Ұлтаралық келісім – ынтымақтастықтың жарқын үлгісі
Қазақстандағы ұлтаралық келісім – бірнеше жылдар бойы бір шаңырақтың астына ұлт пен ұлысты, алуан түрлі діни бірлестіктерің басын біріктіріп отырған егемендік пен татулықтың, бейбітшілік пен ынтымақтастық қарым-қатынастың жемісі. Ұлтаралық қарым-қатынас пен ынтымақтастық еліміздегі маңызы ауқымды тақырыптардың қатарынан түскен емес.

Қазақстан – 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан көпұлтты мемлекет. Осындай этностардың бірі – ұйғыр халқы. Қазақ пен ұйғыр халықтарының арасында ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи, мәдени әрі рухани байланыстар бар. Бүгінде бұл байланыстар ұлтаралық келісім мен тұрақтылықтың берік іргетасына айналып отыр.
Егемендікке қолымыз жеткеннен кейін Қазақстанның жүргізіп отырған этносаралық келісім саясаты ұлттар достығын жаңа деңгейге көтеріп, республикада «Қазақстан халқы Ассамблеясы» атты бірегей институттың іргесі қаланды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы – осыдан 30 жыл бұрын негізі қаланған көпұлтты қоғамдағы ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ету, еліміздегі түрлі этникалық топтар мен мәдениеттердің арасында өзара түсіністік пен достықты нығайту мақсатында құрылған ұйым. Нақтырақ айтқанда, бұл ұйым Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдерінің тілін, мәдениетін, дәстүрін және тарихын сақтауды, дамытуды көздеп, этносаралық мәселелерді шешумен айналысады. Ел аумағында өмір сүріп жатқан кез келген ұлттың тек өзіне ғана тән бітім-болмысы мен бірегейлігі сол халықтың мәдени құндылықтар жүйесіндегі тарихы мен тілінің даму еркіндігі арқылы жүзеге асатыны айқын.
Ассамблея аясында ұйғыр этномәдени бірлестіктері де белсенді жұмыс атқарып келеді. Олар ұлттық тілді, ділді, дәстүрді сақтау бағытында түрлі мәдени шаралар, фестивальдер, білім беру жобаларын ұйымдастырады. Мысалы, Алматы облысы және Алматы қаласында шоғырланған ұйғыр мектептері мен мәдени орталықтары жастардың ана тілін, салт-дәстүрін ұмытпауына жағдай жасап отыр.
Қазақ пен ұйғыр халықтарының арасындағы достықтың бірден-бір негізі – өзара құрмет, толеранттылық пен сенім. Екі халықтың өкілдері бір-бірінің тіліне, дініне, дәстүріне құрметпен қарайды. Бұл – ұлтаралық келісімді нығайтудың ең маңызды факторы. Қазақ пен ұйғыр халықтарының арасындағы қарым-қатынас тек тұрмыстық деңгейде емес, мәдени-рухани деңгейде де жалғасын тапты. Мемлекет тарапы ұйғыр тілінде шығатын мерзімді басылымдар – «Уйғур авази» газеті мен радиобағдарламаларға қолдау көрсетіп, ұйғыр тілінде білім беретін мектептер мен арнайы сыныптардың рухани және мәдени кеңістігін кеңейтуге зор мүмкіндік сыйлап отыр.
Апта сайын шығатын «Ұйғур авази» республикалық қоғамдық-саяси ұйғыр газетінің тиражы өзге ұлттардың басылымдарына қарағанда әлдеқайда көп. Газеттің алғашқы саны 1957 жылы «Коммунизм туы» деген атпен жарық көргені белгілі. Негізінен кадрлық құрамы жоғары бағаға ие болып келе жатқан газт республика өмірімен тыныс алып, халық назарын өзіне аударған басылым. Сондықтан ұйғыр оқырмандары елімізде болып жатқан түрлі өзгеріс, айшықты оқиғалар мен ресми хабарлардан, тіпті шетелдік жаңалықтардан да құлағдар болады. Мұның өзі қазақ пен ұйғыр арасындағы ұлтаралық келісімнің діңгегінің беріктігін көрсетеді.
Қазақстанда тұратын ұйғыр халқы мемлекеттің даму жолында түрлі салаларда елеулі үлес қосып жатқанын да айта кету керек. Әсіресе мәдениет, білім, медицина, бизнес пен мемлекеттік қызмет саласында табысты еңбек етіп жүрген ұйғыр ұлтының өкілдерін көптеп кездестіруге болады. Бұл – елдегі тең құқық пен әлеуметтік әділеттіліктің айқын көрінісі.
Татулық пен бірлік – мемлекет дамуының басты кепілі. Ұлтаралық келісім мәдениеті түрлі этнос өкілдері арасындағы күнделікті аралас-құралас өміріндегі ауызбіршілік, достық қарым-қатынас, өзара түсіністік пен сыйластыққа негізделеді. Мемлекетіміздің гүлденіп, өркендеуі ел азаматтарының ақыл-парасатымен, қонақжайлылық қасиетімен, адамгершілігімен нығайып, еселене түспек.
Дана САДЫРҚАН