ҚАРА ЖОЛДА ҚАЗА ҚҰШҚАН…
25.07.2023
168
0

17 шілде күні Түркістан облысы Шаян ауылы маңында ірі жол апаты болып, 9 адам көз жұмды, 13 адам жараланды. Бұл трагедиядан бір күн бұрын Атырау облысында да жол апатынан 7 адам қаза құшқан еді. Екі ірі жол апатының бейнежазбалары да әлеуметтік желілерде тарап, жұрт талқан болған жолаушылардың мүрдесін тамтығы ғана қалған машиналардан көрді. Өте ауыр жағдай, ауыр қаза. Мұндайда «жолдар, жолдар, мені алыс апарыңдар, апарыңдар, алысқа сапарым бар» деп Төлеген ақын айтқандай өзіңнің де алыс-жуыққа сапар шегетінің, жолдың, отыратын көлігіңнің жағдайы, тізгіндегі жүргізушінің кәсібилігі, мәдениеті есіңе түседі.
Жақында Шымкентке, ары қарай Жетісайға барып қайттым. Шымкентке пойызға не ұшаққа отырып жетіп-ақ аласың. «Енді ауылға немен жетсем екен?» деп, басың қатады сосын. Екі ортаға жүретін көліктің, жүргізушілердің жайы белгілі. Сонда да таңдап жүріп (көлігі ескілеу болса да) «тәжірибесі бар, жасы үлкендеу кісі ғой» деп шаш-сақалына ақ кірген мосқалдау кісінің көлігіне отырдым. «Дұрыс жүрем», — деп уәдесін берген ол үлкен жолға түскенде аттың басын жіберді. Ана байқұс машинаның сүйегі шашылып қалатындай қиналып, дарылдап келеді. «Ағасы, жаңағы сөз қайда?» — деп арасында оны сабырға шақырып жүріп Жетісайға аман-есен жеттік-ау, әйтеуір. Кері қайтарда «қатты жүрсе де жаңа ғой» деп Тойота Альфардқа міндім. Сарыағаштан өткен соң екі альфард жарыспайсың ба келіп. Жылдамдық 150-160 шақырым/сағ. Сонша қатты жылдамдықпен екі көлік бірінің соңында бірі екі-үш метр аралық тастап жарысып келеді. «Әй, айналайын! Сонша адамды толтырып алып, мынауың не?» – деп жүргізушіге ескерту жасадым. Сәл айылын жиып, сабасына түскенімен, үйреншікті әдетін қоя алмайтын пақыр екен ол бір, Шымкентке жеткенше небір «трюк» жасады.
Қайда барсаң да алдыңнан «көкем-айлап» шығып, көлігіне басып алған соң көзіңді шарасынан шығаратын мұндай жүргізушілер көп. «Ешқандай жол ережелерін оқып-тоқымай-ақ, жүргізуші куәлігін ар-ұятына айырбастап, ауылда қара машина айдап «аяқтанған» қалпымен күре жолға шығып кеткен бе екен бұлар?» деп ойлайсың кейде. Әйтпесе айдың, күннің аманында қара жолда қаза құшқандар неге көп бізде? Әрине, жортқанда жүйкеңді жұқартатын жолдарымыз да баршылық, бірақ көлік апатының көбі тақтайдай тас жолда болатынына не дерсің?!
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы Қазақстанда 13 930 көлік апаты болған. 2 425 адам қайтыс болып, 19 135 адам жараланған екен. Сұмдық! Сүйегі асфальтта шашылып, бір жылда осынша адамның көз жұмып, қирап, жараланғаны жаныңды түршіктіреді. «Біз соғысты көрген жоқпыз», бірақ…

Ырысбек ДӘБЕЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір