Қазақ рухының қамалындай қара шаңырақ
Біздің естуімізше, жазушыларға деген көзқарас әр елде әртүрлі – бірі беделді бұл жұртқа арқа сүйесе, екінші бірі басасау «тобырдан» құтылуға асық. Әркім көрпесіне қарай көсіледіге келеді. Творчество дегеніңіз – жаратылысынан дара шаруа. Бұл кәсібіңізден халық кәдесіне жарап, уақыт тезіне шыдас беретін шығармалар туғызу үшін әлдеқандай қауымдастыққа не бір ұйымға мүше болу шарт емес.
Алайда біздің дәл осы тұрған жағдайда одақты тәрк ету шалағайлық болып шығар еді. Жазушылар одағына ең алдымен мемлекет зәру. Олай боларлық себебі, ел болашағы мүддесінен қарар болсақ, ұлттың қордалы қасиеттерін – болмысын қалыптастырған қалың қатпарлы феодолизмнен жарқыраған социализмге, әні-міні коммунизмге иек артқалы тұрған социализмнен тойымсыз капитализмге белсебетпен ойқастап өтіп жүрген қазағыңда халіне қарай мемлекеттік құрылым қалыптасқан болар, мемлекетшілдік пен мықты дербес ұлттық тұтастық қалыптасты деп мардымсуға әлі ерте тәрізді.
Демек бір қайнауы ішінде тұрған мұндай қоғам – әдебиетке зәру. Әдебиет – ұлт қалыптастырудың өмірде сыналған негізі амалы.
Құрылтайлар Жазушылар одағының айнасы іспетті.
Тоқсаныншы жылдарға дейінгі құрылтайларға одақтың әр тұсынан қатысқан көрнекті ақын-жазушылардың әдебиетіміз жайлы салмақты жанашыр пікірлері съездің сәнін келтіріп, ақын-жазушыларымыздың ғана емес, ұлтымыздың да мерейін өсіріп, мәртебесін көтеріп тұратын.
Егемендіктен кейін биліктің бар тұтқасы бір адамның қолына шоғырланып, жаңа мемлекеттік құрылым мен оның материалдық базасына басымдық берілді де идеология саласы кейінге ысырылып, тұғырнамасы айқындалып болмай көрінеу көзге сала қожырай бастады. Кезінде бұл аса маңызды сала белгілі бір тұлғаның қолына сеніп тапсырылғанда әлдеқандай болар еді. Өтпелі кезең болса қожырап өтіп болмай ұзаққа созылып, берекесіздікке алып келді, өзекті саланың күттірмейтін талай шаруалары кейінге ысырылып, қосамжарланып қалды. Нәтижесінде кейінгі құрылтайдарда әдеби кеңістіктің өзекті мәселелері шет қалып, шен мен мүлік айналасындағы қызыл-ала даумен өтіп жатты. Нәтижесінде халық алдындағы бұрынғы беделі айтарлықтай түсті.
Соңғы құрылтайымыздың барысын Президентіміздің өзі тікелей бақылауға алып отырғаны аңғарылды. Басшылыққа егемендік алғаннан кейін нарықтық қатынас жағдайында өсіп-жетілген жігерлі де қуатты толқын келді. Істің басталуы үміттендіреді. Шашырап кеткен талай шаруалардың етек-жеңі жинақталып жатыр. Бұдан былай одақ қожырап бара жатқан беделді қауыштырып, жұмыстың тиімді әдістеріне көшер. Кім қолға алсын мейлі, ендігі мақсат – қалайда Жазушылар одағының беделін көтеру. Ал бұл жауапты шаруа, нақты әрекет, ірі сөз бен әділ төрелік арқылы ғана жүзеге аспақ.
Кешеге дейін «Саптыаяқтан ас беріп, сабынан қарауыл қараған» цензура творчество деп аталатын табиғатынан еркін де ұшқыр кәсіптің аяғын тұсап, еңсесін басты. Алдымыздағы ұрпақ қазақтың таланына қара талақ болып жабысқан – ұлттың шынайы тарихы, ашаршылық, халық пен зиялы қауымның қынадай қырылуы, шетел асқан жаппай босқыншылық, КарЛАГ, ұлтты кемсітушілік тәрізді ушықты тақырыптардың ық жағынан жүре алған жоқ. Бұл зорлық ұлттың өзін-өзі толық тануына көрінеу көз кері әсер етті, ұнжырғасын түсірді.
Енді творчество адамы үшін еркіндік дәуірі келді. Ауыз бағып отырған ешкім жоқ, интернет жастардың өрісін ұзартып, оқырманын молайтты. Алайда абсолюттік еркіндік болмайды, қаламгердің еркіндігі өз ұлтының мүддесіне байланған. Ал бізде жоғалған мүдде жетерлік. Соның бастысы – ұлыс қалыптастырудың ғасырлар бойы кеткен олқылықтарының орнын түгендеу, коммунисше айтсақ, тұғырлы Қазақия құрылысшыларын тәрбиелеу.
Біздегі зәрулік – көрінген жерде төске шабатын есірік қарабайыр ұлтшылдық емес, Қазақияның түп-тамырын бекіте түсетін саналы да сабырлы ұлтшылдық.
Қара орман қалың оқырман, күйіндіре де сүйіндіре алмайтын, бүгін бар да, ертең жоқ батыс сарынының көшірмесі – әртүрлі эксперименттер емес, ұлт тағдырының ушықты мәселелерін күтеді. Қазақтың мәселесі – шашетектен.
Бұл тұрғанда Жазушылар одағы үшін белгілі дәрежеде қолайлы ахуал қалыптасты. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыздың кітап құрметтеп, зиялы қауымның бірлігі мен ұлттың рухани ұстанымының адами тұрғыдан қалыптасуына дәйекті түрде көңіл бөліп келеді. Мақсат – игілікті, пейіл – шынайы, нақты әрекеттермен дәлелденіп тұрған ақиқат.
Бұл шаңырақ – халқымыздың үміті, елінің бостандығы үшін құрбандыққа кеткен талай арыстарымыздың арманы, жан алысып, жан берісіп жүріп ұрпаққа қалдырған аманаты. Қара шаңырақтың ізі жоғалмай, талауға түспей, азып-тозбай, бұдан былай да қазақ рухының қамалындай болып еңсесі биік тұра беруіне не жетсін. Келешекке керек.
Молдахмет ҚАНАЗ