НҰРБАҚЫТ (бір бақыттың белесі)
Оның бұл есімі ел ішін «нұр» жайлаған тұстан ілгеріректе, осыдан табаны күректей алпыс жыл бұрын қойылған. Неге екені белгісіз, былайғы жұрт азан айтылған есімінің бас буынын қиып тастап, өздеріне ұнайтын екінші бөлігін ғана қалдырыпты. Әкесі Әбдіғали Алматының солтүстік-шығыс беткейіндегі Іле Алатауының баурайындағы Шілік өзенінің жағалауында негізі қаланған «Шелек» ауылының жаңа аудан ретінде құрылуына мұрындық болып, еселі еңбек еткен мал шаруашылығы маманы екен. Ал анасы, он құрсақ көтерген Сара Жуанышқызы «Батыр ана» алтын жұлдызын анау-мынау емес, Л.И.Брежневтің қолынан алған, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған жайсаң еді. Жұрттың бәрі жеңіс күнін тойлап жатқан 9 мамырда дүние дидарына келген шақалақтың бетіне мейірлене қарап тұрып, «Кім болсаң да, тек бақытты бол!» деген ниетпен еншілеген Бақыт деген есімін «Нұрбақыт» деп күрт өзгертіп жіберген Әшен жеңгесі екен. Кеңбалақ қазақ емес пе, олар да «Болса – болсын!» дей салыпты. Бірақ әлгі құранды есім кейін тек төлқұжат пен арнайы іс қағаздардың бетінде қалып, бүкіл ағайын, туыс, айнала, қала берді күллі өнерпаз қауым оны Бақыт деген көркем есіммен таныды. Қалай десек те, әуелде Тәңір ыдық ата-ананың ойына салған алғашқы тілек қабыл болады екен. Сөйтіп жүргенде, бозбала Нұр кіндік қаны тамған Ащысайда қалды да, желең Бақыт арман қуып, өнер іздеп, талантын танытып, өз жолын таңдау үшін Алматыға аттанды.

Алты белесті алыс бел
Ескі өлшем бойынша, бір белес он жылмен бүктелетін. Біздің Бәкең соның қай кезеңінен де уақытылы әрі жақсы өткен. Әкесі – төрт түліктің сынығы өз алдына, уатылып кеткен адамның сүйегін сыртынан сипап отырып, қайта жинап беретін сынықшы екен, жарықтық. Кеңес Одағының тұсында, халық емшілігімен айналысуға заңмен тыйым салынған, ондайлар қатаң қудаланатын кезде де алдынан адам арылмапты. Бір жағы өкіметтің жұмысымен жүріп, тау бөктерінен түрлі шөп теріп әкеліп, кептіріп, дәрі-дәрмек жасайды. Арасында қан қысымы барлардың шеке тамырынан арам қанын шығарып, алқызыл болғанда әлгі шөп дәрісін жапсыра салады. Сөйтіп, талайды ажалдың шеңгелінен құтқарыпты. Жаратқан өзі жар болса, пендесін өлтірмеудің есебін табады екен ғой. Сондағы халықтың сансыз алғысы мен батасының шарапаты болар, үміт күткен ұлы Бақытты күні бүгінге дейін қолдап, қорғап жүрген.
Мына бір уақиға көз алдында мөрі өзгерместен қалыпты. «Дүниеде мойны шығып кеткен адамның жағдайы қиын болады екен» деп, есіне алады, кейде екеуара отырып шертетін әңгіме арасында. «Сен оны қайдан білесің?» деймін ғой, мен де әлсін-әлсін жезделігін есіне түсіріп, балдыздығыма басып, ойымды ойнақшытып, оңай тұқыртып алғым келіп. Әдетті қалпымен жылы жымиып, «Бүйтпесең «нәзігім» болармысың?» дейді де, бала күнінде көзімен көрген, куә болған әлгі уақиғаға тамсанады. Жанына бататыны сондай, екі-үш білекті жігіт тізеге басып, ұстап отырғанда ие бермейтіндіктен, мойны шығып кеткен адамды кісі бойы шұңқыр қазып, екі қолын қос қапталға сөмпитіп, тек мойнын ғана қалдырып, жерге тік тұрғызып, көмеді екен. Содан қамсызда, қисайған жағындағы топырақты күрекпен оқыс ұрғанда, әлгі байғұс, қорыққаннан жаны ышқынып, мойнын бұрай сілкігенде, шыққан омыртқа орнына сарт етіп, қайта түсетін көрінеді. Сөйтіп, ол бала күнінде сынықшы әкеден, атадан балаға, ұрпақтан буынға жалғасатын халық емінің осындай тәсілдерін де көрген. Бірақ әлгі қан қуалайтын қасиет құбылып, өнердің мүлдем басқа түріне айналып кетуі бек мүмкін екенін білген жоқ.
Бақыттың әнге әуесін көңіліне, өнерге аңсарын аударған бала жүрегінің лүпіліне сынық айдың сәулесін түсірген де сол, білікті әкесі еді. Кешке, жұмыстан шаршап келгеніне қарамастан, көңілі көншіген кезде қолына көнетоз сырнайын алып, құлаштай тартып, баяғы Бөкебай атасы ыңылдап отыратын жаннат Жетісудың қоңыр әуендері мен халық композиторлары Дәурен, Пышан, Бейсебай, Сәдіқожа, Қапезден қалған шуақты саздарды бірін екіншісіне жалғап, әбден құмардан шыққанша, қаңқылдатып тарта беретін, бірақ үн қосып айтпайтын. Кәсіби әнші болмаса да, әу дейтін, ел аралап, сауық құрмағанмен, әнді кербез орындайтын әсем әуез иесі – ағасы Әбілбек еді. Одан да гөрі Әбекеңнің кемпірі Нұрила шешесі көрпе көктеп отырып, ыңылдап «Мұхида-Шәйбан» мен «Қоңыр қазға» басып, ту атам заманда болған түрлі уақиғаның мөрін бұзбай, қылдай жерін қисайтып, ізін айнытпай айтатын шежіре болатын. Содан да шығар, бұл әулеттің төрінен мейман арылмапты. Бұл болса, «Осылар неге біздің үйге келгіштей береді, басқа үйге бармай ма екен?» деп ойлайтын, сонау есерлеу кезінде. Мұның таптырмайтын үлгі, баланы қалыптастырып, бағдар беретін өмір мектебі екенін ол аяулы ата-ана, сол уыздай ұйыған әулеттің үлкендері «түйе іздеп» кеткенде, алты белестен жеткен ала тозаң өз басына қонғанда барып білді. Е, шіркін, ол да бір қайта оралмайтын дәурен екен ғой, ізін білдірмей, жылыстап өте шығатын.
Әскер қатарынан оралып, әке-шешесін қуантқан соң көп аялдамай, республикалық «Эстрада-цирк студиясының» вокал бөліміне оқуға түсіп, Зейнеп Қойшыбаева, Лаки Кесоглу, Люция Төлешова, Қанат Омарбаев секілді ұлағат иелерінен дәріс алды. Аты аңызға айналған әнші Бекен Жылысбаев үміт күткен шәкірті Бақыт Бөкебаевты студияны тамамдаған соң Алматы мемлекеттік консерваториясына құжат тапсыратын шығар, сөйтіп, өзімнен дәріс алатын болар деп ойлаған. Жоқ, оның жүрек қалауы Т.Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттiк театр және көркемсурет институты екен.
Бір қаланың іші болған соң түбі кездеспей жүре алмайтыны белгілі ғой. Бір күні Бекен ағасымен консерваторияның алдында қарсы ұшырасып қалды. Салған жерден, «Әй, сен, бізге құжат тапсырдың ба?» деді, айналасы жақсы білетін, тарғыл даусына салып. Бұл басын төмен қаратыпты. «Тағы да жеті жыл оқып, жарты өмірімді өткізбекпін бе?» деп қалай айтсың. Басқа не десін, Жылысбаев та жүре сөйлепті: «Даусың алтын болғанмен басың боқ екен!». Қайтсін, ренжігені ғой, ұстазға талантты шәкірттің тағдырынан артық не болушы еді? Міне, сөйтіп, біздің Бәкең әншілікті кино және драма актері мамандығына ауыстырып жібереді. Бірақ онысына өзі онша өкінген жоқ. Неге өкінсін, Асқар Тоқпанов, Тілектес Мейрамов, Шолпан Жандарбековадай сахна саңлақтарынан дәріс алды, сол кездегі институт ректоры, кейін өмірлік ұстазы болған театр сыншысы, профессор Әшірбек Сығаймен де осы жерде жолықты.
Мен онымен консерваторияға оқуға түскен жылы таныстым. Ұмытпасам, Абай көшесі № 56 үйдегі консерваторияның студенттері жатақханасына Бекболат Тілеухан ертіп келді. Желтоқсан уақиғасын «ұйымдастырушының» бірі есебінде «Ұлттық қауіпсіздік комитеті» қызметкерлері қыр ізінен қалмай жүрген жылдар ғой. Сол кеште бірталай алақұйын өнерпаздар жиналып, домбыра шертіп, ән айтып, ара-арасында әкәкүл-сәкәкүл қағып, таң атқанша зікір салып, оңды-солды сілтедік-ау деймін. Ол жағы толық есімде қалмапты. Қалғаны, оқу орнын бітірген соң Бөкебайдың шөбересі бірыңғай өсуге бет алды. Содан Қобыланды мінген Тайбурылдай табаны жерге тимеді, қызмет сатысымен жоғары өрлеген сайын гуледі. Ізденді, бәлкім ол кезде біз біле бермейтін бірдеңе-сірдеңені іздесе де өзі білсін. Онысын тапты ма, жоқ па, ол жағы да тек өзіне аян.
Алғашында Қазақконцерт бірлестігінде әнші, кейін концерт жүргізуші, әкімші болып жұмыс істеді. Осы үш сатыны Арсалаң алыптай бір-ақ жылда аттап өте салды. Содан құйысқаны көтеріліп, Мәдениет министрлігіне бас маман болып шыға келді. Әлгі жерге де сүт пісірім уақыттай аялдап, баяғы өзі оқып, білім алған эстрада-цирк колледжінің актер бөліміне меңгерушілік етті. Біз әлгі жерде қалып, ол әрі кетіп, Т. Жүргенов атындағы Кино және өнер институтында актерлік шеберлік пен сахна тілі пәнінен дәріс оқыды. Мұны да қанағат тұтпай, алғашқылардың бірі болып, өз алдына жеке балалар театрын ашып алды. Қайта айналып келіп, әлгі оқу орнында ректордың орынбасары қызметінде жүрді. Содан салып отырып, Бостандық ауданынан бір-ақ шықты. Анау-мынау емес, бұл жолы ішкі саясат департаменті басшысы лауазымының орынтағына қонжиды. Саясаттың үзеңгісіне аяғың бір ілінген соң белгілі ғой, әрі қарай Алматы қаласы ішкі саясат департаментінің бас сарапшысы, кіші Ассамблеяның төрағасы лауазымынан Мәдениет министрлігіне, өнер басқармасын басқаруға аттанды. Арасында, айналып келіп Ғ.Мүсірепов атындағы жасөспірімдер және Абай атындағы опера және балет театрында директордың бірінші орынбасары болып кетті. Аты аңызға айналған тұлғалармен қатар жүргені өз алдына, сол екі арада бірталай талантты шәкірт тәрбиелеп үлгерді. Сөйтіп жүргенде, оған Қазақ мемлекеттік цирк ұжымын басқару міндеттелді. Жасыратыны жоқ, бұл орынға жайғасқан жылдары өмірдің де, өнердің де «цирк» екенін сезінді. Әрине, шіли бос отырған жоқ, қапысын тауып, уақыт бөліп, ғылымға ден қойып, таңбалы ізі болмаса да, өз сүрлеуін қалдыруды ойлады. Сөйтіп, бұрын ешкімнің тұмсығы батпаған келелі іске кірісті. Осы жылдары қатар жүргендіктен, түгел болмаса да, саяси, мәдени қызмет өткелегінің шет-шепірін содан білеміз.
Көңіл жадыратқан көне жол
Шіркін, жазған еңбегің мен атқарған қызметіңнен жаның жай тауып, жұрт тәлім алса, пендеге одан артық не керек? Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, актер, Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театрының директоры, қоғамда толғағы жеткен саяси, әлеуметтік, мәдени тақырыптарды күн тәртібіне көтеріп жүрген мәдениеттану ғылымдарының PHD докторы, қай сөзін болсын қалжыңға сүйеп, өткізіп жіберетін, жан баласымен жанжалдасып, жаға жыртысуды білмейтін, Мамай достың сөзімен айтқанда, «Қысыр жыланның өзін иітіп, сауып алып» саумал жасай алатын Бақыт Бөкебаевтің мәдениеттануда атқарған жұмысының сүбелісі – «Қазақстандағы цирк өнерінің бастаулары мен дамуы» атты монографиясы.
Мұнда цирк өнерінің қалыптасуына қатысты теориялық, әдістемелік негіздер жалпы қарастырылып, дала мәдениетіндегі ілкі бастаулар мен мәдени, әлеуметтік ерекшеліктер талданған. Цирк тарихын сал-серілік мектеп аясында сөз ететін тұс пен ұлттық цирктің көрнекті өкілдерін тармақтауы ерекше. Жалпы, Қазақстан циркінің құбылыс ретінде мәдени кеңістік аясындағы орны мен маңызы қаузалатын тұтас еңбек жайында толайым, түгел толғану мүмкін емес болғандықтан, көзге түскен кейбір жайттарды ғана шет-шепірлетіп өтейік.
Көпшілік талқысына ұсынған негізгі тұжырымда цирк көңіл жадыратар көне өнердің қатарында бағаланған. Оның мұндай пікірге келуіне О.П.Колпикованың «Күлкі – цирктің ажырамас бөлігі» деген ойы түрткі болса керек. Иә, Абай данышпан айтқан, «…Күлкі – қымбат!» тұжырымдамасы цирк өнеріне берілген анықтаманың қазақ даласындағы ежелгі көрінісіндей екен. Жүйелі ғылымның пайдасына дер кезіне жаратылмады демесеңіз, әулием айтудай-ақ айтыпты. Өкініштісі, Қазақстанда, жалпы осы өнер жайында Қ. Бегеновтің «Казахский цирк» атты сипаттамалық кітабынан өзге ғылыми жұмыс жоқ екен. Оның өзі орысша болғандықтан, Б.Бөкебаевтың «…қазақ тілінде мүлде жазылмағанын айта кету керек» дейтіні сондықтан. Біздің қасіретіміз осы – ұлттық рухани мұраларымыз шалқып, кемерінен асып жатса да, дер кезінде зерттеп, белгісін бекітіп ала алмадық. Тілге тиек етіп отырған еңбектің қазақ руханиятына берері мол дейтінім – сол.
Кескіндеменің шебері Доминик Жандоның көне бастаудағы Рим, Париж колизейлері, ағылшын, француз, неміс, итальян, испан циркі, сондай-ақ оның Еуропа мен Америка жағдайындағы тарихы, тұрақты кәсіби цирктің негізін қалаушы Ф.Астле мен оның ісін жалғастырушы А.Франкони, Л.Дежан, Ж.Медрано, Ф.Барнум, ағайынды Ринглингтер жайында жазған «История мирового цирка» атты еңбегін орыстар француз тілінен тәржімалап алып, соны негізге ала отырып, Ресей циркі жайында тамаша байламдар жасап үлгерді. Айтатыны жоқ, бұл тақырыпты ерте зерттеген С. Юткевич мұнда «1920 жылдарға дейін циркке қатысты бірде-бір байыпты зерттеу болмаған» десе де, бізге қарағанда олар бұл саланы әлдеқашан аударып, төңкеріп, ғылыми бағытын түзеп алды. Мысалы, тақырыпты үнемі бақылап зерттеген сыншы, Ресей цирк өнері мұражайының негізін қалаушы Е.М.Кузнецовтың «Цирк: Происхождение. Развитие. Перспективы» деген еңбегі сонау ХХ ғасырдың басында жарық көрді. Содан бергі жерде бұлар «Цирк как феномен русской культуры первой третьи ХХ века», «Особенности восприятия в цирке», «Цирк в пространстве культуры», «Смех как мировоззрение», «Цирк в России. От истоков до 1917 года», «Задачи обновленного цирка», «Народные истоки цирковых жанров» секілді сан алуан тақырыптарды күн тәртібіне шығарып, шақалап тастады. Тіпті, бір тақырыптың бірнеше бағытта үңги зерттелгені сонша, Д.С.Лихачев цирктегі басты нысан – күлкіні дүниетаным ретінде қарастырса, оған мүлдем басқа қырынан келген О.П.Колпикова күлкінің мәдени-фәлсапалық кеңістігін зерделеді.
Міне, «Өнер, ғылым бар жұрттар…» дегеніңіз – осы. Ал біздегі ахуал нешік еді? Несін айтасың, «сол баяғы, Әңгірбайдың таяғы», «Жағдайды несін сұрайсың, Айтсам жылайсыңның» кері. Мәдениеттанушы ойын «Далалық цирк генезисіндегі сал-серілік мектептің қалыптасуын, даму ерекшеліктерін қарастыруда Ә.Марғұланның, А.Сейдімбектің еңбектерін атап өткен» лазым деген сыңар ауыз сөзбен сүйкей салатыны сондықтан. Тарих, фольклортану, этнография, этнология, өнертану саласынан тілге тиек етіп, табан тірейтін тиянақ таппаған соң, ол тағы да сол, мәдениеттанушылардың болжамына қарай ойыса береді. Арғы-бергі далалық ауызша тарихнаманы жүйелеп, ғылым тезінен өткізсе, бір диссертация емес, талай кере қарыс кітапқа жүк боларлық тың дерек жатыр екен. Амал қанша, күні бүгінге дейін сол қазынаның мұрты да бұзылмапты. Ал сонда Бөкебаев не бітірді? Ол да бір майдан даласындағы жалғыз жауынгер секілді. Қайқы қылышын олай ойқастап, былай сілтеп, бағыт-бағдар көрсеткен де қойған. Жүйелі ғылымның ісі солай, оған алдымен кешенді көзқарас, соған лайық ықылас, бейіл таныту керек. Тақырып аясын үңгіп, сан түрлі мәселенің шетін шығарып, оның шешімін табу – келер күннің міндеті. Бірнеше буын қаузай түссе ғана ғылым діттегенін тауып, мақсатты үдесінен сонда шығады.
Десе де, ол екінің бірі тәуекел етіп, тісі батпайтын қиын да қызық тақырыпты дөңгелентіп шығыпты. Бұл жерде түгел талдап, ерекшелігін көрсету мүмкін емес, әрине. Сондықтан да Бақыт Бөкебаевтың «ғажайып манеж әлемін кәсібінің мәніне айналдырған, өмірін тәуекелге байлаған, отбасымен тамашалайтын, дәстүрлі мәдениеттің өн бойынан шет қалмаған әмбебап өнер түріне; батылдық, ептілік, саятшылық, құсбегілік, тотемдік акробатиканы меңгерген алғашқы қауымдық дәуірдегі бақсы жоралғылары, мифтік түсініктер, сал-серілік, күш пен епті көркем бейнеге жинақтаған, эволюциялық жолмен дамуға бейіл жиынтық өнерге» байланысты туындап, көшпелі тұрмыстан орын алған цирк өнерін сан қырынан қарастыру барысында Сырдария өзені бойындағы көне қалалардың бірінен табылған бетперде – масканың жайын талдай келе, «…театр өнерінің қазақ жеріне тек Ресей арқылы жетпегені аңғарылады …цирк өнерінің де түп негізі көне дәуірлерге – түркі тайпалары жеке халық болып жетілмеген кезеңдерден басталатынын көрсетеді» деп, батыл тұжырым жасап, ойын ойнақшытпай, шоқпарбас нүкте қойған құнды еңбекті танымын ұлғайту үшін әр қазақ оқып шықса да артық болмайды.
Бірікпес биіктердің басын құрап, қатар алып жүру қиынның қиыны. Десе де, ондай бейімді ерлер мәдени-рухани өмірдің сан түрлі саласына белсене араласып, қоғамдық пікірдің ілгері жылжуына атсалысып, арамызда жүр. Бұл – өзі бойындағы барлық қасиетті мінездің қауызына сыйдырып жіберген қазақ. Содан да болар, қашан көрсең, сол баяғы, жүзінде күлкі ойнақшыған қалпынан айнымайды. Соған қарағанда, күлкі цирктің ажырамас сыңары ғана емес, Бақыт Бөкебаевтың да мәңгі өмір серігіне айналып кеткен нәрсе болса керек. Ол үнемі күліп жүреді, күліп тұрады, күліп отырады, күле сөйлейді, кез келген мәселені сол күлкінің ыңғайына жығып, шеше салады. Құдай біледі, осы кісі түнде, төсегінде жатқанда да күліп ұйықтайтын шығар? Сәт сайын алыстап бара жатқан алты белестен күліп өттің, олай болса, ендігі жердегі алар асуларға да күліп жеткейсің. Өйткені, сенің асыл тауарың әуелде нұр мен бақыттан жаралған ғой, жездеке.
Уәзипаның күрмелер тұсында отбасы жайында айтпай кетуге болмас. Алла оған былайғы жұрт жүз жыбырлағанда бір қозғалуды білмейтін көркем мінез иесі, Дәру апамызды жар етіп қосақтаған. Бірақ өзі машайықтар мекені – Маңғыстауға, қалың Адайға күйеу екенін тілінің ұшына сала бермейді. Одан гөрі, қазақ атамның «Қасқа айғырдың баласы қасқа тумаса да, төбел туады» дегенін жек көрмейтіні байқалып қала береді. Сондағы айтып, паңқитыны Назарбаев университетінен түлеген үш жиен – Досжан, Аружан, Дастан мен Аяулым келіннен туған жиеншар – Дінмұхамед деген тәттінің жайы ғой. Айтпақшы, оның былайғы жұртта жоқ бір ерекше қасиеті, ұлы келіншек алып, қызы тұрмыс құрып, қолдары өз ауыздарына жеткенше, оңы мен солын танымаған үлпершекті шетелде оқытпау керек, отбасы мен Отаннан аттап шығармаған дұрыс деген қағиданы қатаң сақтайды. Бұл жағынан дініне берік, нағыз отаншылдың өзі.
Алланың берген абыройы болар, бұл жездемнің бауырынан өрген ұл-қызға шетел әуес. Тіпті, бір жылдары, арабтар құда түсіп, қолқалап, Қазақстан бойынша түнгі дәріхана қызметін құлтемірге жүктеп, бұл саладағы еңбек түрін бірыңғай техникаға артып, қолдан жасаған құлтемірлерін адамша иілдіріп жіберген Дастан Нұрбақытұлын аттай қалап, Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасына алып кетті. Шіркін, осындай ұландарды Отанның игілігіне қызмет еткізсе ғой. Біздің жиен ойлап тапқан жаңа түскен келіннен де ибалы, месекер құлтемір-қызметшілер қазір Абу-Дабиде балмұздақ сатып, жұрт біткенді таңырқатып, таң-тамаша етіп жүр.
Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы