ҰЛТТЫҚ РУХТЫ ТАС ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕТКЕН МҮСІНШІ
20.06.2024
85
0

Қазақтың көрнекті мүсіншісі, өнер қайраткері, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері Бақытжан Әбішевтің қолынан туған ескерткіштер еліміздің түкпір-түкпірінен орын алып, шаһарлар мен аймақтардың сәнін арттырып, ұлттық рухына жан бітіріп тұр. Дара қолтаңбаға ие таланттың авторлығымен Алматыда Тоқаш Бокин, Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев, Әди Шәріпов ескерткіштері бой тіктесе, Қаскелеңде Сүйінбай Аронұлы, Ақтөбеде Жансен Кереев, Әлия Молдағұлова, Ахмет Жұбанов (Е.Сергебаевпен бірігіп жасаған), Шұбарқұдықта Нұрпейіс Байғанин, Қобда ауданында Әлия Молдағұлова, Астанада Мұстафа Кемал Ататүрік, Әлия Молдағұлова, Жаяу Мұса, Қарағанды мен Жезқазғанда Сәкен Сейфуллин, Баянауылдың орталығында Бұқар жырау, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Өскемен қаласында Абай Құнанбаев (Е.Сергебаевпен бірге) мүсіндері тұғырына қонған. Өнер иесінің «Томирис» (Ломоносов университетінде), «Олимпиадашы» (Швейцарияның Лозанна қаласындағы олимпиада штаб-пәтерінде), «Күйші» (Германияда жекеменшік галереяда) сынды монументалды шығармалары шетелдіктердің де көзайымына айналған.
ҚР Мемлекеттік сыйлығы мен ҚР Президентінің әлемдік рухани келісім сыйлығы белгілерін өмірге әкелген де — Бақытжан Әбішев. Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясының профессоры, Қазақстан Өнер академиясының академигі ретінде сандаған шәкірт тәрбиелеген ұстаздың ізбасарлары да көркемсурет, мүсін өнерінің қарыштап қанат жаюына еңбек етіп жүр.
Текті еліміздің келбетін, сақ пен ғұннан тараған түркілік тылсым болмысты, аттың жалында, түйенің қомында өскен халықтық жадымызды жаңғыртқан, қазақ мүсін өнеріне құбылыс болып келген Бақытжан Әбішевтің шаңырағына барып, асыл қазынаның мол қорына куә болдық. Мүсіншінің жұбайы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері,М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының актрисасы Шәмшәгүл Меңдияровамен тілдестік. Бірі санада, бірі сахнада қазақ кейіпкерлерін сомдай жүріп, ұлттық галереямызды байытқан қос таланттың үйлесімді тағдырына қайран қалдық. «Тәуелсіздік алғалы бері бүтін қазақ өңір-өңірге тым бөлініп кеткен сияқты көрінеді маған. «Бәкенің мұрасын музейге алыңдар», — деген мәселемен әкімдіктерге барғанымда, «Біздің жақтың адамы емес», — деп бірінен біріне сілтейді. Бақытжан Ақтөбенің тумасы болғанымен, күллі қазақтың руханиятына еңбек етті ғой. Әкесі — Әлімбай Рахманбердіұлы Ауылшаруашылығы министрлігінде қызмет атқарған. Гордов басқарған үшінші әскер девизиясының бас мал дәрігері ретінде Екінші дүниежүзілік соғысқа бастан-аяқ қатысты. Бақытжан кішкентай кезінен сурет салуға әуестеніпті. Атамыз елу үш жаста өмірден өтер сәтінде отбасын жинап (балалардың бәрі кішкентай ол кезде, ең үлкені Бақытжан мектеп жасында), көкейдегісін айтып жатып: «Менің Бақытжаным Суриков институтында оқиды», — деген екен. Сол кісінің өсиеті орындалды десек те болатындай. Бәке ержете келе Мәскеудің Суриков атындағы мемлекеттік көркемсурет институтын тәмамдап, белгілі академиктерден дәріс алып шықты. Ең алғашқы ірі еңбегі — осы Алматы қаласында орналасқан Тоқаш Бокиннің ескерткіші. Бұл ескерткіш Дінмұхаммед Қонаевқа қатты ұнап, үш бөлмелі пәтер, шеберхана сыйлаған еді сонда. Өнер адамдарымен, міне, осылайша көрші тұрдық», — деп әңгімесін бастаған Шәмшәгүл апай үйдің төменгі қабатында орналасқан шеберханаға алып барды.
Мүсіншінің ғұмыр бойғы еңбектері жиналған шеберхана ішін жанды тарих дерсіз. Онда Бақытжан Әбішевтің қолының табы мен маңдайының тері, жанарының нұры сіңген туындылар сап түзеп тұр. Мүсіндерді қастерлеп жеке-жеке ақ матамен жауып қойған Шәмшагүл апай кезегімен аша жүріп, шежірелерін ағытты. Қоладан құйылған «Ұмай ана», салтанаты мен айбыны астасқан аттылы «Томирис», дәстүр мен нәзіктікті жарастыра қалыптаған «Қалыңдық», өзгеше өрнекте бедерін тапқан «Магдалина» сынды аналар галереясын толықтырар мүсіндер қатарында шебердің өз анасының жүзін бейнелеген туындысы да менмұндалап тұр. Ашаршылық кезінде әл-дәрмені таусылып бара жатқанына қарамастан нәрестесін қорғаштай құшақтаған ана, бақытты шақты арқау еткен баласын мойнына отырғызып алған ана образдары, Әлия мен Мәншүктің соғыс өрті шарпыған балауса бейнелері, Ғабит Мүсірепов пен Асқар Сүлейменовтің мүсінге айналып үлгермеген эскиздік қалыптары, «Жер-Ана», «Беташар», «Құрылтай», «Дала сағымдары», «Ажар» мүсіндері, десі мен сесі қатар келіскен батырлар — бәрі-бәрі қазақтың көне тарихын көз алдымызға көшіріп әкелгендей болды. Сөзінен аңғарғанымыздай, ұлттық бояу мен қазақы дүниетанымға тұнып тұрған осынау құнды жәдігерлер расында мемлекетке қажет емес пе деп апайдың көңілі алаңдаулы тәрізді.
Бүгінде жетпістің жетеуіне келген Шәмшәгүл апайдың жарының өнер туындыларына деген кіршіксіз құрметі ыждағаттылықпен айтқан әңгімесінен сезіліп тұр. Біз Шәмшәгүл апайдан Бақытжан ағамен алғашқы жүздескен сәттері жайлы сұрадық. «Раушан есімді құрбымның жолдасы мүсінші еді. Бақытжан екеуі кішкентай кездерінен бірге өсіп, оқуға да бірге тапсырған. Екеуміз сол достарымыздың үйінде жолығып қалып, таныстық. Бір көргеннен «аһ» деп ғашық болатын жаста емеспіз ол тұста. Жиырма сегізде, ақыл тоқтатқан кездеміз, яғни бала махаббаттың дәурені өткен. Мінезімізге, өмірге деген көзқарасымызға үңіле келе табыстық. Оның бір ерекшелігі, нағыз қамқор жан екенін алғашқы кезден-ақ аңғартты. Қыдырып, қала аралап жүргенімізде мені ешқашан автобусқа отырғызбайтын, міндетті түрде көлікке отырғызып жіберетін.
Қазір қалай екенін білмеймін, ол уақытта актриса, актер мамандарына үлкен кісілердің тарапынан қарсылық көп болатын. «Әкәку-сәкәкудың» адамдары деп ойлайтын болса керек. Мен керісінше сахна өнерінде жүрген қыз балалар адамның жанын түсінетін, жарына кез келген уақытта ақылшы да бола алатын, білімдері де кез келген мен деген кісімен теңесетін, сондай терең парасатқа ие болып келеді дер едім. Мысалы, сахнада, кинофильмде Абылай ханның рөлін сомдайтын жан Абылай ханның бүкіл ғұмырын, қызметін, қандай саясат жүргізіп, қандай соғыстарға қатысқанын, Бұқар жыраумен қалай сөйлескенін, оның тұсындағы тарихи жайттарды, барлығын оқып, зерттеп барып, тұлғаның болмысын сахнаға алып шығады. Бұл адамға тереңдік береді, ойлау қабілетін жетілдіреді, бойына қазақи философия­ны дарытады.
