ЕЛ ЕРТЕҢІ – РУХТЫ ЖАС
Еліміздің экономикасы ілгерілеп, қуатты мемлекетке айналу жолында «Amanat» партиясының үлесі зор, ізі айшықты. Биыл құрылғанына 25 жыл толып отырған бас партия ширек ғасыр ішінде ел ісімен етене араласып, сындарлы сәттерде сыр бермей, өзінің ел алдындағы жауапкершілігін бірден бір түсініп әрі орындап келе жатқан саяси ұйым.
Жуырда партияның мерейтойы құрметіне орай Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №20 кітапхана бөлімшесі мәнді де мағыналы іс-шара ұйымдастырды.
«Ер ертеңі – рухты жас» деп аталатын дөңгелек үстелге партияның аудандық филиал төрағасы Ордабаева Найля Алтынбекқызы мен Алматы қаласы мәслихатының депутаты Асия Аканова құрметті қонақ ретінде шақырылды. Мектеп пен колледждің жас мамандары мен кітапхана қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысқан кездесуде қонақтар партия мен жастар арасындағы қарым-қатынастың маңыздылығын, партия жанынан құрылған «Жастар рухы» жастар ұйымының жемісті жұмыстарын және маңызды бағдарламаларын айтып, сол бағыттағы жұмыстарға тоқталды.
– Расында да қазір ақпараты көп алашапқын заман. Керегі қайсы деп сараптап жатқан ешқайсымыз жоқ. Ол санасы солқылдақ жастар үшін өте қауіпті тіпті өкінтерлік жағдай. Сондықтан да ұрпақ тәрбиесі партияның күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Осы кездесуді сол мақсатпен өткізіп жатқандарыңызға ризамыз. Өсіп келе жатқан әр жеткіншек тәрбиелі, саналы болса, қоғам да ізгіленеді. Президентіміз айтқан «Әділетті қоғам» құруға әрқайсымыз үлес қосуымыз керек, – деген Найля Алтынбекқызы жастарға үлкен сенім арта сөйледі. Олардың пікірлерімен санасып, солардың ұсынысы бойынша түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастыру қажеттігін алға тартты.
Асия Айханқызы болса жастардың тиімді баспана алуына жағдай жасалған бағдарлама жайлы айтып, өзге де назардағы мәселелерге тоқталды. Осындай еркін форматтағы кездесулер көп нәтиже беретінін жеткізді.
Іс-шараны қорытындылаған кітапхана меңгерушісі Лаура Мәулітшәріпқызы келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің басшысы Мейрам Бектамбаевтың атынан «Алғыс хат» табыс етті.
Дөңгелек үстелдің модераторы журналист әрі «Сенімен болашақ» РҚБ өкілі Меруерт Мәулетқызы қанша жерден білікті маман, кәсіби қызметкер болсақ та адамдық, адамгершілік қасиеттерді жоғалтпай, бойымыздағы ұлттық рухты шыңдай білейік деген жетелі сөзбен іс-шараны аяқтады.
Медина ТҰРСЫН