САҒЫНТЫП ЖЕМ, САҒЫЗДЫҢ ЕРКІН ЖЕЛІ
09.10.2025
189
0

Жұмабай Құлиев

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Сағындым туған даламды…

Шымырлар даланы аңсап желік қанда,
Шаһардан ызы-қиқы жалыққанда.
Су асты мезі қылып жібергесін,
Әуеге секірмей ме балықтар да!
 
Аңсаймын кеп қайтейін, түсін мені,
Ескі ауылдар сияқты түсімдегі.
Ет қайнап, қоңырсыған жерошақтар,
Шүйкеленген көгілдір түтіндері.
 
Сағынтып Жем, Сағыздың еркін желі,
Киіктер келген шығар желпінгелі.
Сағымға жүрген шығар батып-шығып,
Сахара мұхитының дельфиндері.
 
Қиялымда көп бейне бұлыңдады,
Қалды алыста мұнартып мұның бәрі.
Қалқатайлар жүретін аха-хаулап,
Тоқ ішектей өрілген бұрымдары.
 
Төңіректің  тапқанда мігір жаны,
Газ көпіршіп, су беті құрылдады.
Біздің жақтың жай жатпай көлдері де,
Қайнап жатар осылай зығырданы…
 
Түнің қандай, ол да баябан жыр,
Байғыз, үкі уһілеп салады әңгір.
Мол сеуіп тастағандай мұсатырды,
Айнала айран дүние, ақ аяң нұр.
 
Сәске де өтті, таяды ұлы бесін,
Тасбиықтан кез келер үзілетін…
Жылда өзіңді бір рет көріп кету –
Осы еді ғой бар бұйым-қызметім!
 
Түбінде бір тасыңда қалар атым,
Гүл қалай ынтықтырса бал арасын.
Дәл солай құштар қылдың пақырыңды,
О, менің қасиетті уалаятым!

***
Жүрсең де атып шеңбірек,
Мықшитар уақыт жырынды.
Бір күнім тағы өлді деп,
Жылайтын шалдар бұрынғы.
 
Жастығым қайда қара үздің,
Тамсанып қалдық тойынбай.
Құрышында қалған қарынның,
Сәуірдің сары майындай.
 
Киіміңді баяу ылғалдап,
Сіркелеп жауын жауады.
Күз келді, міне, бізді алдап,
Қайран жаз бастан ауады.
 
Амалың бар ма көндікпей,
Мұныңды мезгіл тыңдар ма?
Өңеш байлайтын ақ жіптей,
Қырау да тұрды сымдарға.
 
Айтпаймыз қазір күмілжіп,
Өтті ғой бізден зайғы шақ.
Уды да талай сімірдік,
Қарақұрт жеген қой құсап.
 Ғарасат мына сапардың,
Мүбәрәк болғай арты кіл…
Бәріне көндім, хош алдым,
Кезеңге келдік саркідір.
 
Көп күнәм жанды қинады,
Боз қырау арты-боқырау…
Өмірдің соңғы финалы,
Қыс келе жатыр, япыр-ау?!

 Түнгі зираттағы ой

Есте жоқ, бір соғып ем қай жылдары,
Қорымға – Былқылдақты бауырындағы.
Сол түні ай да туды дөңгеленіп,
Мөріндей пайғамбардың жауырындағы.
 
Жеті түнде әкелді бұрып мені,
Жатқан жер осы өңірдің күліктері.
Көктегі айға қол созып зираттағы,
Жарқырайды кішкене ай тіліктері.
 
Бәріміз тірі күннің батырлары,
Осы ғой мекеніміз ақырдағы.
Мұқатып бірін-бірі далиғанмен,
Томпайып жеңгені жоқ жатыр бәрі.
 
Жүз аршын, қотандай жер, осы құрттай,
Талай туыс, жақсымды
жасырыпты-ай.
Өлілермен іргелес тірілер де,
Екі ауыл – Мағұрып пен Машырықтай! 
 
Алда мезгіл, алдап бақ, алда жылым,
Бәрі ғайып түбінде қолдағаның.
Қалай тудың білмейсің, есіңде жоқ,
Қайтар күнің және де беймағұлым..
 
Тыным бермес мол сауал, сірә, жанға,
Не бітірмек мына жұрт бұ ғаламда?
Даналар да шеше алмай дүние сырын,
Көрге түсті ақыры, құдауанда?!
 
Шарласаң да Ұрымың, Қырымыңды,
Жақсы емес қой жаман ат тірі күнгі.
Осы бір суық ойлар ылғи менің,
Бақадай мұздатады бүйірімді.
 
Жатыр әне, біздің де барар орын,
Жеміріле ойлайсың шара жоғын.
Сиқыр дұға жазылған жартастардай,
Қалды артымда бұлдырап қара қорым…
          

«Жан қайығын жарға ұрған…» 

Өтежан Нұрғалиұлына
Бір аунап түсер бөтекең,
Келтірер өлең көзге жас.
Сияқты еді ғой, Өтекең,
Сына батпайтын
безді ағаш.
Сен жалғыз жүріп, беренім,
Алыптарменен тірескен.
Көрпелдеш туған төл едің,
Тоқаш, Мұқашқа ілескен.
 
Қайғысы қақпақ төңкеріп,
Қайнайтын қара қазандай.
Келе жататын теңселіп,
Сүйектен шыққан адамдай.
 
Оқыған соттай үкімді,
Сөздері жүрек жарады.
Құдды бір зымыран сықылды,
Ысқырта тілген ауаны.
 
Күн кешті кітап арқалап,
Жоқшылық талай қаңғытты.
Сонда да жүрді өр талант,
Тастамай мәтөк – паңдықты.
 
Қалмады онда ғаси дос,
Шайнаумен кетті бармағын.
Хан-сұлтаныңа бас имес,
Топырағы ауыр тарланым.
 
Не көрсеттік біз шұрқырап?
Өлеңнің пірі – асылға.
Пәниге келіп шырқырап,
Зар илеп кеткен бақиға.

 2010 жыл. Табылдымен қоштасу

Сол жылы үйіме кеп аялдадың,
Сезіп ем көңіліңде қаяу барын.
Кешікпей «бауырымдаған» хабар жетті,
Қайтейін, бақұлдасып қала алмадым.
 
Болды-ау бұйрық төтеннен,
Жаратқаным,
Бой жазуға, әй-шайға қаратпадың.
Шаһбазым, думандатып жүрушы еді,
Білді ме, дәурені өтіп баратқанын.
 
Дерт меңдеп, жүдетті ғой асау ұлды,
Босаңдау тартушы еді шап айылды…
Ақыры ажал жасыны таңдап түсіп,
Алып бір қарағайды қақ айырды.
 
Қадірін білетіннің сағы сынды,
Арулап Табылдыдай арысымды.
Сүйек тебен инемен кебін тігіп,
Үш шелек сумен жудық мәйітіңді.
 
 Көп кешсең де өмірдің сор бұлағын,
Қалды артыңда тамылжып мөлдір әнің.
Көзім қиып қалайша көмдім екен,
Сегіз арыс Адайдың кер бұланын?!
 
Сан ойларға сүрініп, ірметіле,
Садақаңа келдім мен сүйретіле.
Түс көргендей егіліп қарай бердім,
Қара лента қоршаған сүгіретіңе.
 
Жалғандықты сүймейтін бұл нар талап,
Көппен бірге ел жүгін жүрді арқалап.
Дариға-ай, сері шатыс бір жан еді,
Кең Алла, күнәсін кеш, қыл мархабат!
 
Есіл ер әнмен қырған тамам елді,
Қала берді төмпек боп маяжонды.
Жусаның жоқтау айтып, селеу сыңсып,
Сазыңды сахараға жаяды енді.
 
***
Қып-қызыл шапақ жалындай,
Мал-жанды түгел қаратты.
Көрпесін түрген арудай,
Ақсаңданып кеп таң атты.
 
Уа, алтын күн, күлімде,
Жасауға көшті жұрт қамын.
Жатыр-ау жусан түбінде,
Уытты қарақұрттарым…
 
Құдайдың құйттай жәндігі,
Өрмегі нұрға боялып.
Кеткен де шығар ендігі,
Мал дүбірінен оянып.
 
Жайнайтын белес, қыратым,
Кір-қоңынан бір арылып.
Таң ата шөптер тұратын,
Жыланкөз шыққа малынып.
 
Көмейім кетті жыбыршып,
Боздаттым әнді ақ еркем.
Жіберер үнді құбылтып,
Таңғы ауа бейне камертон.
 
 Қағбасы асыл арманның,
Ғұмыр бойына сағынар.
Бұл ала-көбең бар жанның,
Сәби шағы ғой сәруар!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір