Тұлғалар тұратын шаңырақ
02.09.2025
136
0

Біз Оңтүстік астанадағы «Құлан» тұрғын үй кешенінде тұрамыз. Бұдан бұрынырақта бір қабат төмен тұрғанменде қазақ, мұсылман жолымен сәлемдесіп, үлкенге деген ілтипатымен жүрегімізді жаулап алған бір жас жігіт бір күні дәл іргеміздегі аумағы кеңірек пәтерге көшіп келе қалсын. Сол күні дәл есік аузында кездесіп қалған мен оны жаңа қонысымен шын жүректен құттықтап бола бергенде ол қашанғы елгезек мінезімен: «Ата, бұйырса әлі қоныс тойымызда боласыздар», – деп үлгерді.

Қажетті жерінде үлкенмен де, кішімен де қалжыңдаса беретін мен болсам: «Жоқ, олай болмайды», – дегенімде жаңа көршім, құдайы көршім: «Неге, ата?» – деп сасқалақтап-ақ қалған. Ал мен: «Алдымен, ерулік деген бар емес пе?» – дегенімде, ол ағынан жарылып, ақтарыла күлген. Содан кейін мен оған атымды атап, қолымды созғанмын.
– Дәулет ата, менің атым – Абай, – деді ол аздап күмілжігенімен, күлімсірей сөйлеп.
– Бәрекелді, – дедім мен шын сүйсініп, – сені алдымен, Алла, одан кейін­гі жерде аттас Абай атаңның аруағы қолдасын!
«Жақсы сөз – жарым ырыс» деген емес пе?! Жаңа күмілжи сөйлеген жас арыстаным енді батылданып:
– Ата, менің толық аты-жөнім – Абай Құнанбаев, – десін. Ал мен болсам: «Солай ма?» – деп, шын мәнісінде, таңырқап тұрдым да: «Олай болса мен жаңадан жаңғырып ашылып жатқан Абай облысындағы Абай ауданының қазағы боламын», – дегенімде ол бастап, мен қостап өзімізше мәз болғанбыз.
…Ал одан кейінгі жерде мен де, ол да сөзімізді ұстап, жақын танысып араласа бастағанбыз. Жаңа көршіміз Бағдагүл келінмен, бала-шағасымен біздің үйде отырғанда, қазірде қасиетті Түркістан облысының Мақтарал ауданының сот төрағасы болып қызмет істейтін әкесі Құнанбай ұлымен видео арқылы байланысқа шыққан. Ал ұлы «көрші атаның үйінде отырмыз» деген соң әкесі маған телефон арқылы сәлем берген. Кейінен Құнекең бауырымыз Алматыға келгенде де тілдесіп, тағы да бір қызықты жайттарды естіп, таңырқап-ақ қалғанбыз.
Он баланың ата-анасы атанған Әбибулла ақсақал мен Хадиша апаның ұлдарының біріне – Құнанбай, ал кенже ұлға Жабай есімі беріліпті. Біздің «неге, неліктен» деген тұрғыдағы қызығушылықпен қойған сұрағымызға ол бұның себебін былайша түсіндірген.
«Әбибулла екі жасында әкесі Исадан жетім қалып, әкесінің ағасы Мұсаның қолында өсіпті. Абай заманында өмірге келген Мұса атамыз ескі тарихқа жүйрік, оның сыртында аса діндар адам еді. Оның сыртында бір қиырда, Шыңғыстау­да ғұмыр кешкен, қарадан шығып хан атанған, Абайдай алыпты өмірге келтіріп, ұлының сол қарт Шыңғыстың шыңына көтерілуіне бірден-бір себепкер болған Құнанбай сынды кемеңгердің атақ-даңқы, есім-сойы біздің елге де ежелден белгілі болған. Туған баласындай қолында өскен Ибадулланың бір ұлы маған Құнанбай, екіншісіне Жабай есімін қойған сол Мұса атам екен. Бұл кісі өткен ғасырдың жетпісінші жылдардың ортасында өмірден озды. Ал жыр алыбы Жамбылдың әкесі Жабай да қандай құрметке болсын лайық екеніне ешкім шек келтірмесе керек. Сол себептен де атам, ең алдымен, құрметті екі алыптың әкесінен бастауды жөн көрген секілді. Ал әкем Әбибуллаға келетін болсақ, ол кісі оқу, білімнің соңына түспегенмен, көзі ашық, көкірегі ояу кісі болатын. Содан болар, ерекше кітапқұмар адам еді. Соның айғағындай, жақсы кітапты, тіпті Ташкенттен сатып алдырып оқитын. Сол себептен де, ол әке орнына әке бола білген Мұса ағасының әлгіндей ұйғарымына қуана келісіпті».
Осы орайда сөз арасында аталған әулетке қатысты тағы бір қызықты жайтты есітіп және таңырқап қалғанбыз, яғни жоғарыда есімдері аталған ағайынды Мұса мен Исаның азан шақырып қойған шын аты-жөні Итбай, Күшікбай екен. Тұңғыштары Мұсаға дейін нәрестелері шетіней берген соң ырымшыл қазақ амалсыз осындай шешім қабылдаған ғой. Ал ендеше, неге аттары өзгеріп кеткен дегенге келетін болсақ, Мұсаның ұлы үйленейін деп жатқанда болашақ құдалары «Итбай, Күшікбайлармен құда болмаймыз» деп намыстанған соң еріксіз ныспыларын өзгертуге тура келіпті. Соған Жаратқан назаланды ма екен кім білсін, сол тұста Мұсекеңнің бір баласы кенеттен өмірден аттанып кете барыпты. Әйтеуір, бір абзалы сол, қазірде бұлар – өсіп-өнген әулет.
Соның бәрін тілге тиек еткен бүгінгінің Құнанбайы заңға ғана емес, ауыз екі сөзге де жүйрік. Ол енді бір сөз кезегінде 2007 жылы Мекке-Мәдине жағына сапарлап барып, үлкен қажылық парызын өтеп келгенін, сол жиырмашақты күнде жиырма киләдей салмақ тастап қайт­қанын, ал арғы заманда аттасы Құнанбай баба көздеген басты мақсатына небір қиыншылықпен жеткеніне қарамастан, тек қажылық парызын өтеумен шектелмей, сол жақта қандас бауырларына арнап тәкие-қонақүй салдыруға мұрындық болғанына қайран қалып отырды.
Содан әріде ұлыларға құрмет бұл әулет­те былайша жалғасқан көрінеді. Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін тоқсаныншы жылдардың ортасына қарай бітірген жоғарыда айтқандай, бүгінгі күннің Құнанбайы жолдамамен кешегі заманның аузымен құс тістеген дуалы биі атанған Құнанбай еліне, Шығыс өңіріне, нақтылап айтқанда Тарбағатай ауданына ат басын тірейді. Ал бұл шақта хакім Абайдың 150 жылдық торқалы тойы тек бір өңір, тіпті бір елмен шектелмей, әлемдік деңгейде аталып жатқан-ды. Сондықтан 1995 жылдың мамыр айында өмірге келген немересіне Хадиша апаның хакім есімін беруі қай жағынан болса да жарасып тұр деуге болады. Ал екінші бір ұлы Жабайдың арада екі айдан кейін өмірге келген нәрестесіне Жамбыл есімі берілуі де – заңдылық. Бұл шақта өмірден озып кеткен Әбибулла ақсақалдың аруағы тебіреніп, бір аунап түскен де болар.
Айтпақшы, бүгінгі Абайдың анасының аты да – Хадиша. Ол кісі де – жоғары білімді ұстаз. Бұлар тұңғыштары Абайдан кейінгі ұлдарына Ыбырай, Абылай сынды ұлт мақтаныштарының атын қойған екен. Тіліміз тасқа дейік, ал қазірде Абайдың екі, Жамбылдың үш ұл-қызы желкілдеп өсіп келеді. Абай да, Жамбыл да, Жамбылдың әкесі Жабай да – мамандығы бойынша математик. 2017 жылы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетін бакалавр ретінде бітірген Абай қазірде аталған университеттің докторантурасында оқиды. Мұның сыртында Алматыдағы Энергетика және байланыс университетінде математика пәні бойынша оқытушы болып еңбек етіп жатыр. Оның ана бір жылы Чехияға барып білімін жетілдіріп қайтқаны да бар.
Ал әкесі Құнанбайға қайырылып орала­тын болсақ, ол Тарбағатайдан соң еліміздің шығысындағы Риддер қала­сы мен Зайсан, Көкпекті аудандарын­да мамандығы бойынша қызмет атқарыпты. Ал қазіргі таңда Мақтарал аудандық соты­ның төрағасы болып қызмет істейті­нін жоғарыда айтқанбыз. Тегінде бұлар Онтүстік өңірдің Жетісай жағынан. Құнанбай жас жағынан менің тұңғышыммен шамалас болса, оның тұңғышы Абай біздің тұңғыш немереміз Азаматпен құрдас.
Солайша, қазірде немереммен құрдас Абай Құнанбаевпен көрші болып тұрып жатқан жайымыз бар. Кешегі Құнанбай мен Жабайды, одан кейінгі жерде Абай мен Жамбыл сынды алыптарды әспеттеп, құрметтеп отырған әулетпен танысып-білісіп жатқанымызға біз де қуа­ныштымыз. Жоғарыда көрші Абайдың екі баласы бар екенін айттым. Соның үлкені Раяна деген балақан жуырда мектепке дейінгі балалар арасында шахматтан өткен республикалық жарыста бас бәйгеге ие болды. Енді алдағы күзде мектеп табалдырығын аттайын деп отыр. Оған дейін бұйырса Монғолияда шахматтан мектеп жасына дейінгі балалар арасында өтетін Азия біріншілігіне қатыспақ. Биылғы Абай жылында ат басын отыз жасқа тірейін деп отырған көрші Абай үшін, жалпы Құнанбай әулеті үшін соның бәрі – үлкен қуаныш. Раяна хакім Абай атасының енді жиырма жылдан кейін келіп жететін екі ғасырлық дүбірлі тойы аталып жатқан шақта Алла бұйыртып шахматтан әлем чемпионы атанып жатса, шіркін дейсің! Иә, баршамызды, алдымен, Алла, ал одан кейінгі жерде алыптар аруағы қолдасын деймін!

Дәулет Сейсенұлы,
халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір