АЛПЫС ЖЫЛ АРҚАУЫ ҮЗІЛМЕГЕН УӘЗИПА
09.10.2023
746
0

Күлмән Шүленбайқызы 1943 жылы ҚХР-ның Тарбағатай аймағы Толы ауданы Бұрғыстай ауылында туған. 1959 жылы Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтары арасында өткен байқауда топ жарып, Іле Қазақ автономиялы облыстық театрына қабылданған. 1963-1965 жылдар аралығында Бейжіңде Музыка институтында оқыған. Сахнада алпыс жылға жуық өнер көрсеткен Күлмән Шүленбайқызы Қытайдағы өнер адамдарына берілетін ең жоғары – «Бірінші дәрежелі әртіс» атағын алған. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» демекші, сексеннің сеңгіріне шықса да 22 қазан күні (сағат 14:00-де) «Алатау» дәстүрлі өнер театрында концерт бергелі отырған күміс көмей, жез таңдай әншімен әз-кем сұхбат құрып қайттық.

     Әке-шешем өнерге баулыды

Шешем 12 жасында Шығыс Қазақ­стан жақтан Тарбағатай өңіріне ауып барыпты. Үркін-қорқын заман, қиын кезең есіне түсе ме екен, әрегәдік «Елім-ай» әнін айтып, егіліп жылап алатын. Көзі ашық, көкірегі ояу кісі еді. Әкем де кітапты көп оқитын. «Мұңлық-Зарлық» қиссасын әдемі дауысымен нақышына келтіріп, бізге айтып беретін. Сол үні әлі күнге құлағымда. Қамыстан сыбызғы жасап, «Боз інген зары» секілді небір күйлерді тартатын. Әкем күйді ұйып тыңдап, ыңылдап ән айтатынымды көріп, маған темір ожаудан домбыра жасап берді. Беті тақтай, ішегі жылқының құйрық-жалынан жасалған ол кішкентай домбыра менің алғашқы ұстаған музыка аспабым болды. Мектепке барғанда сол кішкентай домбырамды ала барып, мұғалімдерге бірер күйдің басын қайырып, ол кісілер де разы болып жататын. Ән айтып, күй тартып жүргенімді көрген шешем таңертең тұра сала маған бір тал жұмыртқаны шикідей жұтқызатын. Сиыр сауып келіп: «Мынау сүттің ең соңғы жебіндісі», – деп ішкізетін. «Бұлардың қандай пайдасы бар?» – деп сұраймын сосын. «Ән айтып жүрсің ғой, дауысыңды ашады», – дейтін шешем марқұм. Енді ойласам, әкем мен шешем менен сол кезде-ақ үміт күтіп, өнерге баулыған екен.

Бойым аласа, тапалдау қыз едім бала күнімде. Бір күні кір жайып, кереге басына бірдеңе ілейін десем, бойым жетпеді. Сосын шешеме: «Апа, мені неге аласа қып тудың?» – дедім күйініп. Үйге алыс-жуыққа аты шыққан, қып-қызыл болып қызған темірді тілімен жалап, адам емдейтін бақсы кемпір қыдырып келіп, жіп иіріп отырған болатын. Ол кісі ұршығын тоқтатты да: «Әй, қызым! Бойым аласа деп қорынба! Жаратушы саған бой бермегенімен, ой береді. Атың алысқа жетеді», – деді. Көп жыл өнер көрсеттік, көпке танылдық. Көріпкел кісінің айтқаны келген шығар деп ойлаймын кейде. Сол кісіні үнемі есіме алып, ылғида дұғама қосып отырам.
1959 жылдары арғы беттегі үш аймақтың өнерпаздары бақ сынаған байқау болып, мен соған қатысатын болдым. Заманның қиын кезі, қара машинамен Шәуешектен Құлжа қаласына жолға шықтық. Көктем кезі. Жол нашар, күн де суық. Қырсыққанда көлігіміз бір жерге келіп бұзылып, тұрып қалды. Көлік бортындағылар қатты тоңып, бүрісіп бір-бірімізге тығылдық. Бізді бастап бара жатқан, Шәуешек мәдениет үйінде істей ме, анық есімде қалмапты Сабыр деген кісі: «Ойбай, мына суықта кішкентай бұлбұлымызды үсітіп алып, масқара болып жүрме­й­ік», – деп бортта отырған мені көтеріп алып, кабинаға әкеліп отырғызды. Содан Шәуешектен шыққан біз жолға үш қонып, төртінші қонақта Құлжа қаласына әзер жеттік. Жан-жақтан келіп, Құлжа қаласында басқосқан өнерпаздар өнер көрсетті. Мен Л.Хамидидің «Бұлбұлын» айтып, көзге түстім. Көктемде барған біз күзге дейін сонда қалып, нота үйреніп, музыкалық сауатымызды жетілдірдік. Үйден аттап шығып көрмеген мен әке-шешемді, ел-жұртымды қатты сағындым. Сол жылы күзде баяғы қара машинамен ауылға қайттым. Жол бойы аудандарда концерт те қойдық. Туған жерге жете бере жүгімді көтеріп, үйге жүгірдім. Әке-шеше, аға-бауырларымды көріп мәз болдым. Таңертең үйірменің басшылары келіп, ертіп кетпекші болды. «Енді ешқайда бармаймын!», – деп қиғылық салдым. Үйірме басшылары, әке-шешем: «Уәзипа біткен жоқ әлі. Уәзипа біткен соң үйге біржола келесің», – деп ақылдарын айтты. «Уәзипа деген не екен? Ол бітпесе болмайтын болды ғой. Қой, уәзипасын бітірейін онда», – деп әлгілерге қайта ердім. Аудан, ауыл аралап концертімізді жалғастырдық. Сөйтсем, уәзипа – міндет, борыш, халықтың әні – ата аманаты, ел уәзипасы деген мағына беретінін кеш білдік қой.

Содан әрі қарай облыстық театр­да жұмыс істеп кеттік. 1963 жылы жазушы Жұмаділ Маманмен танысып, көңіліміз жарасып, басымызға үй тігіп, бауырымызға қазан астық. Үш айдан кейін Пекинге оқуға кеттік. Сонда екі жыл болдық. 1966 жылы «Мәдениет төңкерісі» деген бәле басталып, «балапан басына, тұрымтай тұсына кетті». Жеті жылға жуық ән айтпай, өнерден қол үзіп қалдым. Кейін қызметім қалпына келіп, сахнаға қайта шығатын болдым. Ән айтайын десем, дауысым «отырып» қалған. Баяғы орындап жүрген әндерге дауысым жетпейді. Сол кезде ағыл-тегіл жыладым. Күнделікті машық, жаттығудың арқасында баяғы деңгейіме әзер жеттім.

Нұрғиса Тілендиев ән салғызды

Тоқсаныншы жылдардың басында жолдасым Жұмаділ екеуміз 12 жасында туған жерінен айырылған шешемді атажұрты – Аягөз жаққа қыдыртып қайт­тық. Жаралған топырағы, ата-бабасы жатқан жерді көзінің тірісінде бір көріп, марқұм шешем қатты қуанды.
Қайтарда Алматыға соғып, осындағы достарымыз Нұрғиса Тілендиевке ертіп барды. Біз барсақ, ол кісі үлкен сахнада «Отырар сазы» оркестрімен репетиция жасап, өзі дирижерлік тұғырында екен. Бір жас жігіт «Алатауым» әнін айтты. Ән айтып тұрғанда ол жігіттің дауысы сәл қарлығып қалғандай болды. Сөйтіп еді Нұрғиса ағамыз: «Сенің мұның не? Не істеп жүрген адамсың! Кет?», – деп қатты ашуланып, әлгі жігітті сахнадан түсіріп жіберді. Ол жігіт біздің қасымызға келіп отырды. Оның бірден сыртқа шығып кетпегенін көрген Нұрағамыз: «Кет дегенде ит те кетеді, не қып отырсың! Қараңды өшір бұл жерден!» – деп онан бетер ашуланды. Әлгі жігіт сыртқа шығып кетті. «Мына кісінің ашуының қат­тысын-ай. Елдің алдында ана байғұсты жаман қылды ғой» деп мен отырмын. Сосын тағы бір қыз шығып, «Кел, Еркем, Алатауыңа» әнін айтты. Оның да сәл сүрінген тұсы болды. Қыз бала деді ме екен, оған жаңағы жас жігітке ұрысқандай дауыс көтермеді. «Жақсылап жаттық», – деп ғана қойды.
Ертіп апарған жолдастарымыз бізді Нұр-ағаңа таныстырды. «Әнші болсаң, шық бері!» – деп мені сахнаға шақырды. «Қайсы әнді айтасың?!». Мен: «Жаңағы қыз айтқан әнді айтайын», – дедім. Ол әнді радиодан естіп, үнтаспаға жазып алып, бір-екі рет айтып көргенім бар еді. Сахнаға шықтым. Оркестрге еріп, «Кел, Еркем, Алатауыңа» әнін шырқадым. Қатырмағанымды өзім де біліп тұрмын. «Е-е… Міне! Таза, нағыз дауыс деген – осы! Саған да біраз машық керек», – деді. Сосын кабинетіне бастады. Кабинетке барған соң біз Іледен әкелген сәлем-сауқатымызды бердік ол кісіге. «Тағы қандай әндер айтасың?» – деді Нұраға. «Гауһартас», «Қазақ вальсі», «Гәккуді» айтамын», – дедім. Әйгілі композитор фортепиано алдына барып отырды. Мен де шамам келгенше бірнеше ән салдым. «Қазақтың қоспасы жоқ таза дауысы, нағыз дауысы деген – осы! Қалған кемшіліктерді толықтыруға болады», – деді ол кісі. Нұрағаң секілді мықтыдан мұндай сөз есту – мен үшін үлкен мерей болды, марқайып қалдым.

«Құс болып сайрау әркімнің қолынан келмейді»

Тәуелсіздік алған жылдары бұрынғы президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Іле Қазақ облысына келді. Қаз-қатар киіз үйлер тігіліп, сол жақтың бетке ұстар азаматтары, басшылар, өнерпаздар күтіп алдық. Мен сол үлкен тойда «Бұлбұл» әнін айттым. Ән аяқталғанда президентіміз орнынан тұрып кеп қолымды алып: «Құс болып сайрау әркімнің қолынан келмейді. Нағыз бұлбұл екенсің, өнерің үстем болсын!» – деп разылығын білдірді.
Кейін біз де елге оралдық. Құдай қосқан қосағым, жазушы – Жұмаділ Маманға осы Алматыдан топырақ бұйыр­ды. Алдынан жарылқасын. Алпыс жылға жуық сахнада ән салыппын. Құдай қуат берсе, 22 қазан күні сол киелі сахнаға тағы бір шығып, есеп берсем деп отырмын. Сағат 14:00-де болатын сол концертіме барлықтарыңызды шақырамын. Келіп, тілекшім болып қайтсаңыздар деген тілегім бар.
Осы шараға қолдау көрсеткен Алматы қаласы әкімдігіне, Қазақстан Жазушылар одағына, «Отырар сазы» оркестріне алғысым шексіз.

Жазып алған
Ырысбек ДӘБЕЙ

Алматыға
Күлмән келді

Біздер аңсап жүргенде туған жерді,
Алматыға әндетіп Күлмән келді.
Әнші аруға отырмын өлең арнап,
Болсыншы деп бұл дағы
жырдан белгі.

Біздер аңсап жүргенде туған жерді,
Алматыға әндетіп Күлмән келді.
Әнші арудың әніне шын еліткен,
Бұлбұл біткен сайрайды
бұл маңда енді.

Марфуға Айтхожина
1993 жыл

Бұлбұл әнші

Табиғат бұлбұл үнін нәсіп қылған,
Өнері бұл өлкеден асып туған.
Жез таңдай Күлмән – біздің
бұлбұл әнші,
Атағы алысқа нұр шашып тұрған.

Тал жібек үн асылын саралаған,
Әндетіп күллі Азия аралаған.
Тамсанып, таңдайының суын жұтып,
Қалың көп қошаметтеп қаумалаған.

Әнімен тамсандырған дүниені,
Дос алқап, дұшпан күйіп күйінеді.
Қол соғып, найзағайдай шатырлатып,
Әншінің құшағына гүл үйеді.

Дутан Зәкейұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір