«ҚАЗАҚ КҮРЕСІНІҢ ҚАРА НАРЛАРЫ»
22.05.2024
409
0

Жуырда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің мәжіліс залында белгілі спорт журналисі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты, Желтоқсан көтерілісінің ардагері, «Қазақ күресіне еңбегі сіңген» орденінің журналистер арасындағы тұңғыш иегері Ақын Ордабайұлының «Қазақ күресінің қара нарлары» атты кітабының таныстырылымы өтті.

Іс-шараға қазақ күресінің майталмандары, елімізге белгілі бапкерлер, ұлттық спорттың жанашырлары, зиялы қауым өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен жастар қауымы, Астана, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда қалаларынан арнайы келген құрметті меймандар қатысты.
Тұсаукесер рәсімінің құттықтау сөзінде «Қазақ күресі» федерациясының тұңғыш президенті, Қазақ­стан Республикасына еңбегі сіңген балуан, профессор Ерғали Мұхитдинов:
– Өздеріңізге белгілі, талай ірі-ірі жарыстарда, әлем чемпионатында өзімізбен бірге жүрген белгілі жазушы, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты, қазақ спортының жанашыры Ақын Ордабайұлының «Қазақ күресінің қара нарлары» атты кітабының тұсаукесері болып отыр. Бұл кітаптың қазақ күресі туралы басқа кітаптардан айырмашылығы қазақ күресінің бүгіні мен ертеңі жайлы жазылып отыр. Байрақты бәсекелерде топ жарып жүрген балуандарды баптайтын бапкерлер туралы жазыла бермейтіні белгілі. Ақын Ордабайұлы бапкерлер жөнінде көп жазды. Өздеріңіз жақсы білесіздер, қазіргі кезде спорттық бағыттағы жоғары оқу орындарында қазақ топтары өте көп. Бірақ оқитын кітап жоқ. Магистратурада, докторантурада ғылыми еңбектер жазылып жатыр, ал бұл кітап сондай ғылыми еңбектерге пайдалы мағлұмат беретін құнды еңбек болады деп ойлаймын. Қазақ күресі туралы жазып жүрген журналистер баршылық. Алайда қамшы салдырмай, қазақ күресінің дамуына үлес қосып жүрген Ақын Ордабайұлының орны бөлек, спорт саласындағы тағы бір маңызды кітап үшін мың алғыс, – дей келе, бұл күнді – қазақ спорты, қазақ күресі үшін ақ түйенің қарны жарылған күн деп бағалады.
Кезінде дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясының бас хатшысы болып қызмет атқарған, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, Ғалым Құлекешев өз сөзінде Ақын Ордабайұлын жарық көріп отырған кітабымен құттықтап, автордың қазақ күресін насихаттаудағы ерен еңбегіне тоқталды. Кітаптың тұсаукесер лентасын Ерғали Мұхитдинов пен Ғалым Құлекешев қиды. Республикалық «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Құрымбаев құттықтау сөзінде жинақтың ұлттық спортымызды насихаттаудағы мән-маңызына тоқталып, авторға осынау қажырлы еңбегі үшін зор алғысын жеткізе отырып, қоғамдық бірлестік атынан «Ұлт патриоты» орденін табыстады.
Кітапқа 21 бапкердің есімі енген. Алқалы жиынға солардың ішінен Ғалым Құлекешев, Қапар Рауанов, Өтебай Бітіков, Белай Рахымбаев, Әбдісаттар Садықов, Есенқос Зұлханов, Қуанжан Құлпейісовтер қатысты. Барлығы да бірауыздан Ақын Ордабайұлының кітабына оң болсын айтып, бұл жинақ студент жастардың оқу құралына айналып, қазақ күресінің жас бапкерлеріне ұлттық спорттың даму көкжиегінен кең арналы мағлұмат беретін, есте қалатындай дүние боларына сенім білдірді.

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір