ҚҰНАНБАЙ – ЖАҚСЫ ҚАЗАҚ
19.07.2024
318
1

Құнанбай туралы әңгіме көп. Ақиқат пен аңыз араласып кеткен. Тұлға тағдыры солай болатыны шындық. Өсіріп айту, әсірелеп айту, ғайбаттап айту секілді «айтулар» да жеткілікті. Мұхтар Әуезов «Абай жолының» бірінші, екінші кітаптарында Құнанбайға «шаң жолатпаған». Үшінші кітабында «Жақсы Құнанбай» деп баға берген.

Құнанбай – Абайдың әкесі, Шәкәрім қажының атасы. Бұл – айы­рықша айтылатын құбылыс.

* * *

Мәселе осылай болғанда, Құнанбай туралы сөз қалай басталмақ?
Бірінші сөз. Құнанбай – дара тұлға.
Екінші сөз. Құнанбай – ақын, ойшыл Абайдың әкесі.
Кейінгі кезде Құнанбайдың образын, тарихи портретін жасауда әдебиет және өнер саласында Құнанбайды жеке-дара дәріптеу аңғарылады.
Мұхтар Омарханұлы Әуезов болса, Құнанбайға Абайдың өлшемімен келген. Ол Құнанбайдың образын Абай арқылы ашқан. Бұл керемет және ешқашан өзгермейтін шындық.

* * *

Кеңес заманында «Абай жолын» терең түсінбеген әдебиетшілер Құнанбай мен Абайдың арасынан бітіспейтін қақтығыстар тапты. Олары қате еді. Мен «Абай жолы» романын 4-5 рет қайталап оқып шыққан адаммын, бірақ ешбір жерде Мұхтар Әуезов Абайды әкесіне не әкесін баласына қарсы онтогонистік тұлғалар етіп баяндамаған. Мәселе мында:
Құнанбай – өз заманының адамы. Құнанбай – дәстүрлі қоғамда туып, өсіп-өнген тұлға. Оның сөзі мен ісі – өз заманының мінез-қылықтары.
Абай болса – жаңа заманда өсіп-өніп келе жатқан тұлға. Оның сөзі де, ісі де әкесінен өзгеше болуы – табиғи жағдай. Бұл жерде ешқандай қайшылық жоқ. Керісінше, Абай әкесін өнеге тұтып, ұстаз санайды.
«Абай жолы» романында Құнанбай мен Абайға қатысты мынадай жолдар бар: Құнанбай баласы Абайға: «Сен оқыдың да, білім алдың, ұстаз көрдің. Біз надан өстік. Бірақ сол білімің жұрт алдында ата сыйлауды неге білдірмейді саған? Көп көзінше таласып кеп, әкеңді сүрінткенде не мұратқа жетпексің?» (394 б.). Білімнің ата сыйлауға қауқары жетпесе, ол не білім? Құнанбай дұрыс айтып отыр. Дәстүр бойынша атаның алдынан шығу – әдепсіздік. Көптің алдында әкені сүріндіру қандай білім? Ол жақсылық нышаны емес.
«Ол кінәңіз орынды. Айып менде екені рас. Ғафу етіңіз!» – деді. (394 б.)
Байқасақ, жеңіс Абай жағында емес, Құнанбай жағында. Әкеге қарсы шығу білім бе?
Құнанбай Абайға сабақ берді.

* * *

«Абай жолы» романында Мұхтар Әуезов Байдалы, Қаратай, Бөжей, Байсал бәрі Қаумен үйінде түстеніп отырғанда «Жақсы кім?» деген сөз шығып қалады. Оған Қаратай: «Жақсы – Құнанбай», – деп жауап қайырады («Абай жолы», 3-кітап, 173-174 б.б.).
«Абай жолы» романында жақсы деген сөз екі адамға ғана қатысты айтылған. Бірі Құнанбайға, екіншісі Абайға қатысты.
Бұл – Мұхтар Әуезовтің Құнанбайға және Абайға берген бағасы. Кейінірек «Абай деген жақсы шығыпты» дейді романда («Абай жолы», 2-кітап, 446 б.).

* * *

Мұхтар Әуезов осы жағдайды романда жан-жақты бейнелеп баяндаған.
Жазушы хакім Абайдың әкесінің портретін жасаған. Бұл өлшем үнемі сақталуы керек. Құнанбай – Абайдың әкесі. Осы басты құндылық. Мұхтар ­Әуезов әлемге Абайдың әкесінің образын ұсынған. «Абай жолы» романының бірінші, екінші кітаптарының басты кейіпкері – Құнанбай.
Кейінгі кездерде Құнанбай образын, Құнанбай туралы тарихи деректерді баласы Абайға қатыссыз жеке-дара қарастыру салты аңғарылады. Ойлаймын, Құнанбайды Абайдан бөліп қарастыру дұрыс болар ма екен?!
Басымдылық қай жағында – Құнанбай тұлғасы ма? Жоқ әлде, оның Абайдың әкесі болғаны қажет пе?
Осы мәселеде жазушы Мұхтар Әуезов Құнанбайды Абайдың әкесі ретінде бейнелеген. Осы бағыт дұрыс. Қажеттілік Құнанбайдың Абайдың әкесі болғанында.
Құнанбайды жеке-дара қарастыру қандай шындыққа бастайды? Ойлану керек!

* * *

Бүгінге Құнанбай образының қажеттілігі неде?
Біріншіден, ол – ақын, ойшыл Абайдың әкесі.
Екіншіден, қазақтың дәстүрлі қоғамының абызы.
Үшіншіден, Тобықты қауымы, жұртының, елінің көшбасшысы.
Төртіншіден, сөзі, ісі өнеге болатын шешен.
Бесіншіден, Құнанбай – қалай десек те, дәстүрлі қоғам мен жаңа қалыптасып келе жатқан қилы заманның арасындағы көпір, өткел.
Алтыншыдан, Құнанбай образынан біз қазақ халқының мұңлы тарихын айқын аңғарамыз.
Жетіншіден, Құнанбай – баласы Абайға сабақ бере отырып, оның ақын, ойшыл болып қалыптасуына ұстаздық еткен тұлға.

 

Ғарифолла ЕСІМ
академик, жазушы

ПІКІРЛЕР1
Аноним 20.07.2024 | 20:40

Жалықпайды екенсіңдер! Қонақ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір