ҚАНДАЙ БАҚЫТ ЖОЛДАР ҮМІТ ЖАЛҒАСА…

Мерей ҚАРТ
Ағай
Күз көзінен,
Қыз көзінен,
мөп-мөлдір мұң моншақтап,
Ағай! – дедің,
Аға! – дедің,
құшағымнан алшақтап.
Нәзік үміт және
менің жан-жүрегім секілді,
Суық желден
жапырақтар дірілдейді
жан сақтап!
Бұлтсыз аспан…
Пәк көңілім, бір-ақ сәтте түнерді.
Оңымыздан қырсық шалып,
Соңымыздан мұң ерді.
Екі кеште,
Екеуміздің арамызды оп-оңай,
«Ағай» деген бір ауыз сөз
алыстатып жіберді.
Содан бері, «Ағай» болдық…
Қалай болдық есте жоқ…
Ілеспейміз,
Қосылмаймыз қызық-думан көшке көп.
Қызылкүрең іңірдей боп, шыққан шайды сораптап,
Отан жайлы,
Өмір жайлы жыр жазамыз кестелеп.
Өмір де – сол.
Дүние де – алтын-сары жалған күз.
Арбаламыз,
Алданамыз,
Бақыт күтіп алдан біз!
Қай шаhарда,
Қай гүлзарда,
Қай мекенде жүр екен,
Қарт Мерейдің көңілінде жап-жас болып қалған қыз?!
Қарлығашым
Қарлығашым, келсеңші ұшып маған,
Мекенім – сол ауыл-бақ!
Мына жалған – жыланкөз,
мысықтабан…
Жүрейін қорғауылдап.
Қарлығашым, ұқсайды долы күзге,
Дүние — қырғи-тырнақ.
Басы аян ғұмырдың соңы бізге
Беймәлім, кілең жұмбақ!..
Қарлығашым, аңдап ұш, абайлап ұш,
Тіршілік — құрылған тор.
Қырсық құрғыр, әлсізді маңайлағыш.
Күдік те бір ұрған сор!
Жылантекті қатердің де тілі – айыр.
Құлқынның араны кең.
Бірі – сойыл, тағдырдың, бірі – дойыр,
Отайды орағымен!
Қарлығашым, қақсаңшы қанатыңды!
Қинайды мені де мұң!
Жарқанат ой кезеді қара түнді,
Шыққанша көгіме Күн!
* * *
Бал ұсынған, ал бірде у ұсынған…
Жалған.
Сусып кете беретін уысыңнан…
Арман.
Тыныштық жоқ, тұрса да бағың қонып.
Күдік.
Ой ұшында көрінген сағым болып…
Үміт.
Бір жабырқап, бір күліп, бір мұңайған…
Сезім.
Жаратылған о баста Күн-Құдайдан…
Өзің!
Келмей-тұғын тұсауға, күрмегенге…
Уақыт.
Ұшып кетер, қадірін білмегенге…
Бақыт.
Есің шығып шаттықтан,
көз ілмесең!..
Сүю.
Ішке түскен өртті де сезінбесең…
Күю.
Көп адасып, жол тапсаң жаңылыспай…
Мұрат.
Ой қиналса ес іші, алып ұшпай…
Сұрақ.
Елің үшін қинала өлеңдетсең…
Ғұмыр.
Құлағыңды әр неге елеңдетсең…
Күбір.
Күн көзінен төгілген нұр секілді…
Көңіл.
Жүрегіңнен төгілген жыр секілді…
Өмір!
Алматы және қыс
Жылы жүрек!
Күзгі пальто үстімде.
Қандай бақыт жолдар үміт жалғаса…
Алматыға түспейді екен қыс мүлде,
Жапалақтап қар жауғаны болмаса.
Күндіз-түні көше кезген ел ізі…
Кептеліске кетті менің көп есем.
Алматыға қыс келмейді, негізі,
Жылы жаққа құстар қайтты демесең.
Бұл қалада шаттық сынды мұң-сезім…
Ғашықтықтан қалдық талай тілсіз де!..
Алматыда қыс болмайды. Шын сөзім.
Жайнай алар, жапырақсыз, гүлсіз де!
Алатаусыз бұл шаhардың сәні не?!
Кездерім-ай Көктөбеге көп түнер!
Алматыға қыс жетпеді әлі де,
Шаңғы теуіп жүр демесең ептілер?!
Махаббаттан масайраған,
Жоқ есі.
Мына шәрдің шамы қашан сөнеді?
Алматыға қыс түспейді!
О несі?!.
Көзі көктем — сұлулар көп себебі!
Мен және сен
Мен — теңіздің толқыны,
Сен — құрлықтың мүйісі.
Мен — қара күз салқыны,
Сен — көктемнің иісі.
Мен — құзар құз ұшымын,
Сен — шыңдағы шынарсың.
Мен — еркіндік құсымын,
Сен — биікке құмарсың.
Мен — жарқ еткен жасынмын,
Сен — қызыл Күн кірпігі.
Мен — басталған ғасырмын,
Сен — бақыттың бір түрі.
Мен — дауылмын түнерген,
Сен — бейкүнә тыныштық.
Мен — даңғыл жол, түреңнен…
Сен — тәтті сәт тым ыстық.
Мен — тумаған әуенмін,
Сен — суретсің салынбас.
Мен — ашылмас әлеммін,
Сен — қамалсың алынбас.
Мен — үміттің айнасы,
Сен — сағыныш сағымы.
Мен — бүр атқан ой басы,
Сен — түйсіктің танымы…
Мен — ғашықтық дертімін,
Сен — таптырмас дауасы.
Мен — адалдық сертімін,
Сен — жүректің жарасы.
Мен — Тәңірдің демімін,
Сен — өмірдің жырысың.
Мен — ғұмырдың желімін,
Сен — ғаламның нұрысың.
Қоңыр күз —
көктемнің бір түрі
Көңілде көктеген гүл тірі,
Бір бөлек бұл — әлем!
Қоңыр күз — көктемнің бір түрі,
Әр көше — бір өлең!
Сүю ғой – өмірдің шіркіні,
күйбеңнен ауаша.
Қоңыр күз — көктемнің бір түрі,
мұңайған оңаша.
Жүректің жиілеп бүлкілі,
маздайды, жанып іш.
Қоңыр күз — көктемнің бір түрі,
Бір аты — сағыныш!
Дірілдеп қызыл Күн кірпігі,
Әуеде – жыр керуен.
Қоңыр күз — көктемнің бір түрі,
бояуы түрленген.
Көзімде – жай оты, бұлт үні,
Сағым-мұң арылмас.
Қоңыр күз — көктемнің бір түрі,
тағдырлас, тамырлас!
Құсойнақ
Ең сұлу аруды құшқандай,
Ерекше күй кештім.
Тіршілік – тәтті жыр, құстаңдай,
Қызығып, сүймес кім!
Қызғаныш құстардан дарыған,
Қайтемін қамығып.
Ал бірақ күз келсе зарығам,
Көктемді сағынып.
Шіркін-ай, құстардың бал айы,
Оятты құштарды.
Ертістің гүл жайнап маңайы,
Лағыл түн қысқарды.
Үмітім жап-жарық шолпаннан,
Құс жолы – қиялым.
Шік түсіп тыңдаймын, шалқамнан,
Аспанның күй, әнін!
Қауырсын қанатты туыстар,
Жүрегім ұядай.
Табиғат – сендермен тыныстар,
Тартыңдар қиялай…
Кейде мен
Кейде мен —
Суы тартылған өзеннің арнасындаймын,
Ішім тұрады аңырап.
Кейде мен —
Теңіздің толқын жалғасындаймын,
жағаға келген жамырап.
Кейде мен —
төмен тартатын шыңырау шатқалындаймын,
Түнек төнеді төбемнен.
Кейде мен —
Аспанның жұлдыз-шоқтарындаймын,
жарқ еткен нұрлы әлемнен!
Кейде мен —
Бетбақдаланың қаңсыған құм-
сорындаймын!
Кенезем кеуіп тұрады.
Кейде мен —
таулы өлкенің сел-нөсер, бұршағындаймын,
қанғанша жауар құмары.
Кейде мен —
құйындай ойнап, дауылдай аласұрамын,
ұшқынын шашып үміттің.
Сондықтан болар жанымның наласы
қалың…
Арылтар кім бар?!
Күдікті!..
Кейде мен —
шу асау сынды тулаймын,
бауырға алып,
ер-тоқымын ескі-тоз…
Кейде мен —
мауқымды басам ауылға барып!
Қарияларға да ескі көз!..
Кейде мен —
сурет саламын, музыка ішімде ойнап!
Өлең тұрады көңілде!
Кейде мен —
Өңімде солғын жүремін, түсімде
жайнап…
Құдайдың түсі — өмір де!
Мені біреу…
Мені біреу шын түсінсе ертерек,
Сен түсіндің, жалғызым!
Емін тауып, ебін тауып еркелеп,
Еріткенсің жан мұзын.
Мені біреу күтсе сонша көз ілмей,
Сен күттің ғой, зарығып.
Ғұмыр бойы сөйленбеген сөзіңдей,
Көзіңдегі әр үміт!..
Мені біреу шын сағынса, сарғайып,
Сен сағындың, шынайы.
Паромдар да, кісі толы әр қайық,
Бос келеді ұдайы.
Мені біреу ойлап жатса таң асып,
Сен ойлайсың, тағатсыз.
Құшасың көп, қиялыңнан бал ашып,
Ұшасың кеп қанатсыз!
Мені біреу жиі көрсе түсінде,
Сен көресің, сүйсініп.
Алай-дүлей құйын ойнап ішіңде,
Оянасың түйсініп.
Мені біреу мақтай қалса, сезем мен,
Сен мақтайсың, асыра.
Таудан биік, өр қыласың өзеннен,
Шаң қондырмай шашыма.
Мені біреу сүйсе егер мәңгілік,
Сен сүйесің, шүбәсіз!
Көңілде жоқ селкеу түгіл, сәл күдік.
Ғашық адам — күнәсіз!
ПІКІРЛЕР2