ЖЫР АРҚАУЫ – КЕНДІ ӨЛКЕ
11.09.2023
201
0

30 тамыз – ҚР Конституция күніне орай, Орталық саябақта Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен, Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалының ұйытқы болуымен «Кенді өлке – Қарағанды» атты республикалық мүшәйраның қорытынды кеші өтті.

Кенді өлке Қарағандының топыра­ғында өткен тарихи оқиғалар мен тұлғалар тағылымын дәріптеуді, кеншілер өмірін жырға қосып, еңбек жолын насихаттауды мақсат тұтқан мүшәйраға еліміздің түкпір-түкпірінен 18-45 жас аралығындағы 40 ақын өлеңдерін жолдап, қазылар алқасының шешімімен 9 ақын жүлдегер атанды. «Кезінде қазақтың даңқты ақыны Жұмекен Нәжімеденов пен дара жазушы Бердібек Соқпақбаев осы кен орнында қызмет қылып, оны шығармаларына арқау еткен болатын. Осы дәстүрді жалғастырып, кен мен кеншіден кейіп­кер қалыптастырып, ақындар шығармашылығын қолдауды көздедік», – дейді шара ұйымдастырушылары.
Нәтижесінде бірінші орынды Атырау қаласынан келген ақын Әлия Дәулетбаева мен теміртаулық ақын Әділет Шөпен алса, екінші орын Астанадан келген Жәнібек Әлиманға бұйырды.
Үшінші орынды астаналық Ұларбек Дәлейұлы мен алматылық Асылан Тілеген бөліскен.
Сонымен қатар Салтанат Қайырбек, Ерік Нарын, Дәулет Жадырасын, Таңсәуле Әгенқызы сынды жас ақындар ынталандыру сыйлығына ие болды. Кеш барысында Арқаның танымал әншілері Медет Осатаев, Арайлым Жүкенова, Саян Бөдес, Нияз Қанафия ән шырқап, жиналған қонақтар мен қалам иелерін үлкен қошеметке бөледі. Қатысушылардың кен орнын аралап, танымдық мәні зор мағлұматтарға қаныққаны да жыр бәйгесінің бәсін жоғарылата түсті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір