудің өзі қанша қиындық тудырғанын айтпасақ та түсінуге болады. Қайсыбір өрт сөндіргіш көліктер бұзылып, жете алмай жатқанын ұмытқан жоқпыз. Ауылдардың ара қашықтықтарына ыіңайластырып, 4 арнайы бекет те жасап қойдық. Олардың құрал-жабдықтарын әперіп, қызметкерлердің жалақысын төлеп отырмыз. Бірақ ол да көп тосқауыл бола алмасы анық. Осының барлығын ескере келе, Қарағанды облыстық әкімдігіне тау-таста жүруге қауқарлы «УАЗ-Фермер» көліктерінің 1 куб су сиятын «Ермак» құрылғысымен жабдықталған түрін ауданымыздың 15 елді мекеніне алып беру туралы ұсыныс жасағанбыз. Бұл мәселе әлі де маңызды болып тұр. Облысымыздың әкімі Берік Әбдәғалиұлы бұл бағытта барынша қолдау көрсететіндігін айтып, қолдау білдіріп жатыр.

– Халыққа қаншалықты жақынсыз?

– Биылдыққа бір рет барлық елді мекендерді аралап шықтым. Біздің шалғайдағы ауылдардың Қызылорда облысымен шектесіп жатқандығын білесіздер ғой. Жақында тағы да барлық ауылдарға бармақпын. Аудан тұрғындары аптаның қай күні келсе де қабылдап, келген шаруаларына құлақ аспай қоймаймын. Ал істеп жатқан жұмыстарымның, қылған қызметімнің қаншалықты екендігін халықтың өзі айтқаны дұрыс шығар.

– Аға, құшақ жая қарсы алып, сұхбат бергеніңіз үшін «Қазақ әдебиеті» апталығының атынан алғыс айта отырып, халық разылығына бөлене беруіңізге тілектестігімізді білдіргім келеді.

– Сіздерге де деннің саулығы мен шығармашылық табыстар тілеймін. Еліміздің қуаты артып, қарыштап дами берсін!

Сұхбаттасқан АЛАШТУҒАН
Cуретті түсірген Ардақ ТҰРЫСБАЙ
Ұлытау облысы Ұлытау ауданы,

20. 06. 2022 жыл

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір