ҰЛТ­тЫҚ РУХТЫ САУЫҚТЫРАМЫЗ ДЕСЕК…
23.01.2024
494
0

Біз сөз еткелі отырған роман 1901 жылы жарық көріпті. Ал қазақ тіліне тұңғыш рет «Steppe&World» баспасы былтыр ғана аударып, басып шығарды. Аударған – Ұлпан Кенжебаева.
Ең қызығы, Ресей аталмыш романды 1936 жылы тәржімалап, араға елу бес жыл салып, 1991 жылы қайта басқан екен.
Гәп – Рудярд Киплиңнің «Ким» романы туралы. Жақында аталмыш шығарманың қазақша нұсқасының редакторы Бұлан Жамбылмен тілдескен едік. Сұхбат «Киммен» басталып, «БІЗ-ге» жалғасты.

Бұл шығарма кеңестік Ресей идеологиясына мүлде қайшы

– Кітап редакторы болған соң шығарманы зерт­теп-зерделей, тереңіне үңіле оқығаныңыз бесенеден белгілі. Сұхбат­тың беташар сұрағын төтесінен қойсам деймін: қазақ оқырманы «Киммен» не үшін жүз жиырма екі жылдан кейін ғана танысты деп ойлайсыз?
– Ол кез­де қазіргідей байланыс құралдары жоқ, шыққан кітап дүниеге белгілі боламын дегенше ондаған жылдар керек шығар о заманда. Бұл шығарма 1901 жылы жарық көрген болса, 1917 жылы Қазан төңкерісі басталып кетіп, патшалық Ресей құлап, Кеңес одағы құрылды. Ал империалистік өкімет­тен жаңа ғана құтылған қызылдар патшалық Ресейдің саясатын, онда да Британиямен тайталастағы жеңілісін әңгімелейтін романды неғылсын. Негізгі себеп осында жатыр деген ойдамын.
Шығарма Британияның Үндістанды отарлауына қызмет еткен ирландиялық жасақ құрамында келіп, әскери қызметі аяқталған соң қалып қалған сарбаздың жетімі Кимбалл туралы ғой. Шешесін мүлде көрмеген, әкесінен үш жасында қалған сол Ким, енді жетімнің мінез-құлқы белгілі ғой, өте епті, адам танығыш, сөзге тапқыр, көзінің көктігі мен киім астындағы терісінің ақтығы болмаса, мұны ешкім еуропалық нәсілдің өкілі деп ойламайды. Өзі өскен өңірді былай қойғанда, сондағы неше түрлі ұлыс-тайпа, кастаның да салт-дәстүрі мен тілін түгел меңгерген. Бай-бағланның шолжаңдаған бозбала-бойжеткенінің хатын тасып күн көріп жүрген осы 7-8 жасар бала бір күні өзінің сенімі бойынша бір қасиет­ті өзен іздеп жүрген тибет­тік лама қартқа жолығып қалады да, оның баладай аңғалдығы мен тазалығына таңғалып, соңынан ілесе кетеді. Анда-санда құпия хатын тасып, ақшасын алып жүрген ауған жылқы саудагерінің британиялық Үндістанның құпия қызметінің жансызы екенін білмейді де. Келе-келе баланы сол қызмет өкілдері жансыз етіп даярлап шығарады. Үндістанның ағылшын билігін мойындамай отырған 4 өңірін өзіне қосу ниетіндегі Ресейдің де қос жансызы жүреді сол кез­де. Ким соларға қарсы астыртын күреске атсалысады. Тарихта «Ұлы ойын» деген атпен қалған осынау саяси ойында Ресейдің жеңіліс тапқаны белгілі. Ендеше, бұл шығарма кеңестік Ресей идеологиясына мүлде қайшы. Ал бұл авторды Кеңес жұртшылығы білмеді дегенге келер болсақ, олай дей алмаймыз, еш қисыны жоқ, өйткені оның әлемге мәшһүр кейіпкері Маугли туралы кеңестік кинематография мультфильм түсірген. Өзім де бала кез­ден көріп өстім. Сол мультфильм болатын кез­де ішкен асымызды жерге қойып, көгілдір экран алдына жиналып, тым-тырыс отыратынбыз.

– Мауглиді тілге тиек еткеніңіз орынды болды. Мен де осы туралы сұрағым келген. Маугли мен Кимнің ортақ тұсы бар секілді сезіледі. Мәселен, Маугли нәтінен жырақ, аң-құстың арасында көзін ашады. Ким де өзінің нәсілінен тыс өседі. Бұл бір нәсілдік кемсітуге ұқсамай ма (бұлай сұрауымның сыры кей сыншылардың Киплиңді «Империя бұлбұлы» деп атайтынында)?
– Мен Киплиңтанушы емеспін, сондықтан ол империяшыл болса болған шығар, бірақ оның бұл екі шығармасынан да нәсілшілдік байқамадым. Керісінше, үнді халқы мен табиғаты бұларды шыңдап шығарады. Мәселен, осы «Кимде» Үндістанда оқып жатқан еуропалық балалар мен Еуропадағы балаларды салыстыратын жері бар. Сол тұсын оқысаңыз, үнділік мектеп оқушысының қасында Еуропадағы сол құралпы бала – ана сүті аузынан кетпеген сәби. Автордың сипат­тауынша, Үндістан баланы шыңдап, ерте есейтеді. Оның үстіне өзі де Мумбайда туып-өскен ғой бес жасына дейін, ол – оның бақыт­ты балалық шағы, содан болар, үнді халқына да, табиғатына да тамсану, ерекше сүйіспеншілік байқалады еңбектерінен. Тағы сол өзім көріп өскен бір отбасын сақиналы жыланнан құтқарып қалатын батыр күзен туралы «Рикки-Тикки-Тави» деген кеңестік мультфильм де – осы Киплиңнің ертегісі. Ол жерде де үнді халқы жарқын бейнеленген. Сол себепті маған Киплиң шындықты жазу қағидасын ұстанған адамдай көрінеді. Ағылшынды болсын, үндіні болсын, артық-кемі жоқ дәл сипат­тауға тырысқан секілді. Екі күннің бірінде жер бөлісе алмай қырқысып жатқан мемлекет­тердің қай-қайсына да қан-қасапқа жұмсайтын, отан үшін деп ойланбай өле салатын адал сарбаз керек дегендей, отаншылдық өршіп тұрған заман ғой ол, өз империясының бұлбұлы болса болған шығар, бірақ нәсілшіл болған деп айта алмаймын.

– Екі империяның ойын алаңына айналған үнді халқының сол кез­дегі психологиясы, алыптардың талас-тартысы жүріп жатқан тұстағы бітімі шығармада қалай сипат­талады?
– Шығармада негізінен ағылшын өкіметіне әбден берілген, адал қызмет етіп жүрген жергілікті үнділер сипат­талады. Олар үшін енді сол ағылшындық жүйеден артық ештеңе жоқ. Лама мен Кимнің ат­ты әскерде қызмет еткен қарт жауынгерге жолығатын жері бар. Ол да әскерде толқу жүріп, бүлік басталғанда антына адалдығын сақтап, ағылшын қолбасшылығы жағында қалған адам. Соның арқасында марапат­талып, атақ алып, жер иеленген. Ал басқа түрлі каста, топ, тайпаны сурет­тегеніне қарап отырып, тіпті үнді халқына ағылшын отыршылдығынан келіп-кетер ештеңе болмағандай сезімде қаламын. Бұл халық ағылшындар келмей тұрып-ақ езгіде, әділетсіздік шырмауында жатқан ба деймін. Ағылшын биледі не, өз патшасы биледі не. Қайта ағылшындармен бірге темір жол секілді көптеген игілік келген. Шығарма мені халыққа бәрібір, кім билесе о билесін, тек ел тұрмысын түзесе болғаны деген ойға жетеледі. Жалпы, бізге белгілі елдерде өзі де халық бір жақта, билік бір жақта өмір сүріп жатады емес пе. Халық өз өкіметінің кімнің мүддесі үшін жұмыс істеп жатқанын қашан біліп еді, бір нәрсе айтылса, екі нәрсе жасырылады ғой. Қазіргі үнділер елінің кезінде ағылшынға бодан болғаны үшін тағдырға алғыс айтуы мүмкін, себебі Үндістан қазір автокөлік шығарып, технология, құрылыс жағынан озып отыр ғой.

Тіл – экономикалық қару

– Ресей мен Украинаның соғысы басталғалы Батыс Еуропа мен Америка, Қытай мен Ресей Орталық Азия үшін таласып жатыр. Яғни олар аймаққа экономикалық, саяси һәм мәдени ықпалын жүргізу үшін аянып жатқан жоқ. Мұны былтырғы үлкен жиындар мен барыс-келістер айғақтайды. Ал Орталық Азиядағы ірі мемлекет – Қазақ­стан осы ойынның бел ортасында жүрген сыңайы бар. Мұны Түркия мен Қытай, Ресей басшыларының «Қазақ­станның тәуелсіздігін қорғауға дайынбыз» деген сөзінен де аңғаруға болады. Бұған дейін шығысымызда айдаһар, түстігімізде аю бар деп аяғымызды аңдап басып келгеніміз де өтірік емес. Дәл осындай алыптардың назарындағы халық аталмыш кітапты не үшін оқуы керек деп ойлайсыз?
– Басқыншылық қантөгіссіз, басып-жаншусыз, өз мәдениеті мен түсінігін таңусыз болған ба? Әскери болмағанның өзінде, экономикалық па, мәдени ме, мұның қай түрі де елдің ұлт­тық ұстындарын қиратуға бағыт­талады. Ондайға ұшыраған ел рухани мүгедек болып қалады. Міне, шығармадағы уақыт – Үндістан халқының осы жағдайды басынан кешіп жатқан кезі. Шығарманы түгел оқып шығып, тұтас картинаны жинағанда, отарланған халықтың жан-дүниесі, бодан ел өкілінің әрі-сәрі күйі байқалады. Мәселен, ат­ты әскер ағылшынға қарсы көтерілгенде қарт жауынгердің істегені дұрыс па, бұрыс па? Отарлаушы үшін ол – антына берік нағыз қаһарман, ал өз елі үшін – сатқын. Көтерілгендер – отарлаушы үшін бүлікші, өз елі үшін – қаһарман. Яғни адам не істейін десе де, біразға дейін бір шешімге келе алмайды, ар жағында рухани күш жоқ. Сондай-ақ кез келген ұлт­ты ұлт ететін тілі мен ділі екенін аңғартқандай. Сол Үндістаннан, бір ғасыр өтсе де, ағылшыннан қалған іздің кетпегенін көреміз. Бұл шығарманы оқып, бізге де қорытынды жасап, сабақ алу керек – біз де әлі күнге ұлт­тық рухы сауықпаған елміз.

– Ал ұлт­тық рухты сауықтыру үшін қалай қарекет қылуға тиіспіз?
– Тәуелсіздік алғаннан кейін руханият тұра тұрсын, алдымен тұрмысты түзеп алайық деген қағидамен жүрдік. Иә, кей елдерге қарағанда жаман емеспіз, бірақ біздің өзімізбен салыстыратынымыз көбіне кеңестік жүйеден шыққан елдер, ал мүлде өзге жүйедегі елдермен салысуға дәтіміз бармайды. Міне, солардың арасында экономиканың ең берік те тегеурінді күші руханият­та екенін дәлелдеген үлгі елдер жетерлік. Мысалы, тіл – экономикалық қару. Орыс тілінде ән жазған адам онысын Кеңес одағы құрамында болған не Ресейдің ықпалында болған елдердің бәріне сатады, орындаған әнші концертін қойып шығады. Яғни әдеби-мәдени тауарының нарығы – бүкіл орыс тілді елдер. Шетелдік фильмдерді тек орыс тілінде көреміз, әлі күнге көбіміздің әлемге көз тастайтын жалғыз тереземіз – орыс тілі. Ал ағылшын тілінде бір көркем дүние тудырып, сататын болсаң, бүкіл әлем – сенің нарығың. Қала берді, экономиканың сау болуы, өркендеуі халықтың шыншылдық, уәдеде тұру деген сияқты рухани қасиетіне байланысты. Рухымызды сауықтырудың ең бірінші тетігі – тіл. Адамдық қасиет те, мораль да, бәрі тілімізде тұнып тұр. Өзге елге сіңіруді армандамай-ақ қояйық, қажеті де жоқ, бірақ өз елімізде қазақ тілінің жалауын желбіретуіміз керек. Қазір өзге ұлт өкілдерінің өзі шыдамай, бізге кімнен, неден қорқып өз тілдеріңде сөйлемейсіңдер деп айта бастады. Тіл – Құдайдың әр ұлтқа берген аманаты, әр қазақтың мойнында қазақ тілін сақтау деген аманат бар.
Кейде тұтас ұлт­ты оятатын рухани күш әдебиет­тегі не философиялық еңбектегі бір сөйлемде, тіпті бір тіркесте жатады. Осыны ескерсек, біз өз әлемімізбен шектелмей, дүние жүзі әдебиетін өз тілімізде оқуымыз керек, себебі біз де әлем қауымдастығының бір мүшесіміз, бөлініп сырт­та қала алмаймыз. Әлбет­те, бірақ елеп-екшеп, саралап, өз дүниетанымымызға қайшы келмейтінін қабылдағанымыз жөн. Бұл – бір жағынан әлемнің ақыл-ойымен танысу болса, екінші жағынан қазақ тілін жандандырудың бір жолы.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге мың алғыс!

Сұхбат­тасқан –
Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір