АЙ АСТЫНДА МӨЛДІРЕП АҚ АРМАНЫМ…
Дәурен БАҚДӘУЛЕТҰЛЫ
Үміт
Бозала таң,
бозғылт күн,
бозаң дала,
Ботасы өлген інгендей озаңдама.
Көңілімнің көгінен жасын ойнап,
Тірлік біткен қалғандай тозаңдана.
Боз әлемге жүргенде құндақталып,
Түсіме енді боз бейне жұмбақталып.
Жебір күннің жем болмай жетегіне,
Сапар шегіп кетсем бе нұрға аттанып?!
Аспан жаққа қарасам аңтарылып,
Қия алмаған жұлдыздар қаңтарылып.
Сүт сәулесін сіміріп сұлу Айдың,
Боз көңілде оянды шалқар үміт.
Үмітіңді өшірсе қараңғылық,
Күпті етер көңілді алаң қылып.
Шаттығына шомылып шарбы бұлттар,
Көрсетеді көкте бір балаң қылық.
Үкілеген үміттің жетегінде,
Ұмтыламын ой аулап от өмірге.
Қанатында қиялдың қалықтайын,
Қалып қоймай арманның етегінде.
Бозаң дала,
бозғылт түн,
бозаң көңіл…
Боз жейдедей жыртылып тозар ма өмір?!
Көңілімнің көгінен жасын ойнап,
Кемпірқосақ бояуы, көз алда өріл!
* * *
Мен жалғыз ем жапанда, дара шыбық…
Күз көңілдің көмескі жарасын ұқ.
Жайқалмаған әлі көп желегім бар,
Таптай көрме табанға «баласынып».
Мен естігем тірліктің дауыл әнін,
Жалғандықтан жер болып ауырамын.
Ақиқатты аңсаған ақ жүрегім,
Сіміруші еді мөп-мөлдір жауын нәрін.
Ақ сағымға малынған дала тымық,
Көкше бұлттар көрсетер бала қылық.
Ай астында мөлдіреп ақ арманым
Бара жатты жаңадан жаратылып.
Тірлігіңді құрсаса қара құлып,
Көмек етпес еш пенде ара тұрып.
Кейде мені жаһанда жер етеді,
Жылан мінез, жебір мұң, дарақылық.
Бақытым боп естілсе көктің әні,
Жабырқатпас жалғанның еш тұманы.
Қауырсыны қиылып қасіреттің,
Көңілдерде қалмасын еш күмәні.
Қас-қағым…
Бақытың мен бақытың үндескенде,
Күншілдіктен күңіренер күндес пенде.
Сұрқай көңіл, сұрқия, сүрең қылық,
Бірге туып адаммен, бірге өскен бе?!
Бақытың мен бақытың үндескенде,
Ілтипатын иманның біл дескенде.
Ізгіліктің інжуін тізбес демде,
Ібіліске ілескен үндес пенде…
Мәңгілікке бұл тірлік ілескен бе,
Шынығады тағдырлар күрескенде.
Жойылады қас-қағым бір мезетте,
Жалғандағы жайнаған гүл дестең де.
Өмір – теңіз…
Өмір – теңіз жалғасатын жылдарға,
Төзе білсең тағдыр салған сындарға…
Жасыл желек, жаз да өтер жадырап,
Керуен жылдар айтқаныңды тыңдар ма?
Бақыт, қайғы – қатар жүрген егіздей,
Мезет ғажап, жылжып аққан теңіздей.
Әрбір жанның жүрегінің аңсары,
Жүретұғын іңкәрліктен тең іздей.
Ғұмыр деген – Тәңір тартқан тарту да,
Дайын болсаң жылдар жүгін артуға…
Ғұмыр деген – әсемдіктің өлшемі,
Болмас өлшем ізгіліктен қорқуға.
Асқар тау мен аппақ нұрды аңсадым,
Өрнек салған тағдырыма қанша мың.
Ғұмырыңның әрбір сәтін бағала,
Өмір – өлшем, ғұмыр – ғибрат,
тау – сағым…
Туған жер – бақыт мекені
Қарасу – алтын бесігім,
Ардақты болған есімің.
Сағынып келген жандарға,
Айқара ашқан есігін.
Шырағым сенде жағылған,
Тұмарым елде тағылған.
Бақыттың берік қазығы
Туған жерімде қағылған.
Қарасу – биік тұғырым,
Арқауы болған жырымның.
Өзіңде өтті алаңсыз,
Бала кез, балғын ғұмырым.
Өлеңге өріп сырымды,
Моншақтай мөлдір мұңымды…
Қарасу – атамекенім,
Арнадым алау жырымды.
ПІКІРЛЕР3