Жас кезімде Хабиба Елебекова апаймен жақсы араласатынмын. Апай маған сол уақытта әлі ақталмаған қаламгерлер — Шәкәрімнің қолмен жазылған «Еңлік-Кебек» поэмасын, Мағжан Жұмабаевтың шығармаларын әкеліп беретін оқуға. Артистер тек әдемі болуды ғана біліп, қызық қуалап қана жүрсе, өрелі өнер қайдан тумақ? Серке Қожамқұлов, Сәбира Майқанова, Бекен Римова, Шолпан Жандарбекова, Хадиша Бөкеева сынды ғұлама аға-апаларымызбен қатар жұмыс істедік.
Бақытжанның да өз саласына дендеп енген сәті. Қазақстанда мүсін өнері — бертінде қалыптасқан жас өнер түрі ғой. Әйтсе де, өткеннен сыр шертетін балбалдар, тастарға қашалған түрлі ою-өрнектер қазақ тарихында ықылым заманнан бар. Міне, соның барлығын Бақытжан жан-жақты зерттеп, өзегіне үлкен мән беретін. Екеуміз отбасын құрғанда да арнайы мекемеден рұқсат қағазын алып, мемлекеттік архив қорына жиі баратын. Ол тұста суретке түсіріп ала қоятын ұялы телефон жоқ… Архивтегі суреттердің көшірмесін жасатып алатын, ал көшірмесін жасауға болмайтын көріністер мен бейнелерді көз алдына сақтап алып, үйге келіп, қағазға бедерлеп салатын. Жұмысы дегенде ішкен асын жерге қоятын. Әр детальға мән беретіні сондай, Жамбыл Жабаевтың малдас құрып отырған мүсінін жасағанда да біраз тер төкті. Күн шығыстан туып, жылжып отырып ескерткішке сәулесі түскенде малдас құрып отырған Жамбыл бабамыздың екі тізесі алға қарай шектен тыс созылып кеткендей көрініске ие болып қалады екен. Күн жарығы қалай түссе де мүсіннің әр бөлігі бірқалыпты тұруы үшін геометриялық заңдылықтарды қатаң сақтап, өлшеп тұрып жасап шыққан еді», — деп өмір мен өнерді сабақтастыра баяндаған апай қос перзенті – ұлы мен қызын тәрбиелеп өсіргендерін, немере сүйгендерін жеткізді.
Мүсін өнері мен театр өнері өкілдерінің отбасылық одағының қандай болатыны кім-кімге де қызық болары сөзсіз. Өнер адамдарының бір шаңырақ астында түсінісуі оңай бола ма, керісінше ме, бұл жөнінде де апайдың өзінен білдік. Актерлік салаға бірге дайындалған құрбым жақында «Өзінің талантын күйеуінің талантының жолына жығып берген құрбым» деген мазмұнда өлең жазып жіберіпті. Екі өнер адамының бір шаңырақта тұруы, бір жағынан, қызық, бір жағынан, жауапкершілігі орасан. Оның жұмысы расында оңай емес еді. Әр туындының мөлшерлі уақыты болады, тапсырыс беруші мекеме де асықтырады, көптеген тексерістен өткізіп, ескертпелерді есте сақтау керек, айтып өткенімдей, ойдың да, күштің де салмағын сезіне жүріп сомдады ғой талай мүсінді.
Ең күрделі жұмыстарының бірі — Исатай-Махамбет ескерткіші. Салт атты батырларды жасап, оларды қатар қойғанда да өзара қабысып тұрғаны, бәрі маңызды ғой, ол үлкен ой еңбегін де, физикалық күшті де талап етеді. Өзім Жетісудың қызымын, бізде: «Қыздарын Жетісудың көргім келді, Азапты кім төлейді судан өткен», — дейтін жыр жолдары тараған. Сол сияқты, дайын ескеркішке қарап көз қуантқан көпшілік оның артында қаншама үлкен еңбек жатқанын кейде түсіне бермейді. Мәселен, Фальконе I Петрдің мүсінін сегіз жыл жасапты. Осы «Исатай-Махамбетті» кескіндеген екі айдың ішінде Бәкең қатты зорығып кетті… Туынды діттеген жеріне қойылып, халық тойлап, салтанатты шара өткізілді. Алайда Бақытжанның атын атап, түсін түстеген ешкім болмапты сол жиында. Үйге мүлде көңіл күйі болмай оралды, бірнеше айлар бойы шеберханасына да аттап баспай қойды. Міне, осылайша өмір сүрдік. Бір-бірімізге көмектесуге, демеу болуға тырыстық.
Өзім санап көрсем, мүсін жасау барысы алғашқы кескінін қағазға салғанынан бастап он үш-он төрт этаптан өтеді екен. Қай жұмысына кіріскенде де терлеп-тепшіп, бүкіл жан дүниесімен қашап жатқан кескініне еніп кететін. Балшықтың ішінен өзі жасауға тиіс образды көріп тұрғандай, соған жету үшін артық жерлерін алып тастап жатқандай әсер қалдыратын маған.
Суретшілердің көзі қырағы келеді ғой, көшеде кетіп бара жатып: «Әй, мына үй қисық салынған», — деп сырт көрінісіне қарап-ақ топшылайтын. Ал шығармашылықпен айналысып жүргенде көз алдындағысын байқамайтын, күнделікті тұрмыстағы ұсақ-түйекке де мән бермейтін. Жаңа көйлек алып кисем: «Оо, қандай әдемі», — дейтін еді. Дәл сол көйлекті тағы бірде бір жаққа кисем: «Мынаны қашан алғансың?» — дейтін тап бір жаңадан көргендей болып, — деп күліп алған өнер иесі әңгімесін одан ары жалғастырды. — Әрине, қандай шығармашылық жұмыс болмасын шабытсыз жасалмайды ғой. Шаңырақ құрған кезімізде түн ортасында ұйықтап жатқан жерінен атып тұрып шеберханасына жүгіретін. Мен: «Түн ішінде жүгіріп не болды?» — деп түсінбейтінмін бастапқыда. «Ойыма бір нәрсе келді, соны қазір жасап қоймасам, ұмытып қалам», — дейтін. Мүсіннің қалыбын дайындағанда алғаш болып маған көрсететін.
Тарихи тұлғаларды мүсіндегенде міндетті түрде тарихшылармен, философтармен, қаламгер, суретшілермен кеңесіп отыратын. Ақселеу Сейдімбек, Зейнолла Қабдолловпен ақылдасатын. Қалихан Ысқақ аға қолдап жүретін үнемі. Асқар Сүлейменовпен үйде де, шеберханада да әңгімелері таусылмайтын. Бірде Бақытжан шеберханасының кіреберісіндегі жертөлені жабуды ұмытып кетіпті. Өзі сәл әріректе кезекті туындысын қашап жатқан ғой. Әлден уақытта Асқар ағаның: «Баха», – деп айқайлаған дауысы шығыпты. Айналасына қараса, ешкім жоқ. «Сіз қайдасыз?» — дегенде, ағаның тағы да «Баха» дегені жертөледен естілген ғой. «Зәремнің ұшып кеткені сондай, жүрегім табанымның астына түсіп кеткендей болды. Себебі жертөледе үлкен темірлер, формалар, гипстер тұрған», — дейді Бәкенің өзі. Жанұшырып жүгіріп барса, Құдай сақтап, Асқар аға жерге тікесінен екі аяқтап түскен екен. Еш жеріне сызат та түспепті, зақым да келмепті. Сол сәтте қалай қуанғанымды жеткізе алмаймын», — деп отыратын Бәке. Жалпы, Асқар ағаның білімдарлығына шек жоқ қой. Музыка, әдебиет, сурет өнері дейсің бе, қай саланы да жетік білетіні сондай, ол кісімен сөйлесу мен үшін қорқынышты болатын. Өйткені ол кісінің блетінінің ширегін де білмейсің ғой (күліп). Үйде шығармашылық иелері бас қосып, өзара пікірталасып жатқанда, міндетті түрде Асқар ағаны шақыратынбыз, аға жиналғанның бәрін уысында ұстап отыратын. Ол дәурен өте бір қызық кезең болды ғой. Шаңырағымызда шығармашылық қыз-қыз қайнап жатқандай әсер ететін.
Әлия Бөпежанова, Мағира Қожах­метова, Баян Бекетова сынды қаламгер қыздардың да ойы Бақытжан үшін өте маңызды еді. Шолпан деген қыз болатын тағы да, кейіннен байланысымыз үзіліп қалды. Осы қыздар үйге, шеберханаға жиі бас сұғып тұратын. Бақытжан сонда: «Әйелдер өнерге өте нәзік сезіммен қарайды. Ерлерге қарағанда әйел қауымының сезімталдығы өте жоғары. Олардың қалай қарағанынан-ақ мен мүсіннің қай тұстарын жөндеу керегін, қай тұсы қандай жағдайда тұрғанын білемін. Қай жері фальш болып тұрғанын да көздерімен ұқтырады», — дейтін еді.
Ұлқаш (Ұлықбек Есдәулет) бір естелігінде: «Шеберханасында жиналғанымызда: «Өлең оқышы», – деп арнайылап сұрап, жыр тыңдағанды ұнататын», — деп еді. Бәкенің өзі Кеңес уақытында орыс мектебінде оқыды, соған қарамастан қазақылыққа, қазақы рухқа сондай іңкәр болатын. Өлең оқытып та қазақылыққа, қазақ сөзіне сусап, сусындайтын болып тұр ғой. Құрманғазының ескерткішін жасағанда, күйшінің «Кішкентай», «Ақбай» күйлерін тыңдап жүріп жұмыс істейтін. «Әдебиетте Абайдың деңгейі қандай болса, музыкада Құрманғазы да дәл сондай биікте. Сол үшін әр қалаға Құрманғазының ескерткішін қою артықтық етпейді», — деп айтқаны да есте сақталыпты. Балаларды да қазақша оқуы керек деп сол замандағы жалғыз қазақ мектебіне өзі алып барып, өзі алып келетін. Бақытжанның өнердегі басты мақсаты да осы болды, қазақтың дүниетанымын мүсін арқылы көрсеткісі келді», — дей келе мүсін шеберінің қазақы ой-танымның тереңіне бойлаған шығармалары жайлы тарқата әңгімеледі.
«Ақындар жарына өлең арнап жатады. Бақытжан ағаның сізге деген көңілін мүсін арқылы білдірген кездері бар ма?», – деген сауалымызға: «Атты мүсіндерімнің бәрінде әкемнің рухы кезіп жүр», — деп айтқан еді бірде Бақытжан. Сол сияқты, оның қазақ әйелін кескіндеген барлық туындыларында мен бармын ғой», — деп әдемі жауап берді.
Бақытжан Әбішев бір сұхбатында: «Дарын қашан да мемлекеттің, ұлттың байлығы болу керек. Қандай интернационал болсаң да өнеріңнің тілі анаңның тілінде сөйлейді», — деп айтқан екен. «Мен қазақпын!» дегенді ешкімге дәлелдемей-ақ түсінетін, ол біздің қаламыздан да, даламыздан да, тіршілігіміз бен түсінігімізден де атойлап тұратын кезді көргім келеді. Сол кезді өзім өнеріммен жақындатқым келеді. «Мынау — қазақ» дегенде, иә, бұл – қазақтың қасиеті, соның ұлттық ерекшелігі дейтін кезге жетсем…» — деген де сөзі бар мүсіншінің.
Қола мен қышты, сазбалшықты сан құбылтып, елге, жерге деген сүйіспеншілікті тас тілінде сөйлеткен суреткердің артында қалған мұрасына мемлекеттің баға жетпес байлығы ретінде қарап, рухани айналымға жаратуға не кедергі?..

Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір