Сөз киесі қонған шаңырақ
Қазақстан Жазушылар одағы – ұлт руханиятының киелі шаңырағы. Кезінде Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллиндер іргетасын қалаған ұйымның құрылғанына 90 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде қазақ қаламгерлері халқымыздың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады.
Ақын-жазушылар өз шығармаларында өз заманындағы елдің тыныс-тіршілігін, салт-дәстүрін тілге тиек етті. Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов, Сапарғали Бегалин, Ілияс Есенберлин, Жұбан Молдағалиев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тәкен Әлімқұлов, Тахауи Ахтанов, Кемел Тоқаев, Бердібек Соқпақбаев сынды арыстар мен алыптар тобы әдебиетіміздің ақ желкенді кемесін алға сүйреді. Олардан кейін де толқын-толқын жазушылар келіп, төл әдебиетімізді көркейтті.
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін де ұлттық әдебиет өркендеп, бұрын жазуға болмайтын тақырыптарға қалам тербеліп, ақтаңдақтар ақиқаты ашылып, шынайы тарихымыз туралы да көркем дүниелер жазылып келеді.
Мен де тұтас жеті жыл осы Жазушылар одағының басқармасында қал-қадірімше қызмет атқарып келемін. 90 жылдық мерейтой тұсында Одақпен құрдас, ұйым жұмысының басты айнасы «Қазақ әдебиеті» газетіне басшылық жұмысқа тағайындалдым. «Қазақ әдебиеті» газеті – еліміздегі руханият мәселелерін жан-жақты көрсететін бірегей басылым. Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдығымен барша қауымды шын жүректен құттықтап, қаламгерлеріміз бен бүкіл әдебиетсүйер жұртшылықты сүйікті басылымымыз «Қазақ әдебиетіне» жазылуға шақырамын!
Бауыржан Жақып
«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы