АҚИҚАТШЫЛДЫҒЫНАН АЖАЛ ҚҰШҚАН АҚЫН
16.12.2023
275
0

Сонымен, Сартай батыр мен ол бастаған мың бала тарихы ел жадында жаңғырып, бүгінгі һәм ертеңгі ұрпаққа ең бір үлгілік һәм өнегелік ескерткіш болып қаларына көз жеткізгендей болдық. Фильм де түсірілді, кітап та шығарылды, алып ескерткіш-композиция да қойылды. Осы игілікті істің ең алғаш бастауынан ақырына шейін басы-қасында болғанымызға да қуаныштымыз. Ал 15-16 жас аралығындағы мың баладан жасақ құрып, ел қорғаған Сартай батырдың, қартайғанда Сартай би болған бабамыздың ел есінде мәңгілік сақталуына ең алғаш дәнекер болып, сол үшін қара басын құрбандыққа шалған шайыр Нұрмағамбет Қосжановтың (өзінің айтуынша, Бөлебай баласы) ел есінен шығып бара жатқан зәбір мен заһарға толы қыршын өмірі хақында бүгінгі жас ұрпақ түгіл, азды-көпті тарихтан бірен-саран хабардар екі қарияның бірі біле бермейді.
Иә, адам тағдыры бір Алланың қолында, соның жазуы болады дейді ғой. Әлем діндерінде оны жазмыш дейді. Құдай кешірсін, бірақ кейде сол адамдардың ішінде сол жазмышыңызға қолын бір сілтеп, бақытын да, сорын да өзі жасап алатын не әуейі, не екі естілеу дерлік ақын деп аталатын бір шоғыр жұрт та бар екені рас. Қарап отырсаңыз, кешегі Кеңес заманында атақтан атақ, сыйлықтан сыйлық алып, атышулы ақын атанып, биліктің қамқор қанатының астында қарһәлләзи ғұмыр сүріп өткен бірнешеуінен басқа ақын атаулының көпшілігі өмірдің уы мен зәрін қатар татып өткені тағы шындық. Оған да сол байғұстардың жазмышқа көнбей, тек өз жүрегінің айтуымен жүрем деп атақ, сый-сияпат алмақ түгіл, бірі атылып, бірі асылып кеткенін көріп те, оқып та жүрміз. Әйтпесе…
Әйтпесе, осы күні қазекеңдер арғы-бергі ата тарихында болған бір ғана дұшпан деп ойлайтын жоңғармен соғысқан 15-16 жасар мың қаралы баланың қолбасшысы кейін орыс отаршылдығына қарсы шайқасқан Сартай батыр туралы дастан жазып, көпшілікке мағлұмдағаны үшін атылып кеткен Нұрмағамбет ақын да «Күнсіздерге күн болғандарды» жырлап та, жырғап та жүре бергенде, қырықтың қырқасына шықпай жатып бақилық болар ма еді?! Алайда, олай етуге онсыз да әуейі, күнкөріс қамына қабілетсіздеу, ақпа-төкпе аңқылдақ, әрі ар-намысын кіршік шалмаған шайырлық пәкизат жүрегі ырық бермеді. Сол жылдары ел ішінде ас та төк молшылық болып жатпаса да, үйлену тойы, бесік тойы, ата-бабаға ас беру сияқты қоңторғайлау жиын-думандарда жыраулар Едіге, Қарасай-Қази, Орақ-Мамай, Ер-Тарғын, Қамбар батыр жырларын жұрт алдында шырқап, халықтың қағажуды көп көріп, қабаржып жүрген көңілін көтерген болып жататын еді. Бірақ солар
Жақайым Байжан бидің баласы Сартай батыр хикаясын біле тұра жырлауға да, ауызекі әңгіме-қауға қылуға да бара қоймайтын. Өйткені, Сартай батыр 15-16 жастағы мың қаралы боздақтан қол құрып Әбілхайыр ханның ғаскеріне қосылып, жоңғарға шапқаны айтылса да, кейін есейіп, аузы дуалы ел ағасы, би атанған шағында қазақ даласына орыстардың кеулеп кіріп келе жатқанына, одан әрі Ресейдің отарлау саясатын ерте ұғынып, бірнеше мәрте шайқастар өткізгені, шебер әскери қолбасшы, полковник Гарбердің мың қаралы жасағын тас-талқан қылып, өзін тұтқынға алғаны мәлім болғандықтан Сартайдың атын айту да қауіпті еді. Ал ол туралы дастан жазу өзіңді ажалдың аузына алып барудан басқа ештеңе емес-тұғын. Міне, Нұрмағамбет қасқаңыз осыны білді, біле тұра тар кеудесіндегі торғайдай ғана жұмыр еті ақиқат­ты айт­қызбай қоймайтын ауру-әдетімен ақыры Сартай туралы жазбасына қоймады.
Тағы бір таңғаларлығы оның бұған шейін жазған «Нәріктің ұлы – Шора» дастаны да сол кез­дегі кеңестік орыстың саясаты үшін нағыз сорақылықтың өзі болатын. Өйткені оның басты кейіпкері Кіші жүздің Тама руынан шыққан,
Мен Қазанға барғанша
Қара жерге қар жаусын.
Мен Қазанға барғасын,
Қар жаумаса, қан жаусын, –
дейтін Шора батыр Нәріктің ұлы да сол заман тілінде «кәпірлерге қарсы» соғысқан-тұғын. Ал ол кез­де «кәпір» десең, орысты айтып тұрғаның.
Иә, Нұрмағамбет 30-жылдардың бастапқы сәтінен-ақ басталған, ақыры 4 миллиондай қазақты қырғынға ұшыратқан саяси қуғын-сүргіннің алғашқы құрбанының бірі болды. Нұрмағамбет Қосжанов орыс халқына қосылуымызға қарсы болған «Сартай деген қарақшыны дәріптеп, өлең жазып жүр» деп жеткізген де өзімен таныс-біліс, кәдімгі саяси «қырағы» қазекеңнің бірі екен. Сөйтіп, ақынды талтүсте қолына кісен салып, бес жылға айдатады да жібереді. «Жазықсыз жазасын» өтеп келгесін өзінің өмірі туралы айта келіп:
Айдауға кет­тім бес жылға,
Күнәм не? Ол – бір білмесім.
Айналып келдім саламат,
Санаулы болып күн-кесім, – дейді.
Нұрмағамбет ақын өмірінің осы бір кезеңіндегі өлеңдерімен құрдасы Ахметуллаға жазған хатына қарап отырып, оның жалған дүниеге деген перзент­тік көзқарасын, әсіресе халқымыздың ұлт­тық тағылым-тәрбиесіне тән мәдениет­тілікті, инабат­тылықты, ар-ұят­ты қастерлейтін нағыз үрзада жүрек, бейкүнә жан екенін көзбен көріп, қолмен ұстағандай боламыз.
Иә, ол Кеңес түрмесінен сау-саламат үйіне оралса, Құдай қосқан қосағы Қоңырша бес жылға сотталған ерінің келер-келмесіне дүдәмалдау болып, басқа біреудің етегінен ұстап кеткен екен дейді. Отыздың бел ортасына енді ғана келіп, жастық шағы тағдырдың таяғынан беті қайтыңқырап қалған ақын енді өзіне ғұмырсерік боларлық жар іздей бастайды. Бірақ сексеннің сеңгіріне шығып алып, төсек жаңғыртпақ болып, жалақтап тұратын кейбір ақсақалдарша жұртқа жексұрын болмайын деп Ахметулла деген ең жақын жан досына жазған хатында былай дейді:
Хат жаздым Ахметулла саған арнап,
Жігітке арнаулы сөз болар салмақ.
Қадірмен құрдасымсың, Ахметулла
Құшақтап көрісетін арсалаңдап.
Қатарым, құрдастарым,
құрбыларым,
Болатын бірің – қақпа,
бірің – шарбақ.
Мақсұтым осы күнгі ойлап жүрген
Өзі жас, түсі тәуір аял алмақ.
Кеш қалмай ел-есепке
кірсем деймін,
Асығыс мінезім бар қалбалақтақ.
Қырықтың қырқасына
келіп қалдым,
Жүруге уақыт жоқ сұлу таңдап.
Қатарым қадам бассам, «қате» дейді,
Баспасам, аяғымды аңдап-аңдап.
Міне, осы бірнеше ғана жолға ақын өзінің тағдырын да, сәл күйгелектеу мінезін де, жасы 40-қа толмаса да ұлт­тық әдепті, ар-ұят­ты, ұлт­тық тәрбиені көкірек көзі ашық кім-кімге де бір-екі ауыз сөзбен жеткізіп-ақ отырған жоқ па?!.
Нұрмағамбет – адам жаны мен оның сырт келбетіне де өте сезімталдықпен қарайтын сергек суреткер. Соған анық көз жеткізгіңіз келсе, осы өлең-хат­ты ары қарай оқып көріңіз. Иә, ел кезіп, ауыл аралап, қатын іздеп, жұрт көзіне жөнсіз іліккісі келмей, өзіне лайық жар табуды құрдасына әрі аманат, әрі уәзипа қып тапсыра келе ол сөз арасында өзінің ер баласы жоқ, жалғыз Фируза деген қызы бар екенін, оның да жаратылыс заңымен жат-жұрт­тық болып, күндердің күні болғанда өзінің жалғыз қалатынын, ал жалғыздық Аллаға ғана жарасатынын, шаңырақ көтергісі келетінін, болашақ жарым мынадай болса екен дей келіп:
…Асығыс апыр-топыр іс болмасын,
Пайымдап, алып қара бойын талдап:
Болмасын өзі сары, көзі көкшіл
Және де жарқабақтау, қалың етшіл.
Жайдары, жазық маңдай
әйел болсын,
Болмасын тік сөйлейтін, өзі кекшіл.
Болмасын көбікауыз сапырмайым,
Кейде өкпе, кейде төкпе алмағайым.
Орнықты, орта мінез әйел болсын,
Қызығып, кісі ішкендей
құйған шайын.
Саналы, сараң сөзді болса деймін,
Жауаптың әр сауалға білер жайын.
Дос сырын, дұшпан көңілін
ішке сақтап,
Ерінің көтеретін абыройын.
Болмасын жүрісі ерсі алшаңдаған,
Әркімге жыртыңдаған, жалтаңдаған.
Нан шайнап жұрт алдында
аузы талып,
Түйеше жантақ шалып тарпаңдаған.
Әйелге жарасымды жүріс керек,
Жәй басып бала қаздай байпаңдаған.
Мінезі арқандаулы ат­тай болсын,
Тізгіні ер басына қаңтарылған.
Болмасын кербез-науқас
ыңқылдаған,
Және де өте жуас мыңқылдаған.
Қарамай барлы-жоқты жағдайыңа,
Мезгілсіз тауып бер деп қыңқылдаған.
Бір нәрсе қапелімде болса кеміс,
Мүлкіңе «көк тігілгір» деп
бұрқылдаған.
Көк қармап, ауа басып тұрса сөйлеп,
Жинап ап бозбаланы жылтыңдаған.
Көңілдің шайтанына болсын берік
Нәпсіге ере бермей қылтыңдаған.
Болмасын сулы мұрын, жарлы қабақ,
Кір және сіркелі бас, алты балақ.
Ағайын келген-кеткен ас ішпейді,
Жуылмай тұрса үйіңде аяқ-табақ.
Келгенде құрбы-құрдас қаумаласып,
Отпасын теріс қарап, шабын қасып.
Құрдас-жан, ондай болса атай көрме,
Ол әйел бола алмайды жанға жарақ.
Биік емес, шаршылы, шақтау келсін,
Болмасын өте ашық, өте тұйық.
Аршын төс, жіңішке бел,
алма мойын,
Жатқанда құшағыңа
кетсін сыйып.
Махаббат ерлі-зайып болары рас,
Берердей бір-біріне жанын қиып.
Жалғанда «жаным!»
деген бір сөзіне
Дүнияның берсең болар
малын жиып.
Дариға-ай, осындай
бір асыл зат­ты
Ағайын берер ме едің
тапсаң, қиып.
Азамат, дәл осындай ізде жарды,
Алдында қасиетінің
басыңды иіп.
Хат жазған
Қосжанұлы Нұрмағамбет,
Алсын деп кейінгілер еске түйіп.
Міне, осынау жалған дүниедегі жарым көңіл жанына жалау боларлық жар іздеп жазған хат осылай аяқталады. Нұрмағамбет­тей ер-азамат­тың болашақ жары қандай болуы керектігі хақындағы осы бір жантолғау жанр деп атауға боларлық жырынан бір ауыз сөзді не артық деп, не бір ауыз кем деп айта аласыз ба? Әй, қайдам-ау?!
Осы бір ғана өлеңде қазақ халқының ұлт­тық характері, оның ұлт­тық тағылым-тәрбиесі, әсіресе бүгін үй алдында үкісі бұлаңдап ата-анаға, жасы үлкен аға-апаларына еркелеп жүрген қыз – ертең шаңырақ иесі ер адамның адал да сүйікті жары, ұрпақ жалғастырар бала-шағаның анасының бейнесі көз алдымызда жарқырай көрініп тұр емес пе?! Нұрмағамбет шайыр өзінің бұл жырында әйел жыныстыға оның сыртқы тән сұлулығы мен ішкі жан сұлулығы үйлесімді болуы шарт екенін рәміз қып көтеріп, нәзіктік пен сергек сезімнің, ер-азаматына деген инабат­тылығының, назы мен нәркестігінің тұтас бір бейне-суретін қылқаламмен салып шыққандай көрінеді де тұрады.
Бұл жыр жолдарындағы әйел адамның жүріс-тұрысы мен мінез-құлқына, ерімен де, өзге жақын-жуық, аралас-құраластармен де қарым-қатынаста өзін қалай ұстауына қойылатын талап-шарт­тың қай-қайсысы да ең өркениет­ті, ең мәдениет­ті деген қоғамдағы әр отбасының талабына сай келеді деуге де, әсіресе бүгінгі қазақ отбасының бақыт­ты да берекелі болуының басты шарт­тары деуге де әбден болады. Бұл – осы шығарманың маңыздылығының бір ғана қыры.
Өзіне жер бетінде берілген кесімді мәуліт­тің соншалықты қиямпұрыс та, қияңқы да қиянатшыл екеніне көзі жетсе де тіршіліктің тағы бір табалдырығынан ат­тауға бел буып тұрып, болашақ ғұмырсерігінің ажары ақылына сай, мінезі мен әрбір қимыл-қарекетінен отбасының берекесі мен ырысының лебі есіп тұратындай жан болуын тілей отырып, Нұрмағамбет жырдың ең ақырғы жолдарын өзінен кейінгі ұрпаққа, ер жетіп қалған бозбалаға өсиет етіп:
Азамат, дәл осындай ізде жарды,
Алдында қасиетінің
басыңды иіп, –
дейді.
Осындай ажарына ақылы мен тәрбиесі сай жарыңның алдында, ол әйелің болса да басыңды ій дейді.
Ұтыры келгенде айта кетейік, Нұрмағамбет­тің осы хатына құрдасы Ахметулланың жауабындағы:
Ләтима алдым Қосжанов,
Маған жазған хатыңнан
Жерініпсің құрдасжан,
Жер жүзіндегі қатыннан.
Саған таптым бір әйел,
Құлағы жоқ, тілі жоқ,
Ренжіме бірақ та,
Сенен де бұрын ел қонып,
Шалғынын біреу жапырған, – деген әдемі әзілге еріксіз жымиямыз да, «Құлағы жоқ, тілі жоқ» дегенде көп сөйлемейтін, алып-қашпа өсек-аяңға, жел сөзге құлақ түрмейтін байсалды да биязы әйел заты көз алдымызға келеді. Ал, «Сенен де бұрын ел қонып, Шалғынын біреу жапырған!» Осы екі жол арқылы ғана ақын осынау бір асылзат әйел­дің әлі етегін жел көтермеген пәк қыз емес екенін тұспалдап болса да ап-анық жеткізіп беріп отыр. Бұл да қазақ өлеңінің қандай жағдаятты да қай сәт­те де дәлме-дәл жұмбақтап та, сурет­теп те беретін ерекше қабілеті бар екенінің бір айғағы шығар, сірә.
Ал елдік, қоғамдық, бүгінгі қазақи ұлт­тық мемлекет­тік тұрғыдан алып қарағанда, Нұрмағамбет Қосжанұлының «Сартай батыр» дастаны көзбен көріп, қолмен ұстағандай бір дәлел-дерек жоқ ана батыр, мына батыр туралы әдет­тегі ауызекі шығармалар сияқты емес, тарихи деректері мен дәйектері мол қазақ әдебиетіндегі көрнекті де кесек шығармалардың бірі екені сөзсіз.
«Айтып өткен ақында арман бар ма?!» дейміз-ау. Бірақ сол ақын өз ажалынан «өтсе» арман бар ма? Ал Нұрмағамбет Қосжанұлы қайран қазекемнің көпшілігінің қанында бар күншілдіктің, қызғаншақтықтың, оған қоса Құнекем баласы айт­қандай, өсек, өтірік, мақтаншақтықтың, ол аз болса даласын қанға бояп, ұлын – құл, қызын – күң қылушы үстем ел жендет­терінің алдында күйлеген байталдай жымың қаққан сатқындығының құрбаны болды ғой. «Сартай батыр мен мың бала» туралы алғаш рет ашық айтуға марқұм спортшы-журналист Өмірзақ Жолымбетов (сонау 1996-97 жылдары), сол кез­дері «Санат» баспасында редактор боп қызмет істейтін осы жолдардың авторы мен баспа директоры, иманды болғыр асыл азамат Серік Әбдірайымов үшеуі үкімет басындағы Иманғали Тасмағамбетовке хат жазып, оның қолдауы септік болған еді. Сөйтіп, алғаш рет Сартай батыр дастаны жарық көрді. Көп ұзамай, ол тарихтан мүлде бейхабар адамдар режиссер болып, «Жаужүрек мың бала» фильмі жарық көрді. Тарихи болған уақиғаларға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, ұлт­тық салт-дәстүрге мүлде кереғар келетін тұстары да бар сол фильмде, әйтеуір, Сартай есімі бар екеніне ғана шүкіршілік дедік. Жақында Ақтөбедегі шағын бір театрда «Сартай батыр мен мың бала» спектаклі қойылды. Халық спектакльге, оның актерлері мен қоюшы режиссері Елтай Кемалға разы болғаны сондай, көрермендердің ішінде талай адам көзіне жас алып отырды.
Ал шығып сөйлеушілердің сөздері өте терең тебіреніске толы болды. Көкейде бір ғана кірбің қалды. Сөйтсек, көпшілік Сартай батыр мен мың бала жайлы бірі біліп, бірі білмесе де оларды жырға қосып, айтылмай келген ақиқат­ты айт­қаны үшін ажал құшқан, арманда кеткен шайыр Нұрмағамбет Қосжанұлы туралы мүлде бейхабар екен. Ендеше, 30-жылдары жүрегі ұлтым, халқым, миллетім деп соғып, ақиқат­ты айт­қаны үшін халық жауы атанып, атылып кеткен шерменде
шайыр Нұрмағамбет Қосжанұлының есімін елге мәшһүр ету елдігіміздің, ұлттығымыздың бір абыройлы парызы екенін естеріне салайықшы.

 

Мырзан Кенжебай

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір