ТҰҒЫРЫ БИІК ТҰЛПАР
05.06.2023
2731
0

Көрнекті жазушы, ұлт әдебиеті детектив жанрының негізін қалау­шы, «Солдат алысқа кетті», «Соңғы соққы», «Ұясынан безген құс» романдары мен «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма» секілді көптеген хикаят, әңгімелердің авторы Кемел Тоқаевтың туғанына биыл 100 жыл толды. Ол – шытырман сюжетті шығармаларында портреттер галереясының алуан түрін жасап, із кесудің, аңдудың, бопсалау мен қысым жасаудың ортасында адам болмысының тығырықтан шығар жолды қалай іздерін психологиялық тұрғыдан жеріне жеткізе бейнелеген қаламгер. Сол жылдары Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ КСР ішкі істер министрлігі ұйымдастырған детектив жанрына арналған әдеби байқауларда әлденеше рет топ жарған. Автор шығармаларында қоғамдық орта мен Кеңес чекистерінің өмірін қабыстыра суреттеп, жалпы халыққа беймәлім оқиғалар тізбегін әдеби көркем туындыға айналдырды. Жазушы Әкім Таразидың Кемел Тоқаевтың адамдық болмысы мен мінезін айшықтайтын естелік-эссесін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

1. Ілтипат сапары

1982 жылдың қара суық күзі еді. Кемел аға телефон соқты.
– Әй, Әкіш, елге шығып көңіл көтеріп қайтпаймыз ба?
– Сізбен бе? С удовольствием!
Екі-үш күннен кейін тағы да телефон.
– Ал Әкіш, дайынсың ба?
– Дайынмын.
– Ендеше, ертең таңғы онда Жазушылар одағының алдына кел!
Ол кісіге сенетінім сонша, «қайда барамыз?» деп сұрамаппын.
Жазушылар одағының алдында үлкен бір автобус тұр екен. Сәл кешігіп жеткен едім. «Төрге» Тахауи Ахтанов, Сырбай Мәуленов «жайғасыпты». «Төрден» сәл төменірек Қалихан Ысқақов пен Рамазан Тоқтаров бүрісіп отыр. Түнгі сайранның салдары болар, қабақтары кірбиіп, жүзі бозарып кеткен, қызу-қызу әңгіме бастап жіберуге «джуз-джуз грам» жетпей тұрғанын түсіндім. Екеуі ысырылып орталарынан орын ұсына қойды. Бізден де «төмен», салонның артқы жағында отырған Аян ақын Нысаналиннің көздері жылтылдайды.
Мен де отырдым, автобус та жүре берді.
Барар жеріміз Кеген екен. Бір аптадай қыдырдық. Сыр-ағаң мен Тахаңның әңгімесі бір бөлек. Қалихан мен Рамазанның «әңгімесі» бір бөлек.
Менің бүгін айтайын дегенім басқа.
Алматыға қайтып келген соң тасқаяқ қуалап жүріп Кемел ағадан сұрадым:
– Сапарымыз ғажап болды. Ұмытылмас сапар болды. Бірақ шыныңызды айтыңызшы, Кемел аға, Кегенге неге бардық?
Кемел аға кий-таяқтың жұмсақ басын борлап тұрып, сәл жымиып қана күлді, бірақ жауап бермеді.
Мен қайта сауал қойдым.
– Кемел аға, біздің бұл сапарымыз Жазушылар одағының жоспарында жоқ екен ғой…
Кемел аға асықпай ғана, бір шарды екінші шарға сәл ғана итеріңкіреп жіберіп, басын көтерді.
– Әкіш, – деді. – Жоспарды адам жасамайды. Ешқандай Жазушылар одағы жасамайды. Жоспар жасау – Жаратқан Иеміздің иелігінде. Тахаң қызметсіз жүр ғой. Сыр-ағаң да қызметсіз жүр. Сен де… Көңіл көтеріп қайтайық дегенім ғой. Қалихан мен Рамазанды, шынын айтсам, сен үшін шақырдым, – деді.
Осы күндері ойлаймын: Алла амандық берсе сол бір «Кеген сапарын» өз алдына бір хикаят етіп жазармын. Асықпай отырып жазармын. Дастарқан басының қызығы өз алдына. Жазушылар сапарға шыққанда араларында болатын қызу-қызу әңгімелер өз алдына. Сол сапардан мен бір олжа алып қайт­қам. Ол олжа – Кемел ағаның: «Жоспарды адам жасамайды, Алла жасайды!» деген сөзі еді. Кейін, жылдар өткенде сол пікірді мен Құран аятынан таптым.

2. Қарт Қожақ

Адамдарға өзімше ат қойып алу әдетім. Себебі, менің миым экран тәсілімен ғана «жұмыс істейді». Таныстарымның есімін жат­тай алмаймын. Күндіз-түні бірге жүрген «шөлмектес» достарымның да азан шақырып қойған ат­тарын қабылдай алмаймын. Түймедей ғана ұл-қызына қазақ таудай-тау­дай есім береді, өз үмітін, өз тілегін бала-шағасының аты-жөніне жүктеп қояды. Ал адамның іші мен тысы сай келе бермейтіні белгілі. Сондықтан болар, мінез-құлқын әбден меңгеріп алмай, адамдарға жақындаса алмаймын. Жақындастым екен, оған міндет­ті түрде бейнелі есім беремін.
Жарты жылдай жақсы араласып, қыр-сырын ұққандай болған кез­де Кемел ағаға Қарт Қожақ деген ат қойдым. «Ер Тарғын» жырындағы Қарт Қожақ. Кемел ағаның сырт келбетін, жан дүниесін жыр кейіпкеріне ұқсат­тым. Ақша ханның ерке қызы Ақжүністі (дұрысы: Ақ шонас, ұрғашы, ақ қасқыр деген мағынада) алып қашып бара жатқан бөтен елдің жігітін қуып жететін Қарт Қожақ бар емес пе баяғы? Сол Қарт Қожақ, алпыс бес жастағы қайрат­ты қарт, қылшылдаған Тарғыннан хан қызын тартып алмақ болмай ма? Екеуі жекпе-жекке шығады ғой. Өз елінде кісі өлтіріп, Қырымға келіп күн көріп жүрген белгісіз жігіт­ті аяп, жас екен деп, өзін де атпай, атын да атпай, қорамсақтағы «жүз алпыс кез» жез жебесін бір ғана доғал оқпен атып «күлпарша қылып уатып» тастамай ма?!
Сол Қарт Қожақ. Білек күшіне емес, жүрек шуағына жүгінген батыр тұлғалы азамат.
Әлгі айт­қан «Кеген сапарында» бір жетесіздеу жас ақын «зиялылардың арасында сіз неғып жүрсіз?» – деген сияқты қоқыс пікір білдіріп қалды. Сонда Қожақ «буырқанды, бұрсанды, мұздай темір құрсанды», үлкен көздерінен от шашып, төне түсетін, төне түссе бүре түсетін қырандай бір іштей ширықты, жалғыз ғана доғал оғымен анау шілтиген шіркіннің майысқақ жез жебесін «күлпарша қылып уатып» тастайтын алапат қаһарын сездірді, бірақ екі көзі қанталап, кенет маған бұрылды да:
– Жүр, Әкіш, сыртқа шығып, жүріп келейік! – деді.
Бөлме іші көк түтін, әр қайраткер өзінің ұлылығын дәлелдей бастаған кез еді. Қырт мылжыңнан құтылғаныма мен де мәз.
Сырт суық екен. Біз бұл ауылға түс кезінде келгенбіз. Күн жылымық еді. Мипалауланып, езіліп жатқан қалың қар, енді қабыршақтанып, қатып үлгерген екен. Әлгі былапыт ауызды жігітке екеуміз де қатуланып, өшіге ызаланып, кімге тиісерімізді білмей, есік алдында біраз тұрдық.
Ауланың да ауасы тарлық қылды ма, сәлден кейін ағам:
– Жүр, қақпа сыртына шығайық! – деді.
Сорлы жарлының көнетоз тонындай, әр жер, әр жерінен шұрқ тесіліп, іріп жатқан ақ қар, кек құрсанған көк сауыт­тай ызғарланып алыпты. Шие бөрілердің шикі тірлігінен безінген қоңыр аю, тұтас жотасы гүржиіп, жәй ғана теңселіп жүріп кет­ті. Тегеурінді екі аяқ қабыршақ қармен, тайғақ жолмен қашыр-құшыр шайнасып келеді. Сәл ғана арт­та қала бердім мен. Солай болу керек екенін сездім. Ауыл сыртын орай аққан өзен бар екен. Ірі-ірі тастарды анда-санда гүрс-гүрс соғыстырып, біраз жерге шейін сүйретіп апарып тастап, түнеріп аққан өзеннің биік жарында ұзақ тұрдық.
Ағалы-інілі екеуі сол арада, сол биік жардың басында тұра тұрсын…

3. «Көңілімнің көкпарын ала қашып…»

Адам мен адамның жақындасуы оңай. «Жылқы кісінескенше» дейді қазақ. Жазушы мен жазушының жанасуы қиын. «Сен тұр, мен атамын!» дейді бірі. «Жоқ!» – дейді екіншісі. «Сен тұр, мен атамын! Неге сен атуың керек?» – дейді біріншісі. – Менің қасымда сен кім едің?». «Мен жазушымын және үлке-е-е-ен жазушымын!» – дейді екіншісі. «Ой, халтурщик!» – дейді біріншісі.
Сонымен, солай басталады да кетеді.
Жазушы жазушымен жанасу үшін төзім керек, мінез керек. «Өзімді» тұншықтырып «біз» деп білетін сана көзі керек.
Сана болса да даналық жетпейді көбімізге. Даналық болса да сананың көзі жетпейді көбімізге.
Кемел аға Тоқаевпен біз үнсіз табыстық. «Сарғабанда болған оқиға» хикаясын оқыдым. Ұнат­тым. Ұнатып қана қойғам жоқ, таңғалдым. Шытырман оқиғалы шымыр шығарма екен. Шыжғырған май жұтқандай жүректі айнытатын трафарет­тен мезі болып жүрген кезім. Түлкінің тезегіндей жасанды көмбе көміп, ары бұлтаңдатып, бері бұлтаңдатып, оқырманды әбден шатас­тырып барып, адастырып барып, жұтаң жұмбағын авторсымақтың өзі шешіп беретін, жеті жыңғылдың арасында ойнайтын жалған жасырынбақ емес екен. Қарапайым да көркем тілі жуас өзеннің ағысындай алысқа қарай, ой, парасат жағалауына қарай тарта береді екен.
Танысқым келді автормен. Бұл дүниеде білмейтін бәлесі жоқ, екі аяқты энциклопедия, өзімнің досым Қалиханға сауал салдым. Ол «тақылдатып» айтып берді. «Жоғарғы Совет­те бөлім басқарады, – деді. – Жылына екі-үш мәрте Мәскеуге барып, сонда қызмет атқарады, – деді. – Ат шаптырым кабинеті бар, – деді. Алдында құрдай жорғалайтын қызметкерлері бар», – деді. Ағамызды асқақтатып-асқақтатып «айтып-айтып» тастады. Үзеңгі жолдасымның құпиялы үнінен «ол кісі сені қайтсін» дегендей емеурін таныдым.
Түсіндім де басылдым.
Екі-үш айдан кейін Қалихан айт­ты.
– Кемел ағамен танысқың келе ме? – деді.
Кемел аға еңселі кеңседегі белсенді қызметін тастап, Жазушылар одағына өзі сұранып келіпті.
Тәуекелге бел байлаған екен, мансаптан бас тарту оңай емес екенін білем ғой деп риза болып қалдым.
Руға бөліну түгілі, ұлтқа бөлінуді білмейтін Кино әлемінен «тәуекелге тақия!» – деп, көзжұмбаймен менің де «тартып» кеткен кезім. Тойлы ауылға бет алған бозбаланың сыйқы: еліріп, жазып тастаймын, оқырманды жарылқап тастаймын деп жүрген кезім. Қырық адам қырыққа бөлініп қырықпышақ болып жататын «қысалтаң ауылға» келгенімді енді-енді ғана ұғынып, алып ұшқан алау көңіл күдік батпағына енді-енді ғана малтыға бастаған кез, жаңа ғана жарық көрген «үкілі» романым «Бұлтқа салған ұясынды» тарыққан сәт­терде кеудеме басып, өкінішке ырық бермей, «Шыда! Әлі-ақ мойындайды!» – деп жүрген кезім.
Мен ойладым: Кемел аға ғой қазақ әдебиетінің жаңа бір арнасын ашты, шытырман оқиғалы шымыр шығармалар жазды. Және де басқа әдебиет­тегідей жасанды, «жасырынбақ ойнау» емес, қарапайым қара тілмен, қара прозаның («қара» – деген «қасиет­ті» деген мағынада!) бір саласын ашты. Асықпай, аптықпай отырып-ақ оқырманды ынтықтырып, ынталандырып, көркем анализ тәсілмен үйіріп әкет­ті. Жазушылар одағы енді бұны қуана-қуа-­ на қолдайды, одақ басшылары бөркін аспанға лақтырып жар салады! – деп. Ол кез­де мен (әрине, қоғамдық негізде) проза кеңесінің төраға орынбасары едім. (Бастығым – Әбдіжәміл аға Нұрпейісов) Қалиханмен ақылдасып (ол – кеңесші, айлық алады), жиналыс шақырмақ болдық.
Шақырдық. Басшылардан ешкім келмеді. Келеміз, сөйлейміз дегендерден (жиырмашақты адам еді) ешкім келмеді. Екінші хатшы Шер-ағаның кабинетінде Қалихан екеуміз отырып-отырып, тосын соққыдан есеңгіреп, ресторанға тарт­тық. Кемел ағаның өзі де келмей қалғанына қуандық.
Өмір көрген, балалар үйінде тәрбие­ленген автор солай боларын білді ме екен, әлде? Ол кісімен ол тақырыпқа сөз қозғауға ұялдық. Он бес күн өткенде «қайдан шыққан жарты миллион тираж?» деген жанжал басталды да кет­ті.
Тұтқиылдан шапқан «жау» тез жеңді. Кемел ағаның сырт бейнесінен ешкім ешқандай сыр аңғара алмайтын. Менің жақсы інім Әбдіраштың Жарасқаны айт­қандай, «төркініне қайтып келген қыздай боп» (ол эпиграмма маған арналған еді, бірақ Кемел аға екеуміздің «ахуа­лымыз» ұқсас еді) жүріп жат­тық.
Енді, міне, ағалы-інілі екеу «Алғабас жылқы зауыты» деп аталатын ауылдың сыртында, үйдей-үйдей тастарды сүйреп барып, арсыл-гүрсіл шайнап барып, жайына тастап, өз жөнімен кетіп жатқан асау өзеннің биік жарында тұрмыз.
Әлсіз ғана жылт-жылт еткен сығыр көз мың-мың жұлдыз Бақалы тауының бөктерін, суық қыстың қаһарлы ызғарын жылыта алмай «еңбегі» еш болып, өздерімен өздері кінәласып тұрған тәрізді.
Темекінің көк түтініне булыққан ыстық бөлмеде қалған жетесіз «інісінің» сөзі Қарт Қожақ ағаның жанына қат­ты батып тұр-ау деп, өзімше қиналып, Тұманбай ақынның бір өлеңін сәл ғана өзгертіп: «Қырда менің бір тойым болады әлі, көңілімнің көкпарын ала қашып!» – дегім келіп, дөң басында дөңкиіп түнеріп тұрған Қарт Қожаққа таяна бергем. Сол сәт­те, алыс Шығыстан Ай көрінді, тік қойған сары қауындай сопақ ай көтеріле берді.

4. Жұбату сөзімді жұтып қойдым

Сұп-суық сопақ Ай, жарықтық, көтеріле берді. «Сіздің тойыңыз әлі алда!» – деп айтпақшы едім. «Киелі қазақ әдебиетінің бір арнасын, жаңа арнасын бастап берген еңбегіңіз еш кетпейді!» – деп айтпақшы едім, бірақ өңешіме өксік кептеліп, үнім шықпай қалды. Суық айдың сәулесі айқындай түскен кез­де түксиген қабақ астынан жасаураған көз көрдім.
– Әне күнгі әңгіме есіңде ме? – деді жарқабақта қарауытып тұрған қара тас. Баяу шыққан үні жаңғырығып естілді.
«Әне күнгі» дегенді жәй ғана айта салған болар, бұдан 3-4 ай бұрын еді. Кемел аға тура менің «астымдағы» бөлмені таңдап алған. Мені шақырғысы келсе, кий-таяқпен төбені тықылдататын. Бүгін де сөйтіп белгі берді. Осыдан бір сағат­тай бұрын қаладан келіп, машинадан түсіп жатқанын көргем.
Бардым. Есігін қақтым.
Ағаның түсі сынық екен. Үнсіз отырып шәй іштік. Кемел аға екеуміз бір-екі сағат ләм деп тіл қатыспай отыра беретін едік. Үнсіздік бізді жалықтыра алмайтын!
Жарты сағат өт­ті ме, бір сағат өт­ті ме (бөлме іші қарауыта бастаған кез еді), ағасы інісіне тіл қат­ты.
– Бүгін бір аяулы жан дүниеден өт­ті… Соның жерлеуіне қатысып қайт­тым! – деді.
Оқиға дәл қазір өтіп жатқандай барлық егжей-тегжейі жадыма оралды. Егде тартқан ер тұлғалы еркек адамның даусы жарықшақтанып, тарғылданып шықты.
– Өзі бір ғажап адам еді! Қарапайымның қарапайымы! Кішіпейілдің кішіпейілі! Жас кет­ті. Отызға анық толмай кет­ті! Босана алмай көз жұмыпты!
Бұл сөздердің бәрін асықпай жеткізуге бес-алты минут кеткен болар. Кенет, ағамның көмейінен, өңештің туу сонау терең түкпірінен еріксіз, күтпеген жерден, лақ ете қалған жалқын запырандай… әлдебір сезім ақтарылып кет­ті.
– Өмірден ешқандай қызық көре алмай кет­ті! Ертеңнен кешке дейін мәшинкесін тықылдатып отырғаннан басқа… Босана алмай, қиналып кетіпті… өмірден!
Ағам еңкілдеп жылап жіберді. Өзін-өзі тоқтата алмай, екі иығы селкілдеп өкіріп-өкіріп те қалды. Орнымнан тұрып, жұбатпақ болып жақындай бергем… сол сәт­те менің де жүрегім мұздап… қалт тұрып қалдым. Еңгезердей еркек адамның, қара жартастай мығым адамның, өксігі өкіруге айналып кеткен жұмбақ пенденің екі жанары құрғақ екен!
Неткен қуат! Неткен ұстам!
Сол түні «Алғабас жылқы зауыты» деп аталатын ауылдың сыртында, асау өзеннің биік жар қабағында ағамыз: «Әне күнгі әңгіме есіңде ме?» – деп сұраған сәт­те түркіменнің басындай сопақ сары Ай сеңсең қара папақ кие қойғандай қап-қара болып сұстанып кет­ті.
Түн қараңғысы сейілгенше, Бақалы тауының суық бөктерін сәл де болса жылыта алмайтынына «көздері» әбден жеткен дәрменсіз жұлдыздар ыдырап қашып, әбден сиреп таусылғанша, ағалы-інілі екеу жар басында тұра берді.
Бұлқына тасыған өзен сонау терең құз түбінде үйдей-үйдей тастарды бір-біріне жындана соғып, әлдекімнен, әлденеден қанды кегін даулап жатқандай еді.

5. Мінез

Жазушылардың «жазарханасында» тасқаяқ соғатын үлкен бір зал бар. Екі тақта тұрады. Күндіз-түні шар қуалайтынбыз. «Осы сен жазуға келдің бе, әлде тасқаяқ қағыстыруға келдің бе?!» деп бір-бірімізді мазақтайтынбыз. Шар қуалап жүргенде адамның мінезі өте айқын ашылады. Ғабеңнің мінезі, Сафуанның мінезі, Сәкен Жүнісовтің мінезі, Қалихан Ысқақовтың мінезі, бәрі-бәрі қолмен қойғандай ап-айқын білінеді.
Кемел аға кий-таяқты мұқият әзірлеп алатын. Содан кейін ғана «серке» шарды ұзақ көздейтін. Өзі тұлғалы кісі еді ғой. Жауырынды, білекті кісі еді ғой. Бірақ «серке» шарды ұрғанда кий-таяғы шардың маңдайынан әрең-әрең ғана «сипап» өтетін. Шарға тиген-тимегені білінбейтін. «Серке» шар да, самарқау ғана, жалқаулау ғана қимылдап, жасыл мәуітінің үстімен «жорғалап» бара жатады. Көздеген шарға жетпей тоқтап қалатын тәрізді көрінетін. Бірақ таңғаларлық нәрсе, әлгі «серке» шар көзделген нысана шарға «асықпай» жететін. Жететін де тиер-тиместе өзі тоқтап қалатын. Ал «анау шар» жын ұрғандай безектей жөнелетін. Безектеп барып лузаның аузына жеткенде қайтадан «әлсіреп», «қиқалақтап», теңселіп барып… лузаға кіріп кететін! Кемел ағаның санасынан шыққан энергия тау қопарып, тас жармаса да көздеген ұясын дәл табатын.
Кемел ағаның бүкіл творчествосы да сондай. «Мен, міне, жазып тастадым. Мен, міне, қиратып тастадым. Енді менен басқа кімің бар!» – деп кеу­де соққан кезін көрген емеспін. Бірақ Кемел ағаның «атқан оғы», «жіберген жебесі» бос кетпейтін. Оқырман жүрегі деп аталатын алтын межеден бір-ақ табылатын.
Кемел ағаның кітаптары да дүкен сөресінде бір күн жатпайтын. Оқырман «талап» әкететін. Кеуделері жел-көріктей көтеріліп-басылып, көтеріліп-басылып, кең дүниеге әрең сыйып жүретін кейбір ағаларымыз соның өзін көре алмай қалды. Төмендеткісі келіп көрмегенсіп, кемсіте сөйлеп отыратын.
– Е, оның өзі әлгі… милиса тақырыбы ғой! – деп тыжырынып қоятын.
Кемел ағаның кітабы орыс тілінде шықты. 500 мың тиражбен шықты. Бір-екі аптаның ішінде кітапқұмар қауым орнын сипап қалды.

6. Лирикалық шегініс

Тұрар жеңгеміздің жылына жиналдық. Шағын ғана зал еді. 30-40 адам. Бір ағамыз көсіліп сөйлеп тұр.
– Кемелдің сол кітабы шыққанда қат­ты қуанып едім… – деді. – Кемел екеуміз арамыздан қыл өтпеген дос едік… – деді. – Бір-бірімізді көрмесек тұра алмайтын едік… – деді. Тағы, тағы сол сияқты гәп.
Сыртқа шыққан соң мен Сайынға қарадым. Сайын маған қарады.
Кемел ағаның сол кітабы шыққан кез­де орыс тілді газет­тер алдымен мадақтап жаза бастады. Көп кешікпей, әлгі, шіркіндер кілт шегінді, «назад!» берді. Әлдекімдерден кешірім сұрағандай «редакциялық» мақала басты. 500 мың дана кітаптың шығып кеткеніне өкінетін тәрізді…
– Сол есіңде ме? – деймін ғой Сайын ағама. Сол құбылыстың сырын ұқпай дал болғаным бар.
– Есімде, – дейді Сайын аға. – Ол оқиғаның астарын сен біле бермейсің. Мен арасында жүрдім ғой! – дейді ұяң мінезді Сайын досым.
Ол кез­де Сайын Мұратбеков Жазушылар одағының президиум мүшесі болатын. Он жеті «мүшенің» арасында ең жасы еді, бала десе болғандай… Отызға толар-толмас шағы. Әлгі жақсы ағаларымыз Жазушылар одағының бірінші хатшысына тұтқиылдан шабуыл жасап, қандауырдай қадалды. «Мынандай кітап неге шығады? Неге ол орыс тіліне аударылады? Бұл кітапқа неге жарты миллион тираж беріледі? Осының бәрін бүлдіріп отырған сенсің! Кімнің кім екенін білмейсің, сен сондықтан Жазушылар одағының басшылығынан кетуге тиіссің!» – деп жерден алып, жерге салғанын айт­ты Сайын.
– Тез тоқтат, әйтпесе біз өзіміз кірісеміз! – деп тепсінгенін айт­ты Сайын ағам. Сол «өздері кіріскеннің» салдары болар, орыс тілді газет­тер екпіндеп, мақтап бастап, міңгірлеп тынғаны…
Сайын екеуміз Төлебаев көшесіндегі шағын ғана «Жетісу» деген фонтанның қасына барып отырдық. Әлгі айт­қан «500 мың тираж» тақырыбын біраз кеулеп, кеңейтіп, «тереңдетіп», кейбір ағаларымыздың сондай болғанын еске алып, заман өзгергенде адам мінезінің де қалай өзгеретінін айтып, таңырқай «толғанып» ұзақ отырдық.

7. Мәселе аяқта емес

Күндердің бір күнінде Жазушылар одағының есепші-бухгалтері пәтер алып, соны «жуып» қайтып келе жатқанбыз. Кемел аға алқынып тұрып қалды.
– Әкім-ей, тұра тұрайықшы. Осы менің аяғым соңғы кез­де сыр беріп жүр, – деді. – Қарт Қожақ ағаң ұзаққа бармайтын шығар. Қарт Қожақ ағаңа «повесткі» де кеп қалатын уақыт таян­ды-ау деймін…
– Ол не дегеніңіз, Кемел аға! Тепсе темір үзеді дейтін жігіт шағыңыз! – деймін ғой, баяғы.
– Көңіліңе рахмет, Әкім, – деді Кемел ағам. – Аяғым қинап жүр.
Мен түсінбедім. «Аяқ» дегені жай желеу. Мәселе басқада.
Мәселе, жүректе.
Содан он-он бес күн өткенде… Мен іссапарға шығып кеткен едім. Асыл ағаның орнын сыйпап қалдым. Көктөбеге шығарып сала да алмадым. Бірақ кешіре гөр, Жаратқан Иеміз, ағаны қара жер қойнына берген сәт­ті көрмегеніме өкінбеймін!
Тағдыр сызып берген жолмен келіскісі келмей, күндіз-түні үйдей-үйдей ауыр тастарды қарш-қарш шайнап, түнере буырқанған тау өзенінің биік жарында ағам менің әлі тұрған тәрізді.
Сол сезімімді бұзғым келмейді.

Әкім ТАРАЗИ,

Мемлекет­тік
сыйлықтың лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір