Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин: Ұлт руханиятының қара шаңырағы
Қадірлі зиялы қауым, құрметті қаламгерлер!
Баршаңызды Жазушылар одағының құрылғанына 90 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын!
Ұлт руханиятының қара шаңырағы саналатын іргелі ұйымның мерейтойында сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. Бұл – төл әдебиетіміздің айтулы белесі. Жазушылар одағы алғаш құрылған күннен бастап ұлттың жоғын жоқтап, барын түгендеуге, рухын көтеруге өлшеусіз үлес қосып келеді. Оның бастауында Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров сынды тұлғалар тұр.
Төл әдебиетімізді өркендетуге Алаш арыстары өлшеусіз үлес қосты. Ұлттық интеллигенция халқымыздың санасын сергітіп, болмысын сақтау үшін тынбай еңбек етті.
Ағарту ісінің өзіндік дәстүрін қалыптастырды, танымы мен тағылымы мол шығармалар жазды.
Отызыншы жылдары қазақтың қаймағын сыпырып алғанына қарамастан, ұлттың рухы сынған жоқ, рухани өзегі үзілген жоқ. Сонау жыраулар дәуірінен бастау алатын терең тамырын сақтап қалды. Көп ұзамай-ақ қазақ әдебиетінің жаңа кезеңі басталды. Шоқтығы биік туындылар дүниеге келіп, мәдениетіміз жаңа белеске көтерілді. Сөз өнерінде ерекше құбылыс болған «Абай жолы» эпопеясы халқымызды әлемге танытты. Жалпы, өткен ғасырдағы әдебиетіміздің әр белесінде ерекше қолтаңбасын қалдырған тұлғалар болды. Классик жазушылар Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов және Ғабиден Мұстафин есімдері әрдайым қатар аталды.
Тұғырлы төрттіктің тұлғасы биік болды.
Одан кейінгі жылымық жылдарды қазақ әдебиетінің ренессанс дәуірі деуге болады.
Осы кезде әдебиет әлеміне келген ерекше дарынды, терең білімді таланттар шоғыры аға буынның жолын лайықты жалғастырды. Мұқағали Мақатаев, Шерхан Мұртаза, Қабдеш Жұмаділов, Сайын Мұратбеков, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Мағауин, Софы Сматаев, Мұхтар Шаханов, Төлен Әбдік, Дулат Исабеков және басқа да сөз зергерлерінің шығармаларын оқырман қауым әлі күнге дейін жастанып оқиды. Олар тұтас бір кезеңнің символына айналды.
Сексенінші жылдары арыстарымыз ақталған соң, әдебиетіміздің алтын қоры ұзақ уақыт бойы елеусіз жатқан асыл қазынамен толықты. Егемендікті кемеліне келіп қарсы алған буын екі дәуір тоғысқан тұста әдебиетке жаңа леп әкелді. Тәуелсіздік рухымен қанаттанған ақын-жазушылар азаттықтың үніне айналды. «Алтын көпірліктер» деген атпен танылған топ та күрделі кезеңде әдебиет туын биік ұстады.
Екі мыңыншы жылдардан кейін Тәуелсіздік кезеңінде қаламгер ретінде таныла бастаған жастар жарқырай көрінді. Қазір шығармашылық қуаты зор тағы бір буын осы топтың ізін басып келеді. Алдыңғы толқын ағалары сияқты оларды «Жаңа дәуір жүйріктері» деп атауға да болады.
Жаңаша ойлайтын жастар қазіргі әлемдік әдеби үрдіске ілесіп, шығармашылығында тың тәсілдерді қолдануға тырысуда. Ілияс Есенберлин, Мұхтар Мағауиндердің жолымен тарихи тақырыпқа қалам тербеген жазушыларымыз да бар. Олар ұлттың рухын асқақтататын тарихи тұлғалардың көркем-әдеби бейнесін тамаша сомдап жүр. Жалпы, шығармашыл жастардың бүгінгі аяқ алысы қазақ әдебиетінің заман көшінен қалмайтынын көрсетеді. Әр кезеңнің өз ерекшелігіне сай дамып, ең бастысы, сабақтастықты сақтап келеді. Бүгін мерейлі белесін атап өтіп жатқан Жазушылар одағы – осының бәрінің куәгері. Қасиетті қара шаңырақ қазір мыңға жуық қаламгердің басын қосып отыр. Жазушылар одағы – Қазақстандағы ең ірі шығармашылық ұйым. Ең бастысы, ол ең қиын кездерден аман өтіп, тұтастығын сақтап қалды. Осы жылдар ішінде Одақ өркениетіміздің берік қорғанына айналды. Ұлт жанашырларын біріктірген киелі орда бола білді, қазір де солай.
Кез келген жұртқа рухани азаттық пен мәдени дербестік ауадай қажет. Әлем халқы кімнің кім екенін әдебиеті мен мәдениетіне қарап таниды. Бір сөзбен айтсақ, сіздерді ұлтымыздың келбеті, бет-бейнесі деуге болады. Сондықтан мемлекет әдебиетті дамыту ісіне және әдеби ортаның жалпы ахуалына айрықша назар аударады. Жазушылар одағының жұмысына ерекше мән береді. Президентіміз Қасым- Жомарт Тоқаевтың қаламгерлерге деген ықыласы мен құрметін баршаңыз жақсы білесіздер. Ол мемлекеттің басшысы ғана емес, жазушының перзенті ретінде де төл әдебиетімізге бей-жай қарамайды. Соңғы жылдары атқарылған ауқымды жұмыстар – осының айқын көрінісі.
Баршаңыз білесіздер, қай заманда да біздің қоғамда зиялы қауым айрықша рөл атқарған.
Біздің халық парасатты ой мен аталы сөзді ерекше қадірлеген. Сондықтан аузы дуалы жырауларымыз бен билеріміз қашан да төрден орын алған. Мұны қазақтың бір қасиеті деуге болады. Ал сіздер сол ақын-жырауларымыздың ізін басып, жолын жалғап келесіздер.
Осы қалыптан танбай, қазақтың қаймағы ретінде биіктен көріне беріңіздер!
Қазір әлемде түбегейлі терең өзгерістер болып жатыр. Бұл алмағайып заманда білімі мен білігіне сүйенген ел ғана озып шығады. Сондықтан қазір ағартушылық қызмет ерекше маңызды болып тұр.
Қазақтың зиялылары, Алаштың арыстары мен басқа да қайраткерлеріміздің барлығы осы ағартушылық іспен айналысқан.
Бүгінде мемлекет, бизнес, зиялы қауым – бәрі де осы миссияны басты орынға қоюы керек деп санаймын. Біз қазір саналы әрі сапалы қоғам құруға күш салып жатырмыз. Ұлттық құрылтайда руханиятымызды дамытуға қатысты тың бастамалар мен идеялар айтылып, соған сәйкес нақты жұмыс жүргізілуде.
Мемлекет басшысы елімізге бағдар болатын негізгі құндылықтарды жүйелеп берді. Басты мақсат – ұлттық ерекшелігімізді сақтай отырып, жаңа құндылықтарды орнықтыру. Отаншылдық, білімпаздық, еңбекқорлық, әділдік, жауапкершілік сияқты қасиеттерді ұрпақ бойына сіңіре білсек, ұпайымыз түгел болары анық. Осы орайда, биылдан бастап барлық мектепке бірыңғай тәрбие беру бағдарламасы енгізілді. Ал сол құндылықтардың ішінде ең басты және ешқашан ескірмейтін құндылықтың бірі – ел бірлігі. Бірақ сол ұлтты ұйыстыратын ең алдымен, зиялы қауым, ал зиялы қауымның өзегі – қаламгерлер. Ғасырға жуық уақыт бойы Жазушылар одағы осы миссияны абыроймен атқарып келеді.
Құрметті қауым! Бүгін – үлкен мереке. Жазушылар одағының 90 жылдығы дегенде біз тағы да өткенге ораламыз. Мұнда халқымыздың біртуар перзенттерінің ізі қалған. Сөз басында айтып өткенімдей, әйгілі тұлғаларымыз төрағалық еткен. Сол сабақтастық қазір де жалғасып келеді.
Бүгін ортамызда түрлі кезеңде Одақты басқарған азаматтар отыр. Әлемге әйгілі ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов ағамыз өзі келе алмаса да, арнайы құттықтау жолдап, тілегін айтып жатыр. Олжас аға Одақты басқарған кезде ақын-жазушыларымыз еліміздің азаттық рухының көтерілуіне ерекше ықпал етті.
Нұрлан Оразалин ағамыз күрделі уақытта ұйымның тізгінін ұстады. Басқа елдердің қаламгерлер ұйымы бөлініп, ыдырап жатқанда Нұрекең Одақтың сақталып қалуына зор үлес қосты.
Ұлықбек Есдәулет ағамыз басшылыққа келген соң, Одақтың қызметі тың серпінге ие болды.
Ұйымды былтырдан бері Мереке Құлкенов басқарып отыр. Мереке ағамыз да бірден Одақ жұмысына жаңа серпін әкелді.
Әр кезеңнің өз міндеттері болады. Әр буын сол міндетті абыроймен атқарып келеді. Еңбектеріңізді бағалаймыз. Мен осындағы әдебиет алыптарының бәріне басымды иемін. Кейінгі ұрпаққа сіздердің жолдарыңызды берсін! Халқымызды рухани байытып, елге тұтқа болып, аман-есен жүріңіздер!
Екі мыңыншы жылдардан кейін Тәуелсіздік кезеңінде қаламгер ретінде таныла бастаған жастар жарқырай көрінді. Қазір шығармашылық қуаты зор тағы бір буын осы топтың ізін басып келеді. Алдыңғы толқын ағалары сияқты оларды «Жаңа дәуір жүйріктері» деп атауға да болады.