ӨРШІЛ РУХТЫ ӨЗДЕН
28.04.2024
378
3

  «Шындасаң, шыңға жетерсің»

Алапат заманда туған Мұрат ерте есейді. Екі бірдей ерін Сталиннің зұлмат репрессиясы, азамат ұлын сұм соғыс жалмап зар жылаған анасын көрген сайын оның кішкентай жүрегі қоса егілетін. Оның үстіне шешесі үнемі Жүсіпбек Аймауытовтың 20-жылдардағы қазақ ұранына айналған «Қаны жат, тілі жат, діні жат, Жат елден таяқты жеп едің», – деген өлеңін дәл бір Құранның аятындай жаттатқызушы еді. Қолына қалам алып, кітап ашқаннан кейін ақылман әке тарапынан қайда жүрсе де, қандай мамандықты игерсе де ұлтты сүю, туған халқына қызмет ету туралы кеудесіне нұрдай құйылған асыл ойлар оны аузынан уызы тамған бала күнінен-ақ ширатып, шынықтыра түсті.
Мұрат онға толып, өз көңілін өзі албайтындай кезге келгенде Сталин өліп, кеңес халқы қара жамылғанда Фатиманың шаңырағында той болмаса да алдағы жылдардан үміт күткен қуа­ныш, шаттық күлкісі есті. Ол он алты жасында МГУ-ге түсті. Соғыстан кейін ел есін енді жиып, қаһарлы жылдарда мектеп табалдырығын аттауды былай қойып, бір үзім нанға зар болып, балалығын жоқшылық жалмаған сол заманның кілкіндей жастарының алды 20-дан асқанда ғана жоғары оқу орындарының есігін имене ашатын. Бала күнінен қызық-думан қуып, сауқым салуға құлықсыз өскен өрен оқымысты әкенің жолын қуды.
Ол мектепте оқып жүргенде «Абай жолындағы» әкесі Дулат ақынның аузына салып: «Шырағым ержетерсің. Ержетсең, сірә, нетерсің! Алысқа шырқап кетерсің, Шындасаң шыңға жетерсің», – деп Абайға беретін батасын құдды бір өзіне арналғандай сезінетін. Шындығында киелі бата айнымай келді: ержетті, Мәскеудей алысқа шырқап кетті, ендігі жерде тыңдалған дәріс, алған білімге мәз болып жүре бермей, әкесі айтатын «әлеуметтік істерді» де қолға алып, құз-қияларға қарай бет алды. Көңілі сейдін, ойы сергек кезінде ғылым іздеген сараман жолға түсті.
Мұраттың Мәскеуде оқыған жылдары кеңес қоғамында кейін «оттепель – жылымық» деген атпен бейнеленген темір ауыздық сәл де болса еркіне жіберіліп, тұқыртылған тізгіннің аз да болса босаңсыған кезеңімен тұспа-тұс келді. Бүгінгі заман зерттеушілерінің басым көпшілігі мұны Хрущевтің либералдық реформасы дегенге сайдырып, әсірелей баға береді. Шынын айтқанда, өзі де сталиндік жауыз жүйенің жуан ортасынан шығып, талай-талай жазықсыз жандарды ату жазасына бұйырған «үштіктің» үшкіл бұйрықтарына қиналмай қол қойған Никита кеңес қоғамын жарылқауды ойлаған жоқ, оның көксегені өз билігін орнықтыру еді.
Сталин өлген соң жыланның да жусағанын білетін жымысқы Хрущев триумвират сипатты үш тармақты билікті біртіндеп өз қолына шоғырландырып, әуелі күн сайын күш алып бара жатқан Берияның көзін жояды. Бұдан кейін сол замандағы билік номенклатурасындағы бірінші адам, алып мемлекет ішінде де, шет елдерде де 1953-55 жылдарда КСРО-ның жеке дара басшысы ретінде танылған Министрлер Кеңесінің төрағасы Г.М.Маленковты орнынан тайдырады. Ендігі жерде ол өзі өлсе де Қызыл алаңдағы мавзолейден бастап, әрбір кабинеттің төрінен көзінің сұғын қадап тұратын Сталиннің сүлдесінен, әлі күнге дейін кеңес жұртшылығы тәңірдей табынатын атақ-даңқынан құтылуды ойлайды.
Көп ұзамай жердің жыртығын жамаған Хрущев оның да қыбын тауып, жеке басқа табынушылықты айыптаған СОКП-ның тарихи съезін өткізеді. Съезге дайындық барысында Сталиннің жауыздығын әшкерелеу үшін білікті заңгерлер мен қоғам қайраткерлерінен тұратын беделді комиссиялар құрылып, құпия мұрағат­тардағы қан мен терге шыланған мыңдаған том істер қайта көтерілді. Тарихи съезд өтісімен жазықсыз жапа шегіп, атылған, айдалған, сотталған жандардың істері қайта қаралып, миллиондаған кеңес адамдарының жүрегін шайлықтырған «репрессия» сөзін әлі де болса бұлдырлау болашақтан үміт сыйлайтын «реабилитация», яғни ақтау ұғымымен алмастыра бастады.
Дәл осы қайыр-шапағаты мол шара басталған кезден бүгінге де­йін атылғаны, сотталғаны, жауапқа тартылғаны бар – барлығы 4 миллиондай адамға рақымшылық жасалыпты. Кез келгеннің жағасын ұстатып, жанын түршіктіретін сұмдық деректерді энциклопедия сияқты іргелі басылымда тиянақтау үшін Қазақ кеңес энциклопедиясында қызмет істеген кезімізде елуінші жылдары ЕСЕП («Елін сүйген ерлер партиясы») деген саяси ұйым құрып, Алаш рухын жалғаған ардақты азамат, үлкен әдебиетші ғалым, саяси қызметі үшін «халық жауы» деп айыпталып, сталиндік лагерьге айдалған Бүркіт Ысқақов ағамызға қолқа жасап, арнайы мақала жазуды өтінген едік. Ол жариялылықтың мүмкіндігін пайдаланып, 1989 жылы «Қазақ ССР» қысқаша энциклопедиясының 4-томының қосымшасына «Репрессия», «Реабилитация» атты мақала жазды. Өзі де репрессия құрбаны бола жаздаған Бүркіт ағамыз жауыздық науқанының үшінші кезеңі туралы: «Қазақстанда үшінші ірі Р. 1951-53 ж. болды. Бұл жылдары ол «Космополитизм мен ұлтшыл-буржуазияшылдарға қарсы күрес» деген ұранмен жүргізілді. Бұл жолғы репрессияның құрбандары – Е.Бекмаханов, Қ.Жұмалиев,
Е.Ысмайылов, Қ.Мұхаметханов, Б.Сүлейменов, І.Есенберлин, Б.Ысқақов, А.Нарешев, т.б. тұтқынға алынып, әрқайсысы 25 жыл мерзімге бас еркінен айрылды да, еліміздің ең алыс түкпіріндегі еңбекпен түзеу лагерьлері мен еңбек колонияларына айдалды», – деп жазады (Қазақ ССР. Қысқаша энциклопедия. А., 1989, 675-бет).
Мұрат ержете бастаған елуінші жылдардың екінші жартысында Кеңес Одағындағы саяси ахуал осындай еді. Ол қазақ ұғымы бойынша «отау иесі» болатын жастан өтіп, он төртке толғанда емелдес аға-апаларының әкесі Ілияс Жансүгіров пен Біләл Сүлеевтер ақталып, Мұхтар Әуезовтің басына төнген қауіп біржолата сейілді. Он алты жасқа толған Мұрат осындай көтеріңкі көңіл, үлкен үміт, болашаққа нық сеніммен университет табалдырығын аттады.
Елуінші жылдың соңына қарай еркіндік идеясымен тыныстай бастаған кеңес жазушылары, ғалымдары, мәдениет қайраткерлері – жалпы шығармашыл зиялы қауым әрекетінен қатты сескенген Хрущев керенау тартып, кегеждене бастайды. Ол биліктен айрылып қалмау үшін енді ғана орныға бастаған демократиялық үрдістерге сыртын беріп, күні кеше өзі айыптаған сталиндік жүйе сұрқиялықтарын қайталауға білек сыбана кіріседі.

Бар пәле кеңес заманындағы орыс әдебиетінің үлкен классигі Борис Пастернактың «Доктор Живаго» романының 1957 жылы Италияда жариялануынан басталды. Саяси ұпайға қоса мол тиражбен басылған кітаптан түсетін бас пайдасын да есептеуді ұмытпайтын батыстық баспагерлер бұл кітапты тек сол 1957 жылдың өзінде-ақ Еуропа мен АҚШ-та әлденеше рет басып шығарады. Бұрын да талай рет Нобель сыйлығына ұсынылған Пастернакты, 1958 жылы француз классигі, өзі де осы сыйлықтың су жаңа лауреаты
Альбер Камю Нобельге қайыра салып, Пастернак орыс әдебиеті тарихында кезінде Толстойдың қолы жетпеген мәртебелі марапатты атақты сөз зергері Буниннен кейін алған екінші орыс жазушысы атанды.
Көпіршіген көбік сөзге құмар қаукөрік Хрущев жүмленің жүйесін табар кемел басшы болса, бүкіл әлем бағалаған бұл жетістікті жалғыз Пастернактың ғана емес, бүкіл кеңес әдебиетінің дәреметі ретінде пайдаланып, көтермелеп әкетуі керек еді. Өзі Сталиннің шинелінен шыққан желмір Хрущевтің бұған ақылы жетпей, Пастернакты түрмеге тықпаса да ит кемірген асықтай еткен қаралау науқанын бастап кетті. Нәтижесінде Пастернак Нобельдік сыйлықтан бас тартып, келесі жылы жүрегін жаныштап, еңсесін езген ит қорлыққа шыдамай келместің сапарына аттанды.
Билікке біржолата орнығып алғаннан кейін сын атаулыға келгенде ақ сайтаны мен көк сайтаны қатар ұстап, долырық атып, шаптығып шыға келетін Хрущев сөз бостандығын тұмшалап, тұншықтыра бастады. Нәтижесінде алпысыншы жылдарда жариялауға тиым салынған шығармаларды жасырын жағдайда басып шығаратын «Самиздат» атты жаңа құбылыс пайда болды.
Осындай «Синтаксис» атты самиздат жинағын басқаны үшін 1960 жылы А.Гинзбург тұтқынға алынып, екі жылға сотталады, ал сол кітапта бес өлеңі басылған болашақ Нобель сыйлығының лауреаты Иосиф Бродский қамауға алынып, жауапқа тартылады. Мұның соңы 1964 жылдың 14 ақпанында Хрущев билікте отырғанда Бродскийдің екінші рет абақтыға жабылып, түрмеге тоғытылуымен аяқталды.
Міне, бүгінде орыс тарихшылары асыра мақтап жүрген хрущевтік желқабыз жылымықтың сиқы осындай болатын.
Сталиннің жеке басына табыну­шылығын әшкерелеу деген желеумен жүргізілген, шын мәнінде қауметі қайта бастаған Хрущевтің билігін күшейте түсуге арналған бұл «бастамаларды» жылымық дегеннен гөрі «бұлғақ кезең» деген дұрыстау. Әйтсе де саяси ұпай жинау үшін дүркіншіл биліктің дүрмекпен жүргізілген науқаны барысында кеңестік цензура сәл де болса тізгінін босаңсытып, сөз бостандығына аз да болса көңіл бөліне бастады.
Мұрат оқуға түскен елуінші жылдардың соңы алпысыншы жылдардың басында еркіндік ауасымен тыныстап қалған Мәскеудің шығармашыл зиялы қауымы ортасында жаңаша ахуал қалыптасты. Әдебиет сахнасына репрессия көрмеген, қуғын-сүргінді бастан кешірмеген еркін ойлы жас таланттар, өздерін «XX съезд перзенттері» деп атаған, әдебиет­те «шестидесятниктер» деген атауға ие болған Е.Евтушенко, Р.Рождественский, Б.Окуджава, А.Вознесенский, Б.Ахмадулиналар шықты. Шығармаларын орыс тілінде жазған қазақтың арқалы ақыны Олжас Сүлейменов те осылардың жуан ортасында болды.
Жылымық кешегі атылып кеткен әкелер мен қуғынға түскен ағалардың намысшыл ұлдарын әдебиеттің алдыңғы шебіне шығарды. Сұсы кеміген қоғамдағы сеңді бұзып, топты жарған Олжас Сүлейменов, Болат Жансүгіров, Мереке Майлиндердің ізімен бұл майданға Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауиндермен қатар Мұрат Әуезов те кірді. Олар жазықсыз құрбан болған әкелердің кегін қиғыр қылыштан да өткір қаламмен алуға көшті. Мұндай ұмтылыс Шалкиіз баба Тіленшіұлының: «Тау аралап жол салмай, тас аралап құс салмай, Арқаның баурын қыдырмай, Арғымақ ару аттар арытпай, Жат жерлерге бармай өзін танытпай, Өзден болмай би болмай, Атаның батыр туған ұлына Ойда жатмақ ұсар ма!», – деген жігерлі жырын еске түсіреді. Бұл қиындық атаулының қабырғасын бір-бірлеп сөгіп, ұлт әдебиетіне мол олжа салған өршіл рухты өзден ерлер заманының басы еді.

Мәскеуді дүбірлеткен тұлпар

Өзден Мұрат студенттік жылдарда әкесі айтқандай «қоғамдық қызмет», «әлеумет істерімен» де айналысып, Мәскеудің түрлі университеттерінде оқитын науша жастардың басын қосқан «Жас тұлпар» ұйымын құрады. Бұл туралы Мұрат Мұхтарұлының түрлі мақалалары мен сұхбаттарында, осы ұйымға мүше болғандардың естеліктерінде және тарихшы ғалымдар Ә.Әлпейісов пен Ж.Қыдыралинаның еңбектерінде жан-жақты баяндалған. Сол себепті біз бұл мәселеге тым тереңдемей, оның кезеңді тұстарына ғана тоқталып өткенді жөн көрдік.
Мұрат Әуезов өзінің «Жас тұлпарға» қатысты сұхбаттарында оның 1963 жылдың қараша айында құрылғанын атап өтеді. Дәлірек айтар болсақ, 1963 жылдың 6 қарашасында Мәскеу энергетикалық институтының асханасында астанада оқитын қазақ жастарының дидарласуы өтеді. Дәл сол кеште «Жас тұлпар» ұйымы құрылып, оның жетекшілігіне Мұрат Әуезов сайланады.
«Жас тұлпар» Кеңес Одағын құлату, коммунистік идеямен күресу сияқты саяси салмағы зор мақсаттар қойды десек, шындықтың ауылынан мүлде алыстап кетеміз. Олар қолдан жасалған ашаршылық, репрессияның бірнеше толқыны, соғыс және тың игеру салдарынан өз республикасында отырып азшылыққа айналған қазақ ұлты мен оның ескі замандардан тамыр тартатын көне мәдениетін қорғауға ұмтылды. Атайман жастар тұтас бір буынның, әсіресе соғыстан кейін туғандардың көз алдында тынысы мен қолдану аясы тарыла түскен қазақ тілі мен коммунизмге «жақындаған» сайын ұлттық болмыс-бітімінен айырылып бара жатқан қазақ мәдениетінің болашағы үшін күресті. Өзінен бұрын өзгелердің қамын ойлаған рухы мықты өзден өрендер сол жылдарда ауыл балаларын әкімшіл-әміршіл күшпен қиян түкпірлерде қой бағуға қалдырып, олардың одан әрі білім алуына шектеу қоюына қарсылық көрсетіп, жоғары оқу орындарында оқитын қазақ студенттерінің ана тілінде білім алуына мүмкіндік берілуін талап етті. Қазақстаннан тысқары – Кеңес Одағының ірі қалаларында оқитын қазақ жастарына жағдай жасау сияқты мәселелерді де алға қойды.

Мұрат Әуезов кейінгі сұхбат­тарының бірінде: «Ол кездегі қазақтың жағдайымен ар-ұяты, санасы бар адам келісуі мүмкін емес еді. Қазақтың мәдениеті, тілі, діні жойылып бара жатқанын көзіміз көрді. Ұлттық рух бізде өте күшті болды. Әрине, бұл жолдың қиындығын да сездік. Сезе тұра, осы бағытымыз дұрыс жол, қандай қиындық болсада көтереміз, шыдаймыз дедік», – деп еске алады сол заманның шындығын («ҚазАқпарат», №219-220, 2006 жыл, 16 желтоқсан).
Бұл кезде МГУ сияқты ең үлкен білім ордасының төртінші курсында оқитын оялы Мұрат Мәскеу кітап­ханасында ұлт тарихына қатысты мұрты бұзылмай тұрған қазақ тіліндегі ғылыми, тарихи әдебиетпен молынан танысып, өз бетінше білімін толықтыра түскен еді. Оның ізденістеріне отаршылық қамытын серпіп тастап, егемендікке ұмтылған, алды тәуелсіздікке қол жеткізіп үлгерген Азия мен Африка елдерінің тарихына арналған университетте оқытылатын пәндер де себепкер болды. Дәріс оқушы профессорлар бұл елдердің ұлт-азаттық күресіне сол кездегі коммунистік партия ұстанған «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұран тұрғысынан қарап, оларға әлемдік революциялық қозғалыстың ажырамас бөлшегі ретінде оң баға беріп отырды. Отарлық езгі атаулыға қарсы мұндай күрестің бәрі дерлік аз халықтардың тілі, діні, мәдениеті мен әдебиеті, ата-баба тарихы мен ұлттық болмысын сақтап қалу үшін жүргізілді.
Мұрат екінші курстан бастап Азия және Африка елдерінің экономикасы, мемлекеттік құрылысы мен саяси партияларының қызметі туралы арнайы пәндерді зер сала оқи бастайды. Бұл оның көп дүниеге көзін ашып, «халықтар достығының лабораториясы» деп мақталып жүрген Қазақстанның әлі күнге дейін Одақтың шикізат базасы ғана болып, оның байлығы аяусыз тоналып, орталыққа, шет елдерге тасылып жатқандығын көрсетіп берді.
Салыстырмалы түрде алар болсақ, Кеңес тұсындағы Қазақстан патша заманындағы отарлық қамытын әлі тастамаған еді. Саяси билік қана өзгеріп, ол бұрынғыша Ресей империясы емес, оның орнын басқан коммунистер империясының отары болып, аяусыз тонаушылыққа ұшырады. Кеңестік Қазақстан басында билігі жоқ, орталыққа бағынышты көп республикалардың бірі ғана еді.
Әлем тарихына көз жүгіртер болсақ, ұлт азаттығы жолындағы күресті үнемі білімдар, оқыған азаматтар бастаған. Кезінде Ресейдің аса ірі университеттерінде кемел білім алған Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Мұстафа Шоқай, Халел Досмұхамбетов, т.б. Алаш арыстары сияқты Үндістанның тұңғыш премьер-министрі, Кембридж түлегі Джавахарлал Неру, Пәкістанның негізін салушы, Лондондағы аса ірі құқықтық білім орталығы «Линкольнс – иннді» бітірген Мұхаммед Али Джинна, Шри-Ланканың премьер-министрі, Оксфорд тәмамдаған Соломон Бандаранаикелер білімді бөгде тілде, өзге жұртта алса да өз халқының мүддесі, тілі, мәдениеті үшін күрескен нағыз ұлттық қаһармандарға айналды.
Мұрат осындай азаттыққа ұмтылған елдер мен тұлғалар тарихына қанып өсті. Әкесінің «күш – білімде, тіл – құрал» деп айтатын өсиетін үнемі жадында ұстаған ол тәуелсіздік үшін күрескен әлем елдері тарихын арнайы қорда ғана сақталатын ағылшын, неміс тілдерінде жарияланған Батыс советологтары еңбектерін түпнұсқадан оқи жүріп, қазақ тарихының айтылмай жүрген ақтаңдақтарын: Алаш тарихы, қазақ халқының жартысынан астамын жалмаған ашаршылық тарихының ақиқатын ашуға ұмтылды. Тақырыпқа тереңдеген сайын жан дүниесі түлеп, ата тарихына аңсары ауа түсті.
Тың игеру кезінде қазақ мектептерінің жаппай жабылып, республиканың бірыңғай орыстануға қарай бет алғаны, ата-бабасының киелі қонысы – Абай елінің зұлмат қару – атом бомбасын сынау алаңына айналғаны, Сталин жауыздығын әшкерелеген тарихи съезд өтсе де әлі атын атауға тиым салынған, өзі бала күнінен отты жырларын жаттап өскен Мағжан Жұмабаев бастаған талантты қазақ ақын-жазушыларының әлі ақталмағандығы туралы мәселелерді жадына тоқып, білмекке құмар, өзімен дағуасы бір жастар арасында өз ойын еркін жеткізіп жүрді.
Жаңалық атаулыға құлағы үнемі түрік жүретін жастар арасында «Жас тұлпардың» дүбірі алысқа кетіп, Ленинград, Киев, Одесса, Харьков, Қазан, Рига, т.б. қалаларда қазақ жастарының ұйымдары құрыла бастады.
Өз басым, «Жас тұлпар» дабысының алысқа кетуін оның құрамында болған қазақ жерінің әр түпкірінен қатарының алдына шығып, топ жарып, таңдалып, іріктеліп келген, абадандығы тұрғыластарынан асып түскен жастардың молдығынан деп білемін. Бір ғажабы, олардың арасында сол кезде республикалық, облыстық деңгейдегі басшы қызметте болған немесе аты-жөні елге белгілі айтулы ғалымдар мен мәдениет қайраткерлерінің перзенттері тым аз еді. Солардың ішіндегі ең танымалы, есім-сойын мұқым қазақты былай қойып, одақтың барша зиялы қауымы жақсы білетін кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің асылзада перзенті Мұрат болды. «Жас тұлпардың» аламан бәйгесінде бауырынан жарап, әбден шыңдалып, шыныққан өңшең кілкіндерден, әсіресе тәуелсіздік жылдары ғылым мен әдебиеттің, саясаттың талай майталмандары шықты.
Біздің мақсатымыз – «Жас тұлпардың» әр жылдарда атқарған қызметін түгел саралап шығу емес. Алпысыншы жылдары қазақ қоғамына үлкен серпіліс әкеліп, түрлі ғылыми, әдеби ортада жетпісінші жылдарға дейін жалғасқан, осы қоғамға мүше болған абзал азаматтардың дүниеден өткендерінің рухы риза болып, ортамызда жүргендеріне бүгінгі буын атынан рахметімізді білдіру үшін Мәскеу мен Алматының арасында көсіле шапқан тұлпарлардың есімдерін де, еңбектерін де атап өтуді өзіме парыз санаймын. Өйткені менің маңдайыма да осы ардақты ағалардың ақыл-кеңесін тыңдап, сырлас, сұхбаттас іні болу бақыты бұйырды.
«Жас тұлпарға» Мұратты төраға сайлауының екі түрлі себебі болды. Біріншіден, қазақ жастары ұйымын құру идеясын Мұрат ұсынып, оның мақсат-мүддесін Мұрат айқындады. Екіншіден, бірлестікке ұмтылған жастардың бәрі Мұхтар Әуезов шығармаларын оқып өскен буыннан еді. Олар «Әуезов» деген ардақты тектің бүкіл Кеңес Одағына танымал бренд екенін жақсы түсінді.

Мәскеуді дүбірлеткен тұлпар

«Жас тұлпарлықтар­дың» естелік­те­рінде есімі ерекше құрметпен жиі атала­тындардың бірі – Болатхан Тайжан.  Оның балалық шағы сол заманда әбден орыстана бастаған Павлодар қаласында өт­ті. Сол кез­де облыс орталығындағы қазақтардың үлесі жиырма пайыздан да аспайтын. Қазақ тілі мен мәдениетінің қалай шетқақпай болғанын ол өз көзімен көріп өсті. Ке­йін жоғары сыныптарда оқыған жылы ата-анасымен бірге Алматыға көшкенде де бұл жағдай көп өзгере қойған жоқ. Орта мектепті алтын медальмен бітірген аймаңдай ұл бір кез­де Ресей империясының отары болған Қазақ­станның әлі рухани езгіден құтылмағанын сол заманда-ақ жақсы түсіне білді.
Б.Тайжан Одақтағы ең беделді оқу орындарының бірі – Мәскеу мемлекет­тік халықаралық қатынастар институтын (МГИМО) 1966 жылы бітіргеннен ке­йін КСРО Ғылым академиясының Әлемдік экономика мен халықаралық қатынастар институтының аспирантурасына түседі. Бұл – Мұрат­тың да МГУ-ді бітіріп, аспирантурада оқып жүрген кезі.
Екі тұлпар Мәскеу төрінде қатар шапты. Араб және ағылшын тілін еркін меңгерген Болатхан Құлжанұлы еліміз тәуелсіздік алған соң 1993-99 жылдары Қазақ­станның әуелі Египет Араб Республикасында, ке­йін Марокко, Тунис, Алжир, Иордания, Сирия және Ливиядағы Төтенше және Өкілет­ті Елшісі қызметін абыроймен атқарды. Қазақ тарихында бір мезгілде жеті бірдей елде елшілік қызметін атқарған дипломат болған емес. Мұсылман елдері тарихын өте жақсы білетін Болатхан ағамыз бұдан ке­йін Қазақ­станның Малайзиядағы елшісі қызметін атқарып, ұлт­тық дипломатияның дамуына зор үлес қосты.
Екі мыңыншы жылдар басында сенатор болып қызмет атқарғанда менің қолыма Қазақ­станның Малайзиядағы елшісі Б.Тайжанның Сыртқы істер министрлігіне жолдаған осы елде малай тілін дамыту мен оны қолдануды мемлекет­тік мекемелерге міндет­теу туралы тәжірибесі талданып, тиянақталған жазбахаты түсті. Елші бұл хатында қазақ тілінің мемлекет­тік мәртебесін көтеру мен қолданыс аясын кеңейту үшін осы тәжірибені батыл енгізуді ұсынады. Бұл – қолынан мөрі төгілген іскер әрі ұлтжанды азамат қана айта алатын сөз болса керек және ол мұның алдындағы елшілік қызмет­терінде де осындай пайдалы ой-пікірін кеңінен бөлісіп отырған.
Орайы келгенде айта кетейік, Қазақ­стан Сыртқы істер министрлігінің мұрағат­тары негізінде Болатхан Тайжанның дипломатиялық қызметі мен жазбалары – өз зерт­теушісін күтіп отырған арнайы тақырып.
Б.Тайжанның ұлт мүддесі жолында аянбай еңбек еткен қайраткер тұлға болып қалыптасуына жас күнінде «Жас тұлпардан» алған өмірлік тәжірибесінің үлкен селбестігі тигені анық. Мұрат пен Болатхан өмір бойы арасына қылаудай кінәрат түспеген адал достығын қадірлеумен өт­ті.
Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжанмен бірге «Жас тұлпарды» құруға қатысқан үш ноянның бірі сол кез­де Мәскеу энергетикалық институтында оқыған Алтай Қадыржанов болды. Ол екі досымен бірге ерінбей-жалықпай Мәскеудің 47 жоғары оқу орнын аралап шығып, отаншыл жастарды жаңа ұйым қатарына тарт­ты. Алтай Камалұлы ке­йін өз мамандығы бойынша қызмет істеп, Қазақ­станның энергетика саласының айтулы қайраткеріне айналды.
«Жас тұлпарлар» қатарына әлемдік деңгейде танылған аса көрнекті ғалым, академик Мұрат Айт­қожинді де қосуға болады. Оның Мұрат пен Болатханнан екі-үш жас үлкендігі болса да 1963-65 жылдары МГУ-дің аспирантурасында оқып, 1966 жылы биологиядан ғылым кандидаты атанады.
Мұрат Айт­қожиннің мәскеулік студент­термен кез­десулері жайлы профессор Ә.Мұхамбетова: «На этих встречах биолог Мурат Айтхожин рассказывал о современных достижениях своей науки», – деп жазады. Бұл студент­тер бас қосуында саясат, әлеумет мәселесімен қатар, өздері білім алған ғылым саласында қандай жаңалықтар болып жатқаны, оның беталыс-бағдары жайлы да пікір алысып, ой жарыстырғандығын дәлелдей түседі. Олар үнемі студент­тер жатақханасының аядай бөлмесінде жамыраса табысып, мамыраса тарайтын.
Арада он жыл өткенде М.Айт­қожин МГУ-де докторлық диссертациясын қорғап, ке­йін әлемге танылған мәшһүр ғалым, академик, Ұлт­тық ғылым академиясының президенті атанады. Ол 1976 жылы қазақтың ұлы перзент­тері Сәтбаев, Әуезов, Есеновтерден ке­йін Кеңес Одағының ең мәртебелі марапаты – Лениндік сыйлыққа қол жеткізді. Ғылымға біржолата берілген Мұрат ағамыз «Жас тұлпар» жұмысына білек сыбанып араласпаса да оның талай бас қосуларына қатысып, бағыт-бағдарын қолдап, қуат­тап отырған.
«Жас тұлпарға» жан-тәнімен ат салысқан ардақты азамат­тар қатарында ке­йін биология саласындағы айтулы ғалым, академик атанған Мұрат Құрмашұлы Ғылмановтың есімін де зор құрметпен атап өту ләзім. Ол 1964 жылы Қазақ мемлекет­тік университетін үздік тәмәмдаған соң КСРО Ғылым академиясы Биология институтының аспирантурасына түсіп, Мұрат Әуезовпен бір бөлмеде жатады. Араларында бір ғана жас айырма бар екі азамат тез арада тіл табысып, ой-пікірі жарасып сала берген.
Мұрат Ғылманов Мәскеуде өткен жылдары жайлы тағылымды естеліктер қалдырды. Ол: «Мурат организовал в стенах нашего университета постоянно действующий семинар по вопросам экономики, культуры и истории нашей республики, который собирался один-два раза каждую неделю. На этом семинаре выступали с докладами многие аспиранты из различных НИИ города Москвы. Заседания проходили очень горячо, до хрипоты», – деп жазады.
Қазақ жастарының кеңес қоғамында қордаланған проблемалардың қоясын шығарып, тас-талқан етіп «талдап» жатқаны тұмсығын сұқпайтын жері жоқ, сұғанақ КГБ тарапынан аңдуға алынып, бұл туралы Қазақ­стан басшылығына баянат түсірген. Мұрат Ғылманов мұның соңы туралы: «Из Казахстана приехал зав. отделом ЦК Компартии Казахстана, который побеседовал с каждым из участников семинара. И каждый из нас был предупрежден о том, что нельзя участвовать в работе подобных семинаров. В противном случае нам грозили отчислением из аспирантуры», – деп жазады («Человек культуры», А., 2012, 36-бет).
Алматыдан арнайы келген адамның лауазымына қарағанда оқиғадан республиканың сол кез­дегі басшысы Д.А.Қонаев хабардар болған. Ол жас кезіндегі өзі сияқты білімге, ғылымға ұмтылған болашағы зор жастарды қуғын-сүргіннен қорғаштап, ақыл айту, үгіт-насихат жүргізумен шектелген.
«Жас тұлпарлардың» ішінде қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында туып, ертерек есейген, қазақи жөн-жобаны жақсы білетін жосақты азамат, Мұрат­тан 4-5 жас үлкен ағасы, болашақ үлкен ғалым, мәдениет­танушы, философия ғылымдарының докторы, профессор Сәбетқазы Ақатай ағамыз болды. Ол Мұрат аспирантурада оқыған жылдары МГУ-дің философия факультетінде білім алып, Әуезов кандидат­тық диссертациясын қорғаған 1969 жылы университет­ті тәмамдайды.
Қазақ тіліне жетік, ұлт мәдениеті мен туған халқының арғы-бергі тарихының үлкен білгірі, ескіден қалған жұқанақтың өзінен үлкен тарих туғыза білетін Сәбетқазы Нұржақияұлы «жастұлпарлық» інілеріне жөн-жоба көрсетіп, ұйымның жұмысына білек сыбана кіріседі.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан ке­йін Сәбетқазы ағамыз «қайрап ап қалың жауға сермейтін» көк семсердің жүзіндей жарқырап тұрған кезінде алған саяси тәжірибесін кәдеге жаратып, 1998 жылы Алаш арыстары рухын тірілткен «Алаш партиясын» құрып, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласады. Ол туған халқы тарихында үлкен гуманист, философ, мәдениет­танушы ғалым ретінде қалды.
Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен аласапыран жылдарда аға мен інідей болған екі азамат­тың арасына сызат түскен кез де болды. Баспасөз бетіндегі «пікір алысулардан» ке­йін екі дос қайта табысты. Сәбетқазы досы дүниеден өткеннен ке­йін Мұрат: «Сәбетқазы – халқы үшін мағыналы да терең қызмет істеуге ұмтылған жан. Ол қандай іске кіріссе де, оны үлкен азамат­тық дүниетаныммен атқаратын. Қандай тақырып алса да, оны жеріне жеткізіп, жоғары деңгейде қозғайтын. Ол тарихшы да, этнограф та, философ та, әдебиет сыншысы да бола білді», – деп жазды (Әуезов М. «Ділім», 2017, 189-бет).
Аспан мен жердің, өткен мен бүгіннің арасын қосып, көсіле шапқан тұлпарлар қатарында қазақтың белгілі демограф ғалымы, саясат­тану ғылымының докторы, профессор Мақаш Тәтімов те болды.
Мақаш ағамыз да ел көрген елкіндердің қатарынан еді. Ол орта мектепті бітірген соң комсомолдың жарнамасы әрі жолдамасымен әуелі Теміртауда, ке­йін Украинадағы Днепродзержинск қаласындағы болашақ металлургтер даярлайтын училищеде оқып әрі еңбек етіп, шыңдалу мектебінен өтеді. Ол 1962 жылы Мәскеу мемлекет­тік педагогика институтына түскенде 16 жасында-ақ оқуға түскен Мұрат Мақаш ағасынан жасы кіші болса да сақа студент­тер қатарында еді. Екеуінің адал достығы сол кез­ден басталады. Мақаш аға ке­йін Мәскеу экономика-статистика институтының аспирантурасын тәмамдап, бар ғұмырын қазақ демографиясын зерт­теуге арнады. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында біз «Атамұра» баспасынан 1993 жылы ағамыздың «Қазақ әлемі» ат­ты кітабын шығарып, оның титул бетіне: «Қазақтың саны қанша? Қазақ қашан, қайдан қуылған, қырылған және атылған» деп, айғайлатып тақырып қойғанбыз. Тәуелсіздік жылдары айтушысы көп болса да ағылескері аз болған күрмеуі қиын күрделі тақырыпты індете зерт­теген профессор М.Тәтімовтің қазақ халқының 2050 жылға де­йінгі дамуы жайлы демографиялық болжамдарының дұрыстығын өмірдің өзі рет-ретімен дәлелдеп келеді.
«Жас тұлпардың» жұмысына қазақ қыздары да белсене араласты. Солардың ішінде әуелі Мәскеу консерваториясын, ке­йін Ленинград театр, музыка және кино институтының аспирантурасын бітірген Әсия Мұхамбетова да болды. Ибадат­ты Ибадоллақызы да ұлт мәдениетінің дамуына үлкен олжа салып, қазақ музыкасының арғы-бергі тарихы мен айтулы композиторлары жайлы келелі еңбектер жазып, өнертану ғылымының докторы, профессор атанды. Мұратпен 1962 жылы танысқан ол: «Я увидела открытость, честность, обширные знания и самое главное, человечность и благородство Мурата. Он всегда держался просто, но с достоинством. Все его обожали. Как лидер он всё брал на себя», – деп жүзінен әдеп төгілген жас Мұрат­тың абзал қасиетін тамсана жазады («Преемственность в историко-культурном процессе», А., 2023, с. 63).
Консерваторияның 4-курсында оқып жүргенде Әсияның басы пәлеге қалады. Ол 14 қызбен бірге дәл сайлау болатын күні мәскеулік құрбысының пәтеріндегі жөндеу жұмысына қатысады. Мұны саяси көрсоқырлық деп бағалаған көрдемше басшылық дереу комсомол жиналысын ашып, олардың мәселесін талқыға салады. Мына қызықты қараңыз, жөндеуге қатысқан 14 қыздың тура сол күні ауру-сырқау болғаны жайлы анықтамалары аяқ астынан табыла кетеді және олардың ешқайсысы ортасындағы жалғыз қаракөз құрбысына көмек қолын созбайды. Құнезер комсомол белсенділерінің талауына жалғыз Әсия түсіп, оқумен қоса комсомолдан шығып қалу қаупі туындайды. Осындай қисынсыз сынның соңы қыжыртып-кекетуге айналған үдерме сәт­те көмекке Мұрат пен Болатхан келіп, қарындасқа араша сұрайды. Кеңес әдебиетінің классигі, Лениндік сыйлықтың лауреаты М.Әуезовтің МГУ-де оқитын парасат­ты перзентінің сөзі Ленин комсомолы мүшелерін сабасына түсіріп, тәубесіне келтіреді.
Мұрат­тың дағымы жалғыз Әсияға ғана емес, қазақ музыкатану ғылымына олжа салып, «музыкалық түркология» ғылымының негізін қалыптаған Болат Қарақұловқа да молынан тиді.
Қазақ­станға есімі кеңінен жайылған қайраткер, министр, медицина академигі әйгілі Ишанбай Қарақұлов ағамыздың ұлы Болат Мұратпен Алматыдағы №39 мектепте бірге оқыпты. Ол да Мұрат­тың соңын ала, Мәскеуге келіп, консерваторияға оқуға түседі. Өз естелігінде: «Близко познакомился с «Жас тулпаром» я только в последние годы своего студенчества и с удивлением обнаружил, что это не просто московское землячество, а настоящее протестное движение, охватившее несколько сотен молодых казахов. Благодаря «Жас тулпару», я новыми глазами взглянул на историю своей родины, сведения же о чудовищном геноциде казахского народа первой половины XX века так подействовали на меня, что изменили мою гражданскую позицию», – деп жазады («Человек культуры», Алматы, 2012, 137-бет).
Сырт қараған адамға қойдан қоңыр, жылқыдан торы көрінетін Болат іске келгенде ірі шығып, өзден өрендердің алдыңғы қатарынан көрінді. Ол Құрманғазы, Түркеш, Дәулеткерей, Есжан, Боғда, Мүсірәлі, Нақыш, Орынша, Сейтек күйлерін, қазақ халқының музыкалық фольклорын зерт­теп, сүбелі еңбектер жазды. Музыкатану ғылымының докторы, профессор атанып, осы ғылым саласында тұтас мектеп қалыптастырды.
Ұлт­тың музыка мәдениеті саласында әлейім жұмыс атқарған жас тұлпарлардың бірі алпысыншы жылдары Мәскеу мемлекет­тік мәдениет институтында оқыған Марат Балтабаев болды. Ұйым құрылған жылы институт­тың 3-курсында оқып, оңы мен солын әбден танып қалған елгезек Марат талай мәрте жатақхана аралап, қазақ жастарының басын қосуға ұйытқы болды. Мұрат бастаған достарының үгіт-насихат жиналыстарымен Қазақ­стан облыстарын аралауға шыққанда әрбір кез­десудің соңын әдемі концертке ұластырып, думан-тойдың көрігін қыздырды.
Марат «Жас тұлпарды» аяқтан шалып, шектеу қойған ғысияндау заманға де­йін оның аламанында арындай шапты. Сол жылы институтын тәмамдап, Қазақ қыздар педагогикалық институтына оқытушылық қызметке тұрып, бар ғұмырын еліміздің музыкалық мәдениетінің өсіп-өркендеуіне арнады. Ұстаздық қызметке кіріскеніне бір жыл өткеннен ке­йін қос етек көйлек киіп, мың бұралған кілең қазақ қыздарынан тұратын «Айгүл» вокалды-аспапты эстрадалық ансамблін құрды.
«Айгүл» қазақ мәдениетіндегі үлкен құбылыс болды. Оның репертуарындағы халық әндерінің бәріне дерлік аранжировканы Марат ағамыздың өзі жасады. «Айгүл» Шығыстағы Жапониядан бастап, Еуропа төріндегі Францияға де­йін түгел аралап, қазақ музыкасының абыройын әлем аспанында әуелет­ті. Аспаптар қатарына тұңғыш рет электр домбыраны қосты. Оны да ізденгіш М.Балтабаев ойлап тапты.
«Айгүлге» еліктеп, әуелете ән салып, дөңгелете би билеген қазақ қыздарынан тұратын ансамбльдер Қазақ­станның әр облысынан, әрбір жоғары оқу орындарынан жарқырап көзге түсе бастады. Марат Хамитұлы да ұстаздық жолмен сатылап өсіп, доцент, профессор атанды. «Оқушы жастарға қазақтың дәстүрлі көркем мәдениеті құралдарымен музыкалық-эстетикалық тәрбие берудің негіздері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап, көптеген ғылыми еңбектердің авторы атанды.
Ке­йін әлемге әйгілі Ла Скала театрында ән шырқаған, қазақтың тұңғыш опера әншісі, ғажайып тенор дауысты Амангелді Сембинді Жамбылға барған сапарында кез­дестіріп, оның Мәскеу консерваториясына түсуіне қолғабыс жасаған Мұрат Әуезов екенін бүгінде көп ешкім біле бермейтіні өкінішті-ақ. Хас тұлпарды тай күнінен танитын мұндай асыл қасиет­ті әкесінен алған Мұрат­тың Амангелдіге жасаған бұл үрметі музыкатану профессоры Әсия Мұхамбетованың естелігінде әсерлі баяндалған.
Байқайсыз ба, «жастұлпарлықтар» несібесін жат­тан тілеген мәскеулік жастар сияқты емес, әуел бастан-ақ еліне, халқына қызмет етуді мақсат ет­ті. Олар ғылымда, мәдениет­те, саясат­та үнемі «қазақ», «ұлт», «дәстүр» деген киелі ұғымдарды ту етумен болды.
Иә, ол кез­дегі темір шымылдық ішінде өмір сүрген қазақ жастарына шет елдердің ең таңдаулы оқу орындарының есігі мүлде жабық еді. Жүзден озған жүйріктер ғана Мәскеу мен Ленинград оқу орындарында оқуға мүмкіндік алатын. «Жас тұлпар» Мәскеуде оқитын көптеген қазақ жастарының басын қосты. Олардың ішінде МГУ, МГИМО, МВТУ, МИФИ, МЭИ, МГПИ, Мәскеу консерваториясы, т.б. жетекші оқу орындарының студент­тері болды.
Бір ғажабы, жоғарыда біз атын атап өткендердің есім-сойы әйгілеп тұрғандай, «жастұлпарлықтардан» ке­йін айтулы ғалымдар: ғылым докторы, профессор, академиктер, дипломат­тар мен мемлекет қайраткерлері шықты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қазақтың қанат­ты сөзі осындайдан туындаса керек.
«Жас тұлпардың» атағы дүрілдеп тұрғанда Мәскеудегі Әдебиет институтында Ілияс Жансүгіровтің ұлы Болат Ғабитов-Жансүгіров пен Бейімбет Майлиннің ұлы Мереке Майлин және Олжас Сүлейменовтер оқыды. Әкесі ешбір жазықсыз атылып кеткен, сол үшін жастайынан көп қағажу көріп, жабығып өскен үш науан Мәскеуде табысып достасып кетеді. Бірақ өмірдің өзі ерте есейткен, жастары жағынан да ересектеу олар «Жас тұлпардың» жұмысына белсене қатыспаса да іні-қарындастарына шын пейілмен қолдау білдіреді. Өзіне тән өршіл рухпен «Жас тұлпарды» «Жас Алашқа» теңеген Олжас аға: «В МГУ казахов было больше. Там Мурат организовал молодежную груп­пу «Жас тулпар» – это, по сути дела, «Жас Алаш», хотя само слово «алаш» было еще не совсем печально: в начале 50-х за него сажали, а в 30-х просто расстреливали», – деп сұмпайы заманның сорақы шындығының бет-пердесін сыпырады (Мұрат Әуез. Өнегелі өмір, А., 2018, 208-бет).

Жығылды жерде «Жас тұлпар»

С.Айтбаев. Мұрат Әуезовтің портреті

«Жас тұлпардың» даңқы біртіндеп Қазақ­станға жетеді. Университет­те, ке­йін аспирантурада оқып жүрген жылдары Мұрат каникулға келген сайын қазақ жастарының басын қосып, еркіндік идеясын таратумен болады. Көп ұзамай ол сол кез­дегі шығармашыл қазақ жастарының топ жарғандары – Асқар Сүлейменов, Сәтімжан Санбаев, Мақұм Қисамединов, Ғаділбек Шалахметов, Тимур Сүлейменов, Салихитдин Айтбаевтармен жақын достасады.
Дәл осы тұста алпысыншы жылдары қазақ жастары арасынан суырылып алға шыққан қос талант – Мұрат­тың ежет­тес достары, саңлақ суретшілер Мақұм Қисамединов пен Салихитдин Айтбаевтар туралы аз-кем ой бөлісе кеткен де жөн сияқты.
Мен Қазақ энциклопедиясында Мақұмның туған інісі – Мақпал Қисамединовпен бірге қызмет істедім. Иллюстрация және картография редакциясын басқарған ол да талант­ты суретші еді, бірақ Мақұмның қазақ бейнелеу өнеріндегі орны айрықша болды.
Желтоқсан оқиғасының ызғары басылмай тұрған 1987 жылдың сәуір айында Ұлт­тық Ғылым академиясында Мақұмның графикалық туындыларынан тұратын көрмесі өт­ті. Бұл кез­де небәрі 45 жасында дүние салған талант иесі ортамызда жоқ еді. Көрмеге Мұрат Әуезов, Мұрат Ғылманов, Ғаділбек Шаяхметов сияқты Мақұмның достары қатысып, егіле естелік айт­ты. Маған түпнұсқадан көрген Мақұмның Махамбетке арналған графикалық туындылары мен сөгіле сөйлеген адал достарының жүрек төрінде сақтап, сана сүзгісінде сараланған тұмадай тұнық ойлары ерекше әсер етіп, «Қазақ әдебиеті» газетіне «Игілікті іс» деген шағын мақала жаздым. Жеке мұрағатымнан алып қарасам, сол жазғандарыма бүгін де алып-қосарым жоқ екен. Сіз де оқып көріңіз:
«Махамбет циклы алты гравюрадан тұрады. Цикл жұлдыздай аққан жүйрік бейнеленген туындыдан басталады. Сурет­те патша самодержавиесі отарлау саясатының қыспағын тас-талқан етуге бағыт­талған қаһарлы күш — Исатай, Махамбет бастаған халық көтерілісінің бүкіл ашу-ызасы, көкірегін кернеген кегі жебедей атылған жүйрік бойына тоғыстырылған. Мақұмның суреткерлік шеберлігінің бір сыры – оның осындай образдылыққа халық мұрасы, халық психологиясы тұрғысынан келгенінде деп ойлаймыз. Бұл сурет­те Қазақ­стан территориясынан табылған таңбалы тастағы бейне элемент­тері де бар. Қанат бітсе ұшып-ақ кететіндей көрінетін пырақтың кеуде тұсында жарыса жүйткіген қос арғымақ бейнеленген. Бұл сырт көзге бүгінгі суретшінің осындай бейнелерді тасқа қашаумен айналысқан көне шеберге еліктеуі немесе шығарманың ұлт­тық табиғатын аша түсуге талпынысы ретінде көрінетіні анық. Дегенмен осы бір сонылықтың, ұлт­тық колорит­тің астарына халық кегін қуған қос тарлан – Исатай мен Махамбет­тің образын сыйдыра білген. Арандай аузын ашқан қос тұлпардың шабысы да бөлек. Ол негізгі бейнедегі – қаз мойынды қазанат­тай, бауырын жазып шаба да алмайды. Әлденеге алаңдап, әлденені іздеген, үйірінен айырылған саяқтай әсер қалдырады. Суретші көтерілістің стихиялық сипатын сырт көзге елеусіздеу осы бір деталь арқылы емеурінмен жеткізеді.
Екінші сурет­те алдына ақ парақ жайып, қауырсын қалам ұстаған кемеңгер Махамбет бейнеленген. Мұнда «бұлтқа жетпей шарт сынбайтын, боз ағаштай биік» бәйтеректей ақынның отырысы нық. Томағасын сыпырған сұңқардай өткір де, ойлы көзді. Фон ретінде алынған киіз үйдің керегесі мен уықтары қошқар мүйізді қазақи өрнек сырылған текемет, әлденеден қабағына кірбің түскен әйелдің жүзі де авторлық идеяны толықтырып, жандандыра түскен. «Қорлықта жүрген халқыма, бостандық алып берем деп» патриот­тық ой толғаған көтеріліс алдындағы Махамбет­тің бейнесін жасауда суретші антрополог ғалым Н.Шаяхметовтың ғылыми деректерін де асқан шеберлікпен пайдалана білген.
Үшінші сурет­те көтеріліс жеңіліске ұшырап, Исатайдай серігінен айы­рылып, жан дүниесі жабырқау тартқан Махамбет бейнеленген, жартылай малдас құрып отырған батырдың алдында көлденең тастай салған «қара қазан, сары бала қамы үшін» сермеген семсер жатыр.
Төртінші сурет­те өз-өзімен оңаша қалып қоңыр домбырасын серік еткен халық кегінің күйшісі бейнеленген. Сурет­тегі әрбір деталь қисынын тауып, автор ойымен қиюласып, оны күшейте, әсерлендіре түскен. Айдалада адыра қалған қылыш та, құла дүзге бет алған арғымақтар да, алыстан мен мұндалайтын бұйрат құмдар да, өткен күнді ойлап өзегі өртенген ақынның көңіл-күйімен астаса түскен.
Бесінші сурет патша әскері аяусыздықпен басып-жаншыған көтерілістің символы іспет­тес. Бауырындағы ботасы өліп, күңіренген аруана бейнесі де ақынның «Қоштасу» өлеңінен алынған. «Бұрынғыдай қарыштап, қона алмадың қонысқа» деп аңыраған дауысына бүкіл дала үн қосып тұрғандай. Циклдағы соңғы сурет­те желбегей жамылып, алмас қылыш асынған, жыр-дәптерін қолына ұстап өткен ғасырдан бүгінгі күнге батыл адымдап келе жатқан қажымас ер, кемеңгер ақын ретінде көрініс тапқан. Бұл – суретші қиялынан туған Махамбет­тің жиынтық бейнесі» («Қазақ әдебиеті», 1987 жыл, 24 сәуір).
Мұрат­тың іш бере сырласқан мұсайып достары қатарында қазақтың аса талант­ты суретшісі Салихитдин Айтбаев та болды.

М.Қисамединов. «Махамбет»

Оны достары үнемі «Қалжан» дейтін. Мұның сырына Сыр елінде қызмет істеген жылдары ғана қанықтым. Бала күнінде қат­ты ауырып, өлім халіне де­йін жетіпті. Сонда құлынын айналып-толғанған анасы: «Қалдыра гөр, құдайым. Қала ғой, жаным», – деп жалбарыныпты. Мінәжаты Жаратушының құлағына жетіп, сәбиі аман қалған анасы ұлын бұдан ке­йін «Қалжан» деп атап кеткен екен.
Сол Қалжан қазақ кескіндеме өнерін европалық биікке көтерді. Италияның атақты суретшісі Ренато Гут­тузо Салихитдин ағамыздың шеберханасына келгенде оның әлі әлемнің ешбір көрмесіне қойылмаған сурет­теріне таң-тамаша қалып, «Салихитдин Айтбаевтың шеберханасында» деген картинасын жазыпты.
Бүгінде С.Айтбаевтың көрген жанның көзін арбайтын ғажайып сурет­тері Лувр, Эрмитаж, Прадо, т.б. әлемнің ең әйгілі картина галереяларын шарлап кеткен. Портрет жанрында да өнікті еңбек еткен Салихитдин Мұрат досы­ның бейнесін де келістіре кенепке түсіріпті.
Мұрат­тың Салихитдин досы туралы: «В живописных работах С.Айтбаева ворочается, дышит, взламывает форму современность. Это состояние из числа вечных, таких, например, как противоборство стихии вод и тверди земной. С.Айтбаев пишет своих казахов с той же мифологической невозмутимостью, с какой состоял бы привратником при восходящем и заходящем солнце», – деген үлкен суреткерлік білгірлікпен жазылған пікірінде қазақ суретшісінің бүкіл шығармашылық болмысы көрініс тапқан («Времен связующая нить», М., 2016, 735-бет).
Алпысыншы жылдардың ортасында Алматыда еркіндіктің самалы есіп-ақ тұрды. «Жастұлпарлықтар» қазақ әдебиеті мен мәдениетінің арғы-бергі тарихы мен өзекті мәселелеріне қатысты жергілікті студент­тердің қатысуымен бірнеше жиындар өткізеді. Бұл туралы «жастұлпарлық» Марат Сембин: «В феврале 1966 года в Алматы состоялся всесоюзный слет жастулпаровцев. Приехали представители казахского студенчества из Москвы, Ленинграда, Риги, Одессы, Харькова, Караганды, Павлодара, Чимкента, естественно, присутствовали и студенты вузов Алматы. Первое заседание проходило в зале Союза писателей Казахстана, где «жастулпаровцы» поднимали острые вопросы национальной жизни – о закрытии казахских школ, о «чабанизации» выпускников сельских школ, о неприглядном положении казахского языка», – деп жазады.
М.Сембиннің деректері бойынша осы жиналысқа қатысқан Сәбит Мұқанов ақсақал жастардың бас қосуын «ұлтшылдық» деп бағалап, Орталық Комитетке шағым түсіріпті. Оның бұл сөздерін Фатима Ғабитованың күнделіктеріндегі мына сөздер қуат­тай түседі: «1966 жылы февральда Мұрат Мәскеуден Алматыға келді. Келген мақсаты жер-жердегі «Жас тұлпарлардың» бастарын қосып, келешек сапарларына жоба жасамақ екен. Жиналыстары Жазушылар одағының залында өтеді. Мұрат баяндаманы жақсы жасаған көрінеді. Бірақ мәжілістің барысы ежелден тістеуік бір кәрі тарланға ұнамапты. Сол күні тиісті орындарға барып: – Әуезовтің ұлы ұлтшыл мәжіліс өткізіп жатыр, – десе керек. «Жас тұлпар» жардан құлады», – деп жазады («Өртеңге өскен гүл», Алматы: «Атамұра», 1998, 159-бет).
Фатима апамыздың жұмбақтап отырған «тістеуік кәрі тарланның» ескі жыны қайта қозып, жаңалыққа жаны құмар жастарға тағы да сырт айналып, жотасын көрсеткен Сәбең екенін аңғарудың еш қиындығы жоқ.
Әңгіме «Жас тұлпардың» Қазақ­стандағы қызметі мен Жазушылар одағына келіп тірелгенде тағы бір жайдың шет жағасын ашуға тура келеді. Екі-үш адамның басы қосылған жердің бәрі аңдуда болған заманда «Жас тұлпардың» басқан ізі бақылауда ұсталды. Бірақ оларды өзі көзге көп түспесе де сыртынан қорғаштап жүрген қамқор жан болды. Ол Мұрат МГУ-ге түскенде қол ұшын берген Оқу министрі, ке­йін Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, ал 1966-71 жылдары Қазақ­стан Жазушылар одағын басқарған соғыс ардагері, жазушы-ғалым, ең бастысы, Мұхтар Әуезовтің әбден сенген, сенім жүктеген інісі Әди Шәріпов еді. Мұрат бастаған албырт жастарға Қазақ­стан Жазушылар одағының залын алып берген де көп ешкімнен ыға қоймайтын, берген сертіне берік, ер мінезді Әди аға болатын.
Ә.Шәріпов өзінің «Мұхаңның екі аманаты» ат­ты естелігінде 1961 жылы Мәскеуге операция жасауға ат­танар алдында Әуезов өзіне екі аманат тапсырғанын, оның біріншісі 1928 жылы жариялана салысымен талауға түсіп, ке­йін тиым салынған «Қилы заман» романының жайы болса, екіншісінде ұлы Мұратқа бас-көз болуды ықтият­тапты.
Әди аға «Қилы заманды» жарыққа шығарудағы барлық кедергілерді біртіндеп еңсеріп, әуелі шығарманы араб жазуынан кириллицаға түсіріп, оның орысша жолма-жол аудармасын дайын­дайды. Кезінде «Қараш-Қарашты» аударған А.Пантилеевке көркем аудармасын жасатқаннан ке­йін романды А.Твардовский басқарған «Новый мир» журналына ұсынып, ақыр аяғында 1972 жылы жарияға жеткізеді.
Арада екі жыл өткенде – зор мехнатпен 1974 жылы «Қилы заманды» Қазақ­станда: әуелі «Жұлдыз» журналында, ке­йін жеке кітап етіп бастырады. Ардагер ағаның аманатқа адалдығы осы оқиғадан жақсы хабардар Мұхтар Мағауиннің естелігінде шындық шеңберінде баяндалған.
Орайы келгенде айта кетейік: «Қилы заман» кеңес прозасындағы ғана емес, дүниежүзілік әдебиет­тегі отарлық жүйе сұмдықтарының бет-пердесін сыпырған ең алғашқы һәм ең үздік антиколониалдық роман болды. Шығарма авторы оны кезінде «повесть» деп атағанымен, азат­тыққа ұмтылған қазақ халқының ең қилы, азапты кезеңі – он алтыншы жылдың нақты оқиғаларына құрылған, өмірде болған адамдардың тағдыр-талайын қамтитын, тарихи шындық пен көркемдік келісімді шеберлікпен ұштастырған мұндай кең тынысты, эпикалық сипат­тағы туындыны бүгінгі әдебиет­тану ғылымы тұрғысынан тарихи роман деуге әбден болады.
«Қилы заманның» құнын арт­тыра түсетін тағы бір тағылымды тұсы – оның ешбір авторлық, редакциялық өзгеріске түспей, бастапқы 1928 жылғы саф алтындай нұсқасында жариялануы. Орыс отаршылдығына қарсы өткірлігі тұрғысынан алғанда арындап тұрған жас Мұхтар жазған бұл романның ке­йін талай жұлмаланып, амалдың жоқтығынан көп өзгеріске ұшыраған «Абай жолынан» озық тұрған тұстары да жетерлік. Жалпы Әуезов шығармашылығын айқындаған эпикалық кең құлаш дәл осы «Қилы заманнан» бастау алған.
Мұхаңның екінші аманаты Мұрат туралы Мұхтар Әуезов: «Менің жолымды қуатын да, зерек те ақылды бала боп өсіп келеді, қазірдің өзінде әр нәрсені ой елегінен өткізіп барып қана пікір айтады. Көп уақыт бойы баламды бақылап, әр сала бойынша сынап та көрдім. Баланың ойы, пікірі салмақты екеніне көзім жет­ті. Әлі жас қой, балаға көз қырыңды салып жүр», – деген екен («Қазақ әдебиеті», 1997, 23 желтоқсан).
Әди ағамыз кемеңгердің екі бірдей аманатына қылдай қиянат жасамай, екеуін де ыждаһатпен орындапты. Бұл туралы ке­йін Мұрат Әуезов те арнайы естелік жазып, онда: «Прислушиваясь к себе, обнаруживаю, что самым светлым, теплым, негаснущим является для меня чувство благодарности другому человеку. Ади Шарипов, Әди-аға. Он с риском для себя, оказал казахам московских вузов неоценимую помощь», – деп, ары қарай қамқор ағасын Шыңғыс ханның оң қолы Сүбедей баһадүрге теңейді (Времен связующая нить», А., 2016, с. 670).

Қайраткер қаламгер Әди Шәріпов

Әди ағасы Мұрат­тың бастамаларына рухани демеу беріп қана қоймай, материалдық тұрғыдан да көмек көрсетіп, «Жас тұлпарға» сол заманда аса қат саналатын электрлі музыка аспаптары жинағын сыйлап, Мәскеуге де­йін өзі жеткізіп берген. Осындай ұмытылмас оқиға Мұрат­тың естелігінен көрініс тауыпты.
«Жас тұлпардың» 1966 жылы 8-9 ақпанда Ә.Шәріповтің қолдауымен Жазушылар Одағында өткізілген жиында қазақ жастарының кеңес қоғамы кемшіліктерін оңдырмай сынауы республикалық КГБ-ның тіміскі тыңшылығына іліккен. Бұл туралы құпия мұрағат­та қызмет істеген тарих ғылымдарының докторы Ж.Қыдыралина: «Как свидетель­ствуют сводки КГБ КазССР, наиболее активно с этой критикой выступали представители интеллигенции и студенты. В период зимних каникул, в начале февраля 1966 года в Алма-Ате находились некоторые участники творческого объединения «Жас тулпар «Молодой скакун»), состоящего из казахской молодежи, обучающейся в вузах Москвы, Лениграда, Украины и Прибалтики. В докладных записках КГБ отличалось, что «в марте груп­па казахских аспирантов, обучающихся в Москве (М.Ауэзов, Б.Тайжанов, Б.Аманжолов, М.Гильманов, М.Жусупов и др.) систематически собиралась по четвергам и обсуждала вопросы демографического положения казахского народа, [сетуя на то] что положения Конституции о государственности в настоящее время не применяются на практике», – деп жазады (Отечественная история, журнал РАН, 2007, №6, с.136-137).
КГБ тыңшылары жазғандай, бұл кез­де Мәскеудің жетекші ғылыми мекемелерінің аспирантурасында оқитын қызуқанды жастар тақырып ауқымын әлдеқайда кеңейтіп, Конституцияда көрсетілген Қазақ Республикасының мемлекет­тік дербестігі мәселесіне де­йін талқыға салған.
Ақпандағы бас қосулардан ке­йін «жастұлпарлықтарға» үлкен Әуезовтің басынан өткен аласат заман орнамаса да алай-дүлей бұрқасын соғып өтеді. Ақсақалдың алқау сөзін айтудың орнына ел аман, жұрт тынышта ажағайдың отын шашқан кәрі шөңгелдің тепсіне талап етуіне Жазушылар одағының басқан ізін аңдып отыратын қауіпсіздік органдарынан күн сайын түсіп жатқан қара аспанды суға алдырған баянат­тар қосылып, республика басшылығы әжептәуір әбігерге түседі. Әңгіменің бір шеті Д.А.Қонаевқа да жетеді.
Дінмұхаммед Ахметұлы істің насырға шап­пай тұрғанында жылы жауып қоя салу үшін республика комсомол ұйы­мының басшысы Жәнібековке: «Ұйым басшыларын шақырып сөйлес. Жағдайды ұғындыр. Егер бұл іске саяси астар берілетін болса Қазақ­станның әр түпкірінен таңдалған талант­ты, өрімдей жастар оқудан шығып қалады. Елдің болашағы – осылар. Балалығын қойсын, күштерін ғылым-білімге жұмсасын», – деген сыңайда тапсырма беріпті.
Бізбен болған сұхбат­тарында Мұрат Әуезовтің өзі Дінмұхаммед Ахметұлымен бұл жайында ешбір жүздесу, әңгімелесудің болмағанын мағлұмдаған, бірақ сол кез­дегі комсомол жетекшісі Өзбекәлі Жәнібеков Мұрат пен Болатханды оңаша шақырып, жастар ұйымының басшысы ғана емес, жанашыр ағасы ретінде дәл қазіргі жағдайда мұндай әрекет­тің соңы жақсылыққа әкелмейтінін, комсомолдан аластатудың соңы университет, аспирантурадан шығумен, өздерінің болашағына балта шабумен аяқталатынын түсіндіріпті.
Осы кез­десудің нәтижесінде Қазақ­стан ЛКСМ Орталық Комитетінің бюросы 1966 жылдың 20 ақпанында «Жас тұлпар» ұйымының саяси қырағылықты бәсеңдетіп алғаны жайлы қаулы қабылдап, арада бір айдай уақыт өткенде бұл мәселе ВЛКСМ ОК бюросында да талқыланыпты.
Мәселе мұнымен де тоқтамай, жоғары жаққа жолданған арыз-құрыздар белең ала түскенде Ө.Жәнібеков 1966 жылдың 9 маусымында ВЛКСМ Орталық Комитетіне арнайы жазбахат жолдап, «Жас тұлпар» жетекшілерімен тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін, соның нәтижесінде олар өздерінің қателіктерін түсініп, тиісті қорытынды шығарғанын мәлімдейді.
Партиялық билік жастарды біржолата жуасыту үшін Мәскеуге республика партия ұйымының хатшысы, қазақ­стандық «сұр кардинал» атанған С.Имашевті ат­тандырады. Бұл туралы ол 2006 жылғы сұхбат­тарында: «Сол жолғы жиыннан соң бір жылдан ке­йін Сат­тар Имашев Мәскеуге келген сапарында мені Елшілікке шақырып алып: «А-а, сендер осындай екенсіңдер ғой. Сен туралы көп естігенмін», – деді де, бірден түсін суытып, әңгімені төтесінен бастады. Үстелді салып қалып: «Идеология тек партияның ғана идеологиясы болады. Одан басқа идеология деген жоқ, болмайды да! Бұл идеологияға өзге пиғылды араластыруға жол жоқ!» – деп қаһарланды» деп ашық жазды (Әуез М., Ділім, А., 2017, 167-бет).
Мәселе одақтық деңгейге де­йін көтерілсе де «жастұлпарлық» жастардың жазадан аман-есен қалуын сол кез­дегі республика басшысы Д.А. Қонаевтың үлкен беделі әрі өзі болашағынан зор үміт күтетін талант­ты һәм таңдаулы қазақ жастарына деген әкелік қамқорлығының көрінісі деп қабылдаған жөн.
Бұдан ке­йін «Жас тұлпар» бұрынғыдай Мәскеу мен Алматының ондаған жоғары оқу орындарында оқитын жүздеген қазақ жастарының басын қосатын алқалы жиындар өткізе алмайды, бірақ ұлт мүддесі жолындағы кез келген қиындық үшін басын бәйгеге тігуге дайын тұрған Мұрат сияқты алтын айдарлы айдамет ұлдар әділет жолындағы күрестерін тоқтатқан жоқ.
Дәл осы жылдарда Мұрат­тың анасы Фатиманың күнделік дәптеріне: «Құлады көктен ақ сұңқар, Жығылды жерде «Жас тұлпар», – деген жолдар түсіпті.
Өткен тарихты бүгінгі күн биігі тұрғысынан ақыл таразысына салар болсақ, еркін ойлы қазақ жастарының ерікті ұйымы болған «Жас тұлпар» ұлт­тық мүдде жолындағы саяси шыңдалу мектебі болды. Ке­йін еліміз тәуелсіздік алғанда осы мектептен өткен қазақтың талант­ты ұл-қыздарының жұлдызы ғылым мен саясат­та жарқырай жанды, бірақ бұл – бөлек әңгіме…

Мақұм Қисамединов, Мұрат Әуез, Мағзұм Сүндетов, Салихитдин Айтбаев

Алпысыншы жылдардың жуан ортасында билік қанша қысым көрсетіп, қамалқа жасаса да «Жас тұлпардың» аты қазақ даласын шарлап кет­ті. Мұндай ұйым­дар сол кез­дегі Қазақ­стан жоғары оқу орындарында «ғылыми қауымдастық», «әдеби бірлестік», «көркемөнер ұйымы» деген түрлі атаулармен құрылып, ешбір даңғаза-дақпыртсыз өз жұмысын атқара берді. Біз оқыған жетпісінші жылдары Қазақ мемлекет­тік университеті шығармашыл жастарының басы «Мұхтар Әуезов атындағы әдеби бірлестік» ат­ты ұйым төңірегінде топтасты. Онда ұлт­тық әдебиет пен мәдениет қана емес, қазақ тарихының қилы кезеңдері туралы саяси мәселелер де ашық айтылып жүрді.
Алпысыншы жылдары Политехникалық институт қабырғасында профессор Ұлықпан Сыдықовтың ұйымдастыруымен «Бәйшешек» әдеби бірлестігі құрылып, одан Иран Ғайып сияқты қазақ поэзиясының классигі, Қасымхан Бегманов сияқты талант­ты ақындар, әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблі шықты.
Мұндай ұйымдар өткізген кештерде қуғын-сүргін мен қудалаудың талайын бастан кешірген тәжірибелі ұстаздар өздері айта алмаған шындықты оған шақырылған атағы жер жарған айбынды қонақтардың аузымен айт­қызды. КазГУ-дің Әуезов атындағы әдеби бірлестігі өткізген біз қатысқан кештердің біріне 1978 жылы қаһарман жазушы Бауыржан Момышұлы келіп, замананың көп айтыла бермейтін ақиқатын күндей күркіреп жеткізген болатын.

ҒЫЛЫМНЫҢ ҚИЯ ЖОЛЫНДА

Алпыс алтының жазында Мұрат Мәскеуге оралып, КСРО Ғылым академиясына қарасты Әлем әдебиеті институтының аспирантурасына түседі. Ол туралы естелік жазушылар Мұраттың кандидаттық диссертациясының тақырыбы жайлы түрлі деректерді алға тартады. Мұрат Мұхтарұлының ауызекі сұхбаттарын жазып алушылар да интервью берушінің жауабын әрқалай құбылтады.
Дерек нақты, пікір орнықты болу үшін біз диссертанттың «№647 әдебиет теориясы» мамандығы бойынша филология ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін қорғалған диссертациясының авторефератын алдырып, онымен танысып шықтық. Орыс тілінде қорғалған диссертацияның тақырыбы «Проблемы национального своеобразия современной казахской литературы» деп аталады. Ғылыми жетекшісі – филология ғылымының докторы Я.Е.Эльсберг. Екі ресми оппоненттің бірі кейін айтулы академик, Ұлттық Ғылым академиясының вице-президенті, ол кезде филология ғылымының докторы – Зәки Ахметов болған.
Аса сақ ғылыми жетекші кейін «қазақ ұлтшылдығы» жөнінде артық-ауыс әңгіме болмауы үшін жұмысты сыртқы мекеменің пікірін алу мақсатында анау-мынау емес, зордың өзі саналатын СОКП Орталық Комитетінің Қоғамдық ғылымдар академиясына жіберіп, олардың оң бағасын алып үлгеріпті.
Мұраттың ғылыми жетекшісі туралы да аз-кем мағлұмат берейік.
Яков Ефимович Эльсберг (шын тегі – Шапирштейн) білімі жағынан ешкімнен кем емес, Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген; қуғын-сүргінді де көріп, түрменің де тесігін жамаған; анау-мынаудан ыға қоймайтын, қажет кезінде жердің өзін жастанып, суға да сүйене білетін нағыз жырындының өзі болатын. Ғалым туралы орыс әдебиеті мен әдебиеттану ғылымында артық-кем әңгімелер болса да, оның жаңалыққа, жастарға жақындау болғанын атап өтсек, артық бола қоймас. Сондықтан талай құқайды көрген сырғуаң Эльсбергтің шәкіртіне көп ешкім көз аларта қоймады.
Мәскеу мемлекеттік университетінде кемел білім алған Мұрат диссертациясына барын салады. Өз әкесі академик М.Әуезовтен бастап, одан бергі қазақ әдебиетінің ұлттық ерекшеліктерін баса зерттеген Е.Лизунова, М.Базарбаев, М.Қаратаев, З.Ахметов сияқты ғалымдар еңбектерін саралай келіп, негізгі тақырыбына ойысып, әуелі Сәкен, Ілияс, Бейімбет бастаған аға буын өкілдері шығармаларын ілтипатпен атап өтеді.
Диссертант одақтық әдеби, ғылыми қауымға енді танылып келе жатқан тегеурінді жас буын өкілдері шығармаларын талдай келіп: «В последние годы казахская литература обогатилась произведениями, в которых при всем их жанровом и стилевом многообразии нетрудно обнаружить общее стремление к более широкому (в историческом плане) охвату событий», – деген тұжырым жасайды. Ары қарай поэзиядағы Олжас Сүлейменов пен Қадыр Мырзалиевтің, прозадағы Әнуар Әлімжанов, Әбіш Кекілбаев және Сәтімжан Санбаевтардың әңгіме, повестерін саралайды.
Сөзін нәрлеп, ойын жұптап келтіруді ұнататын Мұрат: «Все чаще в творчестве одного и того же художника слышатся возродившиеся голоса далеких предков и мысли и чувства современного человека – гражданина республики, страны, планеты», – деп еркін көсіледі.
Диссертацияда талданған қазақ әдебиетінің тізгінүзді таланттары шығармаларынан ақ сүңгінің ұшымен жазылған бабалар тарихының биік рухы менмұндалайды.
Мұрат Мұхтарұлы өз замандастарының ата тарихына оралуын: «Плодотворное обращение к опыту прошлого, дается лишь литературе, достигшей в своем развитии определенных высот, с которых она в состоянии обозреть исторические горизонты и осмыслить этапы пройденного пути», – деген орнықты, ойлы пікірмен тиянақтап өтеді.
Автор өзі қарастырған қаламгер шығармаларын ескі тарихпен шендестіріп қана қоймай, бүгінгі заман шындығымен астасатынын да қаперінде ұстап: «Исторический фон отнюдь не приглушает актуального звучания проблем», – деп атап өтуді де ұмытпайды.
Мұрат Мұхтарұлы бір кездері әкесінің айнымас досы, алашордашылардың атын ерттеп, тізгінін ұстаған қосшысы болған профессор Бейсенбай Кенжебаевтың жетекшілігімен қолға алына бастаған VI-VIII ғасырдағы көк түріктер поэзиясы туралы еңбектер мен енді ғана баспа бетін көрген Мұхтар Мағауин монографиясындағы XV-XVIII ғасырдағы жыраулық әдебиет жауһарлары туралы жаңа ізденістерді талдай келіп: «Углубленный интерес к духовному наследию проявляет не только литература, но и наука, изучающая ее историю», – деп тиянақтап өтеді.

Мұрат Әуезов замандастары Сәтімжан Санбаев, Бекен Әбдіразақов, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Тоқбергенов, Софы Сматаев, Рафаэль Ниязбековпен бірге, 1972 ж.

Әкесіне талай мәрте таңылған «ұлтшылдық» қамытының өзіне де кигізілуі мүмкін екенін білетін Мұрат қазақ әдебиетінің тереңнен тамыр тартатынын нақты мысалдармен дәлелдеп: «национальное выбирает в себя общечеловеческое и процесс этот имеет такие глубокие корни», – деген қисынды қорытынды жасайды және оны Қорқыт пен Асан қайғы образдарымен өрнектейді.
Мұрат диссертация қорғаған 1969 жылы Олжас Сүлейменовтің атышулы «Аз и Я»-сы әлі жарық көрмесе де оның бұл тақырыптағы алғашқы мақалалары жарияға жеткен. Осыны қазақ және орыс әдебиеті байланысының көне заманнан келе жатқан көрінісі ретінде шебер пайдаланған Мұрат: «О том, что они были, убедительно засвидетельствовал, например, О.Сулейменов в своих исследованиях по «Слову о полку Игореве», – деп орыс әдебиетінен басқаны көзге ілмейтіндерге түркі-славян әдеби байланыстарының тамыры тереңде екеніне назар аудартады.
Мұрат Әуезовтің «кандидаттық» деп аталатын диссертациясы қамтыған тақырыбы, көтерген идеялары мен ойларының батылдығы жағынан сол заманда қорғалатын докторлық диссертациялардан озық тұрды десек шындықтың ауылынан шығандап кете қоймаспыз.
Ол кез келген ұлт әдебиетінің басты элементі – тіл мәселесін де ұмытпайды. Сөзі өтімді, күші жетімді диссертант: «Борьба за чистоту и богатство родного языка, за национальное искусство, соответствующее уровню возросших в общении с передовой культурой требований, становится делом всей нации», – деп қазақ мектептері жаппай жабылып жатқанда ұлт тілінің тазалығы мен байлығын сақтау жолындағы күресті «бүкіл ұлттың ісі» екенін төтесінен қояды. Егер диссертация Қазақстанда қорғалса, мұндай батыл тезистердің қорғалуға жіберілмеуі де әбден кәдік еді.
Ол қазақ-орыс әдеби байланыстарын үш кезеңге бөле талдап-тарқата келіп: «без знания прошлого – это незнание современности, историческая ограниченность в ее понимании», – деген қорытынды жасауы батыл зерттеуші ғана айта алатын байлам деуге болады. Мұны «жылымықтан» кейінгі тоқыраудың «ызғары» сезіле бастаған 1969 жылы тек айтқанын өткізіп, көздегенін жеткізетін Мұрат Мұхтарұлы Әуезов қана айта алды. Қапысыз дайындықпен, үлкен білімдарлықпен, алыстан қозғап, тереңнен толғап жазылған диссертация Әлем әдебиеті институтының кілең ығай мен сығайлардан тұратын ғылыми кеңесінде әдебиет ғұламалары алдында қорғауға шығарылды.
Диссертация жөніндегі әңгімені түйіндеу үшін Мұраттың алған тақырыбы бойынша 4 мақала жариялағанын да атап өткен жөн. Өкінішке қарай, оның бұл мақалалары белгісіз себептермен кейінгі жылдары жарық көрген жинақтарына енбей қалған. М.Әуезовтің ғалымдық, азаматтық келбетін аша түсетін бұл мақалаларды баспасөз мұрағатынан тауып, бүгінгі заман оқырмандары назарына ұсына кеткенді жөн көрдік.
«Ұлттық сипат туралы бірер сөз» деп аталатын алғашқы мақала «Жұлдыз» журналында жарияланыпты.
Алпысыншы жылдардағы қазақ баспасөзі аса сақ болатын. Автореферат пен диссертацияның әр тұсынан қылаңдап тұратын қырандай алғыр ойлар мұнда аздау. Әйтсе де: «Ақын-жазушыларымыз өткен күнге бүгіннің биігінен қарай отырып, халық дамуын ғасырлар бойы тежеп, тұсап келген кесір-келеңсіздіктерге соққы беруді, сонымен бірге уақыт сынынан сыры кетпей, сыны бұзылмай қазіргі күнге жеткен жақсы да жарасты, өміршең дәстүрлерді әлі де құрметтеуді, оларға арқа сүйеуді мұрат-нысана тұтты», – деп тігісі барынша жатқызылып берілген жалғыз сөйлемнің өзінде «өміршең дәстүрді құрметтеу» мәселесі алға шығады («Жұлдыз», 1968, №5, 135-бет).
Олжас Сүлейменов поэзиясын талдауға арналған мақаласында Мұрат өршіл рухты қазақ ақынының АҚШ-тағы атақты Арлингтон зиратының басында туындаған пацифистік ойға құрылған өлеңін кемелдікпен қорғап шығады. Өлеңдегі: «Қай қабірдің басында да, Елжіреймін, жан болып сұлық сүлде», – деген жолдарды 1963 жылы В.Коган дейтін көкірегімен көк тіреген сыншысымақ біреу «Простор» журналында жарияланған мақаласында: «Жау зиратының алдындағы елжіреуді қалай түсінуге болады», – деп қасқыр қабақ танытқан. Қай нәрсеге болсын, кеңестік патриотизм тұрғысынан келте қараудан басқаны білмейтін әлгі міскінге көшпелілер мәдениетінің білгірі ретінде Мұрат: «Бұл, әрине, көшпелі ел адамының жай-күйін білмегендіктен. Расында, көшпелілер қабір атаулыға қадірлей қарайды. Өйткені ол алдынан кездесе қалған қабір бір кезде осы жерден жүріп өткен өз ата-бабаларының мүрдесі қалған орын болар деп те ойлайды. Қазақ халқы психологиясында әйтеуір адам ұрпағының қабірін қасиет тұту, құрметтеу сезімі ғасырлар бойы қалыптасқан», – деп өзіне тән байсал-байыппен жауап береді (Сонда, 136-бет).
Мұрат Олжастың отты жырларын Қазтуған мен Шалкиіздің тегеурінді толғауларымен салыстыра талдап, қазақ поэзиясындағы ерлік жыры дәстүрінің бүгінгі күнге дейін үзілмей жеткенін оның поэзиясындағы өрнекті тіл, бедерлі теңеу, бейнелі образдар арқылы дәлелдейді.
Кез келген зерттеуші қорғау алдында диссертациясында ашылған ғылыми жаңалықтарын жариялауға міндетті. Әдетте, енді ғана іздену жолына түскен жас ғалымдар мұндайда университет пен ғылыми-зерттеу институттары шығаратын, бірнеше жүз данамен ғана басылып, шағын ғылыми ортадан әрі аспайтын хабаршыларды жағалайды. Жасы жиырма беске енді ғана аяқ басқан Мұрат бұғалықты Одақтағы ең үлкен басылымдардың бірі – «Дружба народов» журналына салған.
Одақтағы оқырманы мол, беделі зор басылымдардың қатарындағы «Дружба народов» журналының тиражы жетпісінші жылдар басында ширек миллионға жетсе, сексенінші жылдары миллионнан еркін асып түсті. Журнал бетіндегі үздік туындылар оның қосымшасында жеке кітап болып жарық көрді. Осындай жолмен 1948 жылы Абайдың екінші кітабы дәл осы журналда басылды. «Қараш-қараш оқиғасының» орысша аудармасы да «Дружба народовта» жарық көрді. Диссертацияның сүбелі бөлігі «Предки, в бою поддержите меня» деген атының өзі бабалар рухынан бата тілеген жас ғалымның мінәжатындай көрінетін тақырыппен одақтық журналдың қақ төрінде жарияланды.
Мұрат шашасына шаң жұқпаған шабандоздай көсіледі. Қазақ әдебиетіне алпысыншы жылдары келіп қосылған, қорқып-үркуді білмейтін қуатты толқын туралы қып-қызыл шоқтай қызуы күшті ойларын алғашқы абзацта-ақ алдыға шығарып: «Если прежде в произведениях на историческую тему история бралась как вчерашний день по контрасту с сегодняшним, то теперь уже горизонт ее отодвигается в глубь столетий», – деп ары қарай дәл осы тезисті Олжастың отты жырларымен өрнектейді («Дружба народов», 1968, №7, 258-бет).
Бұл кезде алғашқы жырларымен орыс поэзиясына арымас «Арғымағын» ойната келген Олжасқа кейбір сыншылар күдікпен қарап, одан сол баяғы «ұлтшылдық» элементін іздей бастаған. Мұны жақсы түйсінген Мұрат: «Внешние приметы национального своеобразия поэзии О.Сулейменова лежат на поверхности, и не требуется особых усилий для того, чтобы их обнаружить», – деп ұлттық ерекшелікті «ұлтшылдықпен» шатастырып жүргендерді бір түйреп өтіп, ары қарай ақын творчествосын жіктеп-жіліктеп, жілік майына дейін шағады.
Мақалада көшпелілер мәдениеті мен олардың космогониялық түсініктері көк түріктердің асқақ рухы мен жауынгерлік дәстүрі, қазақ философиясындағы «дүние», «дариға», «жалған», «айналайын», «заман», «ұлан», «толғау» ұғымдарының түпкі мән-мағынасы, тіпті «ақ» пен «қара» ұғымының қазақ ой-санасындағы көрінісі тереңнен тартылып, тарамдала талданады. Олжас поэзиясын саралау арқылы сақ, үйсін, ғұн, түрік бабаларының рухын тірілтіп, олардың адамзат өркениетіне қосқан үлесін білімдар білгірлікпен тарқатады.
Олжас өлеңдерін Күлтегін жырларымен салыстыра қарастырғанда, сол кезде енді ғана жарық көріп, талай қуғын-сүргіннен еңсесі езілген түрік халықтары әдебиеті үшін түнерген аспанды шайдай ашқан профессор И.В.Стеблеваның «Поэзия тюрков VI-VIII веков» атты монографиясына сілтеме жасап, оны өзінің шегедей мықты пікірімен шегендеп отырады.
Көзін қияға тігіп, түзден тоят тілеген Мұрат пен Олжастай қос таланттың бұлайша үндесуін былайғы жұрт «өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер» деген бабалар рухының қайтып оралуындай бағамдады. Әуелі жауыз патша, кейін сұрқия коммунистік саясат қазақтың жақсысы мен жайсаңын бір-біріне айдап салып, «бөліп алып, билей берген» сұм заманның беті ары қарай бұрылуының басы деп пайымдады.
Алпыс тоғызыншы жылдың ғинуарында Мұрат 26-ға аяқ басып, диссертация да межелі жеріне жақындай түсті. Сол жылғы «Дружба народовтың» алғашқы нөмірінде Мұраттың «Связь времен» атты шымыр да шағын мақаласы жарық көрді.
Жас азамат қазақ әдебиетінің бес ғасыр тарихы мен оның нысаналы тұлғаларының творчествосын екі-ақ сөйлемнің қауызына сыйғызып: «Колоритные фигуры средневековых казахских поэтов – Шалкииза, Казтугана, Бухара – предстают перед нами как уникальные явления, без предшественников, без последователей и эпигонов. Замкнут в себе мир поэзии Махамбета Утемисова, одиноко возносится величавый образ Абая», – деп толғанады.
Мұрат не жазса да өткен тарихты бүгінгі заманмен сабақтастыра жазады. Мақалада өз замандастары Әнуар Әлімжанов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Қадыр Мырзалиев, Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиевтердің шығармалық ерекшеліктеріне тоқталып, сипаттама береді.
Мұраттың замандастарына берген келісті бағасы әке Әуезовтің Мәлік Ғабдуллинге жазған хатындағы афоризмге бергісіз әдемі сипаттарды еске түсіреді. Түпнұсқа бояуын сақтай отырып соның кейбіріне кезек берсек, Әнуар Әлімжанов туралы: «оснащенность историческим материалом, философичность, согретая теплом авторской взволнованности», Қадыр хақында: «публицистическая острота лирико-философских стихотворений близка и доступна», Асқар мен Әбіш жайында: «сочетание художественного и исследовательского начал», Мұхтар Мағауинді «анализирует связи средневековой поэзии с поэзией древних тюрков», – деп әрқайсысы шығармашылығының ерекшеліктерін бейнелі тіркестермен сипаттап, жасы үлкендеу ағаларына інілік ізетпен үлпәт көрсетеді («Дружба народов», 1969, №1, 279- бет).
Жыл аяғына белгіленген диссертацияны қорғаудың алдында «Дружба народовта» Мұраттың «Дни своей долгой-долгой жизни» атты көлемді мақаласы жарияланды. Бұл жолы да Мұрат аламан бәйге алдындағы бабы келген күліктей бауырын жаза шауып: «Исторические свидетельства красноречиво доказывают, что казахский народ – народ древней культуры. Он оставил памятники своего творческого гения на всех необъятных просторах своей земли», – деп халқының даналық ойын түйіндеп алған соң ұлт мәдениетінің түп-төркіні мен қайнар бұлағын анау-мынау емес, әл-Фарабидің өзінен бастайды («Дружба народов», 1969, №8, 257-бет).
Әнуар Әлімжановтың мақала жазылудан 3-4 жыл бұрын ғана жарық көрген «Отырардан жеткен сый» және «Көгілдір таулар» атты повестерін талдау барысында әл-Фараби заманы, Отырар кітапханасы, Ұлы Жібек жолы бойындағы дәулеті мен мәдениеті қатар шалқыған қалалар тарихы, алып Үндістанды жаулаған ұлы моңғолдар мен оның Бабыр, Акбар сияқты әйгілі падишахтары жайлы көл-көсір деректерді маржандай түзеді. Мұның бәрінің астарында «қазақтардың революцияға дейін небәрі 2 пайызы ғана сауатты болған», «мәдениеттен мешеу қалған» деген коммунистік жалған тезистерді терістеу жатты.
Мұрат сол кезде есімі Одақ көлемінде белгілі бола бастаған Әлімжанов шығармаларын шеберлікпен талдау барысында оның ұзақ жылғы журналистік қызметінің белгісіндей кей шығармаларынан қылаң беріп қалатын кемшіліктерін де көрсетуді ұмытпайды: «Алимжанов временами увлекается его фактологической стороной, окунаясь в пеструю смесь действительных и желаемых открытий. Высвобождение из плена конкретных фактов, свобода в оперировании ими, достижимая через глубинное проникновение в их сущность, – эти качества, видимо придали бы большую художественную ценность произведениям писателя», – деп орынды атап өтеді («Дружба народов», 1969, №8, 259-бет.
Мұраттың мақаласы жарияланған кезде Әбіш Кекілбаевтың шығармалары әлі орыс тіліне аударыла қоймаған. Осы мәселеге орыстілді оқырман назар аудара кетіп, ары қарай «тәржімаланғанда тауып оқыңдар» деген ишарамен жазушының «Ханша-дария хикаясын» майын тамыза талдайды.
Қазақ прозасына еуропалық деңгейдегі сирек талант келгенін қуана жеткізіп, оның шығармашылығы туралы: «В исторических произведениях Кекильбаева много поэзии, романтически приподнятого чувства: картины из жизни кочевой степи выписаны им рельефно и точно. Язык его пластичен, богат, выразителен, характеры сложны и многогранны, детали емки и в общей канве повествования обнаруживают все большую свою глубину», – деп шарпуы мен қарпуы келіскен жазушы шығармашылығының табиғатын екі-ақ сөйлеммен ашады. (Сонда, 261-бет).
Мұрат Сәбит, Ғабит, Ғабиден сияқты «алыптар тобы» аман тұрған 1969 жылы Қазақстанның өзінде әлі жазушылықтың бастапқы балаң кезеңіндегі қаламгерлер саналатын Әбіш, Қадыр, Сәтімжандардың туындыларын талдау арқылы қазақ әдебиетіне әлем халықтарының кез келген өскен, өркендеген әдебиетімен иық тіресе алатын талантты, тегеурінді жаңа буыны келгенін зор мақтанышпен жеткізеді.
Мұхтар Қадырдың мақала жазылудан бір жыл бұрын ғана жарияланған «Ақ отауын» Олжаспен шендестіре талдайды. Жас ақынның жетістіктерін баса көрсете келіп: «Выпадение из ритмов исторического времени (по сути то же, что и у А.Кекильбаева) снижает ценность поэтического творчества К.Мурзалиева», – деп Әбіш пен Қадырдағы өзі байқаған кейбір селкеуліктерді де көрсетуді ұмытпайды (Сонда, 262-бет).
Мұрат жас жазушылардың тарихи тақырыптарды батыл игеруін тұмсығының астынан басқаны көрмейтін кейбір тоғышарлар айтып жүргендей ұлтшылдық белгісі емес, керісінше ұлт әдебиетінің өскенінің, марқайғанының нышаны, әлем әдебиеті тарихы мен тәжірибесін терең меңгергенінің айқын көрінісі екенін дәлелдейді. Ал мұның ар жағында біз енді кім көрінген көзге шұқып ақыл үйретер отар халық емеспіз, өзгелерге де үйретер өнегесі, тағылымды тарихы, өркендеген бүгіні мен кіммен болса да бәсекеге түсуге лайық ертеңі бар еңселі ұлтпыз деген өршіл рух жатты.
Алпыс тоғызыншы жылдың соңында Мұрат Әуезов Кеңес Одағы сияқты алып империядағы барлық айтулы мекемелер мен әйгілі ғалымдардың басын қосатын ең жоғарғы ғылыми ұйым – КСРО Ғылым академиясына қарасты Әлем әдебиеті институтында кандидаттық диссертациясын зор табыспен, кеңес мүшелері берген көтеріңкі лепес, байсалды бағамдармен қорғап шығады.
Шындықты айтқанда, ол қорғаған ғылыми кеңес мүшелерінің қай-қайсысы үшін болсын, «Дружба народов» сияқты беделді басылымға жалғыз-жарым мақала шығарудың өзі зор абырой болатын. Жиырма алтыға енді ғана толған Мұраттай жас азаматтың бұл журналда жарияланған терең талғамды мақалалары кеңес әдебиетінің үлкен бір саласы – қазақ әдебиетіне екі тілде еркін жазатын, кешегі отыз жетінің қанды қырғынында атылған, Ұлы Отан соғысында шаһид болған әкелердің қайсар ұрпақтары – О.Сүлейменов, Ә.Кекілбаев бастаған талантты, тегеурінді буын келіп қосылғанын жай сөз, жадағай пікір емес, аузымен құс тістеген атақты ғалымдармен үзеңгі қағыстыра, пікір жарыстыра отырып дәлелдеп берді.
Мұраттың алыстан қозғап, тереңнен толғаған үш бірдей мақаласының өзі беріде – қазақ әдебиеттануы, арыда – түріктану ғылымына даңқы әлемді шарлап кеткен әке есімін малданумен шектелмейтін, өз ойы, өзгеше пікірі бар шөнік дүниеде танық өмір сүруге талпынған талантты жастың келіп қосылғанын айғақтады. Кеңес мүшелері диссертанттың табысын қуана қостап, бірауыздан дауыс береді.
Мұрат осындай теңіз теңселтіп, тау жығардай алып ұшқан көңілмен 1970 жылы туған Алматысына оралды. Бүгінгі күн биігімен қарар болсақ, сол кездегі Қазақстандағы ахуал ол үшін өте қолайлы еді. Жетпісінші жылдары Қазақстан басшылығында әкесінің туған құдасы, республикада жеке-дара билігін орнықтырып үлгерген одақтық деңгейдегі беделі зор басшы, өзі де ғалым-академик Д.А.Қонаев отырды.
Жазушылар одағы төрағасының қызметінде Мұхтар Әуезовті жанындай жақсы көрген азамат, Мұраттың диссертациясында аты-жөні молынан аталатын Әнуар Әлімжанов отырса, Ғылым академиясын мамандығы геолог болса да, ұлт тарихы мен әдебиетінің асқан білгірі Шахмардан Есенов басқарды.
Ол кезде екі тілде бірдей төгілдіре сөйлейтін, студент жастармен жұмыс істеуде әжептәуір тәжірибе қалыптастырып, топ алдында лекция оқуға әбден машықтанған Мұраттың таңдауы әкесі ұзақ жылдар қызмет істеген қара шаңырақ – Ұлттық университетке түседі. Өкінішке қарай, сол кездегі қазақтың маңдайына басқан жалғыз университеті ғана емес, Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарының есігі Мұрат үшін тарс жабылады. Бұл кезде әкесіндей қамқор болған Әди ағасы да барлық қызметтен шеттетіліп, әдебиет институтының қатардағы аға ғылыми қызметкері деңгейіне дейін төмендетілген еді. Албырт өскен жас үшін түсініксіздеу болған бұл жайдың себебі біреу-ақ еді, ол осыдан үш жыл бұрын Қазақстанды шулатып, тіміскі КГБ арқылы дақпырты Одақ басшылығына дейін жеткен «Жас тұлпар» болатын.
Темір шымылдықтың ішіндегі жабық қоғам саналатын Кеңес Одағының былайғы тірлігі тыныштау көрінгенімен, жабулы қазан астында оның саяси өмірі бұрқ-сарқ қайнап жататын. Наразылықтар күшейіп, қақпақ қопаңдай бастағанда оны сәл көтеріп, көбігін алғаны болмаса қазандағы пісуі келіспейтін кәрі лақсаны қайнату жалғаса беретін.
Мәскеудегі «жылымықпен» еркін тыныстап қалған «жастұлпарлықтардың» Алматыдағы дүбірі үш әріптің тыңшыларын күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырған. Еркіндіктің буына мас болған жастардың өздері аңғармаса да үнемі аңдуда болған олардың сыртынан том-том доностар жазылып, құзырлы органдарға түрлі жазбахаттар жолданған. Дау-дамайдың Қазақстаннан тысқары жерлерге жайылмауына мүдделі болған республика басшысы Д.Қонаев та елдегі әлеуетті құрылым басшыларының аптығын басып, Одақтың билік басындағыларды сабырға шақырып, тиісті түсіндірулер жасаған. Бірақ мұның соңынан ашығы-жабығы бар жоғары оқу орындары басшылары түгелдей қатысқан жиналыстарда ректорларға студент жастардың патриоттық тәрбиесіне, әсіресе саяси қырағылығына ерекше мән беру керегі қатаң тапсырылған.
Мұның бәрінен хабарсыз Мұрат өзіне Қазақстан жоғары оқу орындарының есігі біржолата жабылғанына қатты назаланады. Ашуын басып, аз-кем ойланып-толғанудан кейін ешкімге шетін мінез көрсетпей-ақ ұлтжанды азамат Шахмардан Есенов басқарған Ғылым академиясының Философия және құқық институтына қызметке орналасады.

Мұхтар
ҚҰЛ-МҰХАММЕД,
Ұлттық Ғылым академиясының академигі

ПІКІРЛЕР3
Аноним 11.04.2024 | 20:34

Асылдың түяғы. Марат ағамызға Алла тағала зор денсаулық пен ұзақ өмір берсін.

Аноним 12.04.2024 | 13:54

І.Есенберлиннің және Б. Ысқақовтың еңбекпен түзеу лагерьлері мен еңбек колонияларына айдалғаны өте өкінішті.

Аноним 12.04.2024 | 17:47

Қандай күшті баға берілген Мұрат Әуезовтің еңбегіне! Осы !Жас тұлпар» ұйымын әлі де зерттей түссе.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір