ЕНДІ ҰЛТТЫҚ ҚОР БАЙЛЫҒЫН ӘР ОТБАСЫ КӨРЕ АЛАДЫ
05.09.2022
578
0

Бірден айтайық, Жолдауды тыңдап отырып, ондағы халықтың отыз жылдан бері қордаланып, шешілмей келе жатқан өте өзекті мәселелерінің шешімін тауып жатқанына қарап, Президенттің сайлау бағдарламасына сай жолдау екен деп ойлап қалғанымыз рас. Түйсігіміз алдамапты, шындығында да солай болып шықты! Биыл күзде Президент сайлауы өтеді. Қоғамды толғандырып тұрған Мәжіліс сайлауы да шешілді. Келесі жылы көктемде Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы болады.
Президенттік мерзім енді бір рет қана – 7 жылдық болмақ. Бұл тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Осылайша, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саясат алаңында тағы да тосын жүрістерімен тосынсый жасады.
Тосынсый саясатта ғана емес, халықтың жағдайын жақсартуда да жасалды.
Біз баяғыдан армандап қана қоя­тын, бірақ орындалуы мүмкін еместей көрінген елдің Ұлттық байлығын әрбір отбасының пайдалануы енді іске асатын болады.
Ұлттық қордағы кірістің 50 пайы­зы 18 жасқа дейінгі балалардың шотына аударылады. Президент: «Әрбір отбасы елдің ұлттық байлығын пайдаланудан нақты табыс алуы керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылы аясында жаңа «Балаларға арналған ұлттық қор» бағдарламасын іске қосуды аса маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызын балалар 18 жасқа толғанға дейін мерзімінен бұрын алу құқығынсыз арнайы жинақ шоттарына бөлуді ұсынамын. Кәмелеттік жасқа толғаннан кейін жинақталған сома тұрғын үй сатып алуға және білім алуға жұмсалады. Бұл қаражат өскелең ұрпаққа ересек өмірге нағыз жолдама береді. Қор шынымен де ұлттық мәртебеге ие болып, халық игілігіне қызмет ететін болады. Осы ауқымды істі жан-жақты зерделеу қажеттілігін ескере отырып, жобаны 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосуды тапсырамын», – деді президент.
«Армандар орындалады» деген осы! Құдай көп көрмесін, ұзағынан сүйіндірсін!
Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді.
Әйелдердің зейнетақы жасы 61 жасқа төмендейді.
Ең төменгі жалақы деңгейі 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін көтерілді. Бұл 1,8 миллион азаматтың кірісіне тікелей әсер етеді. «Зейнетақы жүйесін айтарлықтай жаңғырту қажет. Ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерлемесін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына, ал ең жоғарысын 120%-ға дейін біртіндеп жеткізу қажет. Бұрын қабылданған шешімдермен бірге бұл 2025 жылға қарай жалпы зейнетақыны орта есеппен 27%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кең әлеуметтік сұранысты ескере отырып, әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде бекітіледі», – деді президент.
Қоғам күткен тағы бір оң қадам Қаңтар қасіретіне байланысты жасалды.
«Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым.
Рақымшылық жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін айыпталғандарға қолданылмайтыны түсінікті.
Сондай-ақ лаңкестік және экстремистік қылмыс жасағандарға, рецидивистерге, жұртты азаптағандарға рақымшылық болмайды.
Біз адамгершілік таныта отырып, осы қайғылы оқиғадан тиісті қорытынды жасаймыз. Мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбайды. Бұған жол бермейміз.
Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған азаматтардың жағдайы төмен отбасыларына материалдық көмек беріледі. «Қазақстан халқына» қоры да осы игі іске лайықты үлес қоса береді деп ойлаймын», – деді Мемлекет басшысы.
«Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылау­ға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек. Бізде әлі күнге дейін битум тапшы. Бұл – ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін, тіпті ұят жағдай. Үкімет осы мәселені түбегейлі шешуге тиіс. Жалпы, ашығын айтуымыз керек, үкіметтің жұмысында қайта-қайта олқылықтар болып жатыр. Біресе жанар-жағармай, біресе шекер жетіспейді. Осының бәрі үкіметтің нақты шешім қабылдауға келгенде өте баяу қимылдап, батыл қадам жасай алмауынан болып отыр. Мұндай жағдайға азаматтардың да көңілі толмайды. Әрине, бұл – орынды. Сондықтан дәл осылай жалғаса берсе, тағы да нақты кадрлық шешімдер қабылдауға тура келеді», – деді Президент .
«Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек», – деді ол. Сондай-ақ президент игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне жеке тоқталды. Ол комиссия жұмысының аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылатынын айтты. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс.
Жаңа салық кодексі дайындалады.
«Фискалдық реттеуді қалпына келтіру мақсатында 2023 жылы жаңа Салық кодексі дайындалады. Салықтық әкімшілендіруді толығымен жаңарту қажет. Сондай-ақ кез келген бетпе-бет өзара әрекеттесуді болдырмай, салықтық бақылауды толық цифрландыруды қамтамасыз ету қажет», – деді Президент.

Қазыбек Иса, Мәжіліс депутаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір