МЕН ҚҰШҚАН ГҮЛ ӨРТЕНГЕНДЕ…

Ерік НАРЫН
Өртен десең өртенейін,
Бөтен емес жалын да,
Мен о баста-ақ жаралғанмын жануға!
Оттан ерек құбылыс ем Күн тектес,
Ұзақ төзіп жүре алмадың жанымда!
Мен сыйлаған құшақ гүлдер
құшағыңда жанатын,
Жап-жарық боп кететін-ді қара түн.
Оттың тілін, оттың мұңын ұғатын,
Жер бетінде жалғыз ғана бар ақын!
Отқа төзу қиын білем
Артар өкпе жоқ менде,
Жараң үшін кеудемнен кеп соқ, терге.
Соққылай түс зар, өксігі қозғалып,
Жанартау боп жарылсыншы от кеуде!
Жарылсыншы, босасыншы
Соққылай түс, жаным-ау,
Мен лапылдап жанған жердің бәрі – дау!
Күллі мұңлық еріп кетсін соңымнан,
Оттың жолы ауыр да һәм жарық-ау?!
Мен құшқан гүл өртенгенде
тағдырымды түсінгем,
Түсіндім де кінәладым ішімнен.
Оттың бәрі жалғыз екен ғұмырда,
Кінәлімін от болғаным үшін мен!
* * *
Қыздың бетін ең алғаш өпкен күнім,
Ғашық болып алғаш жыр төккен күнім,
Сонау сәби кеудеме алау жағып,
Жасылындай сәуірдің өткен күнім.
Уақыт өтті.
Мен сүйген ерін қанша,
Жүректе өшкен сезім мен сенім қанша.
Өлең жазып жүрер ме ем дәл осылай,
Сол бір күннің жарасы жеңіл болса.
Сол күн соққан жүректің үні ме – өлең,
Сол сәуірдің үзілген гүлі ме – өлең?!
Алғаш сүйген жүректің үнін аңсап,
Өз деміме өртенем түніменен.
КЕЛІНШЕК
Айтылмаған артында жыры қалып,
Нұрлы жүзін қайғының сұры жауып.
Жолға аттанып барады жаз-келіншек
Жасыл түсті кілемін буып алып.
Шошыды ма айқайдан, жарылыстан,
Жалықты ма дүрбелең, сабылыстан?
Алды-артына қарамай кететіндей,
Көрсетті ме қарасын сары мыстан?
Ақ сәуледен жаралған һас бегімдей,
Бара жатыр көзінен жас көрінбей.
Қара бұлттар торлады көк аспанды,
Дуаланған мыстанның әскеріндей.
Келіншектің жүзі мұң, жаны жадау,
Жылынар ма мұңдардан жағып алау?
Жаурап жүріп аяз бен борандарда,
Көктемді іздеп тағы да сабылады-ау!
Кең жалғанның сыя алмай шекпеніне,
Көктемді іздеп осылай кеткені ме?
Бұл өмірден қанша жан өтті екен-ау,
Сағым болған жете алмай көктеміне?!
Жәутеңдетіп көздерін нұрға ғашық,
Елжіретіп жүрегін мұңға ғашық,
Бала Ерікті өңгеріп арқасына
Бара жатыр келіншек қырдан асып.