БАРЛЫҚ ҒЫЛЫМ ТІЛДЕН БАСТАУ АЛАДЫ
03.05.2023
633
0

Қазақстанда жұртшылыққа беймәлім, сырт қарағанда елеусіз болып көрінетін, қазақ тіл білімінің, қазақ тілінің дамуына зор үлес қосқан тілтанушы ғалымдар мен тіл зерттеушілері қызмет істеген, қазір де жемісті еңбек етіп жүрген, қазақ тіл білімін зерттейтін әлемдегі жалғыз ғылыми орталық бар. Ол – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты.

Ішіне үңілсең, біртұтас механизм­ге айналған, өзіндік дәстүрі бар, мектебі қалыптасқан, мақсат-міндеті, қызмет нәтижесі, ғылыми ұжымы, ізденіс бағыты, болашағы айқын Тіл білімі институты тіл білімінің қарашаңырағы іспетті. Қазақ ұғымындағы қастерлі «қарашаңырақ» сөзін әр жерде пайдалана беретін болдық қой, дей тұрғанымызбен құрылғанына 62 жыл толған мекемені осылай атауымыздың себебі де жоқ емес. Институт тарихы тереңнен басталады. Тарихшылар, тілтанушы ғалымдар бұл институттың тарихын Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми шығармашылық кезеңімен байланыстырады. Қарашаңырақ аталуының мәнісі де осында. Өткен ғасырдың 20-30 жылдары Ахмет Байтұрсынұлы Орынбор мен Алматыда ғылымды академиялық жолмен ұйымдастыруды қолға алып, соның орталығы болатын мекеме құрды. А.Байтұрсынұлының идеясын жалғастырып Қазақстанда ғылымды академиялық жолмен ұйымдастырудың сәтті тәжірибесін жүзеге асырған Қаныш Имантайұлы Сәтбаев Қазақ ССР Ғылым академиясын құрғанда, оның вице-президенті болып тілтанушы ғалымдар қызмет етті. Олар – академик Нығмет Сауранбаев, Ісмет Кеңесбаев. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлынан бастасақ, ғылым ордасының құрылғанына бейрес­ми 100 жыл толды.
Тарихты толғасақ, біраз жерге барарымыз анық. Сол себепті аталған мекеменің бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы жазғанды жөн көрдік. Институт директоры Анар Фазылжанның сөзімен айтар болсақ, бұл ғылым ордасы еліміздің руханиятын қалыптастыруға, қоғамның рухани саламаттығын сақтауға, мемлекеттік тілдің ғылыми лингвистикалық базасын әзірлеуге, ұлттық тіл ретінде қазақ тілінің іргелі және қолданбалы проблемаларын зерттеуге орасан зор үлес қосып келе жатыр.

 
Тіл білімі институтының ғалымдары әзірлеген өнімдердің бірегейі – Қазақ тілінің ұлттық корпус жобасы. Корпус сайтында қазақ тілінің мәтіндік қоры жинақталған. Корпустағы мәтін көлемі 31 миллион сөзқолданыстан тұрады. Мәтіндер қазақ тілінің 5 стиль түрінен (көркем стиль, ғылыми стиль, публицис­тикалық стиль, ісқағаз стилі, сөйлеу стилі) жинақталған. Корпустан сөз, сөзформа (сөз түрленімі) бойынша іздеу жүргізіп, іздеген сөзді, қолданылған сөйлемдер тізімін және олардың дереккөзін көруге болады. Табылған сөз/сөзформа немесе мысалдардағы кез келген сөз туралы тілдің барлық деңгейіне қатысты ақпарат беріледі. Корпусты кез келген адам пайдалана алады. Тіпті қазақша үйренемін деушілерге таптырмас құрал. Әлемдегі теңдессіз жобаның бастауында өмірден өткен филология ғылымдарының докторы Асқар Жұбанов тұрса, оның ісін Қолданбалы лингвистика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Айман Жаңабекова сәтті жалғастырып жатыр.
Бұдан бөлек, Параллель корпус пен тарихи іш корпустарды қоса айта кетуіміз керек. Параллель корпус – түпнұсқa мәтін және оның aудaрмaлaрының жиынтығы. Қазақ тілінің ұлттық корпусы базасында параллель ішкорпусты құрудың мақсаты – қазақ тіліндегі мәтіндердің басқа тілдердегі теңестірілген аударма мәтіндер базасын қалыптастыру арқылы қазақ тілін оқытудың лингвистикалық платформасын жасау. Пaрaллель ішкорпус теңестірілген мәтіндер базасынан, белгіленім, метабелгіленім және іздеу жүйесінен тұрады. Ішкорпустың мәтіндік базасына алғашқы кезеңде көркем әдебиет стилі алынды («Абай жолы» романы, «Қан мен тер», т.б.) Теңескен мәтіндерге екі тілде де морфологиялық талдау жасалған. Мәтін туралы ақпарат (метабелгіленім) 10 параметрлі: aвтор, aудaрмaшы, шығарма атауы, aудaрмa атауы, мерзімі, aудaрылғaн мерзімі, түпнұсқa тіл, aудaрмa тіл. (Мәселен, былай көрсетіледі: автор: М. Әуезов, Аудармашы: А. Ким, Шығарма атауы: «Абай жолы», Аударма атауы: «Путь Абая», Мерзімі: 1942, 1947, 1952, 1956 жыл, Аударылған мерзімі: 2012 жыл, түпнұсқа тіл: Қазақ, Аударма тіл: орыс). Іздеу жүйесі сөз, сөз тіркес, сөйлем, бaс әріп (қaзaқ және орыс тіліндегі) aрқылы іздеу жүргізуге мүмкіндік береді. Параллель корпустан мәтіндер туралы бір шығарманың екі тілдегі жалпы сөз саны, қайталанбайтын сөз саны, сөйлем саны, жиілік сияқты статистикалық ақпараттар алуға болады. Параллель ішкорпусқа енген «Абай жолы» романында қазақ тіліндегі жалпы сөз саны – 482150, ал орыс тілінде – 445491, қайталанбайтын сөз саны қазақ тілінде – 59816, орыс тілінде – 59952, сөйлем саны қазақ тілінде – 41798, орыс тілінде – 37792 екені анықталды
Сондай-ақ тарихи ішкорпус – қазақ тілінің ескі кезеңдерден бері жарық көрген әртүрлі графикалық жүйедегі жазба мұралар мәтінінің метабелгіленімі мен лингвистикалық сипаттамасы бар электрондық база, платформадан сөздердің даму тарихы туралы да кең ауқымды ақпарат алуға болады.
ҚТҰҚ тарихи ішкорпусы төмендегідей теориялық және практикалық міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік береді:
– Жаңа Қазақстандағы ұлттық сананы, тарихи сананы жаңғыртуға және ұлттық-мемлекеттік, жалпытүркілік бірегейлікті күшейтуге қызмет етеді;
– қазақ халқының түркі әлеміндегі рөлін, оның түркі дүниесімен мәдени, экономикалық, тілдік, т.б. тығыз қатынастарын тереңірек зерттеуге, осы арқылы түркологиялық ізденістердің ғылыми-теориялық базасын нығайтуға, атап айтқанда, лингвистикалық, әдеби, тарихи зерттеулер санын бірнеше есе ұлғайтуға, тіл тарихы бойынша ғылыми зерттеулердің дәйектілігі мен объективтілік дәрежесін көтеруге, дамытуға ықпал етеді;
– тарихи корпусты пайдалану тарихи лексемалар туралы, тарихи грамматикалық категориялардың қолданылуы жайында деректер алып, белгілі бір кезеңдегі тілдік деректердің өзгеріске ұшырау динамикасын бақылап отыруға және оны зерттеуге септігін тигізеді.
Өткен жылы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай, Институттың жас ғалымдары гранттық зерттеу аясында, атап айтқанда PhD Ермұхамет Маралбек пен Әрлен Сейітбатқал Әзербайжан астанасы Баку мемлекеттік архивіне арнайы барып, Ахмет Байтұрсынұлының видеосын тауып, Алаштан сүйінші сұрады. Ақжолтай жаңалық дүйім жұртты дүр сілкіндірді. Себебі бұған дейін қазақ руханияты тарихындағы аса ірі тұлға, қоғам және мемлекет қайраткерінің видеосы еш жерде болмаған. 1926 жылы ақпанда Баку қаласында өткізілген Бүкілодақтық І түркологиялық съезіне қатысқан тұлғалардың кобиографиясы жасалып жатыр, яғни аталған конференцияға қатысқан барлық делегаттың өмірбаяндарын зерттеу қолға алынды.
Институт ғалымдары жеңіп алған гранттық жобалар туралы айтпай кетуге болмас. ҚР ҰҒА академигі, профессор Зейнеп Базарбаева тарихи фонетикаға байланысты «Диахрондық фонология: түркі тілдерінің вокализм және консонантизм жүйесі» зерттеу жобасын, профессор Қ.Рысберген «Қазақстанның солтүстік және солтүстік-шығыс аймақтарының тарихи топонимдерін ұлттық мемлекеттілік контексте лингвомәдени тұрғыдан зерттеу», профессор Б.Момынова «Саяси лидерлер мен мемлекет қайраткерлерінің тілі ХХ ғ. басындағы Алашорда көсемдерінен тәуелсіздікке дейін», филология ғылымының кандидаты А.Сейітбекова «Алтын орда дәуірі жазба ескерткіштері тілін лексико­графиялаудың теориясы мен практикасы», доцент Қ.Жаңабаев «XV-XVIII ғасырлардағы жыраулар поэзиясының көркемдік-анықтама жүйесі, «формуль­дық» стилистика және грамматиканы зерттеу. Жиілік сөздігі» атты гранттық зерттеулер жүргізіп келеді. Филология ғылымының докторы, профессор Құралай Күдеринова «Қазақ тілі дәстүрлі сөзсаптамының прагматикасы» атты зерттеу жобасын жеңіп алып, екі жыл бойы өнімді еңбек етті. Нәтижесінде филология ғылымдарының докторы, профессор Нұргелді Уәли «Қазақ тілінің дәстүрлі сөзсаптамы», Қ.Күдеринова құрастырған «Мәтіндер жинағы» атты кітаптар жарық көрді. Жоба аясында дәстүрлі сөзсаптамға байланысты ғылыми ұғымдардың алғашқы легі анықталды. Болашақтағы зерттеулерге теориялық негіз болатын 145 ғылыми әдебиеттің тізімі жасалып, зерттеудің ғылыми базасы құрылды. Бірыңғай қазақи ортаның (Қызылорда облысы, Арал ауданы, Ақтөбе облысы Шалқар ауданы) тіліндегі сөзсаптам ерекшеліктерін зерттеу үшін іссапар ұйымдастырылып, 70-тен асқан қариялардың сөздері видео, аудиотаспаларға жазылды. Көлемі 1.5 терабайт болатын, 20 сағаттық дәстүрлі сөзсаптам материалдары жиналды. Ауызша сөздер мәтінге түсіріліп, 167 бет стенограмма жасалды. 2022 жылдың 19-24 мамыр аралығында Түркия еліне ауып, сол елде тұрып қалған қазақ қандастарымыздың тілінен қазақ тілінің дәстүрлі сөзсаптам үлгілерін іздеу, зерттеуге материал жинау, қолданыстан шығып қалған сөздер мен сөз тіркестерін, мақал-мәтелдер жинау, түрік тілінің әсеріне шалдыққан қазақ қандастарымыздың сөзсаптау дәстүрін бағамдау мақсатында іссапар ұйымдастырылды. 45-85 жас аралығындағы қазақ ұлты өкілдерінің сөздері диктофонға сақталып, бейне­камераға тартылды. Қытайда басылған Түркия қазақтарының қолында жүрген Қазақ елінің тарихи жерлерінің картасы, атадан балаға мұра болып қалған заттар, құралдар, әшекейлер суретке түсіріліп алынды. Барлығы 5 сағат, 400 ГБ бейне және аудиоматериал таспаға түсірілді. Іссапардан оралғаннан кейін аудиожазбаны тыңдап, барлық сөздердің стенограммасы жасалды.
Институт 2023 жылдан бастап «Қазақ мәтінін автоматты тану: лингвистикалық модульдер мен IT шешімдер әзірлемесі», «Мәдени-репрезентативті және жарнама мәтіндерінің ішкорпустарын әзірлеу» атты бағдарламалық-нысаналы зерттеулер аясында да ауқымды жұмыс атқарып келеді. Тіл білімі институтының тағы бір жетістігі – Оксфорд университеті Азия және Таяу Шығысты зерттеу факультетінің жетекшісі Лейла Наджафзадамен арнайы кездесу ұйымдастыруы. Кездесу барысында екіжақты мәселелер сөз болды. Лейла Наджафзада өзі жетекшілік етіп отырған факультеттің қызметі туралы баяндап, түркі тілінің бірі ретінде қазақ тіліне қызығушылық білдіріп отырғанын, қазақ тілін оқытуды қолға алуды да жоспарлап жүргенін тілге тиек етті. Тағы бір маңызды жайт, алдағы уақытта институттың жас ғалымдары «Болашақ» тағылымдамасы аясында Оксфорд университетіне барып, білім алуы мүмкін. Мұны тарихи оқиға деуге әбден болады.
Алдағы уақытта қолжазбалары әзірленіп дайын тұрған Академиялық грамматика мен 120 мың сөзқолданысы бар үлкен біртомдық түсіндірме сөздікті кең ауқымда шығару мен тарату мәселесі күн тәртібінде тұр. Әлеуметтік лингвистика, психологиялық лингвистика салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жоқ емес. Мәселен, психолингвистика бойынша халықаралық секция құрылды. Оның құрамында биыл кеңесші ретінде шақырылған белгілі ғалым, психо­лингвистика саласындағы PhD, педагогика ғылымының докторы Кристо Кючуков бар. Міне, қазақ тіл ғылымының қарашаңырағы атқарып отырған шаруалардың бір парасы осындай. Барлық ғылым тілден бастау алатынын ескерсек, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жалпы қазақ ғылымының дамуы, өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Мадияр ҚАЗЫБЕК,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтының баспасөз хатшысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір