ҚЫЗЫЛ ЖАЛАНЫҢ ҚҰРБАНЫ
13.12.2023
139
0

Мағжан Қазақ­станнан, Қызылжардан қалай, қашан кеткен?

…Мағжантанудың ұзын көшінің басында алаш көсемі Әлихан Бөкейхан тұрғанын айту парыз. Ол жер бетінде қазақ деген халық барын, бұл халықтың тәуелсіз болып, өз тағдырына өзі иелік жасауға құқы бар екендігін көрсете келіп, соның дәлелі ретінде Абай, Шәкәрім, Ахмет, Міржақып сияқты ұлы тұлғалардың қатарында Мағжанды да атап, оның:
Таң, күн деген жер жаны,
Бұл екеусіз жоқ сәні,
Оқу-білім ер жаны,

Жараспас ерге құр жаны, – деген сөздерін келтіріп, «Осындай ақыны бар, бір жерде тізе қосып отырған бес миллион қазақтың тілі қалай жоқ болады», деп тебіренеді. 20 жастағы ақынға Әлекең (Әлихан Бөкейханов) 1913 жылы-ақ осындай баға берген.
Мұхтар Әуезов айтатын: «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, елін ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын». Мағжанның алғашқы өлеңдерін жариялап, ақындық шабытын қанат­тандырған міне, осы газет.
Мағжанның ұстазы – өзге емес, Алаш көсемдерінің бірі Міржақып Дулатов. Оқушы Мағжан осы мұғалімнің қолынан «Оян, қазақты» қолжазба күйінде көрген. Оқыған. М.Дулатовтың ғана емес, қазір мақтан тұтатын, қазақтың тұңғыш романы «Бақытсыз Жамалдың» осы Петропавлда жазылып, жарыққа келуіне Мағжан куә.
Мағжанның өмірі мен шығармашылық өмірбаянында түрлі қоспалар, ойдан шығарылған, әлдебіреудің естеліктері сияқты жазбаларында жорамалдар көп. Мұндай ұлы адамдар туралы айтып қалғысы келетіндерді де түсінуге болар, бірақ ақиқат бәрінен артық. Осы жолдардың авторының жетекшілігімен 2018 жылы «Мағжан Жұмабай. Өмірі мен шығармашылығының шежіресі» деген атпен екі томдық зерт­теу еңбегі жарық көрген болатын. Сонда біраз шындықтың беті ашылған. Өкінішке қарай, қаражат жетпей, таралымы аз болды.

 
Мағжанның «Мен жастарға сенемін!» деген өлеңі 1918 жылы осы Қызылжарда шығып тұрған, қазақтың жастар баспасөзінің тұңғышы «Жас азамат» газетінің үшінші санында, бірінші бет­те басылған.
Смағұл Сәдуақасов айтып, ел аузында қанат­ты сөзге айналған: «Мағжан – қазақ жастары ой-санасының әміршісі» деген бағаның түп-тамыры, бәлкім, осы бір от­ты-жалынды өлеңде жатыр.
Үлкен тебіреніспен, жан толқынының қуатынан туған бұл жолдар қазір де, бұдан былай да «Мен қазақ ұланымын!» деген әрбір жастың жүрегіне жол тауып, буырқанған құлшыныс туғызарына сөз жоқ. Әнұран, шақыру, дабыл сипатында қайта-қайта «Мен жастарға сенемін!» деп келіп отыратын тегеруінді шумақтар көкірегінде сәл ғана шоғы бар жас сананы жалындататын арыны күшті көрік еді.
Мағжан – өмірінің аса бір шиеленісті кезеңі 1922 жылы-ақ басталды. Ұлты жоқ тексіз, «әлемдік пролетарлық революция» деген адамның ойына сыймас қиялды күйт­теген қайдағы бір жалаң аяқ пролетариат­тың диктатурасы туралы сандыраққа сенген тобырдың идеологиясының аясына сыймайтын Мағжандай алып ой иесіне ұлтшылдық деген қара таңба басылды. Мағжанның жазығы – жаңа ғасырдың көкжиегінен зор ақындық қуатпен жарқ етіп көрінуі еді. Мағжан тірі тұрғанда, оның өлеңі ел құлағында жүргенде ақынмын деп, өлең жазамын деп айту әркімге оңай болмаған. Бұл ақынның мысы өзге «өлеңшілерді» басып кет­ті, өнердің төресі –
өлең өлкесіне Мағжанды таптап қана өтуге болатын еді, ақындықтың дәрежесін Мағжаннан асыру керек еді. Міне, барлық жаланың тамыры осында жатыр.
Ол ұлтшыл еді. Онысына, жазықты да емес. Себебі Ахмет Байтұрсынов айт­қандай: «Құл болған халықтан туып, құлдықтың қорлық-зорлығын көріп отырып, қазақ қалам қайраткерлері қаламын ұлтының ауырын жеңілдету, ауруын азайту жолына жұмсамасқа мүмкін емес». Әлбет­те, көзі жаңа ашылып келе жатқан қазақ зиялылары, солардың ішінде, мысалы, Мағжан Жұмабайұлы «пролетариат диктатурасын» аяқ-қолын көтеріп қолдауы керек пе еді? Құлдықтан жаңа босаған қазақ халқының мұңын жоқтауы керек пе еді? Бүгінгі жас ұрпаққа біз осыны ашып түсіндіруіміз керек.
Мағжантанудың күрделі проблемаларының бір арнасы – Мағжанның өз кезіндегі басқа ақындармен, қайраткерлермен қатынасы. 1989 жылдан бергі қарай, сол шыққан үлкен жинаққа Әбділдә Тәжібаев алғысөз жазып, өз замандастары атынан тарих алдындағы кінәсін мойындағаннан бері Мағжан туралы бірқатар шаруа жазылып, басылды. «Мағжанға әркімнің-ақ бар таласы». Бұл заңды да. Мағжан туралы білгенін, естігенін өз дәрежесі, қарым-қабілеті деңгейінде әркім жазып жатыр. Бұдан былай да осылай бола бере ме? Мағжантанудың ғылыми деңгейін тереңдетіп, өрісін кеңейтетін уақыт келді. Құр тамсанып, таңданып, мақтай бергеннен, бұрын қалыптасып қалған жалған ұғымдарды қайталай бергеннен Мағжанның атына да, ғылымға да пайда жоқ.
Мағжан – өз халқының ел болып, еркін дамуын аңсады. Оның шығармаларының сара тақырыбы – қазақ ұлтының мүддесі, жырлағаны – қазақ мұңы. Ол бұл тақырыпты жырлап қана қойған жоқ, бүкіл дарыны мен өнерін салып сол тәуелсіздік үшін күресті. Туған халқының бостандыққа шығу жолын көрсетеді. Сол үшін мерт болды. «Оян, қазақ!» деп жар салған ұстазы Міржақып Дулатовқа үн қосты.
Ал билікті Кеңес өкіметі алып, Қазақ­стан автономиялы республика дәрежесінде отау тіккенде: «Алаш елінің бостандығы ешбір уақыт алаш мырзасының яки бірлі-жарым жолдастың бостандығы емес. Бостандық елдікі! Автономия елдікі! Автономия жолында малды, басты құрбан қылдым», – деп қазақ оқығандарының қайсының болса да айтуға хақысы жоқ… «Аязды күні айналған, Бұлт­ты күні толғанған, Құрығын найзадай таянған, Қу толағай жастанған» Ер қазақтың автономиясы, бұл!», – деп сонау 1921 жылдың қаңтарында жар салған Мағжан болатын. Міне, осыны айтуымыз керек бүгінгі ұрпаққа.
1920 жылы жазған «Жан сөзі» Мағжан әкесінен қарғыс алған соң, қаражат бермей қойған соң туған деген мүлде қате пікір, бәлкім, білместік. Бұл – ақынның өз тағдырына, өзінің алау жүрегіне деген нала сезімі. Өлеңді оқыған адам бұл жолдардың Мағжанның әкесі Бекмұхаметке ешқандай қатысы жоқ екенін көреді.
«Мұғалімдер семинариясын алтын медальмен бітірді» деп ойдан шығармаса да, Мағжанның беделі биік. Ондай медаль болмаған. Осындай ойдан шығарылған қисынсыз сөздер мағжантануға пайда әкелмейтінін бірнеше тұстан көреміз.
«Өмірбаянды» жазушылар «Алашорда» ат­ты партия құрылып…», деп сипай қамшылағанда «Алаш» партиясының, тәуелсіз «Алашорда» үкіметінің тарихи орнын көргісі келмейді «Алаш» мүшесі Мағжан – біздің рухани көсеміміз. Бүгінгі тәуелсіздік сол Алашорда идеясының жемісі.
Мағжанды «Бостандық туы» газетіне редактор еткісі келгендерді де түсіну қиын. Рас, бұл газет­ті, тіпті оның алғашқы нұсқасы «Кедей сөзін» де Мағжан өз қолымен құрды. Қазақ халқын тапқа бөле-жармау керектігін насихат­тап, көптеген мақалалар жазды. Ал партиялық газет­тің редакторы коммунист болуы керектігін, бесіктегі бала да біледі. Рас, түрмеде отырғанда «редактор болдым» деп өзінің түсінігінде жазғаны бар. Бірақ ол «бір шарапаты тиер ме екен?» деген тұрғыда, тергеушілерді сендіру мақсатында шарасыздықтан жазылған. Редактор болмаса да Мағжан деген атының өзі қазақ халқына жетіп жатыр ғой.
1922 жылы бір түнде Қызылжардан жылыстап, Мағжан Ташкентке бас сауғалап, пана іздеп барды. Алаш қайраткерлерінің арасына сіңді. «Ташкент­тегі кезін – ақын ретіндегі ең өнімді жылдар дегенде», зерт­теуші Ш.Елеукенов: «1922-23 жылдар Мағжан үшін Пушкиннің Болдино күзіндей жемісті болды» дегенде, қан жұтып, қайғырып, қуғын көріп жүрген Мағжан тағдырын түсінбеген. Ол шабыты шалқып, көңілі көтеріліп қалам тербеген жоқ. Асықты. Берерін беріп кетуге ұмтылды. Аз күн еркіндіктің мезгілі ұзақ емесін білді. Бәзбіреулер жазып жүргендей, Мәскеуге де оны Луначарский шақырған жоқ. Қазақтың кең даласына симай, «Сайында саяқ құрлы пана таппай» кетіп қалуға мәжбүр болды. Онда Әлекең (Ә.Бөкейханов) бар еді. Оқуды сылтауратып, бой тасалаған Мағжанның жағдайын түсіну керек еді ғой.
Бірақ өз қандастары оған Мәскеуде де тыныш таптырмады. 1924 жылы 24-қараша күні «әдеби сын» дегенді ұйымдастырып, жазықсыз жанды «итке талат­ты». Соның нәтижесінде 1925 жылы Мағжан кітаптары да тұтқындалды. Қызылжарда, мысалы, Ж.Тілеулиннің үйі де тінтілді. Міне, Мағжанның көргендері осы еді.
«Мәскеуде аударма жұмыстарымен көп шұғылданды» дегенде ақынды аудармашылық таланты тасып немесе саяси шабыты асып бара жатпаған-ды. Ол жансақтау үшін, қаламақы табу үшін «Шығыс» баспасының жоспарындағы шығармаларды алып, аударды.
1927 жылы елге оралу себебі де Қазақ­стандағы коммунистердің түртпегі мен өсегінің салдары еді. Оны Мәскеуге тұрғызбады. Міне, 1989 жылғы жинақтың соңына қосылған «Өмірбаянның» қасақана бұрмаланған жағдайы осындай. Осы қателік күні бүгінге дейін түзетілген жоқ.
Мағжан 30 жыл бойы неге ақталмады деген сұраққа жауапты Сәбит Мұқановтың 1960 жылы «Жұлдыз» журналының 8-санында: «Үміт Балқашевқа хат» деген үлкен мақаласынан табамыз. Сонда бәрі ашып айтылған. Екі қайраткердің арасына ара-ағайындықтың, жеңгетайлықтың керегі жоқ. Әр нәрсе өз заманында. Кезінде Мағжанды ақтап алуға бел шешіп кіріскен азамат­тар аз болмаған. Олар ҚазМУ-дың профессорлары Бейсенбай Кенжебаев, Хайролла Махмудов, Темірғали Нұртазин болатын. Тіпті қарт коммунист Әшімбек Бектасовтың Мағжанды жоқтап, компартия съезіне хат жазғаны үшін жазаланғанын да айтайық. Бірақ олар жеңіске жете алмады.
Мағжан шығармаларын орыс тіліне аударып, орыс тілді оқырмандардың пікірі арқылы табиғи түрде ақтап алуға ұмтылған Ілияс Омаров, Иван Шухов, Ахмет Жұбанов, Тахауи Ақтанов, Әнуар Әлімжанов, Александр Жовтис сияқты жүрегі адал, Мағжан сияқты асылдың қадірін түсінген азамат­тардың есімін ұмытпауымыз керек.
Мағжанның күнәдан пәк есімін өз халқына қайтару үшін беделін салған, билік орындарына хат жазып, дәлелдеген башқұрт азаматы Сәйфи Құдаш. Ал «Әдебиет үшін деген таңба айқын болмай, нәрлі әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалатын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін» деген Мұхтар Әуезов, Мағжанды Еуропаның әлем таныған ақындарымен қатар қойған.
Ғабит Мүсірепов: «…байшыл-ұлтшыл ақындар насихат­таған сарындама – социалдық романтизм емес. Ол сарындаманың жемісі Мағжанның «Батыр Баяны», «Ертегісі», «Түркістаны», «Жүсіп ханы» болатын. Сарындаманы ұсынған ұлтшылдар сарындай-сарындай аруаққа, жынға, Құдайға жалынатын мистикаға келген. Бұлардың бәрі қазақтың ескі хандық дәуірін үгіт­теп, қазақты баяғы таз қалпына шақырған, ұлтшыл-байшылдардың саяси сарыны болып шыққан» деп, 1932 жылғы баяндамасында айт­ты да, кейінде осынау жетесіз желіні одан әрі тарқатпай, тізгін тартуға азамат­тығы жет­ті. Сонысымен де Ғабең бүгінгі ұрпаққа қадірлі.
Жастардың есінде болсын, Мағжан Сәкенмен, Ілияспен, Бейімбетпен бірге сонау 1960 жылы-ақ ақталған болатын. Үш арысқа көрсетілген ғажайып құрмет­тің Мағжанға ұшығы да тиген жоқ. Аға ұрпақ ағаларымыз ондай батылдыққа бара алмады. Мағжанның есімі де аталған жоқ. Дәл қазір кімнің кім екенін тарих өзі тергеп, екшеп, шындығын шығарып жатыр.
Мағжанның шығармашылық өмірбаянындағы үлкен түйткіл оның 1922 жылдың күзінде Қызылжардан кетіп қалып, Ташкент­тен бір-ақ шығуы. Мағжанның бұл кетуі оның бүкіл шығармашылығының, кейінгі бүкіл өмірі күйреуінің басы еді. Қазіргі әдебиет­терде:
а) Әкесі Бекен Мағжанға Қызылжар қаласының ауқат­ты тұрғыны Қуанышбаев Дәулидің Жәмила ат­ты қызын айт­тырады. (Сонда 29 жастағы атақты ақын, басы бос, өзі көркем, орыс-қазақшаға бірдей, білімді Мағжан сияқты азаматқа әкесі қалыңдық іздеп пе? – З.Т.).
ә) Мағжан қалыңдығына бармапты, өзінен бірнеше жас үлкен Зылиқа деген жесір әйелмен беті ауған жаққа кетіп қалыпты.
Енді бір авторлар «Мағжанды Ташкентке Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұлов шақырып алып, оқытушылар институтына сабақ бергізіпті», деп жазыпты. Ұлы ақынның өмір жолын бұрмалап көрсететін осындай жалған мағлұмат­тар баспасөзден, кітаптардан көрініп, жастарды шатастырады. Сорлы азамат жаладан басын алып қашқан жоқ па?
Мағжан Петропавлдан, Қазақ­станнан неге кет­ті? Бұл сұраққа жауап беру үшін сол 1921-1922 жылдардағы Қазақ­станның қоғамдық-саяси, қажет­ті десеңіз, құқықтық жағдайын егжей-тегжейлі тексеріп шығу керек.
Өйткені, Мағжан сияқты көрнекті тұлғаның тағдыры, қызметі, шығармашылығы өзін қоршаған ортаның жағдайымен сабақтас, тамырлас болатын. 1922 жылғы көктемде Орынборда «Аштыққа ұшыраған қазақты қалай сақтап қаламыз» деген мәселе үлкен әңгіме болып жат­ты.
КазЦИК-тің саяси хатшысы Мұхтар Әуезов: «Қазақ­стан қазақсыз қалады», қырдағы қазақтар үшін ештеңе жасалмай жатыр деп дабыл қақты…
Петропавлдағы губерниялық «Мир труда» газетінің бетінде 1922 жылдың маусым айында Мағжан «Сарыарқадағы аштық» деген тақырыппен орысша мақала бастырды. Қазақ даласын жайлаған аштық туралы және қазақтың табиғи бітім болмысы төзімді екендігі, аштан қырылып жатса да, тұяқ серіппейтін момындығы туралы жария ет­ті, мемлекет тарапынан қазақ халқын сақтап қалу жөніндегі шаралардың мардымсыз екенін айт­ты. «…Сарыарқаның күйзелген күйін көрейік, күңіренген үнін тыңдайық…» деп үкіметке сөз тастайды. Осы арқылы Мағжан орыс тілді оқырманға, билік басындағы лауазым иелеріне өз халқының жағдайын түсіндіріп берді. Сол жылы май айының басында Мағжан Жұмабай Мұхтар Әуезовтің ұсынысымен «Аштарға көмек беретін губерниялық ұйым» бастығының орынбасары болып сайланып, белсене қызмет атқарып жатқан…
1922 жылдың күзінде кеңестер сайлауы өтетін болды. Көзі ашық, көкірегі ояу Мағжан бұл науқанның қазақ ауылдарына жақсылық әкелуін тіледі. Тіледі де, сайлаудың мәнісін түсіндіріп, губерниялық «Бостандық туы» газетіне «Сайлау» деген мақала жазып, бастырды. Онда қазақ даласында қазір ревком деп аталатын әскери билік орнағанын, бұл биліктің құрамына ешкім сайламаған, жоғарыдан тағайындалған өкілдер кіргенін, демек, олар жергілікті халықтың мұң-мұқтажын білмейтіндігін көрсет­ті.
«…Енді 15 августан қалдырмай губерниялық ревком таратылып, болыстық, ояздық һәм губерниелік исполкомдер құрылмақ болды. Екінші түрлі айт­қанда – губерниямыздың барлық ісі жоғарыдан белгіленіп, уақытша отырған адамдардың қолынан алынып, елдің өзі білетін, өзі сенетін, өзі сайлаған адамдардың қолына тапсырылмақ…» деп жазды Мағжан.
Осылайша, жаңа саясат­тан бейхабар отандастарын сайлауға белсене қатысуға, билік құрамына елдің қамын ойлайтын, жанын білетін, аузы дуалы, беделді, іскер де адал азамат­тарды сайлауға шақырды. Атап айту керек, бұл мақала өз қолымен қалыптастырған «Бостандық туындағы» Мағжанның ең соңғы қолтаңбасы.
Ертеңінде-ақ, орыс тілінде шығатын губерниялық «Мир труда» газетінің 1922 жылғы 8 тамыздағы санында губерниялық атқару комитетінің төрағасы Сабыр Шәріповтің (бүркеншік аты – Рибас) «Қазақ болыстарындағы кеңестер сайлауы» (К выборам Советов в киргизских волостях) деген мақаласы басылды. Тақырыбынан-ақ, көрініп тұрғанда, орыс болыстарынан қазақ болыстарын жеке бөліп алып, ұлт­ты кемсіткенін былай қойғанда, бұл нағыз жала, байбалам еді.
«Рибастың» ұраны кеңестер құрамына лайықты адамдар сайлау қажет деген сияқты көрінгенімен, басты тезисі «жергілікті билік орындарына бұрынғы алашордашылар сайланып кетпесін!» деп, жай жатқан елден жау іздеді. Атап айт­қанда, газет­тің кімдерді меңзеп, автордың кімдерге нұсқап отырғаны ертеңінде, 9 тамыздағы газет­те жарияланған «Алашордашыларға Кеңес ұйымдарында орын жоқ!» деген екінші мақаласынан көрінеді. Үзінді мынау:
«Қазақ интеллигенциясының көсемдері, буржуйлар мен кулактардың ұлдары, жалдаптары Жұмабаев, Тілеулин, Мұқышев, Сейітовтер, Итбаев, Тұрлыбаев, Жанайдаров, Нұралин кезінде Бөкейхановтың, Байтұрсынов пен Дулатовтың батасын алып, соңынан еріп, Колчак тұсында жауапты қызмет­тер атқарды. Біз еңбекші-кедейлер атынан мынаны мәлімдейміз: алдағы кеңестер сайлауында бұрынғы алашордашыларға, әсіресе олардың көсемдеріне бірде-бір дауыс берілмесін… Біздің жолымыз олардан бөлек. Оларға дауыс бергендер – еңбекшілердің, кеңес өкіметінің жауы саналады…» Осы жаланы көре тұра, жанынан қорыққан Мағжан Қызылжардан жылыстап кетуге мәжбүр болды.
Оны қаралаушы «Рибас» газет­тің кейінгі сандарында «Шарипов Сабир» деген атын ашық жазып, қол қойып, «Қазақ­станның шығысындағы революциялық қозғалыстар тарихынан» деген ұзақ жазбаларын бастырды. Оқып отырсаңыз, бұл жазбалар «Тар жол, тайғақ кешудің» орысша нұсқасы сияқты әсер қалдырады. Мұнда да «Тұрлыбаев, Итбаев, Жұмабаев, Сейітовтер, Жанайдаров, Мұқышев… алашорда көсемдері болғаны, олардың қазан төңкерісінен бұрын-ақ «кеңес өкіметіне (?) қарсы болғаны» айтылады. Өтірікте шек болмайды екен-ау. (Қазан төңкерісінен бұрын совет өкіметі болып па елі? – З.Т.)
…Қазақ автономия республи­касының құрылуын Мағжан қуана қарсы алды. Колчак үкіметі күшпен таратқан Алашорда өкіметінің қайраткерлері кеңестік жүйенің аясында да өз халқының игілігіне қызмет етуге бел байласты. Олар жаңа құрылыстың саяси бағытының қандай екеніне қарамастан, қазақ халқын отарлық езгіден құтқарып, ел қатарына қосуға жан сала атсалысты. Бірақ өзінің қазағы, шындыққа бармады, қызғаныш үстінде әлдекімдердің жапқан жаласына сеніп, өзінің Отаны оны сыртқа тепті, басын жойып тынды…
Қай жерде, қай өлеңінде, қай жинағында Мағжан социализмге, кеңес құрылысына, большевиктік партияға ашық қарсы шығыпты? Халықты, тіпті өз оқырмандарын дейікші, совет үкіметіне қарсы қалай үгіт­тепті? Мысалы, осы жолдардың авторы ондай үгіт­ті Мағжанның өлеңдерінен таба алмадым. Сіз де таба алмайсыз, құрмет­ті оқырман. Өкініштісі – сол…
Ал әркім өзі жеткен деңгейде, арамдық ойлап, қастық пиғылмен сығалай қарап көрсе, бәлкім, «тауып қалар». Бірақ ол тапқаны қылмысты жауапқа тартуға, жазғанын бастыруға тыйым салуға негіз бола қояр ма екен? Бұл туралы қысқа өмірі үзілуге таяғанда шырқыраған үні мынадай:
«Жау» деген – жаудың жаласы,
Әділ болсаң, өмірімді
Ақтарып, әділ қарашы.

Отыз жыл өмір бойында,
Жазғанымды жайып сап,
Екі жар ғып санашы.
1922 жылы Мағжан өлеңдерінің жинағын ақын Бернияз Күлеев құрастырып, алғысөз жазып, Қазанда басып шығарды. 1923 жылы белгілі қаламгер және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың алғысөзімен Мағжан ақынның үшінші кітабы Ташкент­те басылып шықты. Ал осы жинақтың тағдыры Мағжан басына қара бұлт­тың ерте-ақ үйірілгенін көрсетеді…
…Солтүстік Қазақ­стан облыстық архивінде мынадай құжат сақталған. Орыс тіліндегі түпнұсқасы қазақшалағанда, мазмұны мынадай:
«Өте-мөте құпия. Ақмола губерниялық Литосына (кеңестік баспасөз цензурасының бүркеме атауы – З.Т.).
Қолда бар деректерге қарағанда Ақмола губерниясында Мағжан Жұмабаевтың қазақ тіліндегі өлеңдер жинағы таратылған. Басылым Түркістан мемлекет­тік баспасынан 1923 жылы шыққан, Түрклито рұқсатының №29.
Осы кітапты айналымнан алып, жиналған даналарын арнайы нұсқау берілгенше сақтап қойыңыздар. 21-наурыз 1925 жыл».
Қызылжардағы Лито (цензура) бастығы мынадай бұрыштама қойған.
«Иванов жолдасқа: тез орындаңыз, алдымен Қазпедтехникумнан, ауыл шаруашылық мектебінен және кітапханадан, сонан соң Тілеулиннен, алыңыз.
21. ІІІ. (қолы)».
Хат соңында тапсырманың орындалғаны жөнінде: «Сообщено в Кирлито в докладе за март. 17. ІҮ. Иванов, губинспектор по печати и зрелищ», деген жазу бар…

 

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
Қазақ­станның еңбек
сіңірген қайраткері, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір