ҚАЙДАСЫҢ, ЕРКІН?
10.12.2022
722
0

Сүйекті келген сары бала болатын. Бірде жәудіреп, бірде мөлдіреп, кейде ызалана, көбіне ойлана қарағанда, кекілінің арасынан сығалаған тұздай көзі қадалған нүктесін өртеп жіберетіндей көрінетін. Сол бір көз әлі де тигенін күйдіріп жүрген шығар, кең Құдай татар дәмін түгеспесе…
Төртінші сынып оқып жүрген кезімде «Шымкентский бала келіпті» деген сөз жетті құлағыма. Мектепті сонша шулатқан баланың кім екенін білсем дедім: қолапайсыз қимыл, ебедейсіз жүріс, шартпа-шұрт мінез, десе де бейкүнә күлкі, күлкіге тығылған беймәлім мұң – оны көргенде алған алғашқы әсерім осы. Біздің үй жақта тұрады екен, ендеше, түптің-түбінде не шекісеміз, не бекісеміз. Шамасы төбелесе қоймаймыз, себебі ол, біріншіден – қарулы, екіншіден – бесаспап деседі.
Ақыры таныстық, дос болып табыстық. Бұл – бесінші сыныптың мұғдары. Біздің сыныпқа ауысыпты.
– Асыланмын, – дедім.
– Менің атым – Еркін. Пәлен жылы көшіп келгенмін, – деді ол.
Шынымды айтсам, оған қызығатын­мын және сабақ сайын ішімдегі қызыл ит ұлып қоя беретін. Өйткені сыныптағы ең алғыры – мен өлеңді алты рет оқы­ған­­да жаттап алатын едім, ол болса үш қай­талағаннан-ақ төрт шумақтың бір әріпі­нің де мұртын бұзбай «беске» ай­та­­тын. Ал теңізге барып тірелетін көшеге табанымызды төсеп үйге қайтып бара жатқанда6 тіпті ерекше сөзшең болып кететін: ислам дінінің тарихынан, діни қиссалардан, қазақ тарихынан, әлем­дегі атақты адамдардың өмірінен әң­гіме тарқатады. Бұлай болатыны, оның үйінде діни кітаптар мен «Аңыз адам» журналының көп саны бар еді. Ол солардың бәрін оқитын. Солай бір-бірімізді қимай, теңіз жағасына да жетіп қалатынбыз.
– Кейін сіздің үй мен біздің үй үлке-е-ен коттеджде бірге тұрсақ қой, – дейтін ол, үлкен адамдарша сөз бастап.
– Біз – үш бала, бір мама. Сендер не­шеусіңдер? Бірге тұрсақ сыямыз ба?
– Сыймағанда… Әкем екеуміз ғана ғой…
– Мамаң қайда?
– Мамам ертеде қайтқан. Інім наға­шылардың қолында.
– Менің Алматыға кеткім келеді. Ақын боламын.
– Мен де басқа жаққа кетемін.
– Қайда?
– Таудың етегіне. Бұлақтың басына ма, өзеннің жағасына ма – ағаш үй тігіп, сонда өмір сүремін.
– Қойшы, Еркін. Онда қалай өмір сүресің? Өспейсің бе, балаларың болмай ма, олардың киімі, мектебі бар, өзің жұмыс істемейсің бе – аю мен қасқыр саған тамақ пен киім әкеліп бере ме?
– Мал бағамын, бірдеңелер егемін. Жылына екі рет базарға барып, бес қойға дүниенің затын алып қайтпаймын ба?!
Сөйткен Еркін ғой ол…
Өзім жақсы көретін жұмыстың, өзім жақ­сы көретін кабинетінде терезеден қала­ға көз жіберіп отырмын. Үстел үстінде өзім жақсы көретін газет. Кейде нән шәр­ді тәрк етіп, құла дүзге кетіп қалғым-ақ келеді. Қалада не бар-ау? Шынында несі бар шаһардың? Шалдар салқар ғұмы­рын сарқып берген төрт түлікке мен де бар жанымды салып, кетпеймін бе көз көр­мес, құлақ естімес жаққа? Мыңғырған ма­лым тау мен таудың арасын жалғап, мен сол таудың ұшар басынан төменге шырт түкіріп қойып жатпаймын ба?! Көк­жиек­ті көлбеген тас үйлердің бірінен шы­ғып, біріне кіріп, сүлдемді сүйреп не істеп жүрмін мен осы? Иә-иә… Есіме түсті. Мыңғырған малым жоқ екен ғой, оның үстіне қазақтың қай қиырында да әділет­сіздіктің құлағы көрініп тұрады екен ғой!
Ақын болдым ба, жоқ па – Алматыда жүргенім жүрген. Еркін ше? Е-е-е, ол өзі айтқан өзеннің жағасына ағаш үй тігіп жатқан шығар…
* * *
Уақыт бәрібір дегенін істейді екен. Бәрі кеше ғана болған секілді еді. Енді, міне, шуақты күндердің сәулесі ғана қалыпты жадымда. Сол сәуле жанымды әлі күнге дейін жылытып келеді. Бірнеше жыл бұрын Серік Апрымовтың «Бауыр» деген фильмін көргенім бар. Ғажап туынды! Ғажаптығы сол, ол туралы бәрін айтқың келеді, бірақ ештеңе айта алмайсың. Тек фильм соңындағы Шәм­шінің «Сыған серенадасы» әнінің сазын тыңдап мұңаясың, беймағлұм бір дүние жанарыңды жасқа толтырады. Тасыр тағдыр аямаған бас кейіпкердің аты Еркін болған соң да қай-қайдағы есіме түскен де.
«Мойыма, жасыма жігіт болсаң…».
Менің Еркінім де жасуды білмейтін. Әжетханаға кетіп, көзі қызарып, беті бозарып келгенде ғана оңашада жылап алғанын сезетінмін. Неге жыламасын? Шешесі – қайтқан, әкесі – таңертеңнен қара кешке дейін жұмыста, оған қоса ішкілікке үйірлеу, мектептегі балалардан көргені – шетқақпай, жақсы көретін қызы «ұсқынсыз», «қазанбас» деп тұқыртады. Көрші достарына әңгіме арасында арманын болғандай етіп айтамын деп өтірікші атанғанымен қоса, олардың ата-аналары да жақтырмайды. Бауырынан хабар жоқ. Он жасар баланың да кеудесінде жүрек бар. Жүрекке байланған шер-шемен үлкендердің күйкі тірлігінен салмақтырақ. Содан соң ғой оның ит асырайтыны.
Бірде «үйіме апарамын» деді. Көшесіне аяғымыз ілінгені сол еді, «Ре-кі-і-іс» деді айқайлап. «Ре-кіс». Көз жететін жерден сары ит құйғытып келе жатты. Еркін де Рекске қарай жүгіре жөнелді. Екеуі де сағынулы, екеуінің де көзінде махаббат тұнып тұр. Ит қасқа иесінің аяғының арасынан олай да өтіп, былай да өтіп, құйрығын бірде бұлғаңдатып, бірде бұтына қысып мәз-мейрам. Қорқасоқтап мен тұрмын жандарында.
– Қорықпа, Асылан, қаппайды.
– Қуып жіберші өзін.
– Рекс, ағаңа ассалау де, – деді ол күліп…
– Күлме, е… – «Әйтпесе таяқ жейсің» деп айтқым келген. Қайда, бір ұрғанынан қалмаймын ғой. Бұрын футболды қатырмасам да, жақсы ойнайтынмын. Еркін сыныпқа келгелі бері оның командасында болмасам ойнамайтын болдым. Ол ентелеп жүгіріп келгенде өзін тежей алмай, соққанын құлатып, я біраз жерге «ұшырып» жіберетін. Алдап өтіп кетемін деп оңбай құлаймын. Сыныптастарым «қаңбақ шал» деп тәлкек қылған. Ол ол ма, «Еңбекке баулу» сабағында бір сыныптасымның ау­зынан абайсызда бейпіл сөз шығып кетіп, сабазың оның қолына қаламсап тығып алған. Тағы бірде басқа сыныптың баласымен төбелесіп, көзін шұқимын деп тарс жұмулы көзге қос саусағын барынша батырған. Іркілмегенде не істейсің!
– Жүр, кеттік үйге.
Едені жалаңаш, сыз сіңген қабырғасы көк­пеңбек, шырағының жарығы өлім­сіре­ген, көз тоқтатып қарайтын дүниесі жоқ үйге кірдік.
– Біздің үй осы… Бері жүр, – деді сол жақ­­­тағы бөлмені көрсетіп. – Мынау – ас үй.
Бөлменің сол жақ бұрышында – төрт құ­лақты газ пеш, ортада – тамақ ішетін үстел. Үстел үстінде – жаюлы, әдемілеп кесіл­ген қатқан қамыр.
– Қамырға обал болды ғой, малға беріп жіберсейші.
– Жәй ма сенікі? Кеше мен жайып қойғам қамырды. Папам анда-санда ет жегісі келеді. Сол кезде әлекке түспейін дегенім ғой.
– Көктеп кетпей ме?
– Қайдағы! Керісінше, дүкеннің жай­ма­сы сияқты болып тұрады. Рахат, етің піскенде сала қоясың.
– Ет аса алатын адамға ұқсамашы бір.
– Көкеңді білмей жүр екенсің. Мен бая­ғыдан тамақты өзім пісірем… Оны қой­шы, сен мұнда кел.
Еркін төр бөлмеге бастады. Мұнда да сол кеп, бірақ бір бұрышта қалың кітап жинаулы тұр. Екі терезенің де алды бос емес: бірінде «Аңыз адам» журналының бәленбай саны, екіншісінде ертегілер мен діни кітаптар менмұндалайды. Төрде, бұрышы көгерген жалаңаш қабырғада, домбыра ілулі тұрған. Көңілім соған ауды.
– Мынаны папам арнайы жасатқан. Қымбат домбыра.
Аудандағы жалғыз өнер мектебіндегі домбыра сыныбында қосымша оқып жүрген басым білетін күйімді тартып көрдім. Қоңыр үнді тамаша домбыра екен. Кенет үйге әкесі кіріп келді…

* * *
Кейінірек естідім, сыртымыздан көр­ген бір-екі кісі балаларына бізді нұсқап: «Көрдің бе, әкесі жоқ бала Асылан сияқты батымсыздау, шешесі жоқ бала Еркін секілді тас жүрек болады», – дейтін кө­рінеді. Қазір сол кісілерге айтқым келеді: «Ей, батылды адам! Ей, кең жүректі кісі! Біздің өзге жұрттан неміз кем? Мен қай жерде бұғып қалып едім? Еркін басын мазаққа, тәнін азапқа бермегеніне кінәлі ме? Аясаң, Құдайды ая – сіз бен бізді осылай жаратқан! Тілдесең, өзіңді тілде – балаң бізден бір-екі кітап кем оқыса! Сен айтқан тас жүрек ондаған баланың етігін тігіп, киімін жамап па еді!.. Қолына біз кіріп кетсе де, қыңқ етпей, қабақ шытпай, барын салмап па еді досыма болсыншы деп!..». Иә, кең Құдай бір мүмкіндік берсе, төгілтіп тұрып сөйлер едім-ау, шіркін.
Бірақ олардың сөзінің жаны бар. Мен сол жолы батылдық танытпадым.
Жетінші сыныпта, екінші ауысымда оқимыз. Сабақ бір жарымда басталады. Мен он екі жарымда Еркіннің үйіне келдім. Есігі ашық. «Еркін!». Үн жоқ. «Ер-кі-ін!». Төр бөлмеден дауыс шықты:
– Асылан? Үйге кіре ғой. Еркін дүкенге кеткен, қазір келеді.
Ойымда дәнеңе жоқ, кіріп бардым да: «Ассалаумағалейкүм!», – дедім. Жаюлы дастарқан. Ортада бір рюмка, арақ, тәрелкеге салынған ащы қияр. Ірі денелі, өңі қызара бөрткен, қабағы түксиген, қалың біткен жирен мұртын қасып қойып сөйлейтін сұсты кісі көзінің сұғын қадап: «Әликімсалам!», – деді. Бұл – Еркіннің әкесі еді.
Жоқ, ол Еркіннің ғана әкесі емес еді. Біз құралыптас балалардың өткен ғасырдың соңғы он жылдығында жастық шағы өткен әкелерінің бәрі осындай-тұғын. Ой, ол кездері ішімдік ішу, сарысирақты құшырлана сорып, арасына кілауыз қыстырып жіберіп әңгіме айту – еркектіктің шыңы саналатын. Әлде үлкендерден көргеніміз сол ғана болған соң, өзіміздің «қолдан соққан құдайымыз» қиялымызда сондай кейіпке енді ме екен… Бір білетінім, әкелеріміз, дұрысы, жұрттың әкесі бас-көзге қарамайтын, еркелікті көтермейтін. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары баланың еркелігін көтермек тұрыпты, баланың өзін де ұмытып кеттік қой. Екі мыңыншы жылдардың басында ата-анасын қарттар үйіне тапсыру үшін кезекке тұрғанын да қалай ұмытамыз? Баланың құны – елдің құны. Бірақ ол кезде мұны жұрттың әкесі түсіне бермейтін.
– Еркіннің алдынан шығайын, аға, – дедім қашып құтылайын деген оймен.
– Кел, – деді.
– Жоқ, мен…
– Отыр деймін! Еркін қазір келеді.
Сол отырғаннан тұп-тура екі жарым сағат отырдым. Ол ауған соғысына қатысқанын айтты. «Окопта жатқанбыз. Қасымдағы досым басын көтере бергені сол еді, қақ маңдайынан оқ тиді. Тағы бір досым…». Әңгіме осылай созыла берді. Созылған сайын Еркіннің әкесі өршеленеді. Бірде күледі, бірде жылайды. Анда-санда қайғылы ән айтады домбырасын қолына алып. Соңында үнсіз қалды. Содан соң:
– Асылан, – деді.
– Ау, аға?
– Еркінмен доссың ба?
– Иә, аға.
– Еркінмен өмір бойы жан дос боласың ба?
Үнсіз қалдым. Өйткені «жоқ» деп жа­уап бермейтінім анық еді, бірақ «иә» деуге қорыққаннан айтқандай болмайын деп жұмған аузымды ашпадым.
– Асылан, балам, маған уәде берші. Онымен өмір бойы жан дос боламын деп уәде берші… Балам-ай… Уәде берші…
Ол жылап қалды. Мен бір жарымда басталатын сабаққа үш жарымда бардым.

* * *
Он екі-он үш жастамыз. Жетінші сынып оқимыз. Баяғыдай теңізге барып тірелетін көшеге табанымызды төсеп, үйге қайтып бара жатырмыз. Сабақ басталғалы бері Еркіннің тілі байланған, түсі суық, көзі – көз емес, әйнек. Мен болсам, оны-мұны әңгіме қылып, күлдіруге, сөйлетуге тырысып, жаным қалмай келеді. Бір уақытта Еркін:
– Қойшы болды, – деді.
– Не болды сонша қатының өлгендей? – деп әжемнен естіп алған ләмді сөзбе-сөз қайталадым.
– Жапшы аузыңды!
– Жаппаймын ал!
– Қазір таяқ жейсің!
– Жегізем саған сол таяқты!
– Кет деймін, ей!
– Кетпеймін!
– Кет деймін!
– Не болғанын айтсаңшы әуелі. Қарадан қарап маған тиіскен… Сенің көңілің көтерілсін деп келе жатқан жоқпын ба?!
– Жап деймін аузыңды!
– Айтпасаң, ызаңа тие берем! Өй, … (бабына келтіріп тұрып бір боқтадым. Әрине ол әбес сөзім анасына тиген еді).
Еркін жылап жіберді.
– Ей, сен неге боқтайсың менің мамам­ды! Ол бүгін өліп қалды, түсіндің бе! Өліп қалды ол! – Солқылдап жылады дейсің…
– Қалай? Ол… ол… сенің кішкентай кезіңде қайтпап па еді?
– Өтірік айтыпты…
– Кешірші…
Екеуміз екі жаққа тарастық.
Содан кейінгі күндері әңгімеміз Құдай жайлы ғана болды. Кәдімгі Құдай. Оның мейірімі, қаһары, жұмағы, тозағы… Жалпы адам баласы өзіне тірек іздегенде жаратқанды еске алады екен ғой. Жетім екенбіз ғой біз жазған. Құдайды біздің ел (Үкімет) де жақсы пайдаланды. Мәселен, отыз жыл бойы «Патшаға қарсы шыққаның – Құдайға қарсы келгенің», «Әр халыққа өзіне сай патша бұйырады», «Сабыр, сабыр» деген сөздерден құлағымыз сарсылған жоқ па?! Қала берді, атқарушы билік апаттардың алдын ала алмағаны өз алдына, салдарымен күрескенде де «Сауап болады» деп халықтан жылу жинатпады ма молдалар мен блогерлер арқылы? Жиналған қаражат пен азық-түлікке, мүлікке «Нұр Отанның» белгісін жапсырмады ма?! Қазақстанның бұдан былай Әділетті болатыны рас болса, Еркіннің жалғыз тірегі болған Құдайға тыныштық береді деп ойлаймын.

* * *
Сегізінші сыныпқа көшкеннен бастап біз жөнді араласпадық. Мен аудандық, облыстық, республикалық жарыстарды түгендеп жүріп сабақтан көп қалдым. Ол болса мен барған күндері себепсізден-себепсіз келмейтінді шығарды. Әрине, мені көргісі келмегеннен емес, былайғы күндері де аптасына үш-ақ рет келеді екен. Сегізінші сыныптың соңғы емтиханын тапсыратын кезде ол Шымкентке, нағашыларына барып-қайтатынын айтты. Кейін Алматыға лагерьге кеткенін естідім. Тоғызыншы сыныпқа көшкенімізде сабаққа мүлдем келмей қойды. Сөйтсем, Шамалғанда тұратын нағашылары қолына алыпты. Медреседе оқып жүр екен. Міне, содан бері онымен көріскен де, сөйлескен де емеспін.
Кейінгі үш жылда көп іздедім. Таныс-білістердің бәрінен сұрадым. Әлеуметтік желілерден де сұрау салдым – хат-хабар жоқ.
Еркіндікті сүйемін. Бірақ… Еркін болғым келмейді.
– Еркін деген кім?
– Ол – балалық шағы ұрланған көптің бірі. Көптің бірі болса, онда көптің өзі де сол – Еркін.
– Оның балалық шағын ұрлаған кім?
– Кеңес Үкіметі!
– Неге олай дейсің, Асылан?
– Асылан, бері қара. Ауғанға басып кірген кім еді. Соғысқа қатыспаса, Еркіннің әкесі сондай болар ма еді? Еркіннің әкесі сондай болмаса, Еркін мұндай болар ма еді?
– Кеңес Үкіметі тағы да біреудің балалық шағын ұрлауы мүмкін бе?
– Сұрақты қате қойдың, Асылан. Сонда да жауап берейін. Адамының қадірі жоқ елде – барша халық құрбан. Жұртын сүймейтін, өзіндей көрмейтін шікірейген шенді-шекпенді басқарған жұрттың бәрі – бақытсыз.
– Еркін қазір қайда деп ойлайсың, Асылан?
– Екі қорқынышым бар. Біріншісі, жат діни ағымдарға ілесіп, жарық дүниені жалғаншыға балап, көкірегін қара матамен байлап қойды. Оны өмірі шешпейді. Екіншісі, қасіретті қаңтарда қаңғыған оққа кесе көлденең шығып қалды…
– Іркіліп қалдың ғой?
– Оған дейін тірі болды ма екен деп ойлаймын кейде…
– Бекер. Ол таудың етегіне, өзеннің жағасына ағаш үй тігіп, мал бағып, егін егіп, шалқып-тасып жүр. Жылына екі рет базарға барып, бес қойға дүниенің затын алады. Ертең, сенің осы эссеңді оқып, іздеп келеді де, онымен мәңгі бақи жан дос боламын деген уәдеңді орындайды.
– Онда, келер кезінде әкесі арнайы жасатқан «қымбат домбыраны» ала келсінші, жарай ма?..

Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